02.10.2022
  125


Автор: Мыңбай Рәш

Қос ағаш

Пушкиннің ұқсап бейне еменіне,
Көз тастап тұрғандай жер көлеміне,
Тәкаапар жар басында жалғыз ағаш
Тұратын – арқау болған өлеңіме.
Жел соқса бұтақтары майысатын,
Жыбырлап жапырақтары жарысатын.
Әйетеуір сол ағашты ырым етіп,
Қарттардың қабырғасы қайысатын.
Бұл алып ен далаға келді қайдан?
Ойлаушы ем: Қос ағаш деп неге қойған?
Тамыр – бір, өсе келе екі айырылып,
Таласып көк аспанмен жапырақ жайған.
Тәкаппар түтік жерден мұнартатын,
Сақтаулы тал бойына сыр артатын.
Тағатсыз жолаушылар жетсек-ау деп,
Осы бір қос ағашқа құмартатын.
Сол ағаш куәсіндей бала кездің,
Қалды артта...
өнер қуып, қала кездім.
Өлеңнің өлкесіне енгенде де,
Сол ағаш сағынышын ала кездім.
Қайқаңнан шыға келсең қарсы алатын,
Қос ағаш басын шұлғып жар салатын,
Кетерде мен перзентің қимай сені
Көзіне кәдімгідей жас алатын.
Жұмбақтай сол бір ағаш құпиясы.
Кім екті айдалаға?...
Тау қиясы –
Тырбиған тобылғы мен қарағаннан
Көрінбей жататын көп құс ұясы.
Оралдым жылдар салып араға мен,
Қайқаңнан қарадым кең далаға мен.
О, ғажап! Шақырмайды қос ағашым,
Сағына санамменен саралап ем!
Ақынның ұқсаған сол еменіне –
Көз тастап тұратын жер көлеміне,
Қайдасың, Қосағашым, қайдасың сен,
Шулайтын шабыт болып өлеңімде?
...Секілді өлі арыстан жатыр құлап,
Қураған бұтақтар да түскен сұлап.
Тоз-тоз боп тамырлары
тозаңға ұшқан
Жатқандай мұңын шағып бейне жылап.
Жыртылған беттеріндей кітаптардың –
Тастапты жаңқалатып отап бәрін.
Айрылған боз інгендей ботасынан
Бейнебір іздегендей бұтақтарын!
Халі жоқ «ақтық байлап сиынарға!»
Сорлының сол бір сұлу күйі бар ма?
Талықсып қайран терек жығылғандай,
Шерменде жатыр міне,
қиын халде.
Бозарған бұтағындай сол ағаштың
Үстінде отыр біреу –
амандастым!
Қарады қария қолын көлегейлеп:
Қарағым, қай баласың, танымаспын!...
Қария қаба сақал жүз жасаған
Қашаннан еді маған сырлас адам:
Тәкаппарлық тіршілік – бір-ақ рет,
Ағаш тұрмақ, мәңгілік тұрмас адам!...
Қын жауы – өткір пышақ қылпылдаған,
Жан жауы – асып-тасып жылтылдаған!
Тегінде табиғаттың заңы қатал,
Қашан да терең ақыл – ұмытылмаған!
Өкінбе, бала, жатқан Қосағашқа,
Ертеде табынатын осы ағашқа.
Не берді ол?...Сұрапыл сұм соғыста мен
Айрылдым боздағымнан, осы рас па?
Қуарған екеу едік осы ағаштай,
Кемпірім, кетті жүзбен тайталаспай.
Кейін бір үлгерем деп отырмын мен,
Келемін өмір заңын қате баспай,
Аялап, жырға қосып айтар елін –
Шабытпен шарлай ұшып қайтар елін,
О, ақын, Отанынан қуат алған,
Жаныңның жығылмасын бәйтерегі!





Пікір жазу