02.10.2022
  160


Автор: Мыңбай Рәш

Жаңбырдан соң

Перзентін елжіреп бір сағынғандай,
Сиқырлы көтерілген сағым қандай.
Жазира жазық дала жұпар сепкен,
Бойынан бар керемет табылғандай.
Кәусардай ауасына тоя алмастан,
Мен-дағы сағынышты қоя алмастан,
Қараймын құштарлана толқуменен,
Балалық шаққа шалғай ой алмасқан.
«Перзентім, бәлкім, менің қайда?» – лады,
Желі де жалын желпіп аймалады.
Қырында отыр едім құрдастармен,
Қызықтап көз тойғысыз бай даланы.
Күн бұлтпен жасырынбақ ойнағандай.
Тентек жел тәлкектеуін қоймағандай.
Шүйінші сұрап бейне Шұбартаудан,
Мүшелін перзентінің тойлағандай.
Сіміріп сары қымызын қыр басында,
Жалма-жан жұлып алдым жуасын да.
Армысың, ата мекен, аймалашы,
Бір сенде туған ұлың қуансын да.
Жойқын жел өзге өңірді таппағандай,
Қақпайлап бұлтты әкелді қаптағандай.
Осқылап найжағайлы бишігімен,
Сіркіреп төбемізге тоқтағандай.
Күркіреп шатыр-шұтыр жасын ойнап,
Көрінді көк күмбезден жасыл мойнақ.
Түткендей түйдек бұлтты тентек жел де,
Аспанмен жөңкіледі қашып ойнап.
Қара бұлт – мың биенің сабасындай,
Жер-жиен. Жаңбыр бейне-нағашыдай.
Құбылған қас қағымда құба жоны,
Көрсемші жер жәннатын тап осындай.
«Айқыз» бен Аягөзім түйіскен жер,
Шөлпілдеп су толқыны сүйіскен жер.
Бас шұлғып шалғындағы шабдар бие,
Құлынын қутыңдатып иіткен жер.
Қой біткен отар-отар маңыраған,
Қошақан томпаң қағып жамыраған.
Туған жер қайда жүрсем осынау көркің,
Жырлардың жамыратты жолын маған.
Өзінен сал даланың, бал даланың
Каналы көсіледі «Ақдаланың».
Сулы жер, нулы жер деп текке айтпаған,
Жайнатқан «айғызымның» жанды алабын.
Жуынып рахаттана жауынына,
Отырды перзент туған ауылында.
Сарқылмас сағынышын бұза алмады,
Жаңбыр да, соққан құйын, дауылы да.
Аспанның алып алтын тағасындай,
Қос тұлпар алып қашқан доғасындай.
Тізіліп тұрды екі кемпірқосақ,
Жалғыз-ақ болатұғын о басында.
Қуанып елге келген қалқашына,
Кім білсін, таққан сиқыр алқасы ма,
Әйтеуір, тап осынау көрініске,
Масайрап жатты ақын шалқасынан.





Пікір жазу