02.10.2022
148
Күйме
Музейде тұр
Көне күйме
Ажыраған жорғасынан.
Еске алғандай мұңды күйде,
Ат айдаушы жолдасын да.
Күні өткендей
Кербез тағы.
Сән-салтанат мәртебелі.
Қаңтарылып доңғалағы,
Сұлық жатыр дәртелері.
Әлдекімнің бақыт құшып,
Жарқырап бір шамы жанған.
Әлдекімнің қайғы құсып,
Көкірегінен жасы тамған.
Көнелік кез куәсіндей,
Жұпыны бір осынау күйме.
Шерін қозғап сыр шерткендей,
Жұмбақ сол бір мұңды күйде.
Бір кез көздің жауын алған,
Болып күйме – экспонат,
Есігін тарс жауып алған –
Кемпірдей тұр теріс қарап...