02.10.2022
  116


Автор: Мыңбай Рәш

Дауыл

Теңіздің тұла бойын сабалаған,
Дүлей жел бұлт біткенді додалаған.
Шаңқылдақ шайпау мінез әшейінде,
Жым-жылас қаңқыл шықпас шағаладан.
Дауылдың шуылынан үркіп ұшып,
Үрейлі қарасады үрпиісіп.
Сәттер-ай, сермеп қанат, сайран салған,
Құйғытып құлай түсіп, сілкінісіп.
Жоқ пенде тап осы сәт жүзетіндей,
Тау теке шегініп кеп сүзетіндей.
Арқырай асау толқын ала қашар,
Жағада сап қарағай күзетіндей.
Қаһарын шашып теңіз төгетіндей,
Таясақ, тарпып толқын тебетіндей,
Шулатып қойға көкжал шапқандағы
Шопанның абалаған төбетіндей.
Теңізді тек тентек жел өбетіндей,
Тарамдап қабырғасын сөгетіндей.
Ыңырсып симай Балтық сабасына,
Көбігін аспанға атып көретіндей.
Долданып теңіз неге өшігеді,
Толассыз долы дауыл есіреді.
Мейлі оның бұл сәттегі өр мінезі
Ойымның от қанатын өсіреді.





Пікір жазу