Жасыбай жағасында
Жағасы жасыл шыршалы,
Жолбарыс жонды тасын-ай.
Қиқулы құстар – жыршы әні,
Толқыды көлі «Жасыбай».
Көркіне көңіл тойғандай.
Баянның сәні Жасыбай,
Тәңірім жасап қойғандай
Төскейде пілдей тасын-ай.
Алыстан аңсап өзіңді,
Келеді жиі пенделер.
Шерткендей нәзік сезімді,
Шипаң мол маған сен берер.
Сүйінген саған Шоқан да,
Жағаңда еркін сайрандап.
Аунаған Біржан, Ақан да,
Тарқата шерін қайран қап.
Мен-дағы қаршадайымнан
Келемін аңсап өзіңді.
Кетпейсің бір де ойымнан,
Тулатып асқақ сезімді.
Достарым асық атқанда,
Теруші ем тарғыл тасыңды.
Күн батып бара жатқанда,
Құпия нендей жасырдың?!
«Имантай ұлы тас теріп
кетіпті» сөзін естігем.
Жүйрік бір қиял басқа еніп,
Еліктім кезден ес білген.
Сол қиял мені сүйрелеп,
Ұлытау бойын кездірді...
Жезқазған кені кимелеп,
Ғасырлар сырын сездірді...
* * *
Жас шағы көзге елестеп,
Қанекең атты насыбай.
Маңдайын сипай жел ескен
Толқыды жаймен Жасыбай.