Жамбыл – тарих, Жамбыл – ән
Хас тұлпарын айырбастап есекке,
Тексіздер бар сүйрең қағар өсекке.
О, ағайын, ондай арамбездерден,
Сырт айнал да, сылып таста, бос өкпе.
Қаңылтырға айырбастап алтынын,
Қаптатады сол бейбақтар қаңқу үн...
Тарих өзі таразылар бәрін де,
Кім ақылгөй, кімнің нақақ тантуын.
Сүбе сөзбен сомдаған өз мүсінін –
Жыр жампозы Жамбылды сен түсінгін.
Ей, найсап, сен Жәкең жайлы көйітсең,
Шаңқылдатпа шайтаныңның күшігін!
Мәшһүр болған жер жаһанға, алашқа...
Асу бермес Хан Тәңірдей – ол асқақ!
Жамбыл жайлы сөз қозғасаң, қазағым,
Тілді қорлап жүгенсізбен таласпа!
Дарияның қайырлатып кемесін,
Күн мен Айдың...Жұлдыздың да елесін,,
Жамбыл емей алғаш айтқан кім еді,
Өлең сөздің өрге сүйреп өресін?!
Өмір бәрін өз орнына қояды.
Қызу, қысқа қызыл патша кеткенмен
Жыр Тәңірін қай құдірет жояды?
Тұлғаларды жырлап берсе ол байыпты –
Саясатқа болатұғын лайықты.
Егер Жамбыл сотқа берсе бүгінде,
Болар еді заманасы айыпты!
Жо-жоқ...асқақ көтеріліп тұлғасы,
Ғасырлардың бола бермек құрдасы.
Жамбыл өзі – мәңгі алаулап жанған от,
Қарт Алатау зеңгіріндей жыр басы!
Жамбыл жанын алған Алла тағала,
Жүз жасап көр! Оны да сен бағала!
Жер мен Көкте шарықтайды мәңгілік,
Жыр – періште ұшып жүр ақ шағала.
Сөз нақышың сомдап соққан алыптар
Озық ойдың шаңырағында шарықтар.
Теңеу таппай өзге үшін қиналған
Өзі екенін – сезді бүгін халықтар,
Жамбыл – тарих, жайсаң жырдың алыбы,
Жамбыл – ақын, ғұрпымыздың ар, үні.
Бүкіл әлем қазақ деген ел барын,
Абай, Жамбыл арқылы тек таныды!