Айқын
1
Мейірлі аялаған шешесіндей,
Қамқоршы, пақыр жақсы әкесіндей,
Тұратын тым жұпыны ғимарат бір
Делінген ол кез – Совет көшесінде.
Сұрапыл сілкіндіріп өткен соғыс...
Біз үшін енді оқудан өзге жоқ іс.
Ұл-қыздар қыр мен ойдан қауышқанбыз,
Алатау баурайынан тауып қоныс.
Отбасы оралмаған жүздеу жүздер...
Соғыстан соңғы ұрпақ болдық біздер.
Кемпір-шал ақ тілеумен аттандырған,
Күтумен игі хабар қыс, жаз, күздер...
Жүректе жауға деген кектер есіп,
«ҚазПИ»-ге жеттік білем гу-гулесіп...
Қарсы алды торсық шеке ғұламалар,
Карточка тарататын темір есік.
Кедейлік кеулесе де, көңіл өсік,
Тағдырдың кеттік ауыр күйін кешіп.
Талшықтап тіп-титімдей қара нанды,
Аш құрсақтар жүрдік мәз бөліп жесіп.
Қайыспай қиындыққа жүрдік тату,
Шәмшия, Нығмет, Серік, Айқын, Ғафу...
Қандай бір қисық қылық қылт етсе егер,
Аямай сын тезіне салдық қату.
Киімге жібі түзу жарымадық.
Қол жомарт, қамқорлықтан тарылмадық,
Бір галстук болды ортақ бәрімізге,
Қыздарға барып кейде қырындадық.
Алтыншы аудитория – мол, қызықтар...
Сан милар суырылып білім нықтар,
Маңдайы кереқарыс академик –
Абайдан дәріс берді дана Мұхтар.
Тарихтан қопарылды талай қатпар,
Платон, Эсхил, Гомер, Сократтар...
Ескегін ессе Әуезов шешендіктің,
Қалатын қаңтарылып тоқырақтар.
Тұратын жетімсіздік желін есіп
Тот басқан, жертөледе темір есік.
Тізілтіп тілдей қағаз нан бергенде
Қалатын кәдімгідей көңіл өсіп.
Таппайсың алтыншы аудиторияның
Сол күнін,
Сол бір сәтін,
Ой қиялым,
Тізіліп көрген түстей елестейді,
Жоғалған толқынындай дарияның.
Ел жаңа-елу жылда деген рас,
Қарт «ҚазПИ» биіктерге жайды құлаш.
Атыңнан айналайын қара шаңырақ,
Ғұлама, дарындарға болған мирас.
2
– Ассалаумағалейкум!
– Әлейкумас...,
– Қайдасың?
– Жел есіп, үйірле бұлты жауған
Боламын жер жәннаты Көкшетаудан.
Әкем – Нұрқат!
Есімім менің – Айқын,
Тұрған жер «Шұқыркөлім» – бақша баудан.
Орта бой, ұзын да емес, аласа да,
Шүйіркелесе кеткені келе сала.
Бізден де жөнімізді жатыр сұрап,
Достармен кездескендей тамашаға.
Көзіне киіп алған көзілдірік,
Суырла сөйлейді сөзін білік.
Айқын десе шынында айқын еді,
Тайлайлар тәнті болған өзін біліп.
Білімі болмысына жарасатын,
Сол кезде-ақ танытты мол парасатын.
Сізге өтірік, маған шын кейбір сәтте,
Ой деңгейде ұстазбен таласатын.
Көзіне түсті бірден Әуезовтың,
Сыншылық сипатынан әуез ұққын.
Білімдар, сөзі қандай қысқа-нұсқа,
Жаратпас тұрса егер дау езіп кім...
Иә,ол Айқын десе Айқын еді,
Тебрене көз ілмейтін қай түндері.
«Абайды» ағыл-тегіл шықты зерттеп
Бағамы мүлде бөлек, бай тілдері.
Абайдың даналығын, ақындығын,
Ой-орам, наркескендей батылдығын,
Заманын зардап шеккен зұлымдардың,
Сараптап жас ұрпақтар жатыр бүгін.
«Болар бала басынан» – деген халық.
Даңғайыр суреткерді бірден танып,
Самғатты саф ойларын шартарапқа
Шықты да қатарынан топты жарып.
Нұрқатов!..
Нөпірлетті басылымдар...
Дөп басты ол шығарманың асылын дәл.
Нұрқатов нұрлы жолын сомдағанын
Мойындап жиырмасыншы ғасырдың да!
Шықса да шалғайдағы «Шұқыркөлден»
Кем емес жүйріктігі Құлагерден,
Қазақтың ақиығы атанды Айқын
Жебелеп жер шоқтығы Алла берген!
Әлемдік дарындардың шығармасын
Оқыды қажетінше... құмар қансын.
Жар салды шартарапқа біздің Айқын –
Соқты деп Мұқаң биік мұнарасын!
Әлемге танытатын қазақ атын –
Әуезов теңдесі жоқ азаматым!
Мұхаңмен толысқандай Толстойлар
Шарықтап Шекспирдей ғажап аты!
Сол тұлға өзгелерден тұрған басым,
Өртіне Өкініштің ұрған басын,
Бір өзі тұтас елдің тарихындай
Көседі көкейлердің кең арнасын.
– Жарайсың Айқын!–деді Мұхтардағы,
Сен мықты ғұламасың бұл таңдағы.
Аузына құйылды құм сен арқылы,
Жылысты жәдүгей жылпос бұлтаңдары...
Мұхаңның ақ батасын Айқын алып,
Көргендей келешегін айқын, анық,
Көтерді төбесіне ғұламаны
Тәнті боп оқырманы Айдай танып.
3
Суарып оқулықпен сауаттарын,
Әдебиет тарихының сан қатпарын,
Әлікей Марғұландай әйгіледі
Сараптап сұрақтардың жауаптарын,
Тың ұйқас, тұнық ойы мөлдіреген,
Шабыты келе қалса өрбіді өлең,
Қумады ақындықтың жолын әсте
Жібермей ғалымдық ой кернелеген.
Тағдырдың қарасаңшы шын қастығын,
Бақиға аттануға ол тым жас-тұғын.
Отыз төртке толмастан опат болды
Айналып «Тұрғынына» жер астының.
Айқын!– деп аза күйі аңырады.
Жылысып көз жастары жамырады,
Жете алмай асыл ойлар мәресіне
Сыясыз қаламсаптай қаңырады.
Оқыста айрылғанда қатарынан,
Қайғыра Қирабаев қапа қылған.
Достары бар ұялас еңіредік,
Куә боп қайырылмас сапарынан.
Айқыным, қарапайым аңқылдаған,
Жанарың ғажап едің-ау жарқылдаған.
Енді біз дауысыңды естімейміз
Сыралғы сарбазым-ай сыңқылдаған,
Жасы да бұйырған жоқ пайғамбардың,
Мәреңе қалды-ау жетпей ойланғаның.
Ажалға амал қайсы өмір-шолақ..,
Тәңірдің көгеніне байланғаның.
Бүгінде болмасаң да өзің тірі,
Қаулаған томдарыңда сөзің тірі.
Алтындай тот шалмайтын ардағым-ай
Қалдырған мол мирасың, тұлғаң ірі!
* * *
Кімдердің ұқсап қамқор шешесіне,
Тұратын асқар таудай әкесіне,
Есімнен бір кетпейді Сол ғимарат
Қазіргі Қазыбек би көшесінде.
Масайрап, білім қуып сайрандасқан,
Мұғалім боламыз деп байламдасқан
Сағындым, қайдасыңдар ұяластар,
Қайрылмас құстармысың қайран достар!