02.10.2022
  194


Автор: Мыңбай Рәш

ӘЛИЯ

Беташар
Жүйрік ой маза бермейді,
Ілінбес көзім таң ұзын.
Бір ғажап бейне тербейді,
Ақиқат ағып аңызым.
Дүниеге келген сәбидей,
Шыңғыра шықсын шығармам.
Жөнелсін шабыт әлдилей
Әлиям шығьш тұр алдан!
Әлия аттас қыздардың,
Осалын көрсем не дейсің.
Шыңдары шырқау құздардың,
Шоқтығы шежіре көбейсін.
Ал менің жырлар Әлиям,
Сәніндей сол бір кезімнің.
Білуші ем балғын шағынан,
Мәніндей сиқыр сезімнің.
Айшықты аңыз – ашқаным,
Шапағат жұртқа шашқаным.
Куәм – Күн, Жер мен Аспаным,
«Ару» деп дастан бастадым.
Жайнатып жастық шағымды,
Жарқ етіп шықшы, Әлиям.
Жабырқап жаным сағынды,
Шалқысын шабыт-дариям.
Сымбатың сыбдыр қағатын,
Бозбалақ бала қайыңдай.
Келбетің көпке жағатын,
Тай тұяқ туған айымдай.
Раушан гүлдей кезінде,
Жас таңда жарған қуашақ.
Ақ жүзің мойыл көзіңе,
Жарасушы еді-ау тамаша-ақ!
О, мезгіл... теп-тез өтпек пе,
Жылысып жылдар, безіп күн...
Он екі санды мектепте,
Өзіңмен алғаш кезіктім.
Жауқазын жігіт болсақ та,
Жиырмаға жасы толмаған,
Батылдық қайда ол шақта,
Қыранша қағу болмаған.
Сен – шәкірт, мен бір тәлімгер,
Айтпадым еш сөз басы артық.
Өмірдің өзі мәлімдер,
Бәрінен адал дос артық.
...Айтулы қыз ең жасыңнан,
Арманың асау аңсаған.
Қызығып қолаң шашыңа,
Талайлар саған тамсанған.
Ұстаздар дәріс бергенде,
Айрықша сені бағалап.
Сұхбатқа ашық келгенде,
Жүруші ең бізді «ағалап».
Ананы көріп тон пішкен,
Қалпыңды сонда байқадым.
Шыдамға келсең – көнбіс ең,
Болмайтын артық айқайың.
«Қаланың қызы ұшқалақ», –
Дегенді талай тындағам.
Көргендер саған құштар-ақ,
Қиял ең сен де шын маған!
Несіне енді жасырам,
Қызғанар пендем қызғанбас.
Шындықты шертсем басынан,
Жүректе күпті мұз қалмас.
Қыз Жібекке де, Баянға,
Ешкімге сені теңемен.
Жырымда жас боп аянда,
Ерек боп жүрсің. Ерен ең!
* * *
– Келе жатыр, – деп – Әлияш!
Айтатын еді жігіттер.
Бейнең-ай, бейнең талдырмаш!..
Маңдайдан сонда шығып тер.
Шынымды айтсам, ұялып,
Ештеңе саған демедім.
Өзімнен-өзім қиналып,
Құпия болды – өлеңім.
Жалғыз-ақ сөзден пенде ше,
Жақындар иә қашықтар.
Ол үшін сөге көрмеші,
Әрқилы шығар ғашықтар.
Ләм-мим сен де демедің,
Ол үшін әсте жазғырман.
Бәрін де, бәрін көремін,
Тәңірден, бұйрық, тағдырдан.
Әлияш!
Сені көргенде,
Оралар еске жас шағым.
Болады ғайып ол демде,
Екен ғой бәрі қас-қағым...
II
...Біз тұрған шалғай далада ел,
Алматыға кеп жеткенбіз.
Серағаң, Нығмет, Баламер
Студент болып кеткенбіз...
Дәрістің тыңдап естісін –
Мұхтар мен ұстаз Қажымның.
Қыздармен бірге кешкісін,
Өнердің өрдік саз үнін...
– Қыз Жібек, – десіп қиқулап,
Құстардай ұшқан қанатты.
Театр жанды сиқырлап,
Жылжитын күндер санатты.
Тұс-тұстан толқи ағылып,
Жарқылдап өңшең жас қауым.
Күләштің үнін сағынып,
Тағатсыз күтіп бастауын...
Отырушы ек-ау жағамыз,
Жатқандай жайсаң жайлауда.
Ал бүгін бақсақ, ол да аңыз,
Қартаңдық қолды байлауда.
Қылықты құрбыларымен,
Әлия жиі келетін.
Салтанат сұлу сәнімен,
Біздерге сәлем беретін.
Пушкиннің күткен зайыбын,
Патшаның көңіл күйіндей.
Жарқ етсе болды-ақ пайымы,
Тынбайтын сұқ көз сүйінбей.
Бәзі бір сонда жігіттер:
«Әлия келді!» – десетін.
Жегілеп көздер үміткер,
Сиқырлы сезім есетін...
Театр іші сол бір сәт
Айрықша ажар тапқандай.
Суардық көзді көңіл шат,
Өнерде бақыт жатқандай.
Қайырылмай кеткен құстардай,
Қиқулы сол бір шақтар-ай.
Қайтпасқа бекіп ұшқандай,
Бал жастық мүлде тоқтамай!..
* * *
Өшкенің менен ескенің –
Бәрі де бүгін есепте.
Келгенің, шалғай көшкенің
Таңылар кейде өсекке.
Шүкір ғой... жайсаң күн кештік,
Бәрі де мәшһүр халыққа.
Халықпенен жиі жүздестік,
Саф таза сол бір қалыпта.
Ғұлама – сен.
Ал мен – ақын боп.
Танылдық көпке, шүкір, мың...
Жұрттарға жүрдік жақын боп,
Өсек ше?..
Оған түкірдім!
Қарт ҚазПИ – қара шаңырақ,
Қозыдай бейне жамырап.
Студент біткен ағылар
Ордасын білім сағына.
Майданда батыр атанған,
Айбатын жауға төккен ер –
Қазақтан шыққан қаһарман
Ғабдуллин Мәлік деп келер...
– Әлия апай! – деп келер...
Шәкірттер жетер... көп келер.
Шәкірті тілін алмаса,
Жабырқап ұстаз өкпелер.
– Екінші бұлай болмайды,
Бір жолға, апай, кешір! – дер.
Ондайды
Ұстаз қолдайды –
Шапағатымен шешілер...
* * *
Мектептен соңғы әз ұяң,
Абайдың атын жамылған –
ҚазПИ-ің болды – мәз ұяң
Ағынан саған жарылған.
Қыс бардың, жаз бен күз бардың,
Ұстаздық отың жанатын.
Қаншама ұл мен қыздардың
Қақтырдың биік қанатын...
Әлия! Қайда жүрсең де,
Жаныңмен сүйдің еліңді.
Көрмедің бұғып, бүрсеңдеп
Қиынды білдің жеңуді.
Ұшырдың қанша ұядан,
Зерделі шәкірттеріңді.
Өрмелеп шыққан қиядан
Көрді елің төккен теріңді.
Қыздары болса болғай-ды,
Өзіңдей әсем қазақтың.
Тебірентіп мені толғайды –
Жолдарың өткен ғажап тым!
Қаршадай едің күн кеше,
Ал бүгін – академиксің.
Риза бол, сен де ендеше
Еліңе қастер, көріксің!
* * *
Қолыңда әлем картасы,
Жұп-жұмыр жердің тау-тасы.
Әлия жанын толғайды –
Тулаған теңіз...
Баршасы.
Жаратылысы таулардың,
Дала тынысы,
Орман, баулардың,
Келбеті қала, ауданның...
Тағдыры жортқан андардың.
Жүрегін ғалым тербейді,
Бұзылған жердің ауасы.
Қашан да маза бермейді,
Жанының жоқ-ау дауасы.
– Ақ қала неге қап-қара?
Күйелі жаңбыр,
Қар – қара.
Жайылым жұтаң арқада,
– Қарекет қажет!
– Жоқ шама!..
– Айтыңыз неге жоқ шама?
– Зәруміз, – десер, ақшаға...
Уәде берген жақсы аға
Қайталап бекер қақсама!
Уәдеге еті үйренген,
Қашаннан момын қазағым.
Жүреді көп сөз, күйбеңмен
Тартады кейін азабын...
Әлияш біздің басқаша,
Төрт бөлген түнгі ұйқысын.
Себебін көріп ашпаса
Ұмытар әзіл-күлкісін.
Әлия –
Жердің қамы үшін,
Адамның ғұмыр-мәні үшін,
Қанша рет қиян жол шекті
Көтеріп тудай намысын...
Асқақты Алтай, қат таулар,
Қара таулар, Ақ таулар.
Шың-құзды қиын шатқалдар
Ол баспаған жоқ таулар...
Ол жүрмеген дала жоқ,
Ол бармаған қала жоқ.
Ол өтпеген кезең жоқ,
Ол кешпеген өзен жоқ.
Ол жүзбеген теңіз жоқ,
Мінбеген кеме, қайық жоқ.
Бармады деуге негіз жоқ,
Бірер түс болса айып жоқ!
* * *
Симпозиум, әлде форум ба,
Құрылтай, әлде жиын ба,
Қастерлі алғы орында
Сәрсеннің қызы өз сыйында.
Парасат, шыдам жетерлік,
Түзігін айтар, бұзығын.
Ойына тәнті шетелдік –
Хас ғалым қазақ қызының.
Ықылым сонау заманда,
Қатталған қанша құт ойлар...
Саяхат құрған даламда
Арабтар алыс, қытайлар...
Табиғаттың танымын,
Тәжірибемен дәріптер.
Тулаған көлдер балығын
Зерттеген ғалым Бергтер
Қиқулап ұшқан құстардың,
Қызықтап білген қонысын.
Қазақстанға құштар-тын
Северцов деген орысың.
Қиян-шет – үнді жеріне
Жол шеккен Афанасий де,
Африка, Түрік еліне
Барғанда жұрттар бас иген...
Папуастармен тіл тапқан
Миклухо-Маклай-дағы.
Тарихтан терең сыр тартқан
Арындап алғыр ойлары...
Бәрі де өтіп жатады,
Әлия – ғалым көзінен.
Атырды ол талай ақ танды
Маржандай тізген сөзімен.
Азалы азған Арал да,
Арнадан асқан Хазар да,
Жарылыс... Семей, Орал да
Береке қашқан мазар да.
Ақ бөкен жортқан дала да,
Тасқында қалған ауылдар.
Қамқоршы ауа қалада
Қиындық кешкен қауымдар...
Шайпаудың шылым күлінен,
Тоғайлар жатқан өртеніп.
Айырылып мүлде түрінен
Құлазыған қуаң жер кеуіп...
Мазалар, ойын қажалар,
Әлия-ана ғалымның.
Мінбеге шығып сөз алар
Бірегей туған дарыным!
Анасын асыл ұлдардың,
Ұстазын көркем қыздардың.
Басады зілі мұңдардың
Сезер кім? Сөзін тыңдар кім?!
Сөйленбей қалса сөз жетім,
Теңселер тулап теңіз ой.
Көрмедім десе көз жетім
Дөп басып айтса негіз ғой!
III
Сырлы аяқ сыры кетсе де,
Сыры оның, сірә, кетер ме.
Егделік жасқа жетсе де
Кешкен жоқ ғұмыр бекерге.
Әлия ұстаз бабында,
Шапағаты мол шағында.
Жас кезі кейде елестер
Айналып кеткен сағымға.
О, ғұмыр! Неткен қысқасың,
Сымбатты ұрлап жылысқан.
Әжімнен сыйлар нұсқасын
Мейірімсіз мезгіл-зымыстан.
Жары боп жарты ғасырдай,
Ғұлама-сыншы Серіктің.
Бас бірлік сақтап асылдай
Арыңа адал, берік тым.
Келеді біздің Әлия
Балапандарын ұядан
Ұшырып қанша...
Жан ұя –
Жарасты қалып құраған.
Тимесін пендем көздерің,
Қызғанба күндеп екеуін.
Академиктер өздері
Егемен елі – мекені.
* * *
– Махаббат сыры терең, – деп
Әлия ойын топшылар.
Сүймесем болды өлем деп
Жан берген пендең жоқ шығар.
Шұрайы жердің орман ғой,
Тізбекті таулар – қорған ғой.
Махаббат емес – ойыншық
Шынайы сүю – арман ғой!
Мойынға оңай асылса,
Ыстығы дереу басылса.
Махаббат боп па, тәйірі,
Шырпыдай сыры ашылса...
Махаббат – мәңгі, тот шалмас,
Атылған оны оқ та алмас.
Махаббат жоқта шоқ қалмас
Махаббат мәңгі тоқталмас.
Ары мен зары аралас,
Махаббат қастер, қасиет.
Өзгені көңілің қаламас
Өзекті өртер қасірет!
Жаралы жүрек жасырмас,
Құпия – құлып ашылмас.
Ғашықтар кейде қосылмас
Шарпыған сезім басылмас.
Махаббат бірге сақталар –
Жығылғанынша өр дене.
Көз жұмған сәтте тоқталар
Көмілер бірге көрге де.
* * *
Әлия! Сен жас шағыңда,
Тарландармен де кездестің.
Қосағың тап боп бағыңа
Қызықты тірлік күй кештің.
Жасыңнан көзін үйіріп,
Көркіңмен, –
Үлкен, кішінің.
Қарайтын саған сүйініп
Жемісін көріп ісіңнің!
Қарасу берген пенденің,
Қарызын өтеп қаймақпен.
Қастерлі жансың елдегі
Аралас барша аймақпен.
«Ару» деп Мұхаң сыйлаған,
«Аққу» деп Жұбанжырлаған.
«Сәулем» деп сазгер Нұрғиса
Ілекең сөзің тыңдаған.
* * *
Сымбатын жоқтап қайғырған,
Жас шағың бейне уайымдай.
Сыбдырынан айырылған
Күздегі сұрша қайыңдай.
...Ғұлама-ана күрсінер:
«Егделік қояр емес», – деп...
Өзіңді көрсем дүрсілдер
Қарт жүрек – жастық елестеп!
Алға озсын, мейлі жасымыз,
Көңілің қартаймайды екен.
Қосыла бергей басымыз
Бал достық ортаймайды екен.
Қиын бір сонау шақтарда,
Жапырақ нанды бөліскен.
Сайрандап орман, бақтарда
Қызықты бірге көріскен.
Қартайма, Әлия, қартайма,
Әжім бе? Тәйір, қорықпа.
Қаймықпа налып, ортайма
Мойыма, мүлде торықпа!
Өзіңді білген достарың,
Қастерлер сені әманда.
Ғұмыры адам қас-қағым –
Өтпелі мынау заманда.
Жалғыз-ақ рет ғұмыр да,
Көктемі, күзі, қысы бар.
Бой ұрдың ұзақ ғылымға
Мирасың мол ғой ұсынар!
IV
Бақытты мен де екенмін,
Бар екен ғажап достарым.
Шегердім шабыт жетегін
Доғардым жолын дастанның!
Бұлбұлым қайда сайраған?
Жасыным қайда ойнаған?
Тарқап бір кеткен базардай,
Тойларым қайда тойлаған?
Мүлгиді үнсіз айналам,
Не пәле қолды байлаған?
Айнытпас айна сұқтанар
Қарттығын қатаң сайлаған.
Уайым терең тартатын...
Қаймықпа сен де, қарт ақын!
Әлияш, сол бір шақтарға...
Берер ем ғұмыр баршасын.
Тықылдап тілі сағаттың,
Ұзатқан қыздай бір күнді.
Сәтінде
Арай таң атты,
Тіршілік түлеп мың түрлі.
Шау тартып бара жатырсың,
Қартыққа қимас қырмызым.
Бұл таңда сен де батырсың
Жетелі істер жүргіздің!
Болса шын бедел қазақта,
Өзіңдей болсын бір қызың.
Әлия деген әз атқа
Жырыммен күмбез тұрғыздым.
Жиһанкез шомбал Шоқанның,
Арманын алға жалғаған.
Ұрпағы сенсің атаңның –
Алғысын айтар бар ғалам!
Жер сыры еді-ау мұратың,
Ұстаздықты да көкседің.
Жұлдыздай жайнап тұр атың
Арманың әлі көп сенің.
Өзіммен-өзім сырласам,
Отырып үнсіз кейде осы.
Риза бол жырым ұнаса
Жоғалған жастық бейнесі!
Көнеді... Лажсыз көнеді –
Бәріне пенде байғұсың.
Қуанышын да көреді
Жұтады удай қайғысын.
Күрмеуге келмес бұл жалған,
Тұрмай ма өмір, өлімнен.
Қызығын құшып кім қалған?!
Жанғаның – бітер сөнумен!
Ғұламалығы бір басқа,
Әлия – асыл ана ғой.
Тебірентіп жанын тұрмас па –
Күйбеңдеп күткен бала ғой...
Дүниеге келіп іңгәлап,
Қырқынан қиын шыққанша.
Жүйкеңді жейді-ақ жұлмалап
Табиғат сырын ұққанша.
Қаз тұрып қадам басқаннан,
Жеткенге дейін жігіт боп.
Жүрегі ана жасқанған
«Тәубеге» қоса күдік көп...
Ортаншы ұлы Әділі
Өр чекист, майор шенінде...
...Ананың тауы шағылды –
Қаза боп қырғыз жерінде...
«Ботақаным» деп боздаған,
Ананы көрдім қаралы.
«Дәм-тұзын» ұзақ жазбаған», –
Деді әке жүрек жаралы...
Тар құрсағын кеңіткен,
Үш ұлды Тәңір сыйлады.
– Апыр-ай, – деді, – неліктен,
Әділді бізге қимады?!
Бозарып солған гүлдейін,
Қала берді ана аңырап.
Ортаншы отау үйдегі
Шайқалды қатты шаңырақ.
– Жаратқан, енді жебей гөр,
Күйзелте бермей жанымды.
Оқыстан сақтап демей гөр
Нұрымымменен Әлімді...
Қайғыдан жүрек сыздаған,
Әлия қара жамылды.
Сенбейді көңіл мұздаған
Іздейді дәйім Әділді.
Жұбату үшін жүрегін,
Барады жиі басына.
Шылайды жаспен реңін
Тамызып құлпытасына.
Кім кияр ұлын ержеткен,
Төтеннен келген ажалға?!
Табар ма іздеп жер-көктен
Қаталдық тағдыр жазар ма?!
Жә, жә, жаным, налыма,
Айтамыз-ақ қой басуды.
Не дерсің тағдыр заңына
Жазбай ма кейде жасуды.
Түйін
Алматы кеші ғажайып,
Қалар ма есте сақталмай.
Аспанда бұлттар азайып
Ай қалқып бара жатқандай.
Ойға алып жастық кезімді,
Тынбаймын мен де ақтармай.
Сақталып қалған сезімді
Айтайын жанға дақ салмай.
Таза ауа. Гүлді омырау,
Алматы. Бау мен бақ қандай!
Соғыла қалса қоңырау
Әлияш келе жатқандай.
Қазіргі Димаш көшесі,
Көне там сонда болатын.
Ақ жаулық жапқан шешесі:
– Әлияшым! – деп қалатын...
Қолына алып сөмкесін,
Мектепке қызы келетін.
Өткізіп сонда күн, кешін,
Білімнен маржан теретін.
Кішкентай сол бір Әлия,
Айналды бүгін аңызға.
Жер-көкке аты жария,
Астасқан ойы Абызға!
Артқа сап жарты ғасырды,
Шықшы алдан жайнап, Әлиям!
О, мезгіл, қайда жасырдың,
Бейнесін ғажап, әрі ұяң?!
Немеремді алғам жетектеп,
Асығам қоңырау қаққандай.
Айналған аңыз-ертекке,
Әлияш келе жатқандай!





Пікір жазу