Артур Шопенгауэр
Шопенгауэр Артур (22 ақпан 1788, Гданьск — 21 қыркүйек 1860, Майндағы Франкфурт) — неміс философы, идеалистік бағыттың өкілі. Негізгі шығармасы “Ерік және түсінік ретіндегі әлем”. Шопенгауэр диалектика мен тарихилыққа, әсіресе, Гегельдің панлогизміне қарсы шығып, И. Кантқа бет бұрып, кантшылдықты платонизммен және волюнтаризммен ұштастырды. Шопенгауэр философиясының негізгі арқауы, жан-жақты бастама принципі — ерік. Ол үшін ерік — абсолютті бастама, бүкіл дүниедегі бар заттар мен құбылыстардың түп-тамыры, қайнар көзі мен түп негізі. Шопенгауэр шынайы философия материалистердің іліміндегі объектіден немесе идеалистердің іліміндегі субъектіден басталмайды, сананың алғашқы сатысы түсініктен басталуға тиіс дейді. Шопенгауэр ілімінде “дәйекті негіз заңы” объектінің формасы болады және ол болмыс заңы (кеңістік пен уақыт), себептілік заңы (материалдық дүние), логиканынң негіз заңы (ғылыми таным) және мотивация заңы (адамның әрекетке ынталануы) болып төрт түрде көрініс табады. Шопенгауэр философиясы өз заманында ескерілмей тек 20 ғасырдың орта кезінде таралып, иррационализмнің дамуына әсер етті.