Ауданбай Ахметжанұлы

Мен, Ахметжанов Ауданбай 1938 жылғы 1 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Өркендеу елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Ибраһим баласы Ахметжан 1899 жылы туған, 1930-1942 жылдары колхоз басқармасының бастығы, 1942-1943 жылдары ұлы Отан соғысына қатысып жараланып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралған. 1991 жылы 92 жасында дүниеден қайтты. Шешем Майқы қызы Несіп 1915 жылы туған, 6 бала тәрбиелеп өсіріп, үй шаруашылығымен айналысты.

Әкемнің арапша білімі – Мұқтасардың кітаптарын тауыстым дейтұғын. Өле-өлгенінше ораза намазын қаза қылған жоқ.

Өзім 1955 жылы орта мектепті бітірген соң, Қарағандының кооперативтік институтында оқып, жоғары білімді экономист мамандығын алдым.

1961-1996 жылдары Жаңаарқа ауданында Жезқазған облысында аудандық, облыстық мекемелердің басшысы қызметтерін атқардым, соның ішінде соңғы қызметім – Жаңаарқа ауданы әкімімінің экономика жөніндегі орынбасары.

Өткен 2008 жылы жұбайым Мұқыш қызы Қалимаш екеуміз Аллаһ нәсіп қылып мұсылманның бес парызының бірі – қажылық парызымызды өтеп қайттық.

Бес бала өсіріп тәрбиеледік, бәрінің де жоғары білімі бар, бірі инженер болса, бірі дәрігер, бірі экономист. Барлығы да құдайға шүкір, бір-бір мекемеде қызметтерін мамандықтары бойынша абыроймен атқарып жүр. 8 немереміз бар, алды жоғарғы оқу орнында оқиды.

***

Ауданбай қажы Ахметжанұлы – Қаратаудың шашылып қалған тасындай Арқада қалған ағайындардың шежіресін жинаған адам. Қазақтың салт-дәстүрі, діні мен этнографиясы туралы жазған мақалалары сайтымызда жарияланып, оқырмандар қарасын арттыра түсті. Қадірлі ақсақалымызға жүз жасаңыз дейміз!
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: