Серәлі Еруәліұлы
Серәлі Еруәліұлы (1835, қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы — 1876, сонда) — айтыс ақыны. Суырыпсалма өнерімен елге танылып, өз заманының белді ақындары Орынбаймен, Ұлбикемен айтысқан. Серәлінің “Уа, дүние, мұнша қатты еттің мені”, “Біреуге жүз салмақты қиын білдім”, “Дос емес, дос сыртынан жамандаса”, “Дүние жарға ойнаған лақтайсың”, “Сұлушаш”, т.б. өлең, толғаулары заман ағымын, достық, адамгершілік, имандылық секілді қасиеттерді жырлауға арналған. Серәлінің Орынбаймен айтысының екі нұсқасы сақталған. Алғаш бұл айтыс 1914 ж. Қазан қаласында жарық көрген “Қазақтың айтысқан өлеңдері” жинағында, екінші нұсқасы 1931 ж. Сәкен Сейфуллин құрастырған “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинақта жарияланды. “Айтыс” (1965, 1-т.), “Қазақ халық әдебиеті” (1988, 2-т.), “Бес ғасыр жырлайды” (1984, 2-т.) жинақтарында сөз қағысулары мен өлеңдері жарық көрген. Серәлінің ақындық талантын Сәбит Мұқанов, Мұхтар Мағауин, т.б. жоғары бағалады. Шығармалары ҚР ҰҒА ОҒҚ қорында сақтаулы.