Ораза кестесі
Ораза (араб.: صوم «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау, парс روزه «ураза» – күндік) – тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту, исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады. Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. “Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді” (Бақара/187) – деген аяттарда парыз оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы айтылады. Ораза шартты ғибадат болғандықтан оны парыз ретінде кімнің орындауға міндеттілігі немесе кімдердің босатылатыны, қабыл болу-болмауының шарттары, бұзылатын немесе бұзылмайтын жағдайлары шариатта бекітілген. Ораза адамның рухани-интеллектуалдық өсуіне, тақуалыққа жетіп, Құдайға жақындай түсуіне ықпал ететін ғибадат екендігі жайлы көптеген хадистер бар. Ораза – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойындағы жаман әдеттерден арылып, көркем мінезін тәрбиелеп қалыптастыруға мүмкіндік беретін ғибадат. Қазақ дәстүрлі қоғамында ораза ғибадатын өтеуге байланысты ислам әдебімен орайлас, халықтың тұрмыс-салтына етене болып қалыптасқан игілікті дәстүрлер бар. Пайғамбар өсиетіне сай оразаның мұстахабын (орындаса сауап, орындамаса күнәсі жоқ) орындау үшін “таң сәресін” шүйіркелесіп ішу отбасының берекесін кіргізеді. Рамазан айында өзара “ауызашарға” шақырысу дәстүрге айналған. Хадистерде ораза кезінде мұсылманның өзін-өзі тәрбиелеп, мінез-құлқын қалыптастыруының негізгі шарттары белгіленген. Аузы берік адамның бос сөзден, орынсыз әрекеттерден бойын аулақ салып, жаман істерден тыйылуы, ғибадатын арттырып, бос уақытын дін іліміне тереңдеп, зікір, салауат айтумен өткізуі абзал. Бұл да оразаның сауабын арттыратын амалдар. Оразаның қоғамдағы пайдасы – жаратушы мен адам, адамдар мен әлем арасындағы түсіністік артып, мейірім артады. Адамдар ырзық-несібенің қадірін түсініп, дәулетті мен жоқ-жітік арасында байланыс орнайды. Парыз оразадан басқа уәжіп, сүннет, мұстахаб, мәндүп, нәпіл, мәкру оразалар бар. Ораза белгілі бір себеппен бұзылған жағдайда қазасын өтеуге болады, ал себепсіз қасақана бұзылған ораза өтеуіне кәфәрат оразасын тұтынады.