Маңғыстаудың экологиялық ахуалы қалай


Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне келетін болсақ, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, алайда проблемалар да бірінен соң бірі туындап отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл мақалада ең өзекті деген үш проблемаға тоқталғанды жөн санадық.



Өңірдің басты экологиялық проблемасы ретінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын айтуға болады. Бір кездері мұнда Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытынан барлығы 105 млн. тоннадан астам қалдықтары жиналған. Өз кезегінде бұл жиынтық белсендігі 11,2 мың кюри және 51,8 млн. тонна әлсіз радиоактивтік қалдықдың жиналуына әкеп соқты. Ойпаттың оңтүстік бөлігінде арнаулы жоба жасақталмастан 1994 жылға дейін химиялық-гидрометаллургиялық зауыттың қатты радиоактивті қалдықтары көмілген.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаевтың айтуынша, күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік - шығыс бөлігінде, оның санитариялық аймағы шекарасынан тыс жерде. Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі уақытта қалдық қоймасының және оның айналасындағы экологиялық жағдайы мәз емес. Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы халқының табиғи ортасы «экологиялық қысымда» тұрғаны ешқандай күмән келтірмейді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғалымдары, қалдық қоймасының жақын жердегі елді мекендердің экожүйесіне әсерін зерттеу мен бақылау жасау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Яғни, бірінші кезекте «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы экожүйесіне әсері және қалдықтар қоймасының жақын аумақтағы тұрғындардың денсаулығына экологиялы-генетикалық әсерін бағалап көрген. «Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, санитариялық аймақ ішінде өмір сүретін кеміргіштердің дезоксирибонуклеиндік қышқылы мен хромосомдарына теріс әсері анықталған. Сондай-ақ, қоршаған ортаның қолайсыз факторларының әсеріне және генетикалық (тұқымдық) ауруларға минорлы генотиптерді тасушылар түсуі мүмкін деген болжам жасалып отыр», - дейді Серік Сағынбаев.

Бұл проблеманы кешенді шешу мақсатында «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің техникалық-экономикалық негіздемесі және бірінші кезеңінің жұмыс жобасының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Нәтижесінде, «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтірудің І кезеңінің жұмыс жобасын іске асыру үшін, республикалық бюджеттен төрт күнтізбелік жылға 17 518,159 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 2017 жылдың II жартыжылдығына – 3 738,786 млн. теңге; 2018 жылы – 5 168,147 млн. теңге; 2019 жылы – 5 426,304 млн. теңге; 2020 жылы – 3 184,922 млн. теңге қаржыландыру жөнінде ұсыныс өтінім берілген. Сонымен қатар Мұнайлы аудандық сотының шешіміне сәйкес, «Қошқар-Ата» қалдық қоймасында орналасқан иесіз қауіпті қалдықтар республикалық меншікке берілді. Жасанды көлдің сұйық фазасын тұрақтандыру мақсатында Ақтау қаласындағы кәріздік тазарту имаратынан (КОС-1) жыл сайын тазаланған 8,4 млн. м3 су құйылады. Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының санитарлық-гигиеналық, экологиялық жағдайын және микроклиматтын тұрақтандыру үшін «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының оңтүстік бөлігінде жалпы аумағы 8,2 га тәжірибелік жасыл қорғаныш аймағы құрылып жатыр. Сондай-ақ, осыған ұқсас ұзындығы 3 км жасыл қорғаныш аймағын құру жоспарлануда.

Шөлейттенуге қарсы атқарылған жұмыстарды да айтып өту қажет. Маңғыстау облысындағы көшпелі құмдармен күрес жұмыстары қалай жүріп жатырғанды, әрбір тұрғынды мазалайтындығы сөзсіз. Айта кету керек, өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өңіріміздің қарқынды игерілуі қоршаған ортаға түсетін антропогендік фактордың салмағын еселей түскендігі белгілі. Биологиялық алуан-түрліліктің кемуі соның бір көрінісі. Облысымыздың ірі құм массивтерінің жер асты су көздерінің игерілуі, құм массивтерінің қысы-жазы жайылым ретінде пайдаланылуы, және де жергілікті тұрғындардың орман ресурстарын отын ретінде пайдалануы құм сілімдерінің көшуіне әкелді. Мұндай жағдай Қарақия ауданындағы «Түйесу», Маңғыстау ауданындағы «Бостанқұм» және «Қызылқұм» құм массивтерінде көрініс алды. Аталған құм массивтерінің іргесінде орналасқан Сенек, Ұштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының тұрғындары табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуының салдарларының куәсі болды.

2004 жылдан бастап Сенек, 2007 жылдан Ұштаған, 2012 жылдан Тұщықұдық және де 2016 жылдан бастап Шебір ауылын көшпелі құмнан қорғау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл уақыт арасында 2910 гектар аумақты алып жатқан территория қоршалып, фитомелиорация-механикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қоршалған аумақтың өсімдік жамылғысы толықтай қалпына келді деп қорытындылауға болады.

Елді мекендерді көшпелі құмдардан қорғау жұмыстары алдымен «Түйесу» құм массивінде (Сенек ауылы) 2004 жылдары басталды. 2008 жылға дейін жүргізілген жұмыстарды Алматы қаласының география институты атқарды. Аумақтағы 440 гектар жердегі құм қозғалысы тоқтатылды. 2009-2013 жылдары аумақта 300 гектар құм тоқтату іс шараларын іске асырды. «Бостанқұм» құм сілемінде (Ұштаған ауылы) 2007-2010 жылдар аралығында ауқымды құм тоқтату шаралары іске асырылды. Нәтижесінде тұрғылықты жер маңайындағы 530 гектар аумақтық құм массиві тұрақтанды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақтың құм тоқтату іс шаралары іске асырылды. 2011 жылдың аяғында Қызылқұмда (Тұщықұдық ауылы) құм тоқтату жобасы басталды. Жоба 640 гектар жер аумағынын қамтиды. 2011-2013 жылдар аралығында 300 гектар аумақта Тұщықұдық елді мекенін көшпелі құмнан қорғау жұмыстарын іске асырды. 2016 жылы құм тоқтату жұмыстары Маңғыстау ауданының Шебір ауылында басталып жалғасын табуда.



Тағы бір өзекті мәселе, Каспий теңізінің экологиясын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар жайы. Теңізде мұнайдың төгiлуінiң алдын алу және оны жою жөнiндегi өңірлік жоспары әзірленіп облыс әкімдігінің 09.08.2016 жылығы № 249 қаулысымен бекітілді. Сонымен қатар, жер үсті өзен сулары облыс бойынша жоқ екені белгілі. Ал облыс аумағы жер асты су ресурстарымен және де Каспий теңізі айдынымен қамтылған.

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасы Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігін қорғау аясында біршама жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, 1399,5 қашықтықты құрайтын Түрікменстан шекарысынан Атырау облысының шекарасына дейін су қорғау аймақтары мен белдеулері орналастырылды. Жыл сайын Экологиялық зерттеу зертханасы Маңғыстау облысының теңіз портының және де мұнай кен орындарының Каспий теңізінің жағалауларына техногенді әсерлерін кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жыл аясында Экологиялық зерттеу зертханасы Гидробиология бөлімімен толысып Каспий теңізінің гидрофлора және гидрофауна жағдайын зерттеуге мүмкіндік алды. Зерттеу жұмыстарының қорытынды есебі экология департаменті, геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы және де мамандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына анықталған экологиялық бұзушылықтарды жоюға шара қолдануға жіберіліп отырады.

Жылда халықаралық Каспий күні қарсаңына облыста мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы мемлекеттердің өкілдерімен және де халықаралық беделді ұйымдармен Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау мәселесінің аясында түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Әрине, экологиялық ахуалды жақсартуға құзырлы органдар барын салуда. Десе де, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жергілікті немесе республикалық бюджеттен қыруар қаржыны жұмсау арқылы шешіле бермейтіні айдан анық. Өкініштісі сол, қоршаған ортаны қорғаудың орнына, қазір қорлайтындар көбейген заман болып тұр. Бір ғана Каспий мәселесін айтатын болсақ, теңіз жағалауын ластануына адамдардың өздері жол беріп отыр. Демек, бұл ретте ең алдымен ой-сананы түбегейлі өзгерту қажет. Мұны тек еститін құлақ, сезінтін жүрек болса жетіп жатыр.



Дайындаған Нұрбол Оқуов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.....
Әңгімелер
Толық

Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады


Қазақ елінің азаттығын аңсап қана қоймай, ұлт тәуелсіздігі жолында күрес көрігін қыздырған Алаш ардақтыларының тіл тақырыбында жазған көсемсөз мұраларын жүйелі жинау, егжей-тегжейлі зерттеу, нәтижелерін ел игілігіне жаратудың маңызы орасан зор.

Ұлттық құндылықтардың ішінде өзектісі болып саналатын тіл мәселесін оң шешу қашанда маңызды болып қала беретініне ешқандай күмәніміз жоқ.

ХХ ғасыр басында Алаш көсемсөзінің көш басшысы Ахмет Байтұрсынұлы «төңірекке қарасақ түнерген-түнерген бұлттар көрінеді» деп жазып, қауіп-қатердің қайдан келіп жатқанын дөп басып танып, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың жолын іздеді. Әсіресе, біртіндеп қолдану аясын қолдан тарылта бастаған қасиетті ана тілі- міздің қамын ойлағанда жанын қоярға жер таппай, шыр-пыр боп араша түсті, қолы қабарғанына қарамастан көсемсөз жазып, дамылдамай дабыл қақты, күрескерліктің тың даңғылын салды. Солардың бірінде бүй дейді: «...Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек. Қазақтың балалары қалай оқып жүр? .....
Әңгімелер
Толық

Ғабиден Қожахмет | Азамат болу міндетім


(Мектеп бітіруші шәкірттер үшін өтінішпен жазылған).

Халқымыздың тілінде азамат, азаматтық ұғымы екі түрлі мағынада қолданылатындығы бар. Екеуі де – қастерлі, екеуі де – қасиетті ұғым. Бірі – адамның өз мемлекетіне деген саяси-құқықтық тұрғыдағы қарым-қатынасын айшықтайтын заңдық мәні бар ұғым болса, екіншісі – адамның ішкі қадір-қасиетінің өлшемін бағалайтын киесі бай ұғым. Осы екі ұғым мағыналық тұрғыдан алуан түрлі болып көрінетін болса да, ішкі ой, таным тұрғысынан алғанда бір-біріне тіпті жақындай түсетін секілді. Себебі белгілі, бірінші ұғымда Отан деген қасиетті сөзді еске алып тұрсақ, ал екінші ұғымда адамның ар-ожданы, ұят-иманы, сана мен жан-дүниесінің асқақтығы тілге оралады. Айтылған қастерлі сөздердің бәрі, айналып келгенде, біз үшін рухани тұрғыдан нәр аларлық мағынасы бар дүниелер екендігі даусыз. .....
Әңгімелер
Толық

Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуы туралы


Адамзат мәдениеті тарихында алфавит пен жазудың маңызы ерекше. Жазу – адамдардың кеңістік пен уақытқа тәуелді болмай, әлеуметтік өмірдің барлық саласында кең түрде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін құрал. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу - өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздің де өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауынан қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан алфавит пен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн деп білеміз. Осы орайда, қазақ жазуы тарихында алғашқы түрен салушы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынов есімін құрметпен еске аламыз. .....
Әңгімелер
Толық

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ ЗАМАН ТАЛАБЫ

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

Тасжанова Назира Алтынбековна

№56 орта мектеп

Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Осыған орай 2016-2017 оқу жылының 1 қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектептері білім берудің жаңа жүйесіне көшті. Еліміздің орта білім аймағында болып жатқан жаңалығы бізді де бей-жай қалдырмағанын жасырмаймын. Бұл бағдарламанын өзгешілігі даярлық сыныбынан бастап балаға спиральді білім беру болып табылады. Тақырыптар әртүрлі деңгейлерде қайталанып, келесі деңгейде алдыңғыға қарағанда анағұрлым тереңдетіліп оқытылып, күрделілігі артып отыратынын естігенде менің ішкі дүниемде бір қуаныш пайда бола бастады. «Қайталау –білім анасы» деген сөзі бар емес пе? Бала жылдан жылға қайталап, тапсырмалары бірте-бірте күрделеніп тұрса, балаға оқу үдерісінде қиынға соқпайды деп түсіндім. Спиральді білім беру арқылы баланың бойындағы табиғи талантын ашуға көп көмегін тигізетін шығар деген ой туды. Әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу - ұстаз парызы. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту -бүгінгі күннің басты талабы . Жаңартылған білім мазмұны бойынша сертификатталғаннан кейін қыркүйек айынан бастап мектеп табалдырығын аттаған 22 оқушының сынып жетекшісі болып жаңартылған бағдарламаның айтылым, тыңдалым, .....
Әңгімелер
Толық

Алтын қайырымды жан құрбым

Менің алтын қайырымды жан құрбым Тілеубектегі Анарбекқызы Жүсіпнемересі Гүлсананың бойындағы ең бір ерекше ұнайтын қасиеті – оның ақкөңілділігі мен асқан мейірімділігі. Әрқашан күліп жүретін ол досқа адал, ағайынға бауырмал, адам біткенге қайырымды қыз. Ешқашан ешкімге жоқ демейтін, қолындағы барын беруге даяр, ол имандылықты өз өміріне ту етіп, адамгершілікті берік ұстанған. Мен Гүлсананың әрдайым күліп жүретін көңілді мінезін, өміршеңдік қасиетін жоғары бағалаймын. Әсіресе, жоқшылықтан жүдеген отбасыларын үнемі қолпаштап жүреді. Айта өтсем, Павлодар қаласындағы 4 баласымен қалған жалғызбасты әке Кайр Кошелековке, Алматы қаласында 4 бірдей мүгедекті бағып, ыстық-суығына төзіп отырған жігіт Данияр Губайдуллинге, Алматы қаласындағы бір қызымен қалған жалғыз басты анаға, үш кісінің жүрек отасына, қос бүйрегінен айрылған .....
Әңгімелер
Толық

Ғабиден Қожахмет | Ана тілім қазақ тілі

(Мектеп шәкірті үшін жазылған).

Халқымыздың бойында жинақталған асыл мұраларымызды еске алып отырсақ, олардың бізге қымбат әрі қастерлі екендігін ұға түскендей боламыз. Сондай қасиетті ұғымдар ол өз халқыңның тілі, тарихы, салт-дәстүрі тағы басқалар болмақ.

Менің ана тілім – қазақ тілі. Оның ғасырдан ғасырларға жасап келе жатқан бай мұрасы бар екендігі бізге белгілі. Халқымыз – ежелден-ақ тіл өнеріне аса ден қойған халық. Тіпті ұлтымызда асыл ана тілімізге арналған мақал-мәтел, түрлі нақыл сөздер де көптеп кездеседі. Халқымыз, мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл» деп, тіл өнерін аса жоғары бағалады. Сондықтан да сол кезеңде тіл өнерін биік меңгерген адамдарды шешен деп құрметтеген еді. Тарихымызда мұндай би-шешен тұлғаларымыз аз болмаған. .....
Әңгімелер
Толық

Маңғыстаудың ауыл шаруашылығы саласының болашағы бар ма

Маңғыстау өңірі Қазақстандағы бірден бір жер үсті су көздері жоқ, қатал табиғатымен ерекшеленетін, экономиканың дамуының негізгі салалары мұнай мен газ өндіру болып табылатын, шөл және шөлейт аймақ. Сол себепті Маңғыстау облысын аграрлық өңірге жатқызу мүмкіндігі шектеулі. Дейтұрғанмен, аграрлық секторды облыс экономикасының дамуының драйверіне айналдыру мақсатында ата кәсіп - мал шаруашылығын қарқынды дамытумен қатар, егін шаруашылығын дамыту іске асырылып келеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Берішбаев мәлімдеді.

Айта кету керек, бірінші жарты жылдықта 2658,5 тонна ет, 3000 тонна сүт, 808,6 мың дана жұмыртқа, 4708,6 тонна ұн, оның ішінде 4513,3 тонна бірінші сұрыпты ұн өндірілген. Жалпы мал шаруашылығы саласында ілгерілеу жоқ емес. Ароөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында, мал шаруашылығында тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің экономикалық қолжетімділігін арттыру негізгі екі бағыт бойынша айқындалған. .....
Әңгімелер
Толық

Ғабиден Қожахмет | Менің халқым


Әрбір адамның ана тілімен қатар туған жері, туған ұясы болады. Туған жер ұғымын екі тұрғыда алып қарастыруға болар еді. Біріншісі – адамның өзінің кіндік қаны тамған жері, екіншісі – Отан деген қасиетті сөз мағынасында қарастырылады. Бірақ екеуі де – бір-біріне жақын, сабақтас ұғымдар. Анығында, адамның Отанға деген махаббаты өзінің кішкентай ғана шағын елді мекенінен бастау алып жатуы әбден мүмкін. Адам сол туған жерін сүю арқылы Отанын сүюді үйренеді.

Менің Отаным – Қазақстан. Бірнеше мемлекеттермен шектесіп жатқан ұлан-байтақ территориясында қазақ халқымен бірге сандаған ұлттың өкілдері тату-тәтті тіршілік етуде. Қазақстан бұл күнде әлемге танылған мемлекет болып саналады. Әлемдік өркенді елдердің қатарынан орын алуды мақсат тұтқан тәуелсіз, жас мемлекеттің экономикасы жыл сайын өрістеуде және осы мақсатта мемлекеттің білім саласына ерекше көңіл бөлінеді. .....
Әңгімелер
Толық

Нұрбол Бимұрзаев | Теледидар және балалар

Франциялық балалар психологы профессор Марсель Руфо: «Теледидар кереметтей қылмыс мектебі. Теледидар электрлік тыныштандырғыш болуы себепті, үнемі теледидар алдынан шықпайтын балаларда есірткі және тыныштандырғыш дәрі тәуелділігін жеңілдететіні анықталды. Теледидарды шамадан тым артық көретін балалардың тамақ жемей, ұйықтау қиындығы, жаман түс көру, сабақ оқуға немқұрайлық, қиялшаң өмір сүру, теледидардағы кейіпкерлерге еліктеу, тұйық болу, әлеуметтік қарым-қатынастарда сәтсіздік секілді келеңсіздіктерге тап болып жатқандығы көрінуде» дейді.

Соңғы жылдары жасалып жатқан ғылыми зерттеулер нәтижесінде теледидардың ми функцияларына зиянды әсер ететіндігі анықталуда. Бұл зерттеулерден шығарылған нәтиже миымыз үшін теледидар көрумен, дуалға қарап отырудың айтарлықтай айырмашылығы болмауында. Бұл нәтиже бір қарағанда қисынға сай келмейтіндей көрінеді, алайда теледидар алдында миымыз автопилот режиміне еніп кетеді екен. Мұны бір тұтам азықты шайнамастан жұтып жібергенмен тең десе болады. Едәуір мөлшердегі ақпараттар талқыланбай, өңделмей миға тола береді. Бір сценарийге, шытырман оқиғаға ден қойылса да нәтиже осындай. Ми теледидар көре бастағаннан 60 секундтан кейін белсенділігін жоғалтады. Теледидардың бұл қасиеті ең көп жарнамашылар тарапынан қолданылуда. Жарнама көрсетіліміндегі ескертулер тез өзгеретіні соншалық, миымыз бұл жылдам өзгерісті ұстап қалу үшін бүкіл зейінін экранға бағыттайды. Ми гипнозға түскендей белсенділігін жоғалтып, жарнамасы жасалған өнімге талап қалыптастырылған болады. .....
Әңгімелер
Толық