Ғабиден Қожахмет | Менің халқым
(Мектеп шәкірті үшін жазылған).
Әрбір адамның ана тілімен қатар туған жері, туған ұясы болады. Туған жер ұғымын екі тұрғыда алып қарастыруға болар еді. Біріншісі – адамның өзінің кіндік қаны тамған жері, екіншісі – Отан деген қасиетті сөз мағынасында қарастырылады. Бірақ екеуі де – бір-біріне жақын, сабақтас ұғымдар. Анығында, адамның Отанға деген махаббаты өзінің кішкентай ғана шағын елді мекенінен бастау алып жатуы әбден мүмкін. Адам сол туған жерін сүю арқылы Отанын сүюді үйренеді.
Менің Отаным – Қазақстан. Бірнеше мемлекеттермен шектесіп жатқан ұлан-байтақ территориясында қазақ халқымен бірге сандаған ұлттың өкілдері тату-тәтті тіршілік етуде. Қазақстан бұл күнде әлемге танылған мемлекет болып саналады. Әлемдік өркенді елдердің қатарынан орын алуды мақсат тұтқан тәуелсіз, жас мемлекеттің экономикасы жыл сайын өрістеуде және осы мақсатта мемлекеттің білім саласына ерекше көңіл бөлінеді.
Менің елімнің орталығы – Астана қаласы. Астана – тәуелсіздік алған жылдардан кейін барып бой түзеген жаңа қала, жас қала. Астана – тек әкімшілік басқару орталығы ғана емес, сонымен бірге сандаған мәдениет түрінің де тоғысқан жері.
Менің туған елім жер асты және жер үсті табиғат байлықтарымен ерекшеленеді. Жер байлығымыз – табиғатта сирек кездесетін металға бай. Ал әлемдік жоғары технологиялардың даму жағдайында сирек кездесетін металдың алар бағасы өте зор.
Халық пен мемлекеттің байлығы тек табиғат байлықтарымен ғана өлшенбейтіндігі белгілі. Менің елім – сонымен қатар тарихи-мәдени мұра байлығымыздың да мол көрініс тапқан жері. Сонымен бірге тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан әлемге өнерімен де, спортымен де танылып келе жатыр. Осының бәрі бізге мақтаныш туғызады.
Менің елімде алуан түрлі ұлт өкілдері мекендейді. Олар бір бірімен тату-тәтті тірлік кешуде. Әрбір ұлт өкілі өзінін ұлттық құндылықтарына орай сол халықтың перзенті екендігін мақтаныш ететін болса, мен де өзімнің қазақ екендігіме мақтанамын.
Иә, менің халқым – қазақ халқы. Жан-дүниесі бай, жомарт, кеңпейіл, дарқан, қонақжай халық. Қажет кезінде жауына қатал, ал досына мейірімді халық.
Біздің халқымыздың арғы тегі сақ, ғұн, түрік сияқты этникалық бірлестіктерден бастау алады. «Көп түрік енші алып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деп, Мағжан атамыз жырлағандай, бабалардан қалған туған даланың бүгінгі иесі де, киесі де – осы менің халқым.
Соншама кең байтақ жерді тұрақ еткен халық әлемде жер көлемі жағынан, яғни территория тұрғысынан алғанда 9-орынды иемденеді. Жеріне сай пейілі де кең. Ал рухани байлығы – мұрасы жағынан алғанда талай зерттеушілерді таңғалдырған. Әлемнің еш ғашықтық жырларынан кем түспейтін ғашықтық жырларын туғызған халық. Соның бірі – мазмұнға бай және көркемдік бояуы қанық, эстетикалық құндылықтарға толы «Қыз Жібек» жыры. Мұндай жырды тек сүйе білетін және махаббатты ардақтай алатын халық қана тудыра алмақ.
Дәстүрлі мұрасын бірден-бір сақтап қала алған халық. Ол дәстүрлі өнері, дәстүрлі ән-күйі, эпикалық шығармалары, яғни орындаушысына кең тынысты қажет ететін жырлары сақталған.
Білім жайлы мол нақыл сөздерді ұрпағына мұра етіп қалдырды. Осы сөздері арқылы білім-ғылымды аса құрмет тұтқандығы байқалады. Ежелгі қазақ даласынан озып ғылым тудырған әл-Фараби бабамыз, берісі Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты алыптарды туғызды. Тәуелсіз, дербес ұлттық-демократиялық мемлекет құрамыз деп өз бастарын бәйгеге тіккен кешегі Алаш ұлдарының ұшан-теңіз, жан-жақты білім иесі болғандығын еске алсақ, олар – бүгінгі жас ұрпаққа да бірден-бір білім, мәдениет, өз ұлтын сүю тұрғысынан алғанда үлгі бола алатын зиялы қауым өкілдері.
Найзаға үкі таққан ел елінің шетін жау баспасын деп, ат үстінде күн көрді. Үш жүзге ұран салдырған талай-талай батырларды, кесімді сөз айта алған билерді, дәулескер күйшілерді, арқалы әншілерді, табан астында суырып салар ақындарды туғызған халық ол – осы менің халқым. Әлемнің қаншама елін аралап, жер жүзінің қаншама алып балуандарынан күші асқан Қажымұқандай күш иесін, «Кешегі сентябрьдің базарында, көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деп жырлаған Балуан Шолақтай алыптарды, тоңы сірескен кеңестік империяның кезінде-ақ Әлжандай қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болған баскетболшы ұлды, КСРО астанасында өткен Олимпиаданың Олимпиада чемпиондары Жақсылықтай, Шәмілдей мақтан етерлік балуан ұлдарды туғызған ұлт ол – осы қазақ халқы.
Тәуелсіздік үшін үш жүздей көтеріліс жасап, азаттық үшін бұлқынып, Хан Кенедей қайталанбас ұл тудырған ұлт ол – қазақ ұлты.
Кеңестік империяның тағын шайқалтты. 1986 жыл, 16 – 18 желтоқсанда күллі әлемді дүр сілкіндірген ол қазақтың қайсар қыз-жігіттері еді.
Егемендік алғаннан бергі уақытта әлемге танылып жатырмыз. Жаңа толқын, жаңа серпілістер пайда бола бастады. Ендігі жерде білімге сүйенген қазақтың ұл-қыздары ата-баба аңсаған армандарға қол жеткізе бермек.
Ана тілімнің асқақ үнінен қуат алып, туған жерімнің тұғырында тіктеліп, өз халқымның асыл қасиеттерін мақтаныш етумен жаһандық замана көшіне ілескім келеді.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Ғабиден Қожахмет Менің халқым туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Ғабиден Қожахмет Менің халқым на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке