Бердібек Соқпақбаев | Ұлтан оқиғасы
Сәрсебек жатақханаға қунаң қағып, күлімсіреген жүзбен кіріп келді. Шырайында бұрын-соңды болмаған көңілділік бар. Магазиннен жап-жаңа аппақ ақ жейде сатып әкелген екен. Онысының орауын жазды да «қане көріңдерші, қалай екен» деген адамша кереуетінің үстіне жарқыратып жайып тастады.
Және бір сұр шұбар галстук сатып әкеліпті.|Ақ көйлектің үстіне оны да шұбалта тастап қойды.
Жолдастары Сәрсебекке назар тіге қарасып:
— Сәкенді қара, ақ жейде сатып әкепті.
— Галстук сатып әкепті.
— Ой, сен ақ жейде әкелмеймін деуші едің ғой?
— Мынау бір жаңалық екен! — деген тәрізді сөздер aйтылып жатты.
Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінездердің бір екені рас. «Өмірге жарасымы жоқ, кіршең» деп, ол ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Галстукты түкке қажетсіз артық әурешілік деп қарайтын. Басқалардан бір бөлек томаға-тұйық жүріп тұратын. Жаңа жыл түгіл он мереке қабатынан келсе де бүйірі қызбайтын, сәнденіп бой түзеуді еш елемейтін. Қандай той -томалақ, кештерге де күнделік үйреншікті киімімен бара беретін.
Институтта бірге оқыған үш жылдың ішінде жолдастары Сәрсебектің бір қызбен көңіл қосуға талаптанбақ түгіл қиырдан көз салып, қырындамақ болған ниетін де байқаған емес-ті..
Қашанда қоңыр жүріп, қоңыр тұратын, оқудан өзге ештемені білмейтін осы Сәрсебек енді міне, аяқ астынан құбылып шыға келіпті. Бұрынғы көзқарастарынан айнып, ақ жейде, галстук сатып әкеліп отыр. Енді жігіттерден үтік сұрап тұр. Жыл бойы үтік тиіп көрмеген қоңыр костюмге істемегені қалмады. Әуелі есік алдына ауаға алып шығып, жарты сағат бойына щеткалап тазалады. Одан соң сабынды суға ақ шүберекті малғыштап отырып, әуелі шалбарын, одан соң педжагын мипаздап өтектеуге кірісті.
.....
Әңгімелер