Ілияс Есенберлин | Алтын орда III кітап


БІРІНШІ ТАРАУ

Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.

Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?

Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Әңгімелер
Толық

Владимир Набоков | Чорбтың оралуы


Ерлі-зайыпты Келлерлер театрдан кеш шықты. Осы бір кеште ауасы күңгірт, бұлыңғыр, сегіз ғасырдан бері бетіне собордың бейнесі түсіп, майда толқындар жүзін өрнектейтін де жататын өзені бар тып-тыныш герман қаласы Вагнер музыкаға мелдектегенше тойған еді. Келлер театрдан шыққаннан кейін әйелін ақ шарабымен аты шыққан, жақсы бір қабаққа алып барды, сонан кейін тек сағат екілерде ғана, ішіндегі жарығы адамға сондай жайсыз тиетін бір автомобильмен, қаңырап жатқан өлі көшелерді қуалап, темір қақпалы еңселі бір жер үйге жетті. Президент Крюгерге қатты ұқсайтын, төртбақ келген қарт неміс Келлер сыртқа бірінші шықты. Шам жарығынан жапырақтардың алашұбар көлеңкелері аяқ астында қозғалып жатыр. Ең алдымен жарық Келлердің аппақ крахмал омырауына түсті, оның соңынан көйлегіндегі асыл тастардың талшықтары жылт-жылт етіп, алдымен толық аяғын созып әйелі де шықты. Ауыз бөлмеде оларды жүгіре басып қарсы алған қызметші әйел, Чорбтың келіп кеткенін жеткізді. Варвара Климовна Келлердің әлі ажарын жоғалтпаған дөңгелек жүзі дір ете түсті де, ішкі толқыныстан қып-қызыл боп кетті:

— Ол сізге, оны ауру деді ме?

Қызметші әйел одан сайын сүйреңдей жөнелді. Келлер қысқа қырқылған ақ шашын сипап тұрды, оның жалпақ, терең әжімді маймыл беті тіпті қартайып салбырап қалды.

— Таң атқанға дейін мен күте алмаймын. Дәл қазір сол жаққа баруымыз керек, — Варвара Николаевна басын шайқап, орыс паригін жауып тұрған жеңіл орамалының ұшын қыса түсті. — Ой, құдайым-ай... Бір ай бойы хат жазбағаны тектен-тек емес қой. .....
Әңгімелер
Толық

Рабиндранат Тагор | Үзілген үміт


Мен Дарджилинге жаңбырлы күні келген едім, Көше қыдыруға зауқым соқпады. Алайда үйде отыра беру де көңілді болмады.

Қонақ үйде тамақтанып алдым да, қалың табан бәтеңкемді, жалбағайлы плащымды киіп, не болса да көшеге шықтым.

Қала үстінде қалың бұлт төніп тұр. Жаңбыр шелектеп құйғандай. Құдай тағала әлемге топан суын қаптатып жіберген сияқты.

Мен есіз де көңілсіз Калькутта көшесімен жүріп келемін. Тұман мен бұлт патшалық құрған мына меңіреу дүниеден құтылғым келеді, шу-думаны бар жарық дүниеге шығып табан тіресем деймін.

Жақын бір жерден жылаған әйел даусы естілді. Қайғы-қасірет пен көз жасына толы бұл дүниеде жылау деген немене, дағдылы құбылыс емес пе! Мүмкін мен басқа бір ретте көңіл аудармай да өткен болар едім. Ал мына тұман мен бұлт өктемдік жасап тұрған бұлыңғыр дүниеде жылаған әйел даусы ғайып болған бүкіл әлемнің жоқтауы сияқтанып кетті. Мен өтіп кете алмадым.

Жақындай келе жол қапталындағы таста отырған, басында алтын түстес байлары бар қызыл киімді бір әйелді көрдім. Ақырын өксіп жылап отыр.

Бұл тегі көптен бері шемен болып көкірекке қатқан ескі құса болса керек. Торыққан көңіл, басқа түскен жалғыздық, мына бүгінгі күннің күңгірт аспаны — бәрі қосылып сол ескі дертті қозғап жіберіпті. .....
Әңгімелер
Толық

Әбіш Кекілбаев | Бәйгеторы

Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды. Жалтыр сауыры көк масатыдай күлің-күлің еткен көк ала дөненді көлеңдетіп ортадағы ақ үйге барып түсті. Сосын баяғы әдетінше, тұсап жатып, атының тірсегін, шашасын, тұяғын түгел тінтіп қарап шықты. Көлеңкеде қарш-қарш шыбын қағып жатқан қара ала төбетті қуып жіберді.

Арса-арса қабырғасындағы қатпар жарасына тиісіп, қара ала төбетті діңкелеткен көк шыбын енді көк ала дөненнің мазасын алар деп сескенді. Асыққа таласып қызыл шеке болып жүрген екі баланы да: «Қасына бармаңдар, асау, теуіп кетеді», — деп қорқытып қойды. Ақ үйге сосын барып кірді. Жаулығының ұшын толарсағына жеткізіп, шұбата тартқан ақ үйдің әйелі қолына қара шәйнек ұстап, жерошақ басына беттеді. Бәйгеторы Сейістің шамалы уақытта шыға қоймасын білді.

Жерге басын салып еді, жаншылып қалған кесірткедей жер бауырлаған тарамыс жусан арасы сиреп селдіреп қалған тісіне ілікпеді; өзінін бір түрлі көңірсіген сілті иісі бар екен. Бәйгеторы басын көтеріп алды. Екі көзінің арасында ұшып-қонып жүрген сары пәлені көрді, мүкіс тартқан құлағы ызыңын да естімепті. Басын шұлғыса, ту сыртына барып қонады. Өне бойын дір-дір шіміріктіріп, тызылдатып шағады. Құйрығын бұлғап еді, бар қылынан айырылған бір тұтам қылта ауада ербеңдеп қалды. Одан бөгелек қайдан үріксін? Бәйгеторы шыдай алмай шапшып көрді. Шапшығанда да қайда барарын білмеді. Ауылдың желкесіндегі машинамен су әкеліп құятын тоғанның қасына барса, темір астаудан опыр-топыр су ішіп жатқан қозы-лақ бұған бәрібір жол бермейді, осы ауылдың бар бота-тайлағы да со маңда жүр. Боталары мен қозы-лағына су жеткізе алмай жаны күйіп жүрген қатындардың қақ маңдайдан салып қалуы да мүмкін. Әне бір екі-үш бөшкені қалқалап қойған тақтай күркенің көлеңкесіне барып тұрар еді, құжынаған көк шыбынын шұбыртып қара ала төбет жатып алыпты. .....
Әңгімелер
Толық

Рабиндранат Тагор | Судья


Кхирода ел ақтап жүріп, ақырында осы бір жігіттің құшағында сая тапқандай болып еді. Міне енді ол да мұны қаңғыртып жіберді.

Күн көру үшін тағы біреудің құшағына іздеуді қайтып ойлағысы да келмеді оның, жирене қарады. Жасы болса жер ортаға келіп те қалды.

Жастық шақтың дәурені өткеннен кейін де өмірдің бір тамаша кезеңі болады. Ол кезең — жарқын жүзді күздің шуақ күніндей тыныш та тұңғиық, тұнық бір кез. Осы тұсқа жеткенде өмір бағының бар жемісі толықсып пісіп, көкорай шалғыны ұзарып жетіледі. Жастықтың елең-алаңында албырттықпен шалыс басқан аяқ енді ерсі көрінетін болады. Бұл дүниеде жасарымызды жасап, шығар биігімізге шығып болғандай сезінеміз. Өмір жолында бастан кешкен жақсылық-жамандығымыз, қайғы-қуанышымыз біздің ақыл-ойымызды біржола суарып шыңдап болады. Біз енді көкжиекке қол создырған тәтті қиялдың соңына еріп, адасудан бой тартамыз да, өз шамамыздың тар шеңберінде ғана өмір сүруге мойынсұнамыз. Жарқ еткен жаңа махаббаттың жалынына ұрынудан гөрі, үйреншікті сыр мінез серігіміздің болғанын артық көре бастаймыз. Бұл кезде жастық шақтың уылжыған өңіне әжім түседі. Бірақ көңіл шіркін қартаймайды. Ұзақ жыл отасқан өмірден кейін көңіл күйінің көрінісі бет пішінімізден, көз жанарымыздан сезілетін болады. Адамның даусы да, күлкісі де, көзқарасы да оның ішкі табиғатымен үйлесе бастайды. Қол жетпесті арман етіп елегізу енді қалады, бізді тастап кеткендердің артынан қайғыру жоқ та, алдап кеткендерге кешірім көп болады. Қиыспасыңмен айырылысудың зарын тартып болып, алай-дүлей бұрқаған өмір дауылының бәрін басыңнан өткізген шақта қасыңда қалған адал дос өзіңді жақын тартып, сүйіспеншілік білдірсе, сен де соған бар махаббатыңды ұсынып, құлындай түсесің. Өмірдің осынау бір іңір қараңғысы шағында ежелгі сыр мінез, сенімді серігіміздің қасында болсақ, сонда ғана жанымыз жай тауып, рақатқа батады. Ал бұл кезеңде жаңадан үйір болар жан іздер күйге душар болсаң, құдайдың ұрғаны. Кештетіп келгеніңде тыным аларлықтай боп үйіңде шамың жағулы, төсегің салулы тұрмаса, сорыңның қайнағаны. .....
Әңгімелер
Толық

Бердібек Соқпақбаев | Балапан торғай

Қолында аша ағашы бар сұр кепкалы бала жақындай түссе де, балапан торғай бейқам отыра берді. Тек аяғының дәл астындағы шарбақ ағаш сақ ете түскенде, ол селт етіп, шошып қалды. Жантас екінші рет атып үлгіргенше, балапан торғай жөндалбаса ұша жөнелді.

Балапан торғай алыс шырқап ұша алмайтын еді. Кешенің ар жақ бетіндегі бір шоқ талға талып, әрең жетіп қонды. Жүрен кеудесіне сыймай дүрс-дүрс соқты.

Әккі Жантас ентелеп тағы жетті. Рогаткасын жүгіріп келе жатқан бойда оқтап алды да, қалт тұра қалып және атты. Тас бұл жолы зу етіп, балапанның төбесін жалап кетті. Ол көзін жыпылық еткізіп, бұға қалды.

Балапан торғай ұша жөнелді...

Жантас балапан торғайдың қыр соңынан қалмады, ауылды шыр айналдырып қуа берді. Өкпесі өшіп, әлсіреген балапанда көтеріліп ұшуға енді хал де қалмады.

Үрейі ұшқан балапан жүнін үрпитіп, дуалға жабыса түсті. Әлсіз аяқтары сырғанақтап, сүріне құлап «Аяшы!» Атпашы!» деп жалынғандай шыр-шыр етті. Бірақ без бүйрек Жантас оған құлақ аспады. Қол созым жерде тұрып атқылай бастады.

Кенет Жантастың арт жағынан:

— Әй, о немене? — деген дауыс саңқ ете қалды. Жалт қараса, Қожа жүгіріп келеді екен. Жантас балапанды тездетіп тағы бір атып жіберді. Егер осы атқаны да тимесе, онда бас салып, Қожадан бұрын оны ұстап алмақ......
Әңгімелер
Толық

Қотыр торғай

Бір қотыр торғай шеңгелге қонып отырғанда, жарасының қара қотырланған аузын шеңгелдің тікенегі сыдырып кетіпті.
Торғай ашуланып:
— Қап, бәлем, сені ешкіге айтпасам ба! – деп, ешкіге келеді.
— Ешкі-ешкі, ана шеңгелдің сылдырмағын неге жемейсің?
Ешкі:
— Оны жемек түгіл, өзім лақтай алмай жатырмын.......
Ертегілер
Толық