Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ақ бидай туралы аңыз
Құлқын сәріде жазу столына кеп отырғанда айтар ойым әзір сияқты еді. Ыбырсып жатқан қолжазбаларды ары ысыра сап, әдеттегі машықпен бір парақ қағазды алдыма тартып алдым. Қолымда жем тілеген көгершіннің мойнындай қылпылдаған қарындаш та аяғынан басып, шу деген жерден ақ қағаз бетімен жорғалай жөнелетін сияқты еді. Иә, кейде кісі бастамаған ісінің ақыры сәтті болып аяқталарына көзі күні бұрын жетіп, көкірегінде қолға ұстатқандай бір нығыз сенім тұрады. Оның үстіне мен осы барған сапарымнан көңілді қайттым. Түгін тартсам түбінен майы шығып жатқан қазіргі Сарыарқаның ырысы мен ырзығы мол даласын өз көзіммен көріп қайтқам-ды. Сол далада қара жерге қолдан егін егіп, ағыл-тегіл астық өндіріп жатқан адамдардың кешегі егін орағы басталып кеткеннен бергі жан алып, жан берердей еңбегін барша жұртқа паш етсем бе деп едім. Асылы қағаз соңына түскен адамның өзіне-өзі ие бола беретін кезі аз болады. Кейде сені қиялың билейді. Кейде көлденеңнен киліккен бір желөкпе сезімнің жетегіне ілесіп кете барасың. Енді, міне, Құдай қылса қайтесің... Таңмен таласа оянып, үй іші ұйқыда жатқан осынау бір әрбір қалам ұстаған кісілер үшін іздесе таптырмайтын жым-жырт тыныш кезде столға отырып, осы сапардан көңілімді толқытып қайтқан кейбір әсерім мен ойымды ортаға салар жерде, қайдағы бір қаперімде жоқ нәрсе қалам ұшына орала кеткені. Онда да ертеде өткен ескі қазақ өмірі. Ескі өмірдің де өзімнің тап осы қазіргі көңіл-күйіме құттай да қатысы жоқ қайдағы-қайдағы жүдеу көрінісі. Қыста қанша жамау бастырсаң да жыртық-тесігі таусылмайтын атаң қазақтың әйтеуір лаждап уақыт өткізетін лашығы мен ықтырмасынан жел ызғып, зықын кетіріп біткесін, ол кезде әрбір өткен күнді олжадай көретін кедей шаруалар көктем нышан беріп, күн жылт етсе болғаны жайлауға көше жөнелетін. Бар тірлігі ат жалы мен атан қомында өтетін көшпелі ел үшін қиын өмірдің ең бір қимас шағы - осы көктем. Қардан арылған қырда қыс ызғары сірә да қалмайды......
Әңгімелер