Әбдіжәміл Нұрпейісов | Ақ бидай туралы аңыз

  Әбдіжәміл Нұрпейісов  | Ақ бидай туралы аңыз

I

Құлқын сәріде жазу столына кеп отырғанда айтар ойым әзір сияқты еді. Ыбырсып жатқан қолжазбаларды ары ысыра сап, әдеттегі машықпен бір парақ қағазды алдыма тартып алдым. Қолымда жем тілеген көгершіннің мойнындай қылпылдаған қарындаш та аяғынан басып, шу деген жерден ақ қағаз бетімен жорғалай жөнелетін сияқты еді. Иә, кейде кісі бастамаған ісінің ақыры сәтті болып аяқталарына көзі күні бұрын жетіп, көкірегінде қолға ұстатқандай бір нығыз сенім тұрады. Оның үстіне мен осы барған сапарымнан көңілді қайттым. Түгін тартсам түбінен майы шығып жатқан қазіргі Сарыарқаның ырысы мен ырзығы мол даласын өз көзіммен көріп қайтқам-ды. Сол далада қара жерге қолдан егін егіп, ағыл-тегіл астық өндіріп жатқан адамдардың кешегі егін орағы басталып кеткеннен бергі жан алып, жан берердей еңбегін барша жұртқа паш етсем бе деп едім. Асылы қағаз соңына түскен адамның өзіне-өзі ие бола беретін кезі аз болады. Кейде сені қиялың билейді. Кейде көлденеңнен киліккен бір желөкпе сезімнің жетегіне ілесіп кете барасың. Енді, міне, Құдай қылса қайтесің... Таңмен таласа оянып, үй іші ұйқыда жатқан осынау бір әрбір қалам ұстаған кісілер үшін іздесе таптырмайтын жым-жырт тыныш кезде столға отырып, осы сапардан көңілімді толқытып қайтқан кейбір әсерім мен ойымды ортаға салар жерде, қайдағы бір қаперімде жоқ нәрсе қалам ұшына орала кеткені. Онда да ертеде өткен ескі қазақ өмірі. Ескі өмірдің де өзімнің тап осы қазіргі көңіл-күйіме құттай да қатысы жоқ қайдағы-қайдағы жүдеу көрінісі. Қыста қанша жамау бастырсаң да жыртық-тесігі таусылмайтын атаң қазақтың әйтеуір лаждап уақыт өткізетін лашығы мен ықтырмасынан жел ызғып, зықын кетіріп біткесін, ол кезде әрбір өткен күнді олжадай көретін кедей шаруалар көктем нышан беріп, күн жылт етсе болғаны жайлауға көше жөнелетін. Бар тірлігі ат жалы мен атан қомында өтетін көшпелі ел үшін қиын өмірдің ең бір қимас шағы - осы көктем. Қардан арылған қырда қыс ызғары сірә да қалмайды. Сары атан заузаның күллі қыбырлаған жан-жануардың қойны-қонышын қуанышқа толтырып, қоқын күнге шалдырған, маужыратқан сары шуағы жер арқасын қыздырғалы әлде-қашан. Жылда көктем кірер-кірместен киіздей қаулап кететін көк шалғынға атаң қазақтың осындай далиып жатқан ұшы-қиыры жоқ кең даласы қазір де қақалып тұр. Көлтабан тақырларға тұрған қақ суы жалтырап күн сәулесі астында көзіңді қариды. Жаз жайлауға көшіп шыққан ауылдардың қарақұрттай қаптаған малы жасыл дала жүзін жасырып анда да, мұнда да шұбартады. Сонау ашық айдында қиқу салған құс атаулы да осы далаға жиналған аққу, қаз, үйректерден аулақта, шалшық су жиегін жағалаған қызыл аяқ балшықшылар ұзын тұмсығымен біз біле бермейтін әлденені шұқып жеп жүреді. Ал, өзінің болашақ ұрпағына қол жиегінен құпиялап салып алған ұясын сырт көзінен қызғыштай қорып, қиғылықты салып жататын сорлы қызғыш — күн астында керіліп жым-жырт боп жататын қазақ даласының о дағы бір сәні ғой!

Мал баққан көшпелі ел оз тірлігінен кісі қызығар ештеңе таба алмаған соң бір көрініп жоқ болатын қырдың қызғалдағындай осынау шақты сонша дәріптеп «Хан жайлауы» деп атапты. Бірақ сол Хан жайлауындағы қызықты өмірдің де ғұмыры тым қысқа-ды. Ақ қалпақты алшысынан кигізген Хан жайлауының күні жеткесін, көзді ашып-жұмғанша қызығы мен қуанышы басылып, ұлы ақын айтқандай «жапырақ кетті, жаз кетті, күз болған соң кетті күй».

Қырдан соққан қатқыл желден қыс ызғары сезіле бастағасын-ақ жаз бойы жайлауда ашылып-шашылып отырған ауылдар кенет әбігерге түседі. Үйлерін асығыс жығады. Жүк артқан түйелер, жүдеу көштер тырнадай тізіліп қырдан қыстауға ағыла бастайды. Мал соңында бүрсеңдеген жалшы. Сүдіні қашқан кемпір-шал. Жаң жүні үрпиген жұпыны, жүдеу қатын-бала, қалай да қыстауға жетіп қонбақ бон үдере тартқан көште қалауыш ығында ырғалақтап мазасы кетіп келе жатқан сырқат. Бұл кездегі сауын малдың сүті азайған. Ақ үрпі желінді тартсаң сүт орнына қолыңа түк ілінеді. Қыстауға қайтқан кедей ауылда қара азық емге табылмайды. Соғым союға әлі ерте. Алда қылышын сүйреткен қыс. Ақ түтек боран. Соңыра қас-қабағы қырауытып қылшылдан келетін сыры белгісіз суық дүние шаруа сорлының қатын-баласы мен қорадағы азын-аулақ малына қайрымды бола ма, жоқ па? Қысты қалай өткізеді? Бұл шаруа жанын жылда-жылда жегідей жейтін сұрақ. Күпті көңілдің қаупі де, күдігі де осы. Қолынан келген кісілер қыс қамын күз басынан ойлайды. Сондықтан үй ішін қыстауға кіргізіп, қазандық пешін салып бергесін әрбір ілгергі күнін ойлайтын ыждағатты еркек қыс азығын қамдауға кіріседі. Атан түйенің беліне қабы мен арқанын салып, қатар отырған көрші ауылдың ер-азаматтары сайланып шығатын. Ол кездері Арал өңірін жайлаған біздің ауыл астық іздеп жылда күз айында түу-түу Қарақалпақ асып, Қоңырат, Шымбай, Үргеніш диқаншыларынан бес қаланың атақты ақ жүгерісін әкелетін. Ал, балықшы ел ақ қобаң бидайды аңсағанда Арқаға қарай бет түзеп шығады. Тырнадай тізілген қалашылар көші бұл жолы енді бері болғанда Жем бойына, Ор бойына барып, ары болғанда Орынбор, Орскі асып, ырғап-жырғап астық алып қайтады. Ой, несін айтасың, қалашылар оралған күнгі қазақ аулының қуанышын сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол күні тойып ішкен асы кейін ел аузында аңыз боп жырға айналып кетер еді.

Ал, астық әкелген азамат құдды қамал бұзған хас батырдай үлкен-кішінің аузында. Осы күндері қалашысы оралған ауылға әлдеқалай жолы түсіп ақындар мен әнші жыраулар келе қалмағай де. Онысын жезтаңдай жырау қашан сый-сыяпатын көріп, келесі бір ауылға аттанып кеткенше қу шанақтың қос ішегін сабалап, астықшыларды аузы талғанша мақтап жырға қосып жатады. Бұл өңірден озып шыққан жүйрік сол. Көзсіз ер де, білекті батыр да сол. Оз қатарынан асып туған ақылды дана, тапқыр да сол. Тоқсан үйлі тобырды құс етімен жалғыз өзі асыраған кәдімгі қиссадағы қара қасқа атты Қамбар батыр болады да шығады.

Айтса-айтпаса да қала көрмеген қазақтар ауылдан ұзап шыққасын-ақ не бір таңғажайып қызық хикаяға душар болатын. Астық іздеп аяғы алысқа түскен жігіттер бұрын-соңды көрмеген, білмеген елді, жерді, суды көреді. Өз аулының тірлігінен шалғай жатқан күнкөріс кәсібі мен тілі, діні басқа халықтың арасына түскенде, әдетте аңқау елдің кейбір әңгүдік жігіттері оңы қайсы, солы қайсы айыра алмай қалатын-ды.

Бір жолы... бізге қараған кедейлеу ауылдан Сүгір деген кісі алғаш астыққа барады. Мен осы кісіні әне бір қартайған кезінде көрдім. Кәрілік жеңіп, күші қайтқанның өзінде қол-аяғы ұзын. Сирағы сіңірлі. Еркін бас бітімі кішірек демесең, ат жақты беті арбиған, шот маңдай, шүңірек кезде тез тұтайтын ашу-ыза бар. Басқа дене бітімі де рабайсыз ірі, нар тұлғалы кісі. Дене бітімінің әлгіндей кесектігіне қарамастан ақ көкірек, аңқау болғасын осы кісіні біздің ауылда, кез келген қылжаң қып, бала-шағаға дейін алдай беретін, ірі нар тұлғасына қарап біздің ауыл оны батыр дейтін. Қу жігіттер қолы кішкене босаса оны қылжақ қылады. Қалашылар астыққа аттанар алдында отбасында оңашаланып отырып, артта қалып бара жатқан қатын-бала қамын әңгімелейтін әдеті. Сүгір де қатын-бала қамын жеп, үйден шыға қоймапты. Сыртта иіріліп күтіп қалған қалашы жігіттердің бірлі-жарымы үй іргесіне барып, құлақ сап тыңдаса, іште Сүгір тері тымағын киіп, қамшысын қысып ұстап алған. Томашадай ғана әйеліне жыл он екі айда өзінің істей алмаған ана шаруасын бір, мына шаруасын бір тапсырып жатыр екен. Сонда жаңағы үй сыртынан тыңдап тұрған қу жігіт тамағын кенеп, кәрі жыраудың мақамына сап Қобыланды батырдың жорыққа аттанып бара жатқанда қыз Құртқаға айтатын қоштасуын қоя беріпті. Сүгір әншейінде ауыл адамдары өзін батыр дегенде марқайып қалса да, тап мына тұстағы қылжағына ыза боп үйден ақыра шығыпты...

Сүгір бастаған қалашылар бір ай дегенде түйелерін астыққа теңдеп, ырғап-жырғап қайтады. Шөбі күйген сұр даланың бір қапталында, көз ұшында ақ үйлі орыс поселкасы қалып бара жатады. Сол поселкадан берегіректе қара иірім суда бір қора ақ қаз жүзіп жүреді. Бұны көргенде Сүгір батыр: «Ал, жігіттер, Құдай берді. Кешке қаз етіне тойғызам» деп жазыға тығулы шиті мылтығын суырып, түйе басын бұрып алады. Қалашылар ілгері тарта береді. Көп ұзамай кейінгі жақтан дәріні мол салған шиті мылтық гүмпілдеп, үсті-үстін атыла бастайды. Қалашылар құлақ сап тыңдап: «Батыр қатты кетті. Олжасыз болмас», — деп топшылайды.

Бір кезде бұлардың артынан Сүгір де жетеді. Тапырақтата желген ақ ауыз қара атанның алды-артына оннан астам қазды өңгеріп апты.

— Батыр, олжалы қайтыпсың ғой?

— Ойбай, айтары жоқ, көл беті бұрын бір көрмеген ақ қаз. Қанша атсаң да ұшпайды. Қанатымен сабалап, әбігерге түсіп дүрліккені болмаса, о, патшағар, құс боп ұшпайды. Сонан соң, кәйтейін, мен де күмпілдетіп ата бердім.

— Астапыралла! Есітпеген елде көп деген...

— « Өлмегенге — өлі балық жолығады» деген... Кешке құс етін қызылдайтын болдық.

— Әй, батыр... осы қаз — керемізді келтіріп жүрмесін.

— Е, неге?

— Мен білсем бұлар асыранды қаз. Ана көрінген орыс поселкасының қаздары.

Жұрттың зәресі ұшады. Жүгі ауыр түйелерін тебініп, тұра-тұра қашады. Сүгір де жазының алды-артына байлап алған қаздардың жібін кездікпен қиып-қиып жібереді де, ақ ауыз атанды тапырақтата жөнеледі. Арттарынан қуғыншы келе жатқандай зәре-құты қалмаған жігіттер астың артқан түйелерін қан сорпа ғып түн-түнімен қашыпты ғой...

Арал өңірінің қазақтары қыс азығын кешегі колхоздасу дәуіріне дейін баяғы ата-баба салған жолмен Қоңырат, Шымбайдан, Ор бойы мен Жем бойынан тасып ішетін. Жалғыз біздің ауыл емес, мал баққан ел астықты сырттан алатын. Сол қазақ даласы биыл тағы да Отанға миллиард пұт астық тапсырды. Миллиард пұт!

Атаң қазақ «Елу жылда — ел жаңа» деген ғой. Бүл ұзақ кешкен тірлікте қасіретті көп шеккен кішкентай халықтың ежелгі бір көкейкесті арманы болмас-ау. Тарих соқпағынан түйелі көшін тайғанақтатып бастырып жаяу-жалпылап жетелеп өткен кешегі көшпелі елдің өз тәжірибесінен түйген ақиқат шындық болар. Әлде іргелес отырған көрші халықтардың өрге шапқан өскелең тірлігіне қарап түйген топшылауы ма, ол арасы бізге беймағұлым. Кім айтса да, қашан айтса да, біздің халықтың бір киелі азаматының аузынан шыққан дана мақалдың тұла бойында тұнып тұрған осынау шындық түп-түгелдей қазіргі біздің елдің басына келіп тұрғаны ақиқат. Басқасын былай қойғанда, кейінгі жылдары Қызылорда мен Ақтөбе облысы үкіметке қанша астық берді десеңші!

Ал, Қызылорда да, Ақтөбе де осыдан он-он бес жыл бұрын астықты сырттан тасып ішіп отырған бірыңғай малмен ғана шұғылданатын шағын экономикалы облыс еді-ау!

II

Осы очеркке отырардың алдында ғана мен Ақтөбе облысының бір алыс ауданында болғам. Күз кірсе де біздің жақта күн күйіп тұрғасын жолға жаз киіміммен шыға қалғам-ды. Сөйтсем, бұл жақта күздің қара суығы басталып кетіпті. Қатты жел қала-даланың үстінен қаптап соғып, жер шаңдағын ұйқы-тұйқысын шығара боратып тұр екен. Бір мен емес, бұл жақтың жаз бойы ашық-тесік жүріп бейқамдыққа бойы үйреніп қалған халқы да мына қаптап соққан қатты қара дауылдан қапелімде қайтерін білмей абыржып, сасып жатқандай. Жаздың аяғы мен күздің басындағы әрі-сәрі кез болғансын ба, осы күндері қандай киім киерін де біле алмай берекелері кетіп бүрсеңдеп жүрген бір жан. Көшеге шықсаң көк ала шаң басыңа, аяғыңа борап, қара суық жел қойны-қонышыңа кіріп берекетіңді алып бара жатқасын мен де бұл қалада ұзақ аялдай алмадым. Онда-бұнда жүгіріп, көлік тауып алдым да, күн шығар-шықпаста жүріп те кеттім.

Қырбың көк жусаннан басқа шөбі жоқ, сусыз куаңшылық жақта туып-өскен кісі — бір байқағаным басқалардан гөрі барған жағының жер ажарына назар аударғыш келеді. Көгі қалай? Топырақта ылғал бар ма, жоқ па? Жер реңі қалай? Әдетте осы өлкенің таз тақыр даласында әлдекімнің тақасы аңдаусызда бір езіп тапап кеткен тасбақаша жер бауырлап тырбиып-тырбиып жататын кәдімгі қырбық жусандар жылдағысындай биыл да жер тістеп қалған ба? Әлде селтиіп қана тұратын селдір басы биыл бой алып шашақтанып өскен бе?

Бір көрген кісінің бет ажарына қарап та көңіл-күйін топшылайтының сияқты, жарықтың, осы мына қара жер де қасіреті мен қуанышын сырт көзден жасыра алмай арғы жағын аңғартып ала береді. Жол бойы ешкім ештеңе демесе де, биыл бұл жақта ылғал жылдағыдан мол болғанын байқап келем. Өткен қыста осы жаққа қар қалың түсті деп естіп едім. Көктем айында да жауын-шашын, шүкір, жаман болмапты. Ала-бөле көктем мен жаз айының екі аралығында, сонау бір көк егін ие бермей қаулап көтерілетін кезде осы өңірдің далиып жатқан даласы нұр суына керелеп қанып, ой, несін айтасың, ағыл-тегіл ғып жаңбыр жауыпты деп есітіп едім. Оның бергі жағында да егін орағы енді-енді басталғалы тұрғанда көктен қара нөсер құйып өткенін көріп келем. Әне, Чапаев атындағы колхоздың орталығына кірер аузында көлденеңдеп жататын кішкентай өзеннің үстіне салған темір көпірді тасқын су бұзып кетіпті.

Біз баратын жеріміздің әлі жарты жолына да жеткен жоқпыз. Ал көпірден өтерде күн едәуір көтеріліп қалған еді. Бір бауыр жер жүргесін біз осы колхоздың жол жиегіне иек асып жатқан егін даласына кеп тоқтадық. Біз тоқтаған жерде қыбырлаған тірі бір жан көрінбеді. Тек екі дауыстай әрегіректе жалпақ сары белдің бергі баурайында қызыл қоңыр комбайндар қақалып шыққан қалың егінге қатар түсіп, жайпап құлатып жатты. Сол маңда қыбырлаған кісілер, ерсілі-қарсылы жосып жүрген машиналар да көп. Доңғалақ астынан бұрқ-бұрқ көтерілген сары шаң бірте-бірте биіктеп, дала жүзін кіреукелеп басып барады.

Машинаны жол жиегіне қаңтарып тастап, шофер жігіт екеуміз айы-күні жетіп, толықсып пісіп тұрған егін арасына қалыңдап кіре түстік. Жұп-жуан сабағы сарғайып піскен кәдімгі әнге қосып ардақтап жүретін әйгілі ақ қобаң бидайымыз ызғырып соққан жел астында дәнге толы басы судыр-судыр қозғалып, ырғалып тұр. Ақ бидай, ежелден бері ата-бабамыз сүйген ақ дидарлы қыздың аты, сол ата-бабамыз айтқан әннің де аты!

Бұл күндері біз машинадан түспедік. Егін орағы кезінде өлген-тірілгеніне қарамай күн-түн қатып кететін өлермен жандардың еңбек майданындағы қимылын өз көзімізбен көргіміз келді де, бір ауданнан соң бір ауданға бардық. Қайда барсақ та — көзімізге түскен егін. Бұл өлкенің қыры да — егін, ойы да — егін боп кеткен бе деп қаласың. Ұшы-қиыры жоқ егіннің орылғаны бар, орылып жатқаны бар, ал әлі де орылмағаны қанша?! Сыңар дәнінің мұрты шағылмай тұнып тұрған егінде тіпті есеп жоқ. Қай жағыңа қарасаң да көзіңе егін түсе бергесін, кісі қарап отырып қажығандай болады екен. Қанша күн сабылып жүрсек те телегей-теңіз астықтың таусылар кезін көре алмағасын, кісі басына қайдағы ой келе ме, қалай?.. «Мына егіннің бітетін кезі бола ма?» деп ойлайсың. «Болса қайда?» деп ойлайсың. Сауалыңа жауап таба алмаған соң, сен енді егін арасымен зырлап ұшып келе жатқан машинаның есігінен мойын созып, қайта-қайта қарайсың. Қайда қарасаң да, қанша қарасаң да — баяғы егін бір егін. Оның да — егін, солың да — егін. Артың да, алдың да — егін, егін, егін...

Келесі аудан — Байғанин. Бұл ауданның халқы бірыңғай малмен шұғылданатынын білем. Сұрғылт жүзін боз жусан басқан дала бірде шағыл құм, бірде бұйрат белдер, дәндерге алмасып толқын-толқын боп ілгері сүйреп отырады да, ақыры әйтеуір атақты мұнайлы өлке — Маңғыстауға бір-ақ тірелетінін білесің. Соған қарамастан қанша күннен бері шетін байқатпай қойған осынау телегей-теңіз астықтан көзің талғасын ба, сен әйтеуір мына Ақтөбенің ақ қобаң бидайы еш уақытта бітпейтіндей көресің.

Қауырт қимыл үстіндегі дала күндіз де, түнде де қыбыр-қыбыр. Тұла бойы шаң-шаң комбайндар тынымсыз. Ал, астық тасыған машиналарда қисап жоқ. Соңына тіркеп алған прицептері салдырап, ерсілі-қарсылы ағылып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Әр дәні баданадай-баданадай ақ бидай астық тасыған жол бойында ысырап боп шашылып қапты. Ішің ашиды. Қыжылыңды кімге төгеріңді білмейсің. Баяғы бала кезімізде ас соңынан кәрі әжелер ғана жұрт отырған жерді алақанымен сипалап отырып, жерге түскен нан қиқымын бір-бірлеп теріп ап, «обалдағы-ай!» деп аузына сап қоятын.

Асылы нан қадірін жасында нанның зәрулігін көрген кісі ғана біледі. Ал, әр түйір дәнді қара жерге қолдан егіп шығарып жатқан кісі нан қадірін тіпті қатты білуге тиіс. Қара жерге шашқан дән сонан қашан баданадай қып-қызыл бидайға айналып қырманға түскенше диқан баба шегер азапта шек жоқ қой. Үміт пен күдікті кеудесіне қатар сыйғызған кісінің көңілі бірде көл, бірде шөл боп, өмір бойы екіұдай сезімге қатар жеңгізіп жүретінін білем.

Жер басқан кісілердің ішіндегі тірлікте талап еткен кәсібінен ең бір тауы шағылмайтыны да, дәмесі үзілмейтіні де — осы диқаншылар. Өзім жақсы білетін бір қарт диқаншының үш жыл қатарынан қуаңшылыққа ұрынып астық ала алмағанда жігері құм болудың орнына келесі төртінші жылы көктемде оның тағы да жұрттан бұрын қимылдап, жер жыртып, егін егіп жатқанын көргем-ді. Қайсыбір кезде қиқарлыққа басып кететін қатыгез табиғатпен тайталасып жүріп, табанды кісілер бұл даладан бермесін де тартып алады.

Сондай бір кісімен кеше егін басында кездесіп қалдық. Онан биылғы егін шығымы қалай, қанша астық аласың деп сұрап ем, ол басындағы ши қалпақтың астына қолын сұғып жіберіп, желкесін қасып тұрып:

— Ей, қарағым-ай, бұйырғанын аламыз да, — деп ықылассыз жауап берді. Бұнан артық сөз қатпас деп ем, біз жүрер кезде әлгі кісі қасыма жақындап кеп: — Бізді қойшы, бұл өңірде марқұм Шығанақтың өнері басқа еді ғой, — деді.

«Ә» дегенде мен аңдамай қалып:

— Не дедіңіз, ақсақал? — деп ем.

— Шығанақ Берсиевті айтады, — деді қасымызда тұрған шофер.

III

Былай шыққасын Шығанақ жайында ойладым. Онда да әуелі жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы есіме түсті. Сонан соң Мұстафиннің соғыс біткен бойда Шығанақ жайында шығарма жазбақ боп, Ойыл бойына келгенін ойлап, жаңағы жуас кісінің сөзін есіме қайта алдым. Бұл кісі не қылса да тегін болмады-ау деп ойладым. Көкірегіне бұл даланың көп сырын түйіп жүретіні-ау! Мына даланың соғыс кезіндегі мүшкіл халімен қазіргі күйін салыстыруға бола ма? Қазір қойдай қоздаған техника. Қол күші де жетеді. Керек кезде ығай мен сығай жігіттерді ойдан-қырдан жиып алып, жұмысқа жауып жібереді. Сен бір сәт сонау соғыс кезін есіңе түсірші. Сол бір ел қабырғасы қайысқан соғыс жылдарында осынау Ойыл жерінде Шығанақ атамыз кетпен-күрекпен-ақ атақты ақ тарыдан дүниежүзілік рекорд жасап еді-ау. Қазіргі тірліктің қадірін білу, бағалау үшін, ара-тұра тәубеге келіп қою үшін кісі кейде кейінгі жағына бұрылып, артта жатқан ата-баба соқпағына да көз салып қою керек.

Шаң-тозаң басып, сарғая бастаған соғыс кезінің газеттеріне көз салғаның бар ма? Сол жылдардағы қай газеттің бетін ашып қарасаңыз да сіз қан майданда жүрген ерлермен бірге Шығанақ атамыздың есімі қатар аталғанын байқайсыз. Ол кезде майдандағы солдаттар Шығанақтың ақ тарысынан істеген ыстық ботқа буы бұрқырап алдына келсе, жымыңдап күліп қоя беретін. «Блондинка» деп ерекше ықыласпен атап, жүрек түбінен жылылық тауып жататын. Қазір, әрине, ағыл-тегіл молшылық заман. Қара бидай дейсің бе, ақ қобаң бидай дейсің бе, әлде арпа, сұлы дейсің бе, жаныңа керектің бәрі табылады. Бірақ, сөйтсе де әр нәрсенің өз орны бар. Әне бір жылдары дүниежүзілік рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің ақ тарысы қазір неге ауызға алынбай кетті?.. Ұлы ұстаз көз жұмғаннан кейін өнегелі іс-үлгісін жер-жердің бәрінде қуаттап, көтермелеп әкетсе қайтер еді? Иә, бұл бір ыңғайы келгенде айта салған сөз ғой.

IV

Ақтөбеге жүрер алдында өзімізге тікелей ұатысы бар бір бастыққа кіріп едім. Кең кабинеттің төр жағында үш-төрт кісі астық жайында әңгімелесіп отыр екен. Құлақ түріп жүрген көңілдегі әңгіме болған соң мен де тосыннан килігіп, «биыл үндемей қойдық қой, астың шықпай қалған жоқ па?» деп күдігімді айта бастағам. Бадырақ көз бастық столға салып отырған кеудесін оқыс көтеріп ап, шалқалап қарқ-қарқ күлді. Мен түкке түсінбеген қалпым ақырып тұрмын. Бадырақ көз бастыққа өз қылығы өзіне де оқыс көрінді білем, оқыс күлгеніндей аяқ астынан оқыс тыйыла қап: «Жоқ, бауырым, биыл біз шаруаны үндемей бітіргелі жатырмыз» деді.

Шынын айтам, аяқ астынан Ақтөбеге жүріп кетуіме осы сөз түрткі болды. Айтса да, қазір көп шаруаны үндемей бітіретін боп жүрміз. Кеше еліміздің елу жылдығында да табиғи ибалықпен әдепті мінез көрсетіп, бүкіл халық іштей ұғысқан ымыра-бірлікпен үн-түнсіз қызмет істеді. Біздің елімізде істеліп жатқан ұшы-қиыры жоқ ұлы істер адам ақылына сыя бермейді. Бәлкім, аралас-құралас жүргесін бар құбылыстың бөрінің бірдей байыбына барып, бүге-шігесін аңғара бермейтін шығарсың. Алып бойы алыстан анығырақ көрінеді ғой және осының бөрі етене боп үйренісіп кеткен күнделікті байырғы өмірің болған соң, тегі, сірә, кісі істеген ісіне мән бере қоймайтын болар.

Елу жыл біз үшін сән түзеген көштің салтанатпен жүріп өткен даңғыл жолы болған жоқ. Бірақ, әсер елдің өнегелі ұлдарының ұстаздық үлгісін ұстап қалатын дәстүрі болмаушы ма еді? Бір кезде Шығанақ атамыз жеткен олимптік құзар биіктің арғы жағында, бүгінгі заманның ерлеріне қол бұлғап, тағы бір құзар биік тұрған жоқ па?

Иә, ойланатын жай көп. Істеген істің өзі ой салады. Баяғыда қартайған кісіге қыршаңқы жастар қолын сілтеп, «күні өткен» деп немесе «бағы тайған» деп түңілген жанның сөзін айтатын. Қазіргі кісілер кәріліктің де ұғымын өзгертуге айналды. Пенсияға шыққан соң да олар отбасында ошақ бұтын құшақтап қалған жоқ. Әсіресе, астық қоймасына құйылған биылғы ағыл-тегіл астықтың ішінде Солтүстік Қазақстан пенсионерлері Карл Бельгер мен Қабдул бәри, Бекім ақсақалдардың да үлесі мен сыбағасы жатыр. Көктемде қол күші жетпей кіріптарлық басқа түсіп жатқанда қадірлі қарт пенсионерлер жиналып кеп, егін даласынан өз алдарына дербес үлесін алды. Жер жыртты. Егін екті. Бір қызығы, бүтіл совхоз бойынша бойшаң бітік егін осылардың егіні бон шықты.

Әрине, бұлар қартайған шағында халықтың сый-құрметіне бөленіп отырған кісілер. Әйтсе де, біз олардың кешегі отызыншы-қырқыншы жылдың ғана үздік ерлері емес, онан кейінгі - қиын-қыстау соғыс кезеңінің батыры болғанын білеміз. Соғыстан кейін де, жыртық киімнен тәні жылтырап жүріп те аш-жалаңаш халықтың үстін бүтіндеп, ашыққанның аузына ас әкеп салған, ол ол ма, кейін қираған шаруашылықты қалпына келтіріп, қала-далаңды гүлдентіп жіберген де осы күнгі пенсионер қарттар екенін есімізден шығармауымыз керек. Әне бір жылы еліміз тусырап жатқан тың жерді көтеріп, мал басын шұғыл көбейтуді қолға алғанда да осы қарттардың көбі ақылы, тәжірибесімен бірге қол ұшын қанша берді?! Ендеше, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстанда тұратын қадірлі қарттарымыздың арзанқол .әндердей, біздің халықтың бүгінгі шұғылалы биігіне, жеңістен-жеңіске күліп-ойнап жүріп жетпегені белгілі. Елу жылда біз Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысын басымыздан кештік. Тағдыр таласқа түскен небір ауыр күндерде ебіл-себіл боп, аш-жалаңаш жүріп қаншама ұлы істер істедік. Осы жолда талай қателестік те. Өйткені, біз тыңнан жол салған жандар едік. Біз өткен ұлы жолдың ұлылығы да осында. Кешегі елу жылдың мереке тұсында есіріп кетпегеніміз де осыдан. Елу жылдың тойды біз қызыл ала киінген халық қолына ту ұстап, транспарант көтеріп лек-лек боп көшеге шығатын әшейіндегі көп мерекенің бірі деп қараған жоқпыз. Бұл, бір есептен, халық көші өткен жолдың қуанышымен бірге қиындығына ой көзімен тебірене қараған тұсымыз болды. Саннан гөрі сапаны қаттырақ ойлайтын кезге жеттік. Сапа демекші... Ақтөбеге жүрер алдында астанаға іргелес жатқан Талғар ауданының егіс даласын көргенім бар. Бұл жақта егін орағы аяқталып қалған кез еді. Кең далаға қақалып шыққан егінді комбайндар жан-жағынан тықсырып шауып кеп, ақ қобаң бидай өскен алқап қалған екен. Жуықта ғана кірген жылы күздің сары шуағы тамылжып тұр. Жел жоқ. Сабағы сарғайып піскен ақ қобаң бидай дән толы басын бауырына алып қыбыр етпестен мүлгіп қалыпты. Әсіресе, кісі бойы егіннің арасынан шығып, биігірек төбе басынан әлі де орылмаған алқапқа көз салсақ қиялың қанаттанып қоя береді. Тегіс ақ қылшықтанып алған ақ бидай даласы тас төбеден жаңа ауып бара жатқан күн сәулесі астында жылтылдап, көз қарып, тап бір ақ тымық теңіз беті тәрізденіп кетеді. Әншейінде қауқиып жер бетіне сыймай қоятын комбайндар да егін арасына кірсе болғаны, көрер көзге қарасы кішірейіп, кенерінен су құя бастаған кеме екен деп қаласың. «Ойпыр-ай, мұндай да бітік егін болады екен» деп ойлайсың. Есіңе еріксіз Ыбырай Жақаев түседі. Сыр бойының атақты шалын әркімдер-ақ аңыз қып: «Күріші кереге басымен бірдей боп өседі. Және атқаны оқ арасынан көктеп өте алмастай қалың», — деп мақтап отырғанын естігенім бар. Әсте халық қолы жетпеген арманын ғана қиялдап, көкейкесті күйіне қосып отырған. Кейде сонысы жырға айналып, келешек заманның жас ұрпағына іште кеткен арманын қалдырып: «Біз жетпеген жақсылықты сен көр, сен кенел. Игілігін кер, рахатыңа тұтын», — деп үміт жүктеп кеткен ғой. Талғар диқандары өсірген осынау ғажайып егінді көргенде өрттей ыстық араб аспанының астында өмір кешкен тағы да бір халықтың тәтті қиялы есіме түсті. Осирис патшалық құрып шаршысына кеп тұрған кезде ежелгі мысырлықтар кісі бойы бидай өсіріпті-міс деп аңыз етеді екен. Ал, мынау аңыз емес, түс емес. Нанның зары өткен аш халықтың жүрегі үзіліп бара жатқанда бір сәт ақсары ауып қиялдаған арманы, қол жетпес үміті, дәрменсіз далбасасы да емес. Өзіміздің талғарлық жерлестеріміз өсірген бидай... аты шулы, аққобан бидай. Сен дәніне қарашы. Қауызына сыймай шіреп тұрған баданадай ірі дәндер сауылдап алақаныңа төгілгенде кісі тәні түп-түгел сезетін қорғасын салмақ жатқан жоқ па?

Мал баққан қазақ осы бидайдың әр түйірін қара жерге қолдан егіп шығарып жатқан диқандардан кем бағаламаған. Біздің ата-бабаларымыз сүйген қызына арнаған ең бір жүрек түбіндегі асыл теңеулерін іздегенде де осы бидай бойынан тауыпты. Хас сұлуды қазақ «бидай өңді» деп немесе «ажары ақ бидайдай» деп ертедегі ауыз әдебиетінен бастап, кешегі Абай мен бүгінгі ақын-жазушылардың баршасының аузымен айтқызып келеді. Халыққа бауыр басып кеткен осы бір ыстық сезімді суытып алмау керек. Астыққа, алтын дәнге деген ағыл-тегіл ықыластың түп тамыры туған жерде лүп-лүп соғып жатыр. Ол біздің атамекеніміз. Ол нелер ықылым заманнан бері ай мен күн сәулесі астында адам баласы мекен етіп, өсіп-өніп келе жатқан ыстық ұя ғана емес. Ойлап қарар болсаң, ұшан-теңіз байлықтың, бар-бар рахатпен ырзық-несібенің қайнар көзі өзіміз күнбе-күн қарыштап басып жүрген осы — мына қара жердің бойында жатыр. Осы жерге үй саламыз, егін егеміз, мал бағамыз. Сондықтан да адам баласы тіл шығар-шықпастан бастап, өзінің туған анасымен бірге туған жерін де пір тұтты. Ел шетіне кірген жауға бір сүйем жер бермейміз деп, біздің ата-бабаларымыз қанша қан төкті?!

Жә, жылма-жыл ақ бидай өсіп, ырзық-несібеге кенеліп жатқан осынау қасиетті Жер-Ананы, туған анамыздай қадірлейік те!

1970 ж.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру