Тарихи романның бүгінде табан тіреген идеялық көркемдік биігі тым жоғары және бір ауыз сөзбен түйіндеуге сия бермейтін ішкі иірімдері мол, айшықты бояуларға бай күрделі әлем. Оның тақырыптық ауқымының кеңдігі соншалық сонау баяғы заманнан бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне дейін өзінің зор құшағына сиғызып алады. Трихи роман жанрының сандық, сапалық жағынан гүлдене дамып, жоғары бір белеске көтерілген кезі 70-80 жылдар болды. Бірақ сол биіктік ол бір күнде алып, бір-ақ секіріп шыға қойған жоқ. Әр кезеңдегі саяси жағдайға орай бірде бәсең, өшуге таяу күн кешіп, енді бірде қайта күш алып, өз бетін айқындай алға ұмтылып, түрлі бұралаң жолдардан өтіп келеді. Соған орай тарихи романдарды зерттеу мәселесі де уақыт ерекшелігіне сәйкес әртүрлі деңгейде дамып келеді. Әрине, кеңес тарихи роман тарихы көптен жазылып келеді. Оған кеңестік тарихи романның 20-30 жылдардан бастап кейінгі кезеңдерін жинақтай пайымдаған монографиялық зерттеулер дәлел. Бұл жерде тек тарихи романдарға қатысты еңбектерді ғана еске салып отырмыз. Ал, жалпы әдебиеттің тарихилығы, роман теориясына қатысты еңбектер өзінше бір төбе. Бұл еңбектердің қай-қайсысы болмасын өз кезеңіндегі әдеби процесстерді қорыта талдаған, уақыттық мәні бар еңбектер екені даусыз. Сонымен бірге, бұл зерттеулерге көздей шолсақ, ежелден сөз болып келе жатқан даулы, тартысты, қиын, түйіндері мол, сан тарау мәселелердің де бас көтеретінін байқаймыз. Қазақ елі тарихының әдебиеттегі көрінісі қазақ әдебиет тану ғылымының негізін салған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов еңбектерінде көрініс тауып, кейіннен С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев еңбектерінде әр қырынан сөз болды. Қазақ тарихи романының биік шыңы, асқаралы табысы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы десек, осы шығарма жарық көргеннен соң қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа, оны зерттеуге деген үлкен құлшыныс пайда болды. Соның нәтижесінде роман-эпопеяның қыр-сырын ашуға арналған іргелі-іргелі зерттеу еңбектері дүниеге келді. Олардың қатарында М.Қаратаевтың, А.Нұрқатовтың, З.Ахметовтың, З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Р.Бердібаевтың т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Солай дей тұрғанмен де бұл еңбектердің көпшілігі әдебиет пен тарихтың ара қатынасын арнайы монографиялық зерттеу объектісіне айналдырмай, тек поэтикалық бір қыры ретінде тілге тиек етеді. Бұл орайда О.Бердібаевтың «Қазақ тарихи романы» (1979), Ж.Дәдебаевтың «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991) сияқты санаулы еңбектерімен З.Серікқалиевтің, М.Хамзиннің, Ж.Дәдебаевтың диссертациялық жұмыстарынан басқа ауыз толтырып айтарлықтай іргелі еңбектері аз. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. ....
Қозғалмай шалқамнан жатқаныма бір жетіден асып кетті. Көзімді ашып жан-жағыма қараймын. Аурухана бөлмесінің іші мұнтаздай тап-таза. Қабырғасы да, төсек орным да, терезеге ұстаған пердесі де — бәрі де аппақ. Аққудың үлпе жүнінде көзге жұмсақ. Осы айнадай таза ақ бөлменің сүреңіне сән бергісі келгендей ашық терезеден көгере бастаған жас қайыңның бұтақтары қарап тұр. Жасыл жапырақтары желмен ойнап әлсін-әлсін сылдыр қағады. Кенет бабына келтіре салған бұлбұл әні сұлу үнге ділгер жанымды кәнігі етеді...
Мен езу тартып күлімсіреймін. «Тәубе, тәубе! Өмірдегі ең қуанышты сол секундімде осынау шат дүниені қайта көре алмай өліп кетуім мүмкін екен-ау! Қуанышта да ажал бар деп кім ойлаған! Жасың келген соң, жар басында тұрған адам тақылеттес болады екенсің. Аяғыңды сәл мүлт бассаң, шыңырауға зымырай жөнелесің. Мен де сол қауіпке душар бола жаздаппын ғой». Иә, ажал деген қақпаннан бұ жолы да құтылып кеттім. Қақпан қанша тарс жабылғанмен, өткір жүзінің әлі жетпей қалды. Тағы да босатып жіберді. Енді мен көзімді жұмып сәл ойлана қаламын. Сол-ақ екен көз алдымда сол күнгі сурет елестей жөнелді.
Иә, сол күні мен жиырма бес жыл бойы мойныма таққан тұмардай жүрегімнің түбінде арман болып сақталып келген Ақбаянмен кездестім. Электр қоңырауын басып едім, есікті өзі ашты.
— Келдің бе? — деді үлкен бота кезін күлімдете. Сөйтті де, қынай белді сұңғақ денесін ырғалта, оқтаудай жұп-жұмыр, түп-түзу аяқтарын былқ-сылқ басып, қолымнан ұстап мені қонақ бөлмесіне қарай жетектей жөнелді. .....
Өзеннің екіге бөлініп ағатын сағасынан жақында ғана кен зерттеушілер титан элементі кездесетін рутил минералын тапқан. Бұл адам айтқысыз зор байлық болатын. Бірақ кеннің негізгі желісі өзеннің тармақтанып, теңізге барып құятын оң жақ саласының астында болып шықты. Енді тек осы мол қазынаның үстіндегі суды тоқтатып, қабат болып жауып жатқан әк тасынан аршып алып, бай минералға жету ғана қалған еді.
Үкімет титанның адамзаттың келешегіне, бейбітшілік ісіне зор маңызы бар екенін ескере отырып, осы Жарқын қойнауын пайдалануға асығыс түрде кіріскен-ді. Өзеннің оң жақ саласын құрғату үшін бөгет сала бастаған. Осы бөгет қасынан жаңадан рудник ашуды ұйғарған.
Рудниктің салынып жатқан жері — сұрғылт топырақты алан. Солтүстіктен күнбатысқа қарай аттың тағасындай дөңгелене келген, бірімен-бірі жалғаса біткен құлын жалды жоталар. .....
Бұлыңғыр күнде тынбай себелеген ақ жауын. Жер қара, дүние бозғылтым. Балдағын тас еденге тақылдатып Атымтай перронға тағы шықты. Жел тұрып, суық жаңбыр енді бетінен қарсылай шапалақтады. Мойнына сорғалаған жаңбыр суын елемей, ол поезд келетін батыс жаққа тесіле қарады. Келетін мезгілінен кешіккеніне үш сағаттан асып барады. Семафорға дейін ештеңе көрінбеді. Атымтай ақырын күрсінді де вокзалға қайта кірді. Әйелі Бибіғайша поездың жоғын ерінің томсарған қатыңқы реңінен байқады да, теріс бұрылып кетті. Жанында тұрған анасына таңдана, үрке қараған балдырған бөбегі Хасенді көтеріп алып, бауырына қыса, қайта-қайта бетінен, маңдайынан, тамағынан құшырлана сүйе бастады. Еріне қарағанда әйелдің бетінде қаншалық қайғы көрінсе, баласын сүйгенде оның жүзінен соншалық шаттық аңғарылады. Қайғысы, қуанышы аралас ұлан-асыр шаттық! Атымтай әйелінің мұндай түрін көруге шыдай алмай, далаға қайта шығып кетті. Әйелін, баласын осы шулы облыстық қаладан тез-ақ алып кетуге бар, әттең, поезд келмей-ақ қойды.
Рота командирі Атымтай Батыс-Теріскей майданында төрт жыл өмірін өткізді. Жеңіс күнінен бір жеті ғана бұрын аяғынан қатты жарақаттанып, ауруханаға түскен. Содан сентябрь айында ғана жазылып шықты. Кеудесі орден мен медальға толған жаралы ер соғыстан бұрын өзінің кен бұрғышысы болып жұмыс істеген руднигіне бармай, осы облыстық қалаға бірден тартқан. Оған себеп: өзі әскерге кетісімен туған бөбегін алып әйелі осы қалаға көшкен-тін. Атымтайдың бұл сапары — сол әйелі мен баласын іздеп келген беті. .....
Әр соғыс майданындай, Маңғыстау мұнай майданының да өзінің маршал, генералдары, полковник, лейтенанттары, солдаттары болды. Ал біздің сөз еткелі тұрған кейіпкерлеріміз — оның маршал, генералдары, полковниктері де емес, қатардағы солдаттары мен ортан қолдай өндіріс командирлері. Әскери тілмен айтсақ, тікелей ұрыс тағдырын шешетін алдыңғы шептің адамдары, өндіріс тетіктері қолдарындағы жұмысшы мамандары.
Қысқасы, бұлар мұнай майданының алдыңғы қатары — жаны, жүрегі.
Әрине, Маңғыстауда ешкім қан төгіп, жау қолынан шаршы метр жер аламын деп жанталасқан емес. Бірақ Каспий теңізінің солтүстік-шығыс аймағын алып жатқан, солтүстік - шығысында Үстіртке жеткен, ал оңтүстігінде Қарабұғазбен шектескен, мол сулы бір өзені жоқ тек жусан, ақселеу, бұйырғын, ебелек өскен сонау шөлейт, құмайтты, сортаң жапан даланы игеру совет адамына ешбір соғыс майданынан кем тимеген. Ұлы дала өзінің ен байлығын, әрбір шаршы метр жерін орасан қиындықпен берген. Сондықтан да бұл арада бір кезде басталған мұнай тартысын Маңғыстау майданы деп атадық.
Иә, біздің бас кейіпкерлеріміздің көбі осы Маңғыстауда туып-өскен. Ата-бабалары да осы араны көптен бері мекендеп келген. Бұған қандай дәлеліміз бар? Ғалымдар бұл өлкеде түйе бұдан мың жыл бұрын сақ - сармат заманы тұсында да болған дейді. Тіпті біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын, осы арадан көшпенділер бұл қос өркеш жануарды Үндіге де апарған деп жазады. .....
Ордада төртеуінен басқа ешкім жоқ еді. Төрде Батуханның немересі Тоғырылшадан туған Өзбек пен Өзбекпен бес атадан қосылатын Тамғамның баласы Құтлық Темір әмір отырған. Өзбектің оң жағында Орда иесі Алтын Орда ханы Тоқтайдың үлкен ұлы Елбасмыш, ал Құтлық Темірден сәл төмендеу, оның сол жағына бас әмірші Қадақ орналасқан.
Осы Тышқан, яғни 1312 жылы Алтын Орда ханы Тоқтай дүние салған. Сонау Өргеніштен Өзбек пен Құтлық Темір көңіл айта келген. Өзбек ол кезде, қазіргідей толықпаған, сұңғақ бойлы, сымбатты жігіт еді. Әдемі қоңырқай даусымен оқып отырған жаңа үйренген құранын аяқтай бергенінде ол кенет Құтлық Темірдің оқыс қозғалғанын көзі шалып қалды. Сөйткенінше болған жоқ, сол сәтте-ақ Елбасмыш пен екеуінің қарсы алдына, өткір қылыш алып түскен Қадақтың басы топ етті. Басынан айырылған дене кеңсірігінен қан бұрқырай атып, бір орнында тыпырлады да қалды. Ал Өзбектің қарсы алдына түскен Қадақтың буырыл сақалды басы бір сәт оған бірдеме айтқысы келгендей, көзі шарасынан шыға жасаурап, тілі әлденені былдырлай еріндері сәл ашылып-жабылып жатты да, кенет тына қалды. Сол мезетте Өзбектің өзінің де оң қолы сол жақтағы қынаптағы алдаспанның тұтқасын барып ұстады. Көз ілесердей уақыт өткен жоқ, жүзі ұстарадай қылшылдаған алдаспан жарқ етіп көкке бір көтерілді де, орғи сілтенді. Құран сөзін ұйып тыңдап отырған Елбасмыш Қадақтың басы келіп алдына түскенде шошып кеткен. Есін жиып ол үлгірген де жоқ, енді өз басы анандай жерге ұшып түсті. Бұның да денесі бір орнында тыпырлады да қалды. Өзбек орнынан ұшып түрегеліп, өзіне қарап тасырайып көзін алмай жатқан басынан бөлек қан-қан денесін алдаспанымен тартып-тартып жіберді.
Бассыз денесі тіріліп кетеді деді ме екен, бұнысы несі?.....
Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.
Жошы өлерінен бір жыл бұрын бесінші баласы Сибанға Орда мен Бату ұлыстарының шекарасы — Тобыл өзенінің батыс жағынан басталып Ырғыз, Жем өзендерінің бойларына дейін созылған кең даланы ұлыс етіп берген. Бірақ бұл өлке жеке Сибан ұлысы дегенмен сонау Бату заманынан Алтын Ордаға кіретін. Ақсақ Темірдің арқасында Ақ Орданың ханы болған Тоқтамысқа Сарай-Беркеге жетіп Алтын Орда тағын жаулап алу үшін, ең алдымен осы Сибан ұлысынан өту керек еді.
Бұл кезде Алтын Орда қайтадан бел алып қалған Сибан ұрпақтары бұны оңай өткізе ме? Ал Қыпшақ рулары ше? Бұлар да өз елінде әйгілі күш қой. Әрі олар Тоқтамысқа қалай қарайды? Бұған тағы ақ алдаспанның жүзімен, көк найзаның үшімен жол салуға тура келе ме?
Тоқтамыс Алтын Ордаға деген ең алғашқы жорығында осылай ойлап қатты қауіптенген. Бірақ оны Алтын Орда деген ұлы арман алға қарай жетектеген. Жолындағы дәулерді, айдаһарларды жеңіп сүйгеніне жетуді ғана тілек еткен ертегінің батырларындай Тоқтамыс, қандай бөгет болса да сескенбеуге бел буған. Және бұл жолының оң болуына Ақсақ Темірдің жәрдеміне қатты сенген. Мауараннахр секілді егін егіп, жер суғарған тұрғын жұрттың қит етсе шауып, мазасын ала беретін көршілес көшпелі елдерге Тоқтамыс тәрізді айтқанынан шықпайтын қол бала адамның хан болуы Ақсақ Темірге тиімді екенін бұ да жақсы білетін. Ал Ақсақ Темірдің көңілінен шыға ма, шықпай ма, ол Тоқтамыстың шаруасы, бұл Ақ Орда ханының теңіз тұңғиығындағы асыл тастай жүрегінің түбінде жатқан, бір құпия сыры еді. Ол сырын ешкімге айтпаған. Тек әзірге Ақсақ Темірдің дегенінен шықпайтындай сыңай көрсете берген. .....
Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»
Әбілқайыр ірбіз1 терісінің үстінде аунап түсті.
«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын2 да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»
Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы... Ол қайтадан оқи түсті: .....