Қыз сыңсуы

 Қыз сыңсуы

Өмірге басып қадамым,
Алыстап, елім, барамын.
Қонақ боп келген қыз едім,
Қиылған қасым-қаламым.
Қош аман енді, Ата-Анам,
Жолыңды тілеп бата алам.
Қыз тілекші қайғырсаң
Қалайша мен де жата алам.
Қош аман жүрші, бауырым,
Ел-жұртым, туған ауылым.
Отаным аман-сау боп тұр,
Таусылмас думан-сауығың.

Етегінен ұстадым ер жігіттің,
Елім, саған еркелеп мен күліппін.
Жаратқан, қадамымды сәтті ете гөр,
Ерке қыз боп ойланбастан мен жүріппін.
Келді, міне, Анам ізін қуар күнім,
Сағынып ыстық жаспен жуар күнім.
Сіңісіп кеткен елге келін болып,
Сыйла ана болатын да туар күнім.
Аман бол, ағайын-дос, туыс-туған,
Сіңілім, сен де аман бол жолым қуған.
Ата-Анам, бақыт тілеп шығарып сал,
Кетуге бұл қыздарың белін буған.

Асқар таудай биік еді арманым,
Ерке қыз боп еркеледім, самғадым.
Ұрпақ жалғар жат жұрттық боп келіппін,
Енді өзіме жар болар жан таңдадым.
Жыламашы, Анажаным, жүзің сынық,
Әкешім тұр іштей жылап, іштен тынып.
Өрісін өзге жұрттың кеңейтемін,
Сол елге келін болып судай сіңіп.
Арманымды табамын болашақтан,
Болмаймын жеке Отау оңаша отқан.
Тәрбиемді ұядан алып ұшқан,
Пайдаланып маздатамын от ошақтан.

Қыз өссе елдің көркі ұрпақ жалғар,
Арманына сай келер жарын таңдар.
Жаңа өмрге қадам басып аттанамын,
Бақыт тілеп шығарып сал, жақын жандар.

Аққу едім көлімде еркелеген,
Ана болу әзірге ерте деген.
Өмір заңы қоя ма асықтырмай,
Ендігі тек жолдасымды ерте келем.

Бақыт тілер Ата-Анама сенемін,
Мен несіне жылап сықтай беремін.
Жаңа өмірдің жас Отауын құрған соң,
Қонақ болып жиі үйге келемін.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру