7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне құттықтау тілектер
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қарулы Күштеріміздің қуаты нығайып, айбыны асқақтап, даңқы арта берсін!
Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, Елбасымыз жасасын!
1) Отан қорғар жігіттер!
Арыстандай айбатты,
Отан қорғар жігіттер,
Жандана бер күн сайын,
Алға бастап үміттер.
Мамырдың бұл жетісі,
Құтты болсын мереке.
Мерекеге бастайтын,
Арта берсін береке.
Ел алдында абырой,
Көбейсінші шаттығың.
Жігіттер-ау қайратты,
Болсын дәйім сәтті күн!
2) Құтты болсын жігіттер!
Құтты болсын жігіттер,
Мерекелі күн бүгін.
Отан қорғар жігіттер,
Сәтті болсын әр күнің.
Асқақтап бақ-абырой,
Әр істерің оң болсын!
Жігерлерің жасымай,
Қуаныштар мол болсын!
Қызметтерің ақталып,
Жақсыға қол соза бер.
Отан қорғар жігіттер,
Биікке өрлеп оза бер!
3) 7-ші мамыр мереке
Құтты болсын мереке,
Мамырдың бұл жетісі.
Арта берсін береке,
Білінбей еш кем тұсы.
Жасай берсін лайым,
Жігітері қазақтың.
Саулықтары мықты боп,
Орнай берсін ғажап күн.
Бақыт пенен береке,
Әр адамға берілсін.
Алға бастап жігіттер,
Биіктерден көрінсін!
4) Жігіттер-ау қазақтың
Жігіттер-ау қазақтың,
Құтты болсын ғажап күн.
Алға бастап жігіттер,
Жалғай түссін азат күн.
Мерекеде намысың,
Қайралсыншы шыңдалып.
Биікке өрле, сіздерге,
Тәнті болсын бар халық.
Саулықтарың мықты боп,
Адымдай түс тек алға.
Жігіттер-ау айбынды,
Болшы әркез тек алда!
5) Мерекеде бүгінгі
Айбыны асқақ жігіттер,
Қанаттарың талмасын!
Мерекеде бүгінгі,
Қуаныштар жалғансын.
Абыройың асқақтап,
Балбұл жансын жүздерің.
Өнеге боп жастарға,
Қалсын жарқын іздерің.
Жақсылыққа бастайтын,
Аман болсын еліміз.
Мерекеде бүгінгі,
Бақытты сәт көріңіз!
6) Құттықтаймын сіздерді
Құттықтаймын сіздерді,
Жігіттердің күнімен.
Ел қорғайтын жігіттер,
Нұр кетпесін жүзіңнен.
Мерекеде жанданып,
Алға қадам баса бер.
Сынды сәтте тайсалмай,
Асулардан аса бер.
Ел қорғаушы өздерің,
Қанаттарың талмасын.
Жаратқаным сендерге,
Бар жақсысын арнасын.
7) Жетінші мамыр күнімен (әріптеске)
Әріптестер, жігіттер,
Құтты болсын мереке.
Әрбір үйде лайым,
Арта берсін береке.
Мамырдың бұл жетісі,
Қуанышын сыйласын.
Бар әлемнің шаттығын,
Сіздерге әркез жинасын.
Әріптер сіздерге,
Зор денсаулық тілеймін.
Мерейлерің үстем боп,
Аман-есен жүр деймін.
8) Отан қорғар бауырым (бауырға)
Отан қорғар бауырым,
Қанаттарың талмасын.
Жаратқаным жар болып,
Бар жақсысын арнасын.
Үстем болып мерейің,
Соға түссін жүрегің.
Ұмтыла бер мақсатқа,
Орындалып тілегің.
Бар жақсыны тілейді,
Шын жүректен бауырың.
Аман-есен жүр дейді,
Қолдап сені ауылың.
9) Құтты болсын ағатай ( ағама)
Құттықтаймын ағатай,
Отан қорғаршы күнімен.
Абыройың асқақтап,
Нұр кетпесін жүзіңнен.
Қарындасың тілейді,
Сәттілікті сізге аға.
Саулығыңыз мықты боп,
Аман болып жүрші аға.
Ақталып бар еңбегің,
Көңілің гүл жайнасын.
Ағатайым асылым,
Уайымың еш болмасын!
10) Мерекеңмен жан інім (ініме)
Келіп жеткен бүгінгі,
Мерекеңмен жан інім.
Қорғар әркез Отанын,
Бақытты бол жан інім.
Күлкі кетпей жүзіңнен,
Биік болсын мерейің.
Жүрегі кең жан інім,
Өлеңіммен тербейін.
Серік болып сәттілік,
Әрбір ісің оң болсын.
Қай жерлерде жүрсең де,
Жорытқанда жол болсын!
11) Отан қорғаушылар күні құтты болсын
Жетінші мамыр мереке құтты болсын,
Елімізді, Отанды қорғаушылар.
Істеріңіз оң болып, көңіл толсын,
Бұл еліне жақсысын таңдаушылар!
Жана берсін еңбегің әркез лайым,
Еліміздің жігерлі жігіттері.
Саулықтарың мықты боп әркез дәйім,
Жана берсін жайқалған үміттері.
Бұл мереке бастасын қуанышқа,
Шатты күнін қашанда әркез жалғап.
Мен сіздерді теңеймін қыран құсқа,
Тым алыстан сезетін жайды барлап.
12) Бұзылмасын қаймағың
Ел қорғаны боп жүрген,
Отан қорғар жігіттер.
Бұзылмасын қаймағың,
Алға бастап бірлікті ер.
Мерейлерің үстем боп,
Алға қадам басыңдар.
Жігіттер-ау айбынды,
Ағын судай тасыңдар.
Мықты болып денсаулық,
Аман-есен жүріңдер.
Мерекеде шаттана,
Қуаныңдар, күліңдер.
13) Құтты болсын мереке (Әкеме)
Асқар тауым жан әкем, асыл әкем,
Өзіңізді өлеңіммен тербетем.
Мамырдың бұл жетісі есік ашты,
Құтты болсын бүгінгі бұл мерекең.
Көшбасы боп аман-есен жүріңіз,
Асыл әкем біздерге басшы болып.
Мерекеден жетіңіз мерекеге,
Саулығыңыз қашанда жақсы болып.
Әр күніңіз сәтті боп, қуаныңыз,
Тілекшіміз біз сізге асыл әкем.
Мен де сізді қуантып әрқашанда,
Жан әкешім шаттықты, бақытты етем.
14) Құтты болсын мерекең (досыма)
Жетінші мамыр күні бұл,
Құтты болсын мерекең.
Асыл досым, жан досым,
Арта берсін берекең.
Жүзіңде мұң болмасын,
Ел қорғаны өздерің.
Мерейлі бол жігітім,
Күлім қағып көздерің.
Бар жақсыны тілеймін,
Сынды сәттер болмасын.
Асыл досым өзіңді,
Жаратқаным қолдасын!
15) Құтты болсын Отан қорғаушылар күні бұл
Құтты болсын қазағым,
«Отан қорғаушылар» күні бұл.
Айбынды жастар көп болып,
Шалқып шықсын үні бұл.
Мерейлері үстем боп,
Қанаттары талмасын.
Саналы өмір жолында,
Биікке өрлей самғасын.
Отан қорғар жігіттер,
Әр істерің оң болсын.
Саулықтарың мықты боп,
Көңілде күй зор болсын!
Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты мәжілісте Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің сөйлеген сөзі:
Аса құрметті Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Құрметті генералдар мен офицерлер! Қадірлі қонақтар! – деп бастады өзінің сөзін Ә.Жақсыбеков.
Осыдан жиырма жыл бұрын Елбасының Жарлығымен елдік пен егемендіктің тірегі – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.
7 мамыр – Отан, мемлекеттік мүдде, саяси қауіпсіздік пен дербестікті қорғайтын Отан қорғаушылар күні.
Бұл күн – бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде қорғап, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстырып жүрген әрбір әскери қызметші үшін ерекше күн.
Туған ел тағдырының ең бір шешуші кезеңінде Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей бастамасымен рухы өр, арманы асқақ ағаларымыз Қарулы Күштеріміздің айбынды армияға айналуына жол ашты.
Ардақты ағайын! Қазақстан әскері мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тыныштығының кепілі болып табылады, деп жалғады сөзін Қорғаныс министрі.
Сол себепті мемлекетіміздің әскери саласын үдемелі дамыту мақсатында игі істер атқарылып жатыр.
Президентіміздің: «Патриоттық рух бізге ауадай қажет», деген сөзі ақиқат. Өйткені, отаншылдық рухы қай заманда да қазақ халқының бойындағы айрықша қасиет болып табылған.
Сондықтан әскерилердің бойындағы патриоттық сезімдерін нығайтып, өсер ұрпақ ғибрат аларлықтай, үлгі тұтарлықтай, ержүрек, намысшыл, адал, қайсар мінезді сарбаздар тәрбиелеудеміз.
Еліміздің мақсаты мен мүддесін қорғап жүрген антына адал, сертіне берік Отан қорғаушылар келешек ұрпақ өкілдеріне өздері шынайы көңілден мақтан ететін мұра қалдыратынына сенім білдіремін.
«Саны жағынан жинақы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі жоғары армия құру керек», деген Елбасының берік ұстанымын мақсат етіп, бүгінгі таңда оң өзгерістер мен тың бетбұрыстар жасап, әлемнің көптеген елдерімен халықаралық ынтымақтастықта жаңа деңгейге жеткен төл әскеріміздің сапасын арттырып, биік жетістіктерге жетудеміз.
Әскери ортада әлеуметтік сұраныс дұрыс шешім тапқандықтан, өз міндетін атқарып жүрген әрбір әскери қызметшіге де жоғары талаптар қойылып отыр.
Аса мәртебелі Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Сіз Қарулы Күштердің негізін қалап, биік белестерге бастап келесіз. Еліміздің шекарасын бекемдеп, қауіпсіздігін нығайттыңыз. Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында Қарулы Күштеріміз аймақтағы тұрақтылық кепіліне айналды. Дүние жүзі Қазақстанды әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін құрметтейді.
Отанына, Елбасына адал қызмет ету әрбір әскери қызметшінің қасиетті борышына, абыройлы ісіне айналды.
Осының бәріне, Жоғарғы Бас қолбасшы мырза, Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында жеттік.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының атынан, бейбіт елде өмір сүріп жатқан, болашаққа сеніммен қарайтын, өз арман-мақсатын, баянды бақытын тек қана Сізбен байланыстырып жүрген Қазақстан халқының атынан Сізге шын жүректен ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіз.
Қазақстан тәуелсіздігін қалыптастырудың алғашқы жылдарында әлемдік картада пайда болған мүлдем жаңа елдің қоғамдық-экономикалық және саяси негіздерін құрудың ауқымы жөнінен аса зор міндеттері тұрғанын барлығымыз білеміз, деп сабақтады сөзін Ә.Жақсыбеков.
Орасан зор міндеттерге – қазіргі заманғы өсіп-өркендеген мемлекет құру міндеттеріне алғашқы қадамдардан бастап экономикалық дамудың, ішкі және әлеуметтік саясаттың негіз қалаушы қағидаттарын жасаудың және жүзеге асырудың қиын жолдарымен жүру, сонымен қатар, демократиялық қоғамдық институттар құру, мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнықтыру, күрделі көпқырлы сыртқы саяси міндеттерді шешу қажет болды.
Бүгін біз уақыт дәлелдеген батыл экономикалық қадамдардың, демократия қағидаттарын қатаң сақтаудың, жалпыға ортақ құндылықтарды құрметтеудің, ашықтық пен толеранттылық үдерістерінің дұрыстығына айқын көз жеткізіп отырмыз.
Экономикалық және ішкі саяси тұрақтылық, қоғамды әлеуметтік дамытудың, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделінің, оның дана саясатының, әлемдік мемлекеттер мен көршілеріміздің көшбасшыларымен жеке достығының, еліміздің ірі халықаралық ұйымдарға белсенді қатысуының, коалициялық мүмкіндіктерінің, Қазақстанның өзінің жаңа халықаралық бітімгершілік институттарын құрып, жаңа стратегиялық бастамалар танытуының – осы және басқа көптеген факторлардың арқасында Қазақстан өзінің көп ұлтты халқын бір мақсатқа жұмылдырып, әлемдік қоғамдастыққа интеграцияланды және өзінің беделін нығайта түсті.
Осының барлығы жиналып келіп, біздің мемлекетіміз қауіпсіздігінің берік негізі болып қалануда.
Қазақстан бүгінде аса ірі бұқаралық ақпарат құралдарында да танымал. Оны әлемдік қоғамдастық ішкі жағынан тұрақты, ырғақты дамып келе жатқан, ядролық қауіп-қатерлердің алдын алу ісі мен әлемде бейбітшілікті нығайтуда дәйекті саясат жүргізіп отырған сенімді әріптестерінің бірі ретінде қабылдайды.
Мұның жарқын айғағы наурыз айының соңында Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында әлемдік көшбасшылардың Қазақстанның және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының таратпау саласындағы керемет үлесіне берген оң бағасы болып табылды.
…Өткенімізге көз салсақ, сол күрделі кезеңдерде, экономикалық қиындықтар тұсында мемлекеттік институттар, заңнама, сот, атқарушы билік органдарын құрумен, жаңа елордасы – Астананы салумен және басқа да көптеген міндеттермен қатар, қоғам алдында, оның Көшбасшысының алдында сондай-ақ егемендік пен аумақтық тұтастықтың кепілі бола алатын, қажет жағдайда өзінің тәуелсіздігіне кез келген қол сұғушылыққа шешімді түрде тойтарыс беруге және мемлекеттің ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қабілетті өзінің Қарулы Күштерін құру міндеті тұрды.
Қоғамды жұмылдырып, тұрақты дамудың кепілі мен елдің сыртында ғана емес, сондай-ақ ішінде де тірек болуға тиісті күшті және әскери қабілетті армияның мемлекеттік құрылыстағы рөлі жоғары екені айқын.
Қазіргі заманда нақ күшті армиясы бар мемлекеттің елішілік қоғамды біріктіріп, оның тыныш дамуы үшін жағдай туғызатынын, азаматтарының қауіпсіздігі мен ертеңгі күніне сенімділігін арттыра түсетінін көріп жүрміз.
Мұндай мемлекеттер жоғары халықаралық беделге ие.
Іс жүзінде жоқ жерден Қарулы Күштер құрып, кейіннен оны қазіргі заманғы армия деңгейіне көтеру оңай шаруа емес екені сөзсіз.
Бұл – қағидатты әскери-стратегиялық шешімдерді экономикалық, сыртқы саяси және басқа да мәселелермен тығыз байланыста шешуді талап ететін күрделі, көп құрылымды және көп функциялы үдеріс.
Қорғаныс министрі өзінің сөзінде сондай-ақ қару жасау, армия мен әскери технологияларды дамыту – ғылыми-техникалық прогрестің қуатты қозғалтқышы екені кез келген дәуір шындығы болып табылатынын атап көрсетті. Әуелде ақпарат беру үшін таза әскери желі ретінде пайда болған интернеттің өзі бүгінде әлемнің кез келген бұрышына таралып, өркениет атаулыны дамудың ақпараттық деп аталатын жаңа даму кезеңіне алып шыққанына назар аударды.
Армия – бұл орасан ұйымдастырушылық, материалдық, қаржылық, ғылыми және басқа да бұдан маңызы еш кем емес құралдар мен ресурстарды талап ететін мемлекеттік институт. Және армияның жағдайы – мемлекеттің экономикалық қуаты мен әлеуметтік дамуының жинақталған көрінісі.
Қазіргі дүниенің ырғағы мен өзгермелілігі соншалықты, іс жүзінде әрбір он жыл сайын алға қарай жаңа прогрессивті сапалық секіріс жасалады.
Қарулы Күштерді жаңғырту – мемлекеттің әскери ұйымдарын өзгермелі дүниеге тұрақты бейімделіп отыруды талап ететін перманентті үдеріс.
Қарулы Күштерді бір мәрте құрып, оларды не қажеттің бәрімен жарақтандырумен тоқтап қалуға болмайды. Егер сен тоқтасаң, жеңілгенің.
Осы уақыт ішінде Жоғарғы Бас қолбасшының өзгеріссіз жетекшілігімен өзіміздің армиямызды құрып, дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, қорғаныс ведомствосын басқарған Сағадат Нұрмағамбетов, Әлібек Қасымов, Сәт Тоқпақбаев, Мұхтар Алтынбаев, Даниал Ахметов, сондай-ақ Бас штаб бастықтары, қолбасшылар мен тұтастай алғанда барлық әскери қызметшілер еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға баға жеткісіз үлес қосты.
Жоғарғы Бас қолбасшы олардың көпшілігіне – генералдар мен офицерлерге әскери жетекші ретінде тамаша мансап биігін жасауларына зор мүмкіндік берді. Кешегі жоғары әскери оқу орындарының түлектері оның қолынан лейтенант, ал полковниктер генерал погондарын алды, деді Ә.Жақсыбеков.
Қысқа мерзім ішінде елдің әскери ұйымын қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап берген алғашқы Әскери доктрина қабылданды.
Бір мезгілде тиімді, икемді және функциялы ұйымдастырушылық құрылым құрылды.
Қазақстанның қазіргі армиясы қағидатты басқа армия болды.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша және тиісті деректі айғақтамаларға сәйкес, бүгінде Қазақстан армиясы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы ең озық армиялардың бірі болып табылып отыр.
Ә. Жақсыбеков келесі кезекте армияны жасақтау аралас қағидат бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. Мемлекет басшысы қабылдаған кәсіби армияға өту туралы шешім Қарулы Күштерді сапалық жаңарту мен дамыту үшін қағидатты маңызға ие болды, деді Қорғаныс министрі.
Қазір әскердің негізгі арқауы – офицерлер мен келісім-шарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілер.
Оқып-үйретілген келісім-шарт қызметкері – тек сенімді іс-қимыл танытып, бекітіп берілген техника мен қаруды ұстай алуға ғана емес, сондай-ақ өзінің тәжірибесін жас әскери қызметшілерге беруге де қабілетті білікті маман.
Құрылған кәсіпқой-сержанттардың институты әскерді басқарудың орталық органдарынан төменгі буындарына дейінгі барлық құрылымдарын қамтиды.
Жоғарғы Бас қолбасшының мамандандырылған орталықтарда резервистерді оқыту жөніндегі талабы жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Қысқа мерзімді қызметке шақырумен сәйкес, бұл мемлекеттің қажетті әскери-үйретілген резервін сапалық және сандық тұрғыдан жүйелі түрде толықтырып отыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылдың қазанында бекітілген жаңа Әскери доктрина жаңа әлемдік әскери-саяси жағдайда мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың орта мерзімдік перспективасына арналған басымдықтарын айқындап берді.
Қазіргі заманғы армияны құруды әскери қызметке көрсетілетін сапалы әлеуметтік қолдаусыз қарастыруға болмайды, деп жалғады сөзін одан әрі Әділбек Жақсыбеков.
Бүгінде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты және әскери кәсіптегі адамдарға көрсетілетін қолдау шараларына орай, оның ішінде ақшалай ризықты арттыру да бар, әскери қызметшілер әлеуметтік қамтамасыз етудің лайықты деңгейі мен кепілдіктеріне ие және өздеріне халықтың, Мемлекет басшысының, Үкіметтің және жеке өзінің көрсетіп отырған қамқорлығын мақтаныш тұта алады.
Әскери қызметшілердің кәсіби сапасы мен білімі кез келген армия үшін негіз қалаушы болып табылады.
Бөлімдер құрамында өткізілетін жаттығулар саны жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді, ал ол әскерлердің бейбіт уақыттағы қабілеті мен жауынгерлік даярлығының негізгі көрсеткіші болып табылады.
Тек өткен жылы ғана түрлі ауқымдағы оперативті даярлық бойынша 140 іс-шара өткізілді, деп атап көрсетті осы ретте Қорғаныс министрі.
Жаттығулар барысында арнаулы, қорғаныс, десантқа қарсы және қарсы шабуыл операцияларын ұйымдастыру мәселелері кешенді түрде жүзеге асырылады.
Жаттығуларға қатысатын шет мемлекеттердің қарулы күштерімен өзара байланыстар деңгейі арттырылды.
Біліктілік, үйлесімділік және бөлімдер арасындағы өзара қарым-қатынаста қазақстандық әскери қызметшілердің жоғары кәсіптік жетілгендігін көрсетеді.
Бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде тәуелсіздікті, республика аумағының тұтастығын қорғау елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы шешуші мақсаттарға айналғанда ғана Қазақстанның өмірлік маңызды мүдделерін тиімді қорғау мүмкін бола алады.
Осыған байланысты одақтастармен және әріптестермен бірлескен іс-қимылдар, коалициялық мүмкіндіктерді пайдалану, дау-жанжалдардың алдын алу мен тыныштандыруда, күштердің өңірлік тепе-теңдігін қолдау мәселелерінде интеграция деңгейін арттыру айрықша маңызға ие бола түсуде.
Қарулы Күштердің жаңа сапалық жағдайының келесі бір құрамдасы – әскерлердің техникалық жарақтану деңгейі.
Қарулы Күштерді құру мен реформалаудың барлық сатыларында технологиялық жаңғырту мәселелері негізгі басымдықтардың бірі болып келді.
Қорғаныс министрлігі мемлекетімізде қолданудың барлық салаларында да қазіргі заманғы сынақтар мен қатерлерге тиісінше жауап қайтаруға бағытталған шаралар кешенін қарастыратын біртұтас әскери-техникалық саясатты жүзеге асыруда, деді Ә.Жақсыбеков.
Жыл сайын әскери техника мен қару-жарақ паркі 7 пайызға дейін жаңартылып тұрады. Бұл 10 жыл бойына өз арсеналында қазіргі заманғы қару-жарақтың 70 пайызға дейінін ұстауға мүмкіндік береді, ал ол жетекші мемлекеттер армияларының тәжірибесіне сәйкес келеді.
Министр атап өткендей, 2010 жылы Кадекс көрмесінің өткізілуі отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің индустриялық-инновациялық дамуына жаңа серпін берді, Астанада екінші рет өткен көрме іс жүзінде қазіргі заманғы халықаралық іскерлік әріптестік пен әскери-техникалық ынтымақтастықтың жаңа алаңына айналды.
Бұл шаралар қазірдің өзінде ел экономикасы үшін мультипликативті әсер беріп, ол жаңа жұмыс орындарын құруда, ғылымды қажет ететін технологиялар трансфертін жүзеге асыруда, отандық өндірісті дамытуда, шетелдік өнім жеткізушілерге тәуелділікті қысқартуда көрініс табуда.
Отандық кәсіпорындарға тапсырыстар беру арқылы экономиканы ынталандыра отырып Қорғаныс министрлігі мен өзге де күшті құрылымдар қаржыны бюджетке қайтаруға ұмтылуда, деп жалғады сөзін қорғаныс ведомствосының басшысы.
Атыс оқ-дәрілерін, тікұшақтарды, оптикалық-электронды жабдықтарды, байланыс құралдарын, автомобиль және бронды танк техникасын шығаруға негіз қаланып, өндірістің технологиялық базасы дамытылуда.
Сонымен бір мезгілде қолда бар және әскерге келіп түсіп жатқан қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлікті сақтау үшін, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасау жөнінен шаралар қабылдануда.
Әскери қалашықтардың, оқу орталықтары мен полигондардың инфрақұрылымдары әскерлердің орын тебу жүйесіндегі өзгерістерді ескере отырып дамытылуда.
Басқаша айтқанда, бейбіт уақыттағы міндеттерді толыққанды орындау және инфрақұрылымды дағдарысты әрекет ету жағдайына дайындау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.
3 мамырда қазақстандық Қарулы Күштер шежіресінде тұңғыш рет Жоғарғы Бас қолбасшының армия мен оның дәстүрлері үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл Қазақстан үшін тарихи маңызы бар Жарлығы шықты, деп атап көрсетті министр.
Бұйрықта армияның бүкіл жиырма жылдық жұмысына баға берілді. Соның арқасында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері бүгінде жауынгерлік даярлығының белсенділік деңгейімен, сапалы жұмылғыштық резервімен, ұлттық әскери оқу орындары желісімен және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ерекшеленіп отыр.
Қарулы Күштер қатарындағы қызмет әрбір қазақстандықтың құрметті міндетіне, аға буынның қаһармандық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің қуатты өнегелілік мектебіне айналды, делінген бүкіл гарнизондар мен әскери бөлімдер сапының алдында салтанатты жағдайда оқылған бұйрықта.
Жоғарғы Бас қолбасшы 7 мамырды мемлекеттік мереке – Отан қорғаушылар күні деп белгілеу жөнінде тапсырма берді, оны барлық әскери қызметшілер мен қазақстандықтар үлкен мақтаныш сезімімен және көтеріңкі көңіл күймен қабыл алды.
Қоғамдағы бірлік пен топтасқандық, жалпыадамзаттық бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында ғана жаңа мақсаттарға қол жеткізуге болады.
Барлық әскери қызметшілер өзіне деген тұрақты қамқорлық пен көңіл бөлушілікті, шынайы бүкілхалықтық қолдауды сезіне отырып, өзінің жауынгерлік шеберлігін арттырып, рухын, төзімділігі мен патриотизмін нығайтуда.
Өйткені, олар бүкіл қазақстандықтар сияқты Қазақстан жері мен оның еңбексүйгіш халқы бүгінге дейін сақтап келген бай мүмкіндіктер мен әлеуетті өз талантымен бүгінгі күннің шындығына айналдырған Адамның үлгісін көріп келеді.
Ол таусылмас күш-қуатқа, идеялардың ізгі ниетті асқақтығына, оларға қол жеткізудегі табандылыққа ие Адам.
Соның арқасында бүгінде біздің қоғамымызда шығармашылық жасампаздық ахуалы, ой-ниет пен істердің Қазақстанның болашағына ұмтылысының ахуалы салтанат құруда.
Ол – біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы, біздің Көшбасшымыз, біздің Президентіміз – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз баяндамасын осындай сөздермен аяқтаған Әділбек Жақсыбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты, Қарулы Күштердің генералдары мен офицерлерін, солдаттары мен сержанттарын, ардагерлерді және бүкіл қазақстандықтарды тамаша мереке – Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: солдат құттықтау солдат әскер тілек, 7 мамыр отан қорғаушылар күні құттықтаулар, 7 мамыр отан қорғаушылар күні құттықтау, 7 мамыр отан қорғаушылар күнімен құттықтау тілектер