Бейімбет Майлин (Шабуыл)

 Бейімбет Майлин (Шабуыл)

Үшеуі (бірден). Орындауға әзірміз!

Жақып (бұйрық есебінде). Бірінші – Қостанай жолындағы барлық қарауылшы солдатты алып, о жақтағы, көшедегі солдаттың бәрін казармаға тығындар! Екінші – ол көшелерге қызыл жалау іліңдер; үшінші – бүкіл Шыршық қаласында кешеде бос жүрген бір солдат болмасын; төртінші–осы үйдің қорасына 20 солдаттан әскер жасырыңдар; бесінші – казармадағы солдаттар екі минут ішінде далаға шыға келуге әзір тұратын болсың; алтыншы – түрменің ішкі күзетін нығайтындар... Тарандар қалаға кіре бергенде, осы әскер сол сағатында бас салатын болсын!

Үшеуі (бірден). Мақұл! Жан барында орындаймыз!

Жақып. Он минуттың ішінде орындадық деген хабарларыңды жеткіз! Бәріңнің жұмысыңа Кенжеғара жауапты... ( Үйдегілер шығады. Біраз тыныс. Кенет телефон шылдырлайды.)

Жақып (телефонды алып). Кім! Телқозы?.. Казармаға жиналды? Жүзге толмайды?.. Құдай атсын сені!.. Бүйтіп істеген ісі құрсын! Әй, мыңқылдама, жетер. Қолдағы әскеріңді тәртіпке сал! Қарауылдағы солдаттарды большевикше киіндір, төсіне қызыл тақ!.. Орындаған хабарыңды дереу білдір!.. (Телефонды тастайды. Үй ішінде асығыс жүріп, терезеден қарайды. Айбалаға келіп, иығына қол салып.) Айбала, ақылыңа кел! Біздің сүйеніп отырғанымыз Колчактың күші. Оның жіберген бастығын төбеге көтермей амал жоқ. ( Телефон шылдырайды. Жақып телефонға бара жатып.) Осыны анық түсін!.. (Телефонды алып.) Кім? Төреғазы?.. Ия... Жиырма солдат жібердім... Сергеевті бас қылып жібердім... Жалауды қайда ілдім дейсің?.. Жақсы, жақсы... Батыр, сен қимылдаңқырамасаң...

Шоңмұрын (кіріп). Төреғазы жіберген жиырма солдатты жайластырып жатқыздым. Сергеев басында. Өзім қасында болам. Көшедегі солдаттарды үйді-үйге қамап жүр... Істің барысы жақсы.

Далада шу, айқай, үйдегілер селт етіседі.

Дауыс. Неге қамайсың бізді? Есенгелді құсатып өлтірмексің бе? Соғыспай көнбейміз!

Жақып. Ойбай, бар!.. (Шоңмұрын жүгіреді.) Өшір үндерін!.. ( Үй ішінде ерсілі-қарсылы жүгіріп.) Не болдық, батыр-ау? Бүлінбесе игі едік!.. Жалғыз ғана үміт – Қәртайда, Кәртай көндіре алса, көз ашқанымыз. (Басын шайқап.) Шіркін бақыт! Бір күнге жетпейтін болған соң қонбай-ақ қойса қайтетін еді... (Айбалаға.) Жүсіппен сөйлес, Сергеевтің маңынан жүретін болса, менен жақсылық күтпесін! Осы жұмысқа сені жауапты қылам!

Айбала (кекетіп). Өте бір құрметті жұмысты тапсырдың! (Телефон шылдырлайды. Айбала шығады.)

Жақып (жүгіріп барып). Кім? Кенжеғарамысың? Түрмедемін? Ә?.. Жоқ, жоқ... Осында кел, тез, тез!.. (Тастайды. Тарыпжан кіреді.)

Ғарыпжан. Шаң көрінді, келе жатыр білем...

Жақып (сасқалақтап). Ия, құдай, сәтін бере көр! Тез қақпаға қызыл жалау байла! Бір-екі солдаттың білегіне қызыл байлап қақпаға қой! Шоңмұрынға айт: солдаттарын тез осында алып кірсін!.. Өзің орныңа бар!.. (Тарыпжан тез шығады.) Я аруақ!

Қаз дауысты Қазыбек!

Қорғайтын жерің келді!

(Үстін қағынып, жөнделеді. Жүгіріп Шоңмұрын кіреді.)

Шоңмұрын.Не бұйырасыз?

Жақып (тез). Солдаттарыңды тез осы үйге орналастыр, сезіп қалса терезеден жай қармыз!

Шоңмұрын (терезеден). Офицер Сергеев! Үйге алып кір солдаттарды! (Сергеев бастап солдаттар кіреді: жалаңаш-жалпы, жүдеу, біреулері жалаң аяқтың аз-ақ алдында. Мылтықтарын зорға сүйретіп кіреді.)

Жақып. Былжырамай, жиналыңдар! Жау көргенде ширайтын ер қазақтың тұқымынан садақа кеткірлер!.. Смирно!.. (Солдаттар қатарласқан болады.) Вольно!.. Былайғы екеуің ана Антоновты көрші бөлмеге апарып жатқыз.

Сергеев (күлімсіреп). Офицер Антонов ерлігіне булығып жатыр ма?!.

Антонов (солдаттар көтергенде сандырақтап). Арда қазақтар!.. Сволоч!.. Шагім!.. Арыш!.. (Солдаттар әкетеді.)

Шоңмұрын (кейіп, теріс айналып). Кәдімгі ақымақ, маскүнем. Бірақ тек біз сияқты сорлы жұрттың жауырын шұқитын сауысқан, көзіне үймелейтін қара шыбын.

Сергеев (зілді дауыспен). Бұл айтқандарыңыздың ішінде мен де бармын ба?

Шоңмұрын (жалт қарап, қызарып). Офицер Сергеев, ғапу өтінем!.. Кейігеннен... (Асығып Ғарыпжан кіреді.)

Ғарыпжан. Жалау ілінді. Күзетші қойылды. Қызылдардың бастықтарын Кәртай ертіп, қалаға кірді...

Жақып. Шоңмұрын. Әй, ерім-ай!

Жақып (телефонмен). Түрме... Кенжеғара!.. Қызылдың бастықтары он минутте қолға түседі. Қарауылды күшейтіп, әзір тұр!.. (Телефонды үзіп, қайта алады.) Казарма. Төреғазы! Әскерді әзір ұста, он минутте қызылдың бастықтарын ұстаймыз... Ә?.. Солдаттың жартысы да жоқ? Таптыр тез! Шаптыр жан-жаққа!.. (Телефонды тастайды. Далада дабыр, дүрсіл. « Түсіңіздер!» – деген дауыс.)

Жақып. Сергеев, әзірле! (Солдаттар әзірленеді. Есіктен Кәртай, Күлән, оған таяу екі командирімен Таран кіреді, қарауылшы солдаттарды алып Әбіш кіреді. Кәртаймен Күлән жалт беріп екінші жаққа шығады.)

Жақып (шаңқ етіп). Солдаттар! Көзде дұшпанға! (Солдаттар мылтығын көздеп тура қалады. Жақып Гаранта.) Көтер қолыңды! (Тарандар состиып тұрып қалады.)

Таран (Кәртайға). Ой, «Алаштың» жалданба жансызы! Қызыл жалауды, большевиктің билетін, ар-иманыңды арзанға сатпаған екенсің!

Жақып. Тоқтат сезінді! Көтер қолыңды! (Көтереді.) Кәртай, Әбіш, Сергеев, алыңдар құралын! (Кәртай, Ғарыпжан, Әбіш олардың құралдарын алып жатады. Кәртай Таранның қонышын сипай берем дегенде, Таран оны теуіп-теуіп жібереді. Кәртай шалқасынан түседі.)

Таран. Жауыздар!.. Қан майданда кездессең, көрер едім!.. Арам иттер, алдап түсіргенге есіріп... Күні ертең-ақ көреміз!..

Жақып. Айдандар түрмеге!.. (Бес-алты солдат Тарандардың қолын артына байлап, айдап шығады. Қалған солдаттар да тегіс шығады.)

Жақып (Кәртайдың қолын қатты қысып). Осы сағаттан бастап «Алаштың» айбынды ерінің атын берем саған!.. (Кәртай басын иеді.) Ал, қалай түсірдіңдер?.. (Кәртай күлімсіреп, айтып жатады.)

Сергеев (Күләннің жанына кеп). Әйел басыңызбен майдан жұмысына араласқаныңызды құттықтаймын! Қолыңыздан сүюге рұқсат етіңіз!.. (Күләннің қолынан сүйіп, күлімдесіп, сөйлесіп тұрады.)

Ғарыпжан (Әбішті оңашалап). Жұрттың бәрі еңбегіне қарай сый алып жатыр, біз екеуіміз...

Әбіш (күліп). «Апаш» қанатын жайса, Сарыарқада бұрынғыдай сайрандап, өзіміз хан, өзіміз би болсақ... (Есіктен Жүсіп кіреді. Бұлар оған қарай қалады. Жүсіпті көріп Күлән теріс айналып, Сергеевті терезеге таман әкетеді.)

Жүсіп (тақпақтап).

Бір жыл болды сені сүйдім уландым.

Бауырына алдың, неге мені қумадың?

Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,

Қанды жаспен көзім неге жумадым?!.

...Білдім бүгін: мені тастап кетесің!

Күміс көбік Ақ Еділден өтесін.

Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!

Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

(Қолын соза түсіп.)

Көріскенше қош бол енді, бер қолды!

Қалтырайсың қолым саған не болды?

Жан сүйген жар жат қолында тұрған соң

Көзше жас, жүрегіме у толды!..

(Сергеев бір нәрсе айтып күледі. Күлән тыржыңдап иығын көтереді. Ғарыпжан мен Әбіш ымдасып, Жүсіпті ортаға алады.)

Әбіш (Ғарыпжан екеуі Жүсіпті қақпалап оңаша апарып). Жүсіп! Сен ақылыңа кел!.. Сөз шығаратын кез емес...

Жүсіп (мысқыл түрінде). Рас, сөз шығаратын кез емес. Біз елім мен өмірдің арбасқан кезеңінде тұрмыз... (Қамыққандай.) Бірақ өлім сағатында сүйген жарыңды құшып өлсең... Шұбар жылан боп жат араңа кірмесе... Неге есіртеміз осынша, қазан бетінің кілегейіне шейін сыпырып беріп?.. (Жақып ала көзімен қарап, сөйлесе береді.)

Сергеев (күліп). Ақынның ардақтысы Пушкиндей-ақ болар, орыс жұртының сұлуын о да жалғыз иемдене алмаған...

Күлән (тыржың етіп). Ақын емес, ақымақ! Мәдениетсіз! Сүймеймін өзін... (Күлімсіреп, Сергеевпен сөйлесе береді. Әбішпен Ғарыпжан Жүсіпті басуға азаптанып жатыр.)

Кәртай (күлімсіреп). Сонымен, әйтеуір сендірдік-ау. Әскеріңіз пәтер әзірленгеннен кейін кірер, өзіңіз бірге жүріңіз, деп бөліп алып жөнелдім.

Жақып (жайраңдап, Кәртайды иықтан қағып). Жарайсың жігітім, ақ сүтіңді адалдадың! Сенің еңбегіңді «Алаш» тарихына алтынмен жазамыз... Енді тұрмау керек: жыланның басы ғана қырқылды, бөксесі әлі тірі. Сонау жүз елу солдатты жайластырмай бізге тыным жоқ! Біреу білдіріп, бүліншілікке ұшыратып жүрмесін. Осы жұмысты өзің аяқтап шық: солдаттарды әр үйге үшеу-төртеуден кіргізіп жасырындыр да, Таран әскерін солардың үстіне бөліп-бөліп түсір, үн шығартпай бір минутте жұмысын бітір. Мен саған сендім!

Кәртай. Бұл тапсырмаңыз сөзсіз орындалады деп біліңіз. «Алаш» жолынан аяған жан құрысын!.. (Кәртай кете бергенде шымылдық түсе бастайды. Жүсіптің зарланған даусы.)

«Айрылам деп алып па едім есіме?

Амал қанша әйелдегі кесімге?

Тәңірі мен! Маған мәңгі ұйқы бер,

Жан жарымды бір сүйейін түсімде...»

Жақып, Кенжеғара, Айбала, Өмірбек.

Жақып (ерсілі-қарсылы жүріп). Кенжеғара, халдың өзі қалтылдай бастады-ау, ә?.. Соңғы уақытта жеңдік деген бір хабары келмейтін болып алды...

Кенжеғара. Бұл өзі уақытша қалып болса оқасы болмас еді... Біздің де, ақ жан аралдардың да алғашқы екпініміз жартасқа соққандай қайтып қалды ма деп қорқам... Қомақты күш болмағасын, шашырай-шашырай, сарқылып қалмасақ қайтсын. Егер осылай бола берсе, есін барда етегің жап дегендей...
Беттер:
1 2 3 4 5 6


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру