Эдгар По | Ұзынша жәшік
Бұдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Каролина штатындағы Чарлстоннан Нью-Йоркке бару үшін капитан Харди басқаратын «Индепенденс» деген тамаша пакетботтан жеке каюта алдым. Егер ауа райы бөгет болмаса,— сол айдың (июнь) он бесінде сапарға шығу белгіленді де, мен жүктерімнің қалай жайғастырылып жатқаның қадағалайын деп он төртінде кемеге келдім. Ығы-жығы жолаушылардың басым көпшілігі әйелдер болатынын пакетботқа келген соң барып білдім. Тізімнен бірнеше таныс фамилияға көзім түсті, әсіресе көңілдес жас суретші мистер Корнелий Уайеттің сапарлас болатының білгенде қатты қуандым. Біз онымен III университетінде бірге оқыған едік, тіпті жұбымыз жазылмайтын-ды. Өзгеден артық туған барлық данышпандар секілді оның да мінезі біртүрлі енжарлық пен қызбалықтың, көрсе қызарлық пен ұшқалақтықтың жиынтық жетегі болатын. Бұған оның бұл жалғанда болып көрмеген мейлінше адал да ақжүрек адам екенін қосыңыз.
Менің байқағаным, оның атына үш каюта белгіленіпті, жолаушылар тізімін қайта қараған кезімде бұл сапарға оның өзі ғана емес, жұбайы мен екі қарындасы да бірге бара жатқаның білдім. Каюталар әжептәуір кең, әрқайсысында екі төсектен болатын. Рас, төсектер тар, тіпті оларға бір адам зорға сыйып жағатын. Әйтсе де сол төртеуіне екі каюта емес, үш каютаның неге керек болғанына мен мүлде түсінбедім. Сол жазда көбіне болмашы бірдеңеден сезіктеніп, секем алғыш көңілімді әлдеқалай жабыраңқылық басып жүрген-ді, ұят та болса айтайын, әлгі басы артық каюта жөнінде мен әртүрлі қисынсыз болжаулар құрдым. Әрине, оның бәрінің маған ешқандай да қатысы жоқ-ты. Әйтсе де басы артық каютаның құпиясын ашамын деп әбден әлек болдым. Ақыры, оның шешімін таптым да, тіпті сол оп-оңай нәрсенің бұрын қалай ойыма келмегеніне өзім қайран қалдым. «Әрине, олар қызметшісін бірге ала шыққан болды,— деген ойға келдім.— Ақымақ болғанда соны әуелде ойламаппын! Мен тағы да тізімді анықтап сұрап көріп едім, бірақ алғашқыда үй қызметшісін бірге ала кетуді ұйғарса да, кейін одан айнып, сапарға өздері ғана аттаныпты, өйткені тізімге жазыпты да, артынан «үй қызметшісімен» деген сөзді сызып тастапты. «Е, гәптің бәрі жүктің артық болуында екен ғой,— деп ойладым мен,— ол кейбір заттарын трюмге тиемей, өзімен бірге алуға ұйғарған болды... Енді түсіндім! Өз суреттерінің бірі болар шамасы! Итальяндық евреймен, Николнинмен сол жөнінде келісім жасасқан екен ғой». Осы мәмлеге көңілім орнықты да, болмашы нәрсені мүлдем ұмытқандай болдым.
Уайеттің қарындастарын, сол бір әдепті де ақылды бикештерді жақсы білсем де, оның келіншегін мен бұрын көрген жоқ едім, өйткені олар жақында некелескен болатын. Әйтсе де, ол өзінің кәдімгі көңіліне ұнаған нәрсесін айрықша асқақтатын сөйлейтін әдетіне салып, жұбайы жөнінде маған әлденеше мәрте айтқан еді. Оның айтуына қарағанда, ол асқан керемет сұлу, асқан ақылды, тұла бойы тұнған талант болса керек. Сондықтан да онымен танысқанша менің тағатым таусылды.
Мен пакетботқа соққан күні, яғни он төртінде Уайет зайыбы және қарындастарымен бірге келмекші болғанын маған капитан айтқан еді. Жас жұбайлармен таныссам деген ниетпен мен одан кейін де кемеде бір сағаттай күттім. Бірақ «Миссис У. сырқаттанып қалды, сол себептен ол пакетботқа жүрердің алдында ғана баратын болды», деп кешірім сұраған хат әкеп берді.
Ертеңіне мен мейманханадан шығып, пристаньға бет алғанымда, капитан Харди кездесіп, «бірсыпыра жағдайларға байланысты» (қисынсыз болса да қолайлы сылтау) «Индепенденс» шамасы әлі де бір-екі күн портта аялдайтын түрі бар екенін, сапарға бәрі әзір болғанда маған өзі хабар беретінін айтты. Маған бұл бір түрлі болып көрінді, өйткені сол кезде оңтүстіктің қоңыр самал желі соғып тұрған-ды, бірақ мен қанша шұқылап сұрасам да, оның нендей жағдайлар екенін капитан түсіндіріп айтпаған соң менің мейманханаға қайтып келіп, сан-саққа жүгірген беймаза ойдың ырқына берілуден басқа еш амалым қалған жоқ.
Капитаннан хабар күтіп бір аптадай әбігер болдым, ақыры, әйтеуір, хабар келді-ау, мен аялдамай сол заматында кемеге тарттым. Жолаушылардың бәрі түгел дерлік жиналыпты. Әдеттегі сапар алдындағы абыр-сабыр. Уайет пен оның серіктері менен он минуттей кейінірек келді. Қарындастары, жас келіншегі суретшінің өзі кемеге келіп отырды, әйтсе де оның түнеріп, жан біткенді жақтырмай түксиіп жүрген бір сәті екенін байқап қалдым, бірақ мұндай мінезі маған үйреншікті болатын да, оған мен онша мән бере қойғаным да жоқ. Ол тіпті маған жанындағы жұбайын таныстырмады да. Сондықтан ағасының ағаттығын түзеп, бұл ізетті ишаратын оның сүйкімді де инабатты қарындастарының жасауына тура келді. Ол мұндай жағдайға байланысты айтылатын бірер сөзді асығыс күбірлей салды.
Миссис Уайеттің жүзі қалың бет перде ішінен анық көрінбейді, мен тағзым етіп, басымды иген кезде ол бет пердесін сәл көтеріп еді, мен оның жүзін көріп аң-таң қалдым. Егер талай жылғы тәжірибем суретші досымның әңгіме әйелдердің әдемілігі жөнінде болғанда тым асырып айтатын лепірме сөзіне илана бермеу керектігін ескертпеген болса, әрине, онда менің одан бетер қайран қалуым ықтимал еді. Егер біздің әңгімеміздің арқауы сұлулық жайында болса, оның оп-оңай қиялдар дүниесіне ойысын кететінін мен жақсы білетінмін.
Шындығына келсек, миссис Уайет маған тым сиықсыз болын көрінді. Менің ойымша оны тіпті ұсқынсыз деп атауға әбден болатын сияқты. Алайда киген киіміне қарап, тамаша талғамын тану қиын емес еді, досымды оның асқан ақылы мен жарқын жан дүниесі ынтық еткеніне менің онда ешқандай күмәнім болған жоқ. Маған екі-үш сөз айтты да, ол мистер Уайетке ілесіп өз каютасына қарай беттеді.
Менің бойымды тағы бір әуесқойлық сезімі билеп алды. Олармен бірге қызметшісі келген жоқ — оған көзім әбден жетті. Әлдеқалай басы артық жүк әкелінбес пе екен, күте тұру керек болды. Арада біраз уақыт өткен соң пристаные ұзынша қарағай жәшік тиелген арба келіп жетті — шамасы пакетбот сапарға шығу үшін соны ғана күтіп тұрған болса керек. Жәшік кемеге тиелген бойда біз сапарға аттандық, көп ұзамай өзеннің құярлығындағы қайранға килікпей өттік те, шалқыған теңізге келіп жеттік.
Әлгінде айтқанымдай, жәшік ұзынша болатын. Мен өзім әдетте асырып айтпағанды тәуір көремін, сондықтан зер салып тұрып қарадым, оның ұзындығы алты, ені екі жарым футтай келеді. Мұндай жәшіктер әменде сирек кездеседі, оған көзім түскен бойда өзімнің көрегендігіме масаттанып қалдым. Менің болжауымша суретші досымның ерекше жүгі бірнеше сурет, ең кемінде бір сурет болуға тиіс екенін оқушым ұмытпаған шығар. Оның бірнеше апта бойы Николинимен кездесіп, жолығып жүргені маған мәлім болатын, енді міне сыртқы түріне Қарағанда, Леонардо да Винчидің тек сол «Кеш құпиясы» атты суретінің көшірмесі салынған қорап болуы ықтимал ұзынша жәшік кемеге тиеліп отыр. Никатинидің осыдан біраз уақыт бұрын Флоренцияда кіші Рубини жасаған «Кеш құпиясының» көшірмесін сатып алғанын мен білетін едім. Сонымен бұл мәселені де шешілді деп санауға болатын еді. Мен өзімнің көрегендігімді есіме алып, тіпті көңілім өсіп, күліп те қойдым. Өз кәсібіне байланысты мәселе жөнінде бұрын Уайет менен ештеңе жасырмаушы еді, әйтсе де енді шамасы, мені сезбейді деп ойлап, көз алдымда құпия түрде тамаша суретті алып баруға, сөйтіп, мені бір қатыруға ұйғарған болса керек. Мен де әдейі ештеңе сезбеген боп соның ығын есе беруге ұйғардым.
Әйтсе де, жағдай менің сазайымды тартқызды, жәшікті үшінші каютаға апармай, Уайеттің өз каютасына жайғастырды да, ол бүкіл еденді алы кетті, суретші мен оның зайыбына айналуға жер қалмады, оның бер жағында жәшік қақпағына қисық-қисық әріптермен, не шайыр бояумен жазылған жазудың қаңсық иісі маған жүрек айнытарлықтай болып көрінді. Қақпақтың бетіне: «Миссис Аделаида Кертиске, Олбани, Штат Нью-Йорк, Корнелий Уайет, эксвайердің бақылауымен. Бет жағы. Байқап көтерілсін»,— деп жазылған.
Олбаниде тұратын миссис Аделаида Кертис суретшінің әйелінің шешесі екенін мен білетінмін, әйтсе де жәшікке оның адресі адастыру, мені шатыстыру үшін жазылған болар деп ойладым. Солтүстікке сапарында бұл жәшіктің барар жері Нью-Йорктің Чемберс-стритіндегі досымның шеберханасы екеніне менің ешқандай күмәнім болған жоқ.
Желдің қарсы алдымыздан — оның жағалаудан шығар-шықпаста солтүстіктен соққанына қарамастан, жүзу сапарымыздың бастапқы үш-төрт күнінде ауа райы тамаша болып тұрды. Жолаушылардың да, әрине, көңілдері көтеріңкі, олар лезде бір-бірімен шүйіркелесе кетеді. Елден ерек, состиып тіпті менсінбегендей жұртқа жуымай қойған Уайет пен оның қарындастары ғана болды. Уайеттің жүріс-тұрысына мен онша таңдана қойғамын жоқ. Ол әдеттегіден әлдеқайда жабырқаңқы — тіпті тұжыраңқы десе де болғандай — әйтсе де оның қисынсыз қылықтарына менің етім үйреніп кеткен-ді. Алайда оның қарындастарының қылығына түсіне алмадым. Олар өз каюталарынан мүлде шықпай қойды, мен қанша үгіттесем де кемедегі қауымға қосылуға әсте көнбеді.
Миссис Уайет әлдеқайда әдептілік жасады. Әділін айтсақ, ол әңгімешіл адам екен, ал теңізге саяхатқа шыққан кезде әңгімешілдік — тәрбиелі адамдарға таптырмайтын тәуір қасиет. Ол кемедегі әйелдердің көпшілігімен лезде танысып алды, оның жұрттан қымсынбай еркектер алдында қылымсуы мені мүлдем қайран қалдырды. Ол біздің бәріміздің көңілімізді көтеріп тастады. Өз ойымды қалай дәлірек айтудың есебін таппай, мен «көңілімізді көтеріп» деген сөзді қолдандым. Әділін айтсақ, қауым миссис Уайетпен қосыла күлгеннен төрі көбіне оның өз басын келемеждей күлетініне көп ұзамай менің әбден көзім жетті. Еркектер жаты оған әлдеқалай сын тағуға бара бермейтін, ал әйелдер болса оған сол заматында-ақ парықсыз, аңқылдақ, ажарсыз, тәрбиесіз, көргенсіз, дөрекі жан деп ат қойып, айдар тағып үлгірді. Уайет оған үйленуге нендей жағдайдың мәжбүр еткеніне жұрттың бәрі қайран қалысты. Ақыры, байлық болар деген байламға келді. Әйтсе де бұл долбардың қисынсыз екенін мен жақсы білемін ғой. Кезінде Уайет қалыңдығының жасауына өзінің көк тиын алмағаның, оған мұра қалдыратын ауқатты туысқандарының да жоқ екенін маған айтқан-ды. Сонда маған ол «шын құштар болып қалдым», тек соны ғана сүйіспеншілікке лайық деп тапқандықтан да, «іңкәр болып» үйлендім деген еді. Досымның осы сөзі есіме түскенде, енді еріксіз қайран қалдым. Шынымен ақылы ауысқан ба? Әйтпесе оны қалай деп түсінуге болады? Ол өзі сондай нәзік, сондай асқақ сезімді адам, тіпті болмашы мін мен ақауды айтқызбай білетін әсемдік, сұлулық атаулының бәрін әмәнда пір тұтатын жан еді ғой? Рас, әйелі оған айрықша ыстық ықылас білдіретін болар,— өйткені, күйеуі жоқ жерде ол «өзінің сүйікті жұбайы мистер Уайеттің» әлдеқалай айтқан бірдеңелерін әңгімелеймін деп ылғи күлкі-келемежге душар болып қалатын сәттерде мұнысы мейлінше айқын аңғарылатын. Егер оның тәуір көрер сөзіне келер болсақ — «күйеу» деген сөз «әсте аузынан түспейтін». Дегенмен оның зайыбымен қауышудан жалтаратынын және әділін айтсақ, әйеліне қалауынша көңіл көтеруге ерік беріп қойып, өзі болса каютасын жауып алып, сыртқа аттап шықпайтының кемедегі жұрттың бәрі сезетін.
Көргендерім мен естігендерім менің досым тағдыр шіркіннің тәлкегінен, әйтпесе көзсіз көрсе қызарлықтың әлегінен өзінен темен әлдебіреумен бас қосқан болар, сол себептен де ол әрине, көп кешікпей одан көңілі суып, енді жеріп жүрген болар деген тұжырым жасауға мәжбүр етті. Мен оны шынымен-ақ аяп кеттім, әйтсе де маған айтпай оның «Кеш құпиясын» сатып алғаны менің көкейіме дақ болып тұрып қалды. Енді мен де соның қарымтасын қайтаруды ұйғардым.
Бірде ол палубаға шықты, әдеттегіше мен оның қолтығынан алып, екеуміз ерсілі-қарсылы серуендеп жүрміз, бірақ оның жабырқаңқы көңілі селт етпеді (бұл жағдайда оны кінәлауға болмайды ғой деп санадым). Ол мүлде аузын ашпады деуге де болар, тіпті анда-санда тіл қатса да соның өзінде әрбір сөзін күшпен сығымдап шығарып жатқандай болып көрінді. Мен бір-екі мәрте қалжыңдап та көрдім, бірақ ол еріксіз езу тартып ыржиған сыңай танытты. Қайтсін байғұс! Зайыбы есіме түскенде, оның тіпті осылай жымиюға шамасы келгеніне де шүкіршілік қыламын. Сонымен ақыры ойыма алған жоспарымды жүзеге асыруға кірістім: алдымен оның мені алдай алмағандығын және оның қиямет қулығының құрбаны болғандығымды ол бірте-бірте ұғынатындай етіп мен ұзынша жәшікке байланысты бірнеше астарлы ишарат жасауға ұйғардым. Сөйтіп, «сол бір жәшіктің ерекше түрі» туралы сөз қозғап, мен өзімнің жасырын зеңбіректерімнен атқылай бастадым. Мен оның өзін әлденені сезетіндей жәдігөйлене жымиып, көзімді қысып қойып айттым да, суретшіні саусағыммен бүйірінен жайлап түртіп те қойдым.
Бұл зілсіз қалжыңды Уайеттің қалай қабылдағаны оның есінен ауысқанына сол заматында-ақ менің көзімді жеткізді. Құдды менің не айтқанымды ұқпағандай алғашқыда ол маған бақырайын қараған күйі қалшиып тұрып қалды, әйтсе де айтылған сөздің мәні санасына жеткен сайын, оның көзі шарасынан шығып, алара түсті. Содан соң түсі бұзылып, қып-қызыл болып кетті, содан соң барын, менің әлгі ишаратым шектен тыс көңілін қытықтағандай, ішек-сілесі қаға қарқыл дап тұрып күлді, менің бір таң қалғаным, барған сайын күлкісі үдеп, ол он минуттан астам уақыт алқынған аптығын баса алмады. Ақыры палубаға жалп етіп құлады. Мен оған жәрдемдесейін деп еңкейіп едім, ол маған өліп қалған сияқты болып көрінді.
Мен көмек шақырдым, біз зорға дегенде оның есін жиғыздық. Есін жиған соң ол күбірлеп бірдеңелерді былдырлаған болды. Сонан кейін онан қан алып, төсекке апарып жатқыздық. Ертеңіне ол құлан таза сауығып кетті — яғни тәпі айықты. Әрине, оның ақыл-есі туралы айтпай қоя тұрғаным жөн. Сол күннен бастап капитанның ақылын алып, онымен кездеспеуге тырыстым. Өйткені оның ақылы ауысқаны жөніндегі менің пікіріме толық қосылатын болса керек, алайда ол жөнінде кемеде ешкімге айтпауымды айрықша өтініп сұрады.
Уайеттің сол жолғы қояншығынан кейін менің әуестік аңсарым бұрынғыдан бетер арта түсті, оған әртүрлі жағдайлар себеп болды. Солардың ішінен мыналарды айтуға болады: менің жүйкем жұқарып жүрген кез еді, көк шайды көбірек ішіп қойып, содан түні бойы жөнді ұйықтай алмай шыққанмын. Турасын айтсам, кірпігім ілінбегеніне екі түн асқан-ды. Менің каютамның есігі әрі асхананың қызметін атқаратын үлкен салонға қарайтын — еркектерге арналған екі каютаның да есігі содан келіп шығатын. Уайеттің үш каютасы үлкен залдан түн баласына жабылмайтын сырғымалы жеңіл есікпен бөлінетін шағын залға қанаттас болатын. Ылғи алдымыздан соққан күшті жел өтіне қарсы жүзіп келе жатқандықтан да біздің кемеміз үнемі бағытын өзгертіп, ауытқып отырды. Сонда да ол оң жамбасына қарай жантайған кезде салон аралығындағы сырғымалы есік кейін серпіліп кетті де, қайта жабылмай сол ашық күйі қалып қойды — төсектен тұрып барып оны жабуға ешкімнің зауқы соқпады. Алайда ондай жағдайда, сырғымалы есік серпіліп кеткенде, менің каюптамның есігі жабылмай тұрғандықтан (ыстық болғандықтан үнемі жабылмай ашық тұратын) мен төсегімде жатып шағын салонды түгел, әсіресе мистер У. каюталарының ecігі шығатын жақты алақанда тұрғандай анық көретінмін. Сонымен, көрер таңды көзіммен атқызған (бірінен соң бірі емес) екі түнде сағат он бірдің шамасында алғашқы және одан кейінгі түнде де миссис У.-тің ақырын мистер У.-тің каютасынан шығып, үшінші каютаға барып кіргенін, таң атқанша сонда болып, тек жұбайы шақырған кезде ғана бұрынғы орнына қайта оралғанын мен өз көзіммен көрдім. Мұның өзі олардың арасындағы араздықты дәлелдейтін еді. Ресми айырылу жағын ойлағандықтан да олар қазірдің өзінде ортақ төсектен бас тартқанға ұқсайды, сөйтіп, үшінші каютаның да құпиясы ашылды деп ойладым.
Менің көңілімді айрықша алаңдатқан тағы бір жағдай болды. Ұйқысыз өткен сол екі түнде де миссис Уайет үшінші каютаға кеткен бойда менің құлағыма оның күйеуі жатқан і жағадан әлдебір тықыр мен тоқылдатқан дыбыс естілді. Мен көпке дейін құлағымды түріп тыңдадым, ақыры оның да сырын ашқандай болдым. Ол дыбысты, шамасы. Тоқылы естілмеу үшін жұмсақ жүн, әйтпесе мақта матамен мұқият ора, қашау және ағаш балғамен ұзынша жәшікті ашып жатқан суретші шығарған болуға тиіс.
Оның қақпақты қай уақытта көтергенін, оны қай уақытта алғаның дәл айырған сияқтымын. Мәселен қақпақты төсек үстіне қаншама сақтықпен абайлап апарып қоямын десе де, ағаш төсектің жұмыр жиегінен сәл тигізіп алғанын оның дыбысынан аңғардым. Өйткені еденде қақпақты қоятын жер жоқ-ты. Содан кейін құлаққа ұрғандай тым-тырыс бола қалады, алғашқыда да, екінші ретте де мен ешқандай сыбыс естімедім. Рас, кейде булығып, өксігендей, әлде күбірлегендей біp дыбыс құлағыма шалынғандай болды да, әйтсе де оның өзі менің қисынсыз қиялымның жемісі де болуы ықтимал. Мен сол дыбыстар өксікке немесе күрсінуге ұқсайды дедім, бірақ солардың өксік те, күрсініс те болуы мүмкін емес. Мен, тіпті құлағым шуылдаған болар деп ойлауға да бармын. Мистер Уайет әдеттегі ұғымға сай тек сезімнің өктемдігіне мойын ұсынып, өзінің ақсүйектік қызбалық мінезіне ерік берген болуында сөз жоқ, өйткені тығулы жатқан тамаша суретке қарап ләззат алуы үшін ол ұзынша жәшікті ашқан болуға тиіс. Бірақ ол оған неге өксіп жылауға тиіс? Өйткені, қайталап айтамын, мені капитан Харди сыйлаған көк шай қоздырған қиялым шатастырған болуы сөзсіз. Екі мәрте таң алдында мистер Уайеттің ұзынша жәшіктің қақпағын жауып, матаға оралған балғаның көмегімен шегелерді қайта орнына қаққаның мен өз құлағыммен естідім. Содан кейін ол киініп каютадан шығып, үшінші каютадағы миссис Уайетті шақырды.
Біздің сапарға шыққанымызға жеті күн өтті, тұтқиылдан оңтүстік-батыс жақтан долы дауыл соққанда біз Гаттарас мүйісіне тақап қалған едік. Алайда онша бейқам да емес болатынбыз. Өйткені алдында ауа райы бұзылғысы келіп, түнеріп тұрған-ды. Люктер тығындалған, жүктер мен барлық құрал-саймандар төменде де, палубада да мықтап тұрып бекітілген еді. Жел күшейе бастағаннан, біз барлық желкендерді жинап тастап, енді кеме тек екі-екіден риф қалған контурбизень мен формарсельдің ырқымен жүзіп келе жатқан-ды.
Біз осылай екі тәулік бойы жүздік — біздің пакетбот өзінің тамаша кеме екенін танытты, қайықтың трюміне жөнді су да құйылған жоқ. Бірақ екінші күні кешке қарай жел мүлдем күшейіп кетті, біздің контур-бизеньнің жұлым-жұлымы шықты да, кеме ілгері жүзуден қалды, сол кезде жүйтки жөңкіген алып толқындар бізді бірінен соң бірі соққының астына алды. Олар өзімен бірге үш теңізшіні, асхана мен бүкіл сол жақ фалынбортты түгел теңізге шайып алып кетті. Біз есімізді жиып үлгермей формарсель қақ айырылды, әйтсе де біз дауылда қолданылатын желкендерді көтеріп үлгердік, сондықтан да бірнеше сағат бойы кемеміз аман-сау ілгері жүзе берді.
Алайда дүлей дауыл үдере соғуда, тіпті жуық маңда тыншытар түрі де көрінбейді. Арқандар онша мықтап тартылып байланбаған болып шықты. Оларға үнемі күш түсумен болды,— соның салдарынан үшінші күні кешкі сағат бестің шамасында кеме шұғыл бұлт етіп бұрылған сәтте бизаньмачта төтеп бере алмай морт сынғанда палубаның ортасына гүрс ете қалды. Содан бүйірден соққан адуын толқынның тәлкегіне ұшыраған кемені қатерден құтқарамыз деп біз бір сағаттан артық әлек болдық, одан кейін балғашы келіп, трюмдегі судың төрт метр көтерілгенін хабарлады. Оның үстіне қырсық қылғанда помпалардың ішіне қоқыс толып, тығылып қалғандықтан су айдамайтын болып шықты.
Енді кемеде аласапыран, абыржу басталды, алайда cay қалған екі мачтаны қиып барып, жол ашып теңізге лақтырып, кемені жеңілдетуге әрекет жасады. Ақыр аяғында амалсыз солай істедік, бірақ помпалар бұрынғыша жұмыс істемеді, ал трюмге су толассыз құйылып жатты.
Күн еңкейе дауыл саябырсиын деді де, соған орай абыржу да басталып, қайыққа мінсек апаттан аман қалармыз деген көңілімізге үміт ұялады. Кешкі сағат сегізде жел беттегі қою қара бұл сейіліп, көк күмбезінен толықсыған ай нұрлы сәулесін төкті — осы бір күтпеген көрініс біздің көңілімізді демеп тастады.
Әзер дегенде біз вельботты аман-сау түсірдік, оған бүкіл команда мен барлық дерлік жолаушылар мінді. Вельбот сол кезде кемені тастап жүзіп кетті. Ондағылар кеме апатқа ұшыраған соң үш күннен кейін талай қиыншылық көріп, арып-ашып, ақыры Окракок-Инлетке келіп жетті.
Пакетботта капитанды қоса есептегенде өз тағдырларын кормдағы қайыққа сеніп тапсырған он төрт адам ғана қалды. Суға табаны тие берген кезде толқын жұлып әкете жаздағаны болмаса, біз оны онша қиналмай-ақ түсірдік. Бұл қайыққа капитан зайыбымен, мистер Уайет және оның серіктері, мексикалық офицер, оның әйелі мен төрт баласы отырды, негр қызметшіммен қоса солармен бірге мен де міндім.
Әрине, қайықта жөнді бос орын қалмады да. Сондықтан енді оған аса қажетті бірнеше новигациялық құрал-саймандар мен аздаған азық-түлік қана тиеуге болатын еді. Барлық заттарымыз, үстіміздегімізден басқа киімдеріміз кемеде қалды, әрине, өз жүгінің ең болмаса бірсыпырасын аман сақтап қалуды ойлаған ешкім болған жоқ. Біз кеменің ығына енді шыға бергенімізде қайықтың арт жағында отырған мистер Уайеттің орнынан ұшып тұрып, кемеде қалған ұзынша жәшікті өзімен бірге алып кету үшін капитан хардиден қайықты кері қарай бұруды талап еткенін көргенде оған біздің бәріміздің еріксіз қайран қалпымызға тура келді.
— Отырыңыз, мистер Уайет,— деді капитан қатқыл үнмен— Егер қозғалмай тыныш отырмасаңыз, сіз бізді суға аударып жібересіз. Өйткені ауырлықтан қайық онсыз да қылтылдап зорға тұр ғой.
— Жәшік! — деп айқайлады Уайет қалшиған қалпынан айнымай.— Мен жәшікті айтамын! Капитан Харди, сіз... сіздің құлақ аспауға хақыңыз жоқ,.. Оның салмағы... ол деген түкке тұрмайды... Сіздің тапқан анаңыздың аруағының, көктегі құдіреттің, сіздің ұзақ өмір сүру жолындағы жарқын үмітіңіздің атынан жалбарынамын — жәшікке қайта оралыңыз! Жан ұшыра жалбарынған суретші сөзінен капитан сәл толқығандай болып көрінді, әйтсе де жүзі бұрынғыша қайта сұстанып, ол:
— Мистер Уайет, сіз есіңізден айрылған боларсыз! Мен сізді тыңдамаймын. Орныңызға отырыңыз. Әйтпесе қайықты аударып жібересіз. Тоқтаңыз! Ұстаңдар!.. Жібермеңдер!.. Ол суға секіргісі келіп тұр!.. Көрдіңдер ғой... мен бұны білгенмін... енді міне, теңізге секіріп кетті! — деді.
Шынында да мистер Уайет тулаған толқынға қойды да кетті, бізді желдің өтінен қалқалаған пакетбот әлі жақын болғандықтан өлдім-талдым дегенде ол кеменің тұмсық жағындағы клюзден салбырап тұрған арқанға барып жармасты. Көзді ашып-жұмғанша палубаға көтеріліп, алды-артына қарамай төмендегі каютаға қарай жан ұшыра жүгірді.
Сөйткенше бізді жел кеменің құйрық жағына ықтырып әкетті де, біз әлі де дөңбекши тулап жатқан асау толқынның құшағына тап болдық. Біз пакетботқа қайта жақындауға қанша әлектенсек те, онымыздан ештеңе шықпады, долы дауыл қаңбақтай қақпақылдап, қалаған жағына ықтырып алып кетті. Байғұс суретшінің енді ажалға тап болғанын біз жақсы білдік.
Ұзынша жәшікті арқалап палубаға алып шығу үшін қисапсыз күш керек болғанына қарамастан есуас баспалдақпен өрмелеп жоғары көтерілгенде (біз оның есінен алжасқанына кәміл сендік) біздің қайық пакетботтан едәуір жерге ұзап кеткен-ді. Біз аң-таң болып аңтарыла қарап тұрғанымызда, ол үш дюймдік арқанмен жәшікті таңды да, оның бір ұшын өзінің беліне байлады, сөйткенше болған жоқ, жәшікпен бірге суретші суға бір-ақ секірді, қайнаған қазандай бұрқан-талқан болып жатқан адуын толқын оны лезде жұтып қойды.
Бір пәс қайықты тежеп, біз қайғылы жерге қарап тұрдық. Содан соң жаймен ескекті есіп, ол арадан ұзай бастадық. Бір сағаттан артық уақыт қайықта тіс жарып, тіл қатқан бір жан болған жоқ, Ақыры үнсіздікті мен бұздым:
— Олардың бірден су түбіне батып кеткенін, капитан сіз өз көзіңізбен көрдіңіз бе? Осының өзі оқыс оқиға болған жоқ па? Шынымды айтсам, тулаған теңізге секірер алдында оның жәшікті өзімен бірге қосақтап байлап жатқанын көрген кезде, ол әлдеқалай аман қалар деген болмашы бір үміт ұшқыны көңілімде жылт еткен де болатын.
— Олар бірден су түбіне батып кетуге де тиіс еді,— деді капитан.— Тастай батуға тиіс. Әйтсе де олар көп ұзамай, әрине, тұз еріген соң су бетіне қайтадан қалқып шығатын болады.
— Тұз дейсіз бе? — деп дауыстап жібердім мен.
— Тс..,— деді капитан, қаза болған адамның әйелі мен қарындастарын нұсқап,— ол жөнінде кейін бір реті келгенде әңгімелесеміз.
Біздің талай тауқыметті бастан кешіруімізге тура келді, сапырылысқан теңізде ажалдан әзер аман қалдық. Әйтсе де вельботтағылардың ғана емес, қайықтағылардың да жұлдызы жанды. Қысқасын айтқанда төрт күнгі ауыр сүргіннен кейін өліп-талып Роанок аралының қарсы жақ бетіндегі құм жағалауға келіп жеттік. Кемелердің апатқа ұшырауынан пайда табатындар тарапынан ешқандай қысым көрмей біз онда бір апта болдық, ақыры әйтеуір Нью-Йоркке кетіп бара жатқан бір кеме бізді отырғызып алды.
«Индепенденс» апат болған соң шамамен бір айдай уақыт өткенде Бродвейде күтпеген жерден капитан Хардимен жолықтым. Әрине, біз аздан кейін анада болған оқиға жөнінде, Уайет байғұстың қайғылы тағдыры туралы әңгіме еттік. Болған оқиғаның мән-жайын мен сонда барып білдім.
Суретші өзіне, өзінің зайыбы мен екі қарындасына, сондай-ақ үй қызметшісіне каюта алады. Өзі айтқандай, оның зайыбы шынында асқан сұлу, мейлінше дарынды әйел болады. Июньнің он төрті күні таңертең (мен пакетботқа келіп кеткен сол күні) ол сырқаттанып, бірнеше сағаттан кейін қайтыс болады. Жас жұбайының қабырғасы қайысып, қатты қайғырады, бірақ кейбір жағдайларға байланысты Нью-Йоркке қайту сапарын кейінге қалдыра алмайды. Ол. өзінің сүйікті жарының мүрдесін оның шешесіне алып барып табыс етуге тиіс болады, алайда оны ашық жасай алмайды, өйткені жұртшылық арасына кең таралған ырым оның бұл ойын жүзеге асыруы да бөгет болады. Тек өлік тиелген кемеге мінбеу үшін жолаушылардың оннан тоғызы бұл сапардан мүлдем бас тартқан болар еді.
Бұл қиын жағдайдан шығу үшін капитан Харди жеңіл-желпі бальзамдалған тиісті мөлшердегі тұзды жәшікке жайғастырылған мәйітті кемеге кәдімгі жүк ретінде тиетеді. Жас келіншектің қайтыс болғанын жұртқа жария етпей, құпия ұстайды, өйткені мистер Уайеттің зайыбымен Нью-Йоркке бара жатқаны жұрттың бәріне мәлім болатын, сондықтан жүзу кезінде оның жары болып саналатын әйел табу керек еді. Бұған қайтыс болған келіншектің күтушісі оп-оңай келісім береді. Алғашқыда соған арналған үшінші каютаны мистер Уайет қайтып тапсырмай, қарауында қалдырады, ал жалған жары кейін жұрт көзінен жасырынып, кілең сонда қонып жүреді. Күндіз ол шамасы келгенше қайтыс болған келіншек рөлін ойнайды, жолаушылар арасында оны танитын жан жоқ болатын — бұл жағын да олар алдын ала ойластырған-ды.
Бұл жіберген ағаттығыма тым байқамдығым, тым әуесқойлығым, тіпті тым қызбалығым себепкер болды. Әйтсе де соңғы кезде мен түн баласына көзімді ілмейтін болып жүрмін. Қалай дөңбекшісем де әлдебір бейне көлбеңдеп көз алдымнан кетпей-ақ тұрады да қояды. Жан түршіктірер есірік күлкі менің құлағымның түбінен мәңгі кетер емес.
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Эдгар По Ұзынша жәшік туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Эдгар По Ұзынша жәшік на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке