Агата Кристи | Мінез періштенің оқиғасы

  Агата Кристи | Мінез періштенің оқиғасы


— О, мадам, мүмкін болса сізбенен бір ауыз тілдесуге болар ма екен?

Эднаның мұнысы сандырақ секілді болып көрінуі де мүмкін еді, өйткені ол, Мисс Марплдың қызметшісі-тін. Сосын басқа біреу емес Мисс Марплдың өзімен сөйлесіп тұрған болатын.

Таныс үнді естісімен Мисс Марпл ізінше: «Әрине, Эдна. Ішке кір де есікті жап. Не айтайын деп едің?» —деді.

Айтқанын екі қылмай есікті жауып, Эдна ішке қарай жылжыды. Алжапқышының бір ұшын саусақтарымен бүктеп, бір-екі рет жұтынып қойды.

— Иә, не айтпақшы едің, Эдна?—деді Мисс Марпл жігерлендіре.

— О, мадам, рахым өтінемін. Немере сіңлім Глэдистің жайы еді. Жұмысынан айырылып қалыпты ол.

— Қойшы, рас па? Онысы қиын болған екен. Ол қыз ана Оулд Холлда тұратын Скиннерлердің қызметшісі емес пе еді?

— Иә, мадам, дұрыс айтасыз. Глэдис байғұс абыржып, қатты қамығып жүр.

— Бұдан бұрын да Глэдис жиі орын ауыстырып жүрді ғой, солай емес пе?

— Дәл солай, мадам, орын ауыстырғанға әуес-ақ. Бір жерге тұрақтап істей алмайды. Бірақ бір қызығы, осыған дейін ол өз еркімен кетіп жүрген!

— Ал бұл жолы ше, керісінше ме?— деді Мисс Марпл салқындау сөйлеп.

— Иә, мадам, сосын ғой оның қатты ренжіп отырғаны.

Мисс Марпл ептеп таңданып қалды. Анда-санда қыз қолы бос кезінде шай ішуге келіп-кетіп тұратын. Толық келген, мінезі ауыр, күлімсіреп жүретін.

Эдна сөзін жалғастырып: «Мадам, бұл ана Мисс Скиннерден болып отыр»,— деді.

— Сонда қалай,— деді Мисс Марпл асықпай,— Мисс Скиннерге несі жақпай қалыпты?

Бұл жолы Эдна білетінін бастан-аяқ баяндап шықты.

— О, мадам Глэдиске бұл өте ауыр тиіп отыр. Мисс Эмилидің сәнді түйреуіштерінің бірі жоғалып, бұрын-соңды болмаған үлкен айқай-шу көтеріліпті. Мұндайды ешкім де қаламайды, әрине, ұят нәрсе ғой. Глэдис те көмегін беріп, барлық жерді тінтіп шығыпты. Мисс Лавиния полицияға барып айтпақшы болған екен. Сөйтсе жаңағы түйреуіш табылыпты. Біреу оны туалет бұйымдарын қоятын столдың тартпасының түбіне тыға салыпты. Глэдис қатты қуанған көрінеді.

— Дәл соның ертесіне бір тарелка сынса, Мисс Лавиния жүгіріп шығып, Глэдиске бір айдан соң орынды босат депті. Глэдистің байқауынша, тарелканың сынғанын жай желеу етіп отырса керек. Ал шындығында, ол әлгі сәнді түйреуішті ұрлаған да, сосын полиция келеді дегенді естіп, орнына қайта қойған да Глэдис деп ойлайтын көрінеді. Глэдис олай етпейді, ондайға еш қашан бармайды да. Өсек тарап ел сөз қылады деп қынжылады ол. Қыз балаға мұның қиын екенін түсінесіз ғой, мадам?

Мисс Марпл басын изеді. Ол менмендеу, толықша келген Глэдисті аса жақсы көрмесе де табиғи тазалығына күмәнданбайтын. Сондықтан да мына жағдайдың қыздың бетіне салық болғанын ол өте жақсы сезді.

Эдна жабырқау үнмен: «Байқауымша, сіз еш нәрсе де істей алмайсыз ғой, мадам?» — деді.

— Ақымақ болмасын де оған,— деді Мисс Марпл қабағын шытыңқырап.— Егер түйреуішті алмаған болса — алмағандығына менің көзім жетеді — онда абыржитын жөні жоқ қой.

— Өсек тарайды ғой,— деді Эдна түнеріп.

Мисс Марпл: «Мен... е... түстен кейін солай қарай барамын. Мисс Скиннерге бір ауыз айтармын»,— деді.

— Үлкен рахмет, мадам,— деді Эдна қуанышы қойнына сыймай.

***

Оулд Холл Виктория1 үлгісімен салынған, айналасын жасыл желек бақ қоршаған үлкен үй болатын. Дәл сол күйінде жалға беруге де, сатуға да болмайтындықтан, бір іскер алып-сатар оны төрт пәтерге бөліп, ыстық сумен жылитын орталық жүйе орнатыпты. Пәтер жалдаушылар жерді ортақтасып пайдаланатын болса керек. Бұл тәжірибе өзін ақтапты. Бір пәтерді ақымақтау бай әйел қызметшісі екеуі жалдап алыпты. Қарт әйел құстарға құмар екен, күнделікті ермегі құсы барларды қонаққа шақырып, соларды күтетін көрінеді. Екінші пәтерді жұмысын қойған индиялық сот пен әйелі, үшінші пәтерді жақында ғана үйленген бір жас семья, ал төртіншісін осыдан екі ай бұрын апалы-сіңлілі әлі ерге шықпаған Скиннер дейтіндер жалға алыпты. Пәтер жалдаушы төрт жұп бір-біріне қатынаспайды екен, себебі олардың бастарын қосатындай ортақ ешнәрсе болмаса керек. Үй қожасына керегінің өзі де сол көрінеді. Өйткені дос адамдар суысса, өзіне келіп бірінің үстінен бірі шағым айтады деп қорқатын тәрізді.

Мисс Марпл пәтер жалдаушылардың бір де бірін жақсы білмесе де, олармен таныс болатын. Скиннерлердің еңбекке жарамдысы тек үлкені, Мисс Лавиния ғана болатын. Мисс Эмили, кішісі, аурушаң еді. Бірақ Санкт Мэри Миид селосының тұрғындары оның ауруы жасанды, қып-қызыл өтірік деп сенбейтін. Тек Мисс Лавиния ғана сіңлісін шынымен азап шегіп жүр деп есептеп, оның асты-үстіне түсіп, айтқанын істеп, бірдемелерді іздеп шарқ ұрып жүргені.

Санкт Мэри Миидтегі жұрт Мисс Эмилидің алып бара жатқан ауруы жоқ, әйтпесе, ол әлдеқашан дәрігер Хэйдокты шақыртар еді деген ойда болатын. Осыны біреулер оған жұқалап сездіріпті де. Сөйтсе, Мисс Эмили кірпіктерін зорға қимылдатып, қасын керіп, науқасының жәй науқас еместігін, тіпті Лондондағы ең жақсы деген мамандардың да қолынан ешнәрсе келмей, енді бір аса мықты емшіге тап болып, көз көріп құлақ естімеген жаңа ем қабылдап жатқанын және денсаулығы сол емнен түзелуі мүмкін деп шынымен үміттенетінін айтыпты. Анау-мынау дәрігер оның ауруын түсінбейтін болса керек.

Ойына келгенін бүкпей ашық айтатын Мисс Хартнелл былай депті: «Меніңше, Мисс Эмилидің дәрігерді шақыртпағаны үлкен ақыл болған. Біздің дәрігер Хэйдокқа салсаң, өзінің желпілдек мінезіне басып, «ештеме де жоқ, тұрып жүре беріңіз, қорқатын дым жоқ!» деп қолын бір-ақ сілтер еді.

Ондай емді менсінбей, Мисс Эмили диванда жата береді екен. Жан-жағына дәрі-дәрмектің неше түрін үйіп қойып, өзіне арнап жасаған тамақтың бірін де татпай, табылуы қиын, қолға оңайшылықпен түспейтін нәрселерді сұрайды екен.

***

Мисс Марплға есікті Глэдис ашты. Оның өңі Мисс Марпл мөлшерлегеннен де жабырқау көрінді. Қонақ күтетін бөлмеде (бұл о бастағы қонақ күтетін үлкен бөлменің ширегі ғана болатын, себебі әлгі үлкен бөлмені кейін ас ішетін, қонақ күтетін, ванна және ыдыс-аяқ қоятын бөлмелерге айналдырып жіберген. Мисс Марплды Мисс Лавиния орнынан тұрып қарсы алды.

Лавиния Скиннер бойы биік, арықтау, сүйегі ірі; жасы елулерге келген, даусы жуандау, мінез-құлқы тік әйел екен.

— Қош келдіңіз,— деді ол.— Эмили ауырып жатыр, бүгін байғұстың жағдайы онша емес. Сізбен сөйлессе, көңілі көтеріліп қалар еді, бірақ кейде кісімен дидарласуға да мұршасы келмей қалады. Бишараны қойсаңызшы, шыдамды болғанда керемет ит жанды ғой.

Мисс Марпл ізетпен жауап қатты. Санкт Мэри Миидте сөз көбінесе қызметшілер жайында болатын. Сондықтан да әңгімені солай қарай бұрып жіберу оған қиынға түскен жоқ. Ол әлгі сүйкімді қыз — Глэдис Холмздың жұмыстан кетпекші болып жүргені жайлы естігенін айта бастады.

Мисс Лавиния басын изеп: «Бір жұмадан кейін кетеді. Ыдыс-аяқ сындырады. Мұндайды жаным сүймейді»,— деді.

Мисс Марпл күрсініп: «Қазір бәріне де көнуге тура келеді. Селолық жерлерге қыздарды келтіру қиындап кетті ғой. Мисс Скиннер осы жағын ескерсін, Глэдиспен қоштасқанды дұрыс дей алар ма екен?»,— деді.

— Жалшы табу қиын екенін білемін,— деді Мисс Лавиния құптап.— Деверюкстер адам таба алмай жүр, бірақ оған таңданатын түк те жоқ. Ылғи жанжал, түні бойы у-ду, кез келген уақытта ас даярлау қажет, оның үстіне ана жалшы қыз үй шаруасына мүлдем жоқ екен дейді ғой. Оған кездескен күйеудің соры да! Сосын Ларкиндердің қызметшісі де кетіп қалды. Әрине, соттың мінезіне шыдау қиын, оның құлқын сәріде тамақ ішетіні бар, сосын әйелінің сіркесі су көтермейді. Бұған да таңданбаймын. Гармихаел ханымның Жанеті тұрақты мұнда, бірақ мен білсем, ол барып тұрған сүйкімсіз әйел. Ана қарт ханымды әбден билеп алған.

— Олай болса Глэдис туралы қайта ойланып көрерсіз. Ол — шынында да жақсы қыз. Мен оның үй-ішін түгел білемін. Өте адал, жақсы адамдар.

Мисс Лавиния басын шайқап: «Менің өз есебім бар»,— деді паңданып.

Мисс Марпл күбірлеп: «Түйреуішіңізді жоғалтып алыпсыз ғой, білем...»,— деді.

— Оны кім айтып жүр. Ана қыз ғой сірә. Шынын айтсам, сол қыздан көремін. Қорыққанынан орнына қайта қоя салған. Бірақ көз жетпеген соң ештеңе айта алмайсың,— деді ол. Сосын әңгімені басқа жаққа аударып:— Жүріңіз, Эмилиді көріңіз, Мисс Марпл. Сөз жоқ оның көңілі көтеріліп қалады,— деді.

Мисс Марпл Мисс Лавинияның соңынан жүрді. Есікті қағып, рұқсат алған соң, ол қонақты әлгі пәтердегі ең тәуір саналатын, перделері жартылай жабық қаракөлеңке бөлмеге алып кірді. Мисс Эмили төсегінде жатыр екен. Күңгірттік пен белгісіз азаптың құшағында секілді. Қаракөлеңкеде ол арық, жасқаншақ адам сияқты болып көрінді. Қалың ақ шалған сары шашын басына бейберекет орай салыпты. Бұйралары қобырап, кәдімгі құстың ұясын елестетеді. Құс екеш құс та мұндай ұяны менсіне қоймас. Бөлме ішінде әтір, көгерген печенье мен зығыр майының иісі шығады.

Көзін өлімсірей ашып, жіңішке, әлжуаз дауыспен Эмили Скиннер бүгін ауыр күндерінің бірі екенін айтты.

— Аурудың ең қиын жері,— деді Мисс Эмили солғын дауыспен,— өзінің басқаға масыл екеніңді түсіну екен. Лавиния маған сондай жақсы қарайды. Апатайым-ай, мазаңды алдым-ау! Грелкамның суын ықшамдап бермейсің бе? Тек шақтап қана. Тым көп болса, зілдей болып кетеді, тым орталап жіберсе, лезде суып қалады.

— Кешір, қалқам, бері берші, ептеп суын азайтайын.

— Олай болса, суын да ауыстырып берерсің. Үйде кептірілген қатты нан жоқ болар, сірә. Жә, мейлі ештеңе етпес. Керегі жоқ. Сұйықтау шай мен бір тілім лимон болса... лимон да жоқ қой деймін? Жоқ, лимонсыз шай іше алмаспын. Бүгін таңертең сүт ептеп ашып қалған екен, енді сүттен де бетім қайтып қалды. Ешнәрсе етпес. Шай ішпесем де болар. Тек әлсіреп тұрғаным. Естуімше, шаян балық нәрлі болады дейді. Содан жеп көрсем қалай болар еді. Жо, жоқ, күн кеш боп қалды, ол оңайлықпен қолға түспес. Ертеңге дейін ораза ұстармын.

Лавиния велосипедпен селоны аралап қайту керек дегендей түсініксіз бірдемені міңгірледі де, бөлмеден шығып кетті.

Мисс Эмили қонаққа болмашы ғана күлімсіреп, кісінің мазасын алғанды сондай жаны сүймейтінін айтты.

Сол күні кешке қарай Эднаға Мисс Марпл істеген тірлігінен түк те шықпағанын түсіндірді.

Глэдистің адал еместігі жайлы өсектің селоға тарап үлгіргеніне Мисс Марпл қатты қапа болды.

Почтада Мисс Бетерби оны ұстай алып: «Джейн, бар ғой, олар Эднаға жазбаша, ынталы, ақылды, ізетті деп мінездеме беріпті, бірақ адалдық жайлы бір ауыз сөз жоқ дейді онда. Меніңше, ең керегі адалдық қой! Естуімше, түйреуішке байланысты бір өсек бар, соған қыздың қатысы болса керек. Әйтпесе, өзің білесің ғой, осы күні асып кеткен сорақы болмаса, жалшысын ешкім де жібере салмайды. Енді оларға басқа кісі табу оңайға түспейді. Бұдан былай қыздар Оулд Холлға мүлде жоламай қояды. Бос күндері үйлеріне барған кезде олардың мазасы жоқ дейді. Көресің әлі, әлгі Скиннерлер басқа ешкімді де таба алмайды. Енді, мүмкін, ана бір жексұрын науқасшаң сіңлісінің өзі тұрып бір нәрсе істейтін болар!

Апалы-сіңлілі Скиннерлер елге пайдалы қызмет көрсететін бюроның бір бөлімшесінен және бір жалшы қыз тауып алыпты, онысы нағыз періштенің өзі екен деген қауесет тарағанда село жұрты қатты ыза болды.

«Үш жылғы мінездемесі тәп-тәуір, өзі селоны ұнатады екен, сосын жалақыны Глэдиске қарағанда аз сұрайды. Жолымыздың болғанына қатты қуанып жүрмін» деген әңгімені Мисс Марпл балық сататын дүкеннің ішінде Мисс Лавинияның өз аузынан естіп: «Айтатыны жоқ, тым тәуір көрінеді. Тек атына заты сай болса»,— деген болатын.

Сосын Санкт Мэри Миидтегі жұрт жаңағы періштені түбінде айнып қалып, келмейді десті.

Бірақ әлгі айтқандардың бірі де болмай, жұрт селоның қақ ортасымен Оулд Холл жаққа Рид таксиімен кетіп бара жатқан, үй шаруасының майталман шебері, Мэри Хигинз дейтінді өз көздерімен көрді. Сұлулығын мойындамауға болмады. Тым келбетті, жарасымды киінген әйел екен.

Келесі жолы, жергілікті священник ұйымдастырған жәрмеңкеге барған кезде, Мисс Марпл Оулд Холлға тағы да соға кеткен болатын. Есікті Мэри Хигинз ашты. Жалшы әйел шынында да өте көрікті екен. Шамамен жасы қырықтарда, жинақы, қара шашты, екі беті алмадай. Толықша денесіне үйлесімді қара көйлек пен ақ алжапқыш жарасып-ақ тұр. Басына үй қызметіндегі әйелдердің қалпағын киіп алыпты. «Кәдімгі баяғы замандағы сүйкімді жалшы әйелдердің бірі дерсің. Өзінің жағымды да бәсең әрі ізетті үні Глэдистің тамағынан шығатын зор даусына мүлде ұқсамайды», — деді Мисс Марпл.

Мисс Лавинияның өңінен бұрынғыдай қатты шаршамайтындығы байқалады. Сіңлісінен қолы тимей, жәрмеңкеге бара алмай қалғанына өкінсе де ол шіркеуге әжептәуір ақшалай үлес қосыпты. Келесі жолы жәрмеңкеге қаламұш тазалайтын бұйым мен жас нәрестелердің аяғына киетін шұлық тоқып апаратын болыпты.

Мисс Марпл оған әрінің кіріп қалғанын айтса, Мисс Лавиния: «Мұның бәрі де Мэридің арқасы. Оның алдындағы қыздан құтылғаныма сондай ризамын. Мэриге баға жетпейді. Тамақты сондай әдемі пісіреді, дастарқанның сәнін қалай келтіреді десеңізші. Кішкентай пәтерімізді мұнтаздай таза ұстайды, төсеніштерді күн сайын ауыстырып қағады. Эмилиге сондай жақсы қарайды» — депті.

Мисс Марпл одан дереу Эмилидің жағдайын сұрастырды.

— Бейшараны қойсаңызшы, кейінгі кезде тым нашарлап кетті ғой. Әдейі істемейді ғой, әрине, бірақ кейде қатты қиналамын. Көңілі қалаған соң бірдемелерді пісіріп, дайындап алдына қойсаң, мезгілінде ішпей қояды да, жарты сағаттан соң қайта сұрайды. Ол кезде тамақ суып, дәмі кетіп қалады. Енді оны қайта жасауға тура келеді. Мұның бәрі көп жұмыс, бірақ бақытымызға қарай Мэри мүлде ренжімейді. «Жарымжан адамдарды күтуге етім үйренген, оларды түсінемін»,— дейді. Мұнысы қандай жеңілдік десеңізші.

— О не дегеніңіз,— деді Мисс Марпл,—сіз бақытты адам екенсіз.

— Айтатыны жоқ. Жалбарынғанымыз құдайдың құлағына шалынып, Мэриді тап қылды ғой бізге.

— Сонда да күдігім бар, — деді Мисс Марпл, — жақсысы жақсы-ау. Лайым солай-ақ болғай, бірақ мен сіздің орныңызда болсам, аз да болса ойланған болар едім.

Лавиния Скиннер бұл сөздің түйінін түсінбеді. «О не дегеніңіз, ол үшін қолдан келгеннің бәрін де жасаймын, бұған сеніңіз. Егер кетіп қалса, не болатынын білмеймін», — деді.

— Менің білуімше, дайындық жасап алмай тұрып, ол кете қоймайды, — деді Мисс Марпл пәтер иесіне тесіле қарап.

Мисс Лавиния: «Үй шаруасы мазасын алмаған адамдардың дүниесі түгел ғой, солай емес пе, Мисс Марпл? Әлгі кішкентай Эднаңыз қалай?» — деді.

— Оның жағдайы жақсы. Сіздің Мэридей емес, әрине. Бірақ Эднаны мен бүге-шігесіне дейін жақсы білемін, себебі ол осы селоның қызы ғой.

Мисс Марпл дәлізге шығып бара жатып, науқас әйелдің кейіген үнін құлағы шалып қалды. «Мына бір компресс мүлдем құрғап кетті. Өнебойы дымқыл болып тұруы керек деп дәрігер Аллертон баса айтып еді ғой. Жә, жә, таста оны. Маған бір кесе шай мен бір жұмыртқа әкеліп берші. Жұмыртқа үш жарым минуттан артық қайнамасын, ұмытып кетпе. Сосын Мисс Лавинияны маған жібере салшы».

Пысық Мэри ауру жатқан бөлмеден шығып, Мисс Лавинияға: «Сізді Мисс Эмили шақырып жатыр мадам»— деді де, тоқтамастан Мисс Марплға есік ашып бермекші болып, сол жаққа жылжыды. Ізет көрсетіп, пальтосын кигізіп, қолына қолшатырын ұстатты.

Мисс Марпл қолшатырын ұстай беріп, жерге түсіріп алды. Енді оны көтермекші болып еңкейе беріп еді, қолға ұстаған сумкасы қоса түсіп кетті. Аузы ашылып кетіп, ішіндегісі ақтарылып қалды. Мэри шашылып қалған бұйымдарды ұқыптылықпен жинай бастады: бет opамал, керекті нәрселерді жазып қоятын қойын дәптер, ескі үлгімен жасалған былғары әмиән, екі шиллинг үш пенни ақша және бір тал қатты кәмпит.

Мисс Марпл кәмпитті алып жатып, ұялғаннан кібіртіктеп қалды.

— Қап, енді қайттім. Клемент ханымның кішкентай ұлынан келді бұл. Кәмпитті сол сорып жүрген. Сумкамды алып ойнап отырғанын көріп едім. Сол салып жіберген ғой!— деді ол.

— Мен ала салайын ба, мадам?

— Е, сөйтсең сөйте қойшы. Үлкен рахмет.

Мэри еңкейіп, ең соңғы бұйымды жерден көтеріп алып берді. Кішкентай айнаны қайта салып жатып, Мисс Марпл: «Сынбағаны оңды болды», — деп қуана дауыстап жіберді.

Келесі сәтте Мисс Марпл қош айтысып шығып кетті. Ізетпен есік ашқан Мэри, кәмпитті ұстаған күйі беті бүлк етпей қала берді.

***

Санкт Мэри Миид және он күн бойы Мисс Лавиния мен Мисс Эмилидің жаңадан қабылдаған жалшысы туралы неше түрлі мадақтау сөзді естіп жатқан болатын.

Он бірінші күні село күтпеген жаңалықтан шошып оянды.

Мэри, әлгі мінсіз періште, жоғалып кетіпті! Төсегі жиюлы қалпында, сыртқы есік ашылған күйінде қалыпты. Түнделетіп ешкімге сездірмей сытылып кеткен болса керек.

Жоғалып кеткен тек жалғыз Мэри болмай шықты! Мисс Лавинияның екі әдемі түйреуіші мен бес сақинасы, Мисс Эмилидің үш сақинасы, алқасы, білезігі және төрт сәнді түйреуіші қоса жоқ болып шықты!

Бұл масқараның тек басы ғана болатын.

Жас келіншек Деверюкстің құлыптанбайтын тартпаға салып қойған бриллианттары мен үйлену тойларында сыйлаған бағалы елтірілерінен айырылып қалыпты. Әлгі сот пен әйелінің бағалы асыл тастары мен біраз ақшасы да қоса алыныпты. Ең қатты сорлаған Гармихаел ханым боп шықты. Ол бағалы асыл тастарынан ғана емес, сонымен қатар үйіне сақтап жүрген көп ақшасынан да қоса айрылып қалды. Бұл кеште Жанет демалыста болатын, ал Гармихаел ханым кешкісін, әдеттегісінше, бақтың ішінде құстарды айналдырып, соларға нанның қоқымын шашып серуен құрып жүрген болатын.

Мінсіз қызметші, Мэри періштенің қолында барлық пәтердің есігін ашатын кілт болғанына ешкім де күмәнданбады.

Шынын айту керек. Санкт Мэри Миид селосындағы жұрттың біразы табалағандай, сауап болды деп боп жүрді. Өйткені, Мисс Лавиния өзінің жалшысы, Мэриді жер-көкке сиғызбай жиі мақтайтын.

— Сұмдық-ай, өмір бойы үйді үптеп жүрген нағыз ұрының өзі екен ғой!

Тағы бір жаңалықтың беті ашылды. Мэридің өзі ғана із-түзсіз жоғалып кетпеді. Масқара болғанда, Мэри Хигинзге жолдама берген, куәлік қағаздарына кепілдік еткен, арызын қабылдап, мінездемесімен айналысқан әлгі мекеменің, шын мәнінде, еш уақытта да болмағаны анықталды. Мэри Хигинз деген бір шіркеудің деканының қарындасымен бірге тұратын жалшы әйелдің есімі болып шықты. Ол бірақ Корнуолл2 жақтағы бір жерде сау-сәлемат өмір сүріп жатса керек.

— Бастан-аяқ ақылмен істелген, — деді инспектор Слэк мойындауға мәжбүр болып.— Керек десеңіз, әлгі әйел гангстерлермен сыбайлас. Былтыр Нортумберленд3 жақта да дәл осындай бір қылмыс жасалған. Ұрланған заттар ізін таптырмай кеткен. Әйелді де ұстай алмай қалған болатын. Бірақ бұл жолы бізден құтыла алмайды!

Инспектор Слэк әрқашан сенімді сөйлейтін адам болатын.

Арада бірнеше апта өтті, бірақ Мэри Хигинз дүниені белден басып, әлі еркіндікте жүрген болатын. Инспектор Слэк қанша тырысқанымен түк шығара алмады.

Мисс Лавиния жылап-сықтады. Мисс Эмили қатты абыржып, мазасы болмаған соң, дәрігер Хэйдокты шақыруға мәжбүр болды.

Бүкіл село Мисс Эмилидің сырқаты жөнінде дәрігер не ойлайды екен деп, соны білуге қатты ынтызар болды, бірақ дәрігерден батып ешнәрсе сұрай алмады.

Дегенмен бұл жөнінде дәріхананың бастығының көмекшісі Миик мырзадан бір жақсы хабардың шеті шығып қалды. Миик мырза Праис-Ридли ханымның жалшы қызы Кларамен дәріханадан сыртқа бірге шығыпты. Әңгіме үстінде дәрігер Хэйдоктың тырыспа ауруына қарсы бір сұйық дәрі мен валерианка жазып бергені белгілі болып қалды. Миик мырзаның айтуына қарағанда, жаңағы дәрілер армияда өтірік ауырғандарға берілетін болса керек.

Көп ұзамай Мисс Эмилия жергілікті дәрігердің жасаған еміне көңілі толмайды екен, денсаулығының қазіргі жайына байланысты Лоңдонда тұратын, ауруының емін білетін маман дәрігерге баруды жөн көреді екен, тек Лавинияның қамын ойлағандықтан ғана солай етпекші екен деген сөздер де ,елдің құлағына шалына бастады.

Олардың пәтері басқа біреуге жалға берілетін бопты.

Осыдан біраз күн өткен соң Мисс Марпл екі беті қызарып, асып-сасып полицияға келді де, инспектор Слэкты сұрады.

Инспектор Слэк Мисс Марплды ұнатпайтын. Бірақ бас констебль, полковник Мэлчеттің Мисс Марплға басқаша қарайтынын ол білетін. Сондықтан да онша жақтырыңқырамай қабылдап: «Есенсіз бе, Мисс Марпл, маған не жұмыспен келдіңіз?»— деді.

— Қап әттеген-ай, —деді Мисс Марпл, — байқауымша, асығыс екенсіз ғой.

— Жұмыс бастан асады,— деді инспектор Слэк,— бірақ екі-үш минут уақыт табуға болады.

— Қап, — деді Мисс Марпл, — ойымдағыны дұрыстап жеткізіп үлгірсем тәуір болар еді. Ойыңды жеткізуден қиыны жоқ. Білесіз бе, жаңаша оқып, білім алмаған соң, жәй оқытушыны қойсаңызшы. Англия корольдарының өмірбаяндары мен жалпы мағлұмат бергеннен басқа не біледі дейсіз. Тіпті біразының әрі-беріден соң керегі жоқ. Бұл нақты білім беру емес әр нәрсенің басын шату деген сөз ғой. Мен де солай еткелі тұрмын. Айтайын дегенім, Мисс Скиннердің қызметшісі Глэдистің жайы еді.

— Мэри Хигинз, — деді инспектор Слэк.

— Иә, ол екіншісі. Бірақ менің айтып тұрғаным Глэдис Холмз. Өжет, өркөкірек қыз. Бірақ өте адал. Осы адалдығына елдің енді көзін жеткізу қажет. Мәселе сонда.

— Менің білуімше, оған тағылған айып жоқ қой,— деді инспектор.

— Айып тағылмағанын білемін. Бірақ бұл айып таққаннан да жаман, себебі ел әлі өсек айтуын тоқтатқан жоқ. Қап, әттеген-ай, сасқалақтап тұрғанымды қарашы. Менің ең негізгі айтайын дегенім — Мэри Хигинзді табу керек.

— Әрине, табу керек, — деді инспектор Слэк. — Ол жөнінде еш нәрсе білесіз бе?

— Иә, білемін — деді Мисс Марпл. — Сізден бір сұрақ сұрауға бола ма? Саусақ таңбасының сізге пайдасы болар ма екен?

— Е-е, — деді инспектор Слэк, — бұл жөнінен ол бізден қулығын асырып кетті. Қолына резина қолғап немесе жалшы әйелдің қолғабын киіп алып бітірген болу керек жұмысының көпшілігін. Өте сақ істеген. Ұйықтайтын бөлмесі мен ыдыс-аяқ жуатын жердегі заттардың бірін қалдырмай сүртіп кетіпті. Пәтерден бір саусақтың да ізін таба алмадым!

— Егер табылса көмегі болар ма еді?

— Әрине, болар еді, мадам. Скотленд-ярд білуі мүмкін ол таңбаларды. Бұл оның бірінші қылмысы емес, айтпақшы!

Мисс Марпл басын изеп, жадырап сала берді. Ол сумкасын ашып, кішкентай бір картон қорапты шығарды. Оның ішінен жұмсақ матаға оралған айна көрінді.

— Қол сумкаға салып алып келдім, — деді Мисс Марпл. — Әлгі жалшы әйелдің саусақтарының таңбасы бар онда. Меніңше, онды болуға тиісті, өйткені айнаны алардың дәл алдында ол өте бір жабысқақ зат ұстаған болатын.

Инспектор Слэк тесіле қарап: «Оның саусақ таңбаларын әдейі алдыңыз ба?» — деді.

— Әрине, солай.

— Ендеше, сіз одан сезіктеніп қалғансыз ғой?

— Қалай десем екен, мен оның атына заты сай еместігін сезгенмін. Мұны Мисс Лавинияға айттым да. Бірақ ол менің айтқанымды құлағына да қыстырған жоқ! Жаман жерім, білсеңіз, инспектор мырза, мінсіз періштелерге сенбеймін. Бәріміздің де кемшілігіміз бар, ал үй шаруасы ол кемшіліктерді бірден көрсетеді!

— Сонымен, — деді инспектор Слэк өзіне-өзі енді келіп, — мен сізге шыныменен қарыздармын; мыналарды Скотленд-ярдқа жібереміз. Олар ақ пен қарасын айтуға тиісті.

Слэк сөзін аяқтағанда Мисс Марпл басын бір жағына ептеп қисайтып, оған мұқият мән бере қарап отырған болатын.

— Шамасы үйге жақынырақ осы төңіректен іздеу керектігін ойланбаған болдыңыз ғой, инспектор?

— Мисс Марпл, осы сіздің не айтқыңыз келіп отыр?

— Мұны түсіндіру қиын, қисынсыз нәрсеге тап болсаң көбіне ол түкке тұрмайтын ұсақ-түйек болуы да мүмкін. Сенсеңіз, мен мұны көптен байқағанмын. Әлгі Глэдис пен түйреуішті айтамын. Ол өте адал қыз, түйреуішті алған жоқ. Олай болса Мисс Скиннер неге ол қыздан көреді? Мисс Скиннер ақымақ емес, шаруасын білетін әйел! Жалшы табудың киын екенін біле тұра, ол жап-жақсы қызды босатып жіберуге сонша неге асықты?— Бұл ойландыратын нәрсе, білсеңіз. Сондықтан да мен ойландым. Көп ойландым. Сосын тағы бір нәрсені байқадым! Мисс Эмили науқасшаң әйел, бірақ аурушаң адамның ешбір дәрігерді шақыртпағанын бірінші рет кездестіріп отырмын. Дімкәс адамдар әдетте дәрігершіл болушы еді. Мисс Эмили ондай емес!

— Бұнымен не айтпақсыз, Мисс Марпл?

— Менің айтайын деп отырғаным, білсеңіз, Мисс Лавиния мен Мисс Эмили ерекше жандар. Мисс Эмили уақытының көбін қараңғы бөлмеде өткізеді. Ана шашы жасанды болмаса... мен құлағымды кесіп берейін. Айтайын дегенім, ана ашаң, аққұбаша, сұрғылт шашты, дімкәс әйел мен қара шашты, қызыл шырайлы, толықша әйелдің бір адам болуы әбден ықтимал. Сосын Мисс Эмили мен Мэри Хигинзді бір мезгілде көрген адамды кездестіре алмадым мен.

Кілт біткеннің үлгісін түсіріп алуға да, пәтер иелерінің қыр-сырын, несі бар — несі жоғын білуге де уақыт әбден жеткілікті болды. Енді жергілікті жалшы қыздан құтылады да, Мисс Эмили селодан жаяу тартып кетеді. Келесі күні ол Мисс Мэри Хигинздің кейпіне еніп, вокзалға қайта келіп түседі. Сосын шаруасын бітірген кезде, Мэри Хигинз зым-зия жоқ болады. Оның соңында улап-шулап, опық жеген ел қалады.

Оны қайдан табатыныңызды мен сізге айтайын, инспектор. Мисс Эмилиді Скиннердің диванынан табасыз! Маған нанбасаңыз саусақтарының таңбасын алып көріңіз, бірақ менікі дұрыс екеніне көзіңіз жетеді! Скиннерлер — айлакер ұрылар, және, сөз жоқ, олар заңсыз сауда жасайтын алып-сатарлармен сыбайлас. Бірақ бұл жолы олжаларын алып кете алмайды! Мен оларға жергілікті бір қызымыздың арын таптатып қоя алмаймын! Глэдис Холмз — адал қыз, ары таза, елдің бәрі мұны білетін болады әлі! Сау болыңыз, инспектор!

Инспектор Слэк есін жиғанша, Мисс Марпл аяғын нық басып шығып кетті.

— Міне, керек болса, — деді ол міңгірлеп. — Ал егер осыныкі дұрыс болса ше?

Көп уақыт өтпей-ақ Мисс Марплдың сөзінің дұрыстығына көзі жетті.

Полковник Мэлчетт Слэкті үлкен табысымен құттықтады. Ал Мисс Марпл болса, Глэдисті Эднамен қоса шайға шақырып, оған бір дұрыс жерден жұмыс табылса, сонда тұрақтап түбегейлі қалуға ақыл қосты.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру