Ғабиден Қожахмет | Аралдың жігіттері

  Ғабиден Қожахмет | Аралдың жігіттері


Емтиханға дайындайтын ақылы курста бұдан өзге төрт жігіт оқыған еді. Бұл жігіттердің төртеуінің де жасы - бұдан ересек. Осы жігіттердің ішінде Аралдың жігіті мұны өзіне жақын тартады. Өйткені Аралдың жігіті екі сөзінің бірінде: "Маған Аралы не, Қазалысы не, бәрібір", - деп сөйлейді.

Аралдың жігіті кітап оқиды. Аралдың жігіті домбыра ұстайды. Жалдап тұрып жатқан пәтеріне барғанда, сол домбырасын алып сол кезде кең таралып жатқан "Көздеріңе ғашықпын" деген әнді салып отырады.

Бірде екеуі таныс қыздарды жатақханаларына дейін шығарып салғаны бар. Жатақхана жабылатын мезгіл болған еді. Қыздар бұлармен қоштасып ішке кірді. Жатақхананың аузында сол күнгі кезекшілікте бұларға таныс Қазалының қызы тұр екен. Есікке көлденеңдей үстел қойылған. Үстелдің аржағында Қазалының қызы, бержағында екеуі сол қызбен сөйлесіп тұрып қалды. Осы кезде ішке, сірә, қыздарына келген болу керек, төрт-бес жігіт кірді. Жігіттердің алдында келе жатқан өзін еркінірек, адуындылау ұстайтындығы байқалып тұратын төртпақ денелі, жауырынды келген жігіт әлгі үстелге қос алақанын қойған күйі асыла тұрды да:

- Қарындас, іштен қыздарды шақырып жібересің бе? - деді.

Жігіттің еркінсіңкіреген мінезін қыз жақтырта қоймады ма, шап етіп жауап берді:

- Шақыра алмаймын! Жатаққана деген жабылатын уақыт болды ғой!

- Шақырып жіберсеңші!

Осы кезде Қазалының қызы төртпақтың шамына тиетіндей бір сөз айтып қалды, білем, төртпақ ашуланып аспанға секірді.

Аралдың жігіті төртпақты жеңінен тартады. Төртпақ қызға қарап тұрған қалпы Аралдың жігітіне мойнын да бұрып қараған жоқ, жеңінен ұстаған қолды сілкіп тастады да:

- Жайыңа тұр қыстырылмай! Саған сөйлеп жатырған ешкім жоқ! - деді.

Аралдың жігіті де шақ ете қалды:

- Неге жайыма тұрады екенмін?! Сендер біз сөйлесіп тұрған қызға келіп килігіп жатырсыңдар ғой!

Енді төртпақ бар денесімен Аралдың жігітіне қарай бұрылды. Жүзінде мысқыл бар еді.

- Сен соншалықты кімнің шерісі едің?! - деді. - Қай жақтың жігітісің өзің?!

Аралдың жігіті де төртпаққа қарап ежірейе түсті:

- Аралдың жігітімін, ал! Қайтейін деп едің, қай жақтың жігіті екендігімді?!

Төртпақтың аузы ашылып қалды. Содан кейін барып жүзіндегі таңданыс жылы жымиысқа ұласты. Сосын құшағын ашты:

- Бауыр-е-ем!

Сөйтсе, мына жігіттердің өздері Аралдың жігіттері екен. Енді жігіттер Аралдың жігітін келіп кезек-кезек құшағына алсын.

- Аралдың жігіті екенсің ғой?! Аралдың қай жеріненсің?!

Аралдың жігіттерінің осындай мінездері барын бұрын да көрген. Олардың танымайтын жігіттерінің арасында "Арал" деген сөз айтылып қалса болды, бір-бірімен бауырласа кететін. Оларға Қазалы деген сөз айтылса да, осы мінездерін көрсетіп тұрады.

Жерлес жігіттері өзін құшақтап жатқасын, енді Аралдың жігітінің де жүзі жылиын деді.

- Мына қыз - Қазалының қызы, - деді үстелдің аржағында тұрған қызды көрсетіп.

Сол-ақ екен, төртпақ жік-жапар болды да қалды:

- Қазалының қызы еді дегенше, қарындасың еді десейші! - Кешір қарындас! - дейді төртпақ. - Бізден бір айып кетті.

Сол-ақ екен, үстелдің аржағында тұрған Қазалының қызы да сызыла қалсын.

- Жоқ, ағалар, бұл жерде айып менен! Өзімнің ағаларым екенсіздер ғой. Қайдан білейін, маңдайларыңызда Аралдың жігіттері деп жазулы тұрған жоқ қой. Қазір шақырып келемін қыздарды.

Төртпақ одан сайын жік-жапар болды:

- Жо-жоқ, қарындас! Біз өзі мезгілсіз уақытта келіппіз. Қазір қыздар ұйықтап та қалған шығар?

- Әй, аралдық аңғал ағаларым-ай! - дейді Қазалының қызы. - Күштерің бойларыңа сыймай тұрса да, әлі күнгі қыздың сырынан бейхабар екенсіздер ғой. Осы уақытта қыздар ұйықтайтын ба еді? Тысыр еткен дыбысқа құлағын түріп, елегізіп-ақ жатқан шығар. Қазір шығарамын ғой ол қыздарды.

Айтса, айтқандай-ақ, халаттарының өңірін бір қолымен қымтап ұстаған төрт-бес қыз ысырылып қойылған үстелдің жанынан жігіттеріне қарай өте берді, өте берді.

Сол жылы бұл оқуға түсіп кетіп, Аралдың жігіті үнемі қауырт шаруалармен жүретін бір салаға жұмысқа ауысып, оны көре алмай кеткен еді. Бір күні пойыздың ішінде көрді.

- Үйлендім! - деді Аралдың жігіті мұны көрген бойда. - Үйлендім! Айды аламын ғой деуші едім, айға қолым жетпеді. Бірақ алған жарым - Шолпан жұлдызының өзі!

Одақ мүшесі, қазалылық белгілі ақынның мына бір жыр жолдары қатар жатқан іргелі екі ауданның туыстығы мен бірлігін дәлелдей түсетін секілді.

Туыстықты жүрегімде тербетем,
Ел бірлігін ойламаған ер ме екен?!
Кейде бізді әзіл-шыны аралас,
"Ақұдайлар" аудандары дейді екен.

Жая салған дастарқаны - даладай,
Қарттары бар елпілдеген баладай.
Жігітінің жанары - от, шындықты,
Тіке айтатын бет-жүзіңе қарамай.

Қыздарына көз сүрінген, сүйінген,
Келіндері сәлем етіп иілген.
Бәйбішесі - бес биенің сабасы,
Өмір жібін үзіп алмай иірген.

Сондай елміз - Арал менен Қазалы,
Жетіп жатқан рақаты, азабы.
Тартылғанмен, Арал кері қайтқанмен,
Тартылмаған елдің думан-базары.

Тектілікпен туған жерде тік тұрған,
Қайсарлықпен сан апатты ықтырған.
"Ақұдайлар", айналайын сендерден,
Адамдардың ұлылығын ұқтырған!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру