Баубек Бұлқышев | Паровоз туралы ертегі

  Баубек Бұлқышев | Паровоз туралы ертегі


Құланиектеніп таң білінген кезде Мекке - Мәдинеден дүлдүліне мініп, зұлпықарын асынып, атағы бүкіл әлемге кеткен Ғазретғали пайғамбар жолға шығыпты.

Оның ойына бірнеше қырғын соғыстардағы, тіпті өзі таң қаларлық болған жеңістері, «аллалап ап» дегенде, көлденеңінен пайда бола кететін күші, керемет майдандардың шаңы бұрқырап, қызыл қандар су болып аққан суреттері елестеді.

Бірақ бір ұзын аяқ сары маса ызылдап көзінің алдында, мұрнына қанатымен сырып өтіп быж-быж етіп мазасын кетірді. «Ер мұрынды келеді, ат ерінді келеді» дегендей, жарықтық Ғазретғалидің мұрыны қоқырайған үлкен болатын. Ал танауының тесігі анау-мынау шелектей бар. Ызылдаған сары маса енді мазасыздығын бұрынғыдан да гөрі ұлғайта түсті. Тіпті даңдайсып кетті. Бір кезде быж-быж етіп ән салып келді де Ғазретғалидың танауына зып берді.

Ғазретғали пысқырынды да қалды.

Жарықтық Ғазрет масадан құтылған соң жайланып дүлдүлінің үстінде бір шіреніп қойды. Ғазретғали өзінің құлақ еститін жеріне қандай күшті, қандай атақты күш болса, онымен ізденіп барып күш сынасу, соны қалай да жеңіп шығуды алдына міндет қылып қойған адам.

Ол қырық қойдың етін жеп, қырық саба қымызды ішетін Дариға қызды іздеп келіп күрескен екен.

Мекке - Мәдинеде жатқан Ғазретғали жер жүзінде бір үлкен ел бар, онда бірнеше батыр бар дегенді құлағы шалды. Ол соңғы бір жыл бойы сол елдің ең күшті деген батырымен күрессем деп күні-түні ойда болды, ақыры сол елге баруды дұрыс деп тауып, бірнеше ай тынығып күреске күтінеді.

Мінеки, Ғазретғалидің бұл сапары осы күшті елдің бір батырымен күресуге шыққан беті еді.

Күндердің күні Ғазретғали Совет елінің бір шопанына кездеседі.

Ол ұшы-қиыры жоқ жайылып жатқан семіз қойлардың ана шеті мен мына шетіне көз салып:

— Бұл қай ауылдың қойы? — деп сұрайды.

— Бұл қой Совет совхозыныкі.

— СССР деген елді білесің бе?

— Білемін, — деп шопан жөн сұрай бастайды.

Ол өзінің Ғазретғали екенін, СССР елінің батырларымен күш салыстыруға келе жатқанын әңгімелейді.

— Еліңізден шыққалы қанша болды?

Ғазретғали көп уақыт жүргенін айтады. Сонда қойшы тұрып, СССР - дің дүлдүліне мінсең, алты айшылықты алты-ақ күнде жүрер едің дейді.

Ғазретғали ашуланып, менің дүлдүліме таласатын дүлдүл жер жүзінде жоқ, ондай дүлдүл қайда, онымен дүлдүлімнің күшін салыстырамын дейді.

Шопан күліп: «Онда, сіз ренжімесеңіз», — деп паровоз жүретін жолды сілтейді. Шопаннан жөн сұрап алып, Ғазретғали жолға аттанады.

Ол СССР - дің дүлдүлімен кездескенше асығып, дүлдүлін орғытып жүріп кетеді.

Сол кезде екі танауынан буын бұрқ-бұрқ еткізіп, аузынан көбік шашып арқыраған қара айғырдай, алып паровоз шыға келеді.

Сөйткенше Ғазретғалидің жауырынына таянып қалды. Арқыраған қара айғыр жапан дүзде жүрген бұл не қылған жалғыз жан дегендей, азынап айқай салғанда даусы гүрілдеп жер жүзін жаңғырықтырғандай болады.

Ғазретғалидің астындағы дүлдүлі бұрын көрмеген өзінен де даусы зор үлкен дүлдүлді көріп, жүрегі ұшып ырғып - ырғып түседі. Паровозға таң қалып, үрейі ұшып, екі көзін соған тігіп келе жатқан Ғазретғали дүлдүлінен құлап мерт болды.

Паровозда отырған жас машинист құлындай ойнап шыға келген дүлдүлді көріп мынау бір көрмеге қоярлықтай ірі жануар екен деп, дүлдүлді ұстап алып хайуанаттар паркіне өткізді.

Ғазретғали ең соңғы рет «алла» деді. Машинистін қолына түскен дүлдүл: «Сенің түбіңе «алла» баяғыда-ақ жететінін білім едім», — дегендей өліп жатқан Ғазретғалиға қарап құйрығын шаншып осқырып жіберіпті.

Ғазретғали кездесетін тәңірін білмей жүр екен. Дүлдүлін СССР Мемлекетінің хайуанаттар паркіне өткіздіріп, өзі мәңгілік нәуім базарына сапар шекті.



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру