Балғабек Қыдырбекұлы | Үйшінің әңгімесі
— Оған міне елу жыл болып барады,— деп бастады Тоқсанбай қарт әңгімесін.— Кедейліктің кесірі не істеткізбеуші еді. Үй жонатын өнерім болатын. Содан төмен үй жасауға Ілеге түскен кезім бар-ды.
Осы Алатаудың бауырынан он түйемен төрт-бес кісі үй жонуға аттандық. Қоңыр күз болып, ағаштың жапырағы түсе бастаған кез. Алатау маңында қазақ үй жонуға қолайлы ешкітал өспейді. Мұндай тал осыдан үш-төрт жүз километр жердегі Топардың Ілеге құйған жерінде. Онда сыңсыған орман, қорыс. Біздің мақсатымыз осы көп ағаштың кеніне кіріп, он шақты күннің ішінде он үй жонып алып қайтпақпыз. Онда қазақ үйдің сүйегі бір қара тұратын. Ал бес кедейге он түйені жалға берген байға сегіз қанат екі үйдің сүйегін тегін жонып жеткізіп беруге міндеттіміз. Амал нешік көлігіміздің жоқтығынан екі атан түйеміз байға босқа кетеді.
Арада далаға екі күн түнеген соң жердің түрі өзгере бастады. Ит шайнаған орамалдай қалың қоңыр қырқа біртіндеп азайып барып жоқ болды. Енді бірыңғай боз жусан өскен жазық дала. Елсіз далада жаз күнінде шырылдап тыным таппайтын бозторғайлар мүлде жоқ, күз түсуімен олар түстік жаққа ауысып кетсе керек. Қыс келетінін уәйімдеп аспанда көз жетер-жетпесте ұзын мойын тырналар тырулап қайтып барады. Алыстағы төңкеріліп жазылып ұшқан тырналарды көріп бала күнімізде айтатын «арқан тарт, кілем жап, ақсақ қызға сәлем айт» дейтін өлең есіме түсті. Қоңыр күздің мизам ұшқан бозша даласында анда-санда дала құсы — бұлдырық көрінеді. Басқа күс та, аң да көзге түсе қоймайды.
Үшінші күні жердің түрі тағы өзгерді. Бұйрат-бұйрат құм пайда болды. Алдымен қопалы жердің миқы бұталары шеңгел мен жыңғыл басталды да, жүре келе сексеуіл шабыры көбейді. Бұл жерде қырғауыл мен қоян жыртылып айрылады екен. Оны ермек етіп, саят құруға уақыт қайсы, оны аулап тамашалайтын қару қайсы, кедейлік тоқтатпай қуып барады.
Төртінші күні Топарды жағалай отырған бірлі-жарымды ауыл кездесті. Әлі Ілеге біраз жер бар.
Күн бесіннен асып, екіндіге таянып қалды. Түйенің итбектеген жүрісі өзімізді әбден шаршатты. Сөйтіп келе жатқанда қалың құрақпен қамыс арасынан алдымыздан қаптаған сиыр көрінді. Осы жерге дем алмақ болып ойланып келе жатыр едік, бір уақытта күтпеген оқиға болды.
Бір кезде күн күркіреп, найзағай ойнағандай қатты дауыс естілді. Біз бәріміз аспанға қарастық. Күн ашық. Қызуы кеткен күз күні сәулесін жерге бір ыңғай ғана шашып тұр. Дәнеме байқалмайды. Күннің күркіреуі ұлғайып, осы жерге аспаннан жасыл түсіп келе жатқандай болды. Дүниені жаңғырықтырып, азан-қазан еткен құдіретті үн жерді астан-кестен етіп атылған жанартаудың серпініндей төңіректі дүрліктіріп жіберді. Біріне бірі тіркесіп келе жатқан он түйеміз тапжылмай орындарында қатты да қалды. Олардың бір аттап басуға мұршасы жоқ, бәрі дір-дір етеді. Сәлден кейін үріккен тана-торпақ екі құлағы делдиіп бізге қарай ойысып келеді. Сиырлар мөңіреп, бұқалар өкіріп, үрейлі жаман дауыс үдей түсті, Әр талдың арасынан жөңкіле қашқан сиырлар көрінеді. Әлден уақытта күннің күркіреуі барылдаңқырап барып, қайта көтеріліп басылды.
— Ана сұмдықты қараңдар,— деді алдағы түйеге мінген сол кезде орта жастағы кісі. Аспанда бір бұзау-тана төрт аяғы көктен келіп, сақпанның тасынша шиырылып ұшып барады. Не екенін түсіне алмай біз дал болдық. Маған ол бұзау-тананың ұшуы торғайдың ұшқанындай көрінді. Әрине қорыққанға қос көрінген де шығар, дегенмен ол жерден аз болса алты-жеті метрдей көтерілді. Әрине теңіз жағасындағы теп-тегіс жерде екі метр биіктіктегі нәрсе де екі шақырымға көрінеді. Сондықтан да тана маған сақпаннан шыққан тастай болып көрінді. Күннің күркіреуі ырылмен ұштасып барып, жоқ болып кетті. Мұның не пәле екенін біле алмай біз қайранбыз.
— Бұл не?—дестік біз үлкен кісіге қарап. Ол бізге «жолбарыс» деп жауап қайырды. Пәлі, кәдімгі аңның ең азулысы, ең жыртқышы, ең жылдамы, ең ашушаңы. Байқасақ мұның жолбарыс екенін бізден гөрі біздің түйелеріміз жақсы білсе керек, қарап тұрып қара суға түсіп терлеп кетіпті. Бәрінің де тері қомдығынан моншақтап шығып, жерге тырс-тырс тамып тұр.
Біз осы жерге демалуды ұйғардық. Өйткені жолбасшымыз бұдан әрі бүгін жүруге болмайды деді. Жолбарыс ілгері тоғайға қарай кетеді. Сондықтан ол ұзап кеткенше бүгін осы айналадан кетпеуіміз керек екенін түсіндірді.
— Ойбай-ау, біз қайта бұл жерден тез кетуіміз керек емес пе? Ол бізді аңдымай ма?
— Жоқ,— деді жолбасшы, оны адамға ұқсатып,— ол ондай сүмсік емес. Айналып соқпайды. Тек үстіне дәл келіп қалмаса адамнан қорықпайтын мақлұқ жоқ, одан жылыстап, алыс жүруді жөн көреді.
Дегенмен менің зәре-құтым қалмады. Сәлден кейін осы жерде сиыр жайған бақташы бала да кездесті. Ол «бір танамды жолбарыс лақтырып, өлтіріп кетті» деді. Сөйтсек біздің анық көретініміздей-ақ бар екен. Тананың өлігі бізден жүз қадамдай-ақ жерде жатыр. Сондай дүниені күңіренткен жолбарыс сол тананың етінен бір асап жемепті де.
— Ол не қылған ақымақ,— дедім мен күйіп кетіп,— шапқан азығына ауызын бір салмағаны.
— Жалмауызға да жан керек деген шырағым. Жаңағы барлық сиырдың өкіргені оны қорқытпады деймісің.
Біз екі-үш күн ішінде үй ағашты әзірлеп, жарты айдан кейін жоғары беттедік.
Қайтар жолда бір үйге қонсақ бұл Жалайырға атағы шыққан жолбарыс соққыш Келдібек дегеннің үйі екен. Біз жолбарыстың тананы қалай лақтырғанын айттық. Әңгіме қызып, Келекең өзінің жолбарысты қалай аулайтынын әңгімелеп берді.
Жолбарысты аулау үшін жолбарыстай күшті болудың керегі жоқ көрінеді және оған күшпен теңесу мүмкін де емес екен. Бірақ жолбарыстан гөрі адам жүректі болуы керек деді ол. Сонымен бірге жолбарыстай шапшаң болу керек. Жолбарысты Келдібек әдейі іздеп ізіне түседі екен. Ол жазда женіл, қыста ықшам киініп қолына жеңіл айбалтасын алып, кісесіне бір-екі құрт тығып, белдігіне қынымен қанжар байлап бір қыл арқанды арқалап үйінен шығады екен. Содан жолбарыстың ізіне түсіп келіп, енді осы мерзімді жер дегенде, немесе жолбарыс енді осы төңіректе болуы тиіс дегенде отырып дем алып, тамақтанады, Содан соң арқалаған қыл арқанды
Тыңдап тұрып, сол қолына қолтығына дейін таусылғанша орайды. Бұдан кейін айбалтаны ыңғайлап ұстап жүріп отырады.
Сонау бір жерде шабынып, аспанға қарап азан-қазан ақырып жолбарыс тұрады. Немесе ол жүресінен шабуға ыңғайланып, аңшының кірпігін аңдып жатады. Осы кезде Келдібек кәдімгі үйреншікті ит пен мысыққа қарай жүрген адамдай кірпік қақпай ептеп басып жүріп отырады. Аяғының әр басқаны санаулы болады. Бір кезде жолбарыс жатқан орнынан атылады. Сонда Келдібек саспай жалма-жан жолбарысқа сол қолын ұсына қояды. Қолтығына дейін қыл арқанды қалыңдап, көнтитіп тұрып ораған сол қан қолды жолбарыс қарбытып қауып алады. Жолбарыстың әдетте әдісі екеу болады екен. Оның бірі нені болса да аузын салғанда лақтыруы керек немесе шайнап езіп жіберуі керек. Бірақ ауызға кептелген қыл арқан мұнын екеуіне де мүмкіндік бермейді. Қолқасына дейін барған қол ауызды не ашқызбайды, не жапқызбайды. Оның үстіне қыл арқанға тіс жөнді кірмейді. Кірсе жуғарақпанда шықпайды. Жолбарыс не істерін білмей ыза болады. Әдетте ол аузын қайта тартып алғысы келмейді екен. Қайта тартып алмақ болғанмен арқанға нығыз кірген тіс енді одан әрі ауыз ашылмаған соң шықпайды. Сонымен ызақор жануар жанұшырып тұрғанда Келдібек айбалтамен қақ маңдайдан шауып жіберді. Жолбарыс құлап түседі. Осының бәрі бірнеше секундтың ішінде ғана болады.
Міне қорықпаған адамға жыртқыш жолбарыс та ештеме істей алмайды екен. Үй жона барғанда бір көргенім мен естігенім осындай нәрселер еді,— деп бітірді Тосекең әңгімесін.
1958
Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: әңгіме Балғабек Қыдырбекұлы Үйшінің әңгімесі туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Балғабек Қыдырбекұлы Үйшінің әңгімесі на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке