Мен қазақстандықпын


Мен қазақстандықпын. Яғни, Қазақстан Республикасының азаматымын. Ұлтым – қазақ. Дүниеге Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін келдім. Сондықтан, елімнің қазіргі азаматтарының ішіндегі Совет үкіметін тек тарихтан ғана білетіндердің қатарынанмын. Әрине, атамнан, әжемнен, әкемнен және анамнан естіп білген тұстарым да бар. Ол кісілер үлкен тарихи құбылыстың куәләрі… Ал, біз, Қазақстанның бақытты ұрпағымыз! Біздің дәл осындай бақытты болуымызды бабаларымыз о бастан тілеп келді…
Қанның иісі тарамаған ауаны жұту, қанға боялмаған көкмайса далаға көз салып тамашалау, ешбір қорқынышсыз, қайғысыз, жүректе тек қуаныш пен рахат сезімімен өмір сүру - бізге бұйырыпты. Неткен бақыт десеңізші!?
Заман-ай!!!
Қадірін білсек болғаны… Бабаларымызға алғыс айтып, болашақ ізбасар іні-қарындастарымызға, ұрпағымызға жақсы үлгі-өнеге болып, жер-анамызды тазартып, гүлдендіріп, жайқалтып қалдыра алсақ – бұл, біздің орындалған адами міндетіміз, азаматтық борышымыз.
Менің бір ұққаным, өмірдегі кез келген құбылыстың жақсы жағын көре отырып қабылдай алу – ол саналылықтың белгісі. Адамзаттың, «жоқ» дегенде, елуден аса пайызы саналы түрде осындай көзқараспен өмір сүрсе, әлемде бейбітшілік пен бақыт орнайды. Жас буынды «имансыз» деуден аулақ болып, олардың заманына сай білімге құштарлығын, өміршеңдігін алға тартып отырса, жастардың жауапкершілігі арта түседі. Себебі, өзіне үміт артқан үлкен кісілердің көңілінен шығу, батасын алу әрбір ересектік өмірге бет алған адам үшін өте маңызды.
Зауыттардан, көліктерден шыққан улы заттардың ауаны ластауын, жастардың ашық-шашық киінген моменттерін, қазақтың тойшылдығын, осы мәселелерге оңтайлы көзқарасты ұстанып, принциптік түрде өзімізден бастап әрекет етсек - бұл біздің қоғам мен менталитетіміздің дұрысталуына үлкен атсалысуымыз болар еді. Айналаға түкірмей, қоқыс тастамай, лас сөздер айтпай, мәдени сөйлеп, жылына, бар болғаны, бір ағаш отырғызып, тамыр алуын қадағалап отырсақ - осының өзі жетістік. Бұл деген болмашы нәрсе ғой… Жай ғана, жүрегіңде Отаныңа, туған жеріңе, еліңе, өзіңді қоршаған әлемге деген шынайы махаббат сезімін ояту. Туған жерін, елін сүйген бабаларымыз қаны мен терін төгіп, аянбай, аттанып, найзасы мен қылышын асына жүріп - елді де, жерді де сақтап қалды. Бір сәт ойлансақ… Ақ төсекте, тыныш ұйқыда жайлы жатып, тамағың алдыңда, суың үй ішінде сарылдап ағып тұрғанда, киімің бүтін, үйіңе отын тасымай-ақ, от жақпай-ақ жылу келіп тұрғанда, біз неге қайғырып жамандық шақырып, біресе ауа-райы жақпай, біресе мемлекет басшылары жақпай, біресе көрші мен туыс жақпай тағдырға налимыз? Неге күлімдеп жүрмеске? Неге мейірім төкпеске? Неге жүрегімізді қуаныш кернемеске? Неге бір-бірімізді, көшедегі ағаштарды, жүгірген аңды, ұшқан құсты сүймеске?
Туған жерді сүю – туғаныңды сүюден басталады. Жанұяда махаббат, иман, мейірім жоғары бағаланып отырса. Отбасы мүшелері бір-бірімен сыйластық қарым-қатынаста болса, бір-бірінің көңілін қалдырмауға тырысып, сүйіспеншілікке бой алдыра жүрсе, олар осы көзқараспен қоғамға да, қоршаған ортаға да қарайтын болады. Қоғам қираса, жер беті көкке ұшып төңкеріліп жатса, планетамызға қауіп төніп жатса пендешілік жиған-терген дуниенің, адамның жанынан да, жақынынан да артық көрген алтындары мен ақшаларының құны не? Жер анамыздың, бүгінде аяғымыздың астында жатып қадірін білмеген қара топырағы, сол топырақта өсіп шығып жер бетіне ауа беріп тұрған өсімдіктер, табиғаттың сыйы – суымыз. Осылар біздің нағыз байлығымыз!
Мен жер бетіндегі әрбір аула, әрбір көше, әрбір ағашты, жәндіктер мен жануарларды сүйемін! Ал, «жер жәннаты» – тарихы терең, табиғаты сұлу, халқының жүрегі кең - өзімнің туған жерім Таразым, деп білемін!

 Асылжан Мұратұлы


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Пікір жазу