ҚАСҚА АЙҒЫРДЫҢ ҚАСИЕТІ немесе жершіл жануар жайлы бір үзік сыр
Қаратаудың бауырында өскен Қасқа айғыр құлын күнінен-ақ болмысы дара, бітімі бөлек жануар еді. Оның кең жауырын, ұзын жалды, бөкен қабақты түр-тұрпатын көрген кісі қызықпай қалмайтын.
Біздің ауыл Қаратаудың қос бұрымындай Үлкен және Кіші Бөген өзендерінің нақ ортасынан орын тепкен шұрайлы өлке – Ақбастау. Бабын тапқан диханға барын берген жері жомарт, адамдары ақкөңіл, кез-келген үйіне бас сұқсаңыз ас-суын ұсынбай аттандырмайтын қонақжай қалыпты халқы бар берекелі мекен. Жастары көргенді, қарттары шежірешіл, кішісі үлкенін сыйлаған өнегелі, өрісті өлке. Осындай құтты мекенде береке-бірлігіміз тасып, шаңырағымыз шаттыққа, босағамыз бақытқа, керегеміз күміс күлкіге толып, бір үйде үйелмелі-сүйелмелі он бір бала (оның бесеуі қыз, алтауы ұл) өсіп, үлкен өмірге қадам бастық. Қыздар өз теңдерін тауып қияға, ұлдар ұяға қонып жатты.
Жанар әпкем таудың ортасына орныққан қара ормандай қарағай еліне келін болып түсті. Таулы жердің табиғаты қатал, қыстың күні Шыбықбел асуында көлік қатынасы қиындағандықтан, етектегі елге түсу - үлкен жүк. Сондай шақтарда жездемізге Қасқа айғыры жақсы жолдас, сенімді серік бола біледі. Тізеден асар күртік қарды омбылап, діттеген жеріне қажытпай жеткізетін қайратын жыр етіп айтатын.
Жездемізге қолқа салып, Қасқаны жылдағы шөп жинау маусымы басталған тұста «біраз пайдаланып, қыстық отын-суымызды түсіріп алайық» деп ауылға алдырдық. Танауы желбіреп, жал-құйрығы желкілдеп жеткен тұлпарымыздың күн өткен сайын күйі болмай, шөп жеуден қала бастады. Тауға қарап шіңгірлегенде, жүрегің шымырлайды. Сонда да жерсініп, үйреніп кетер деп үміттендік.
Бір күні жоңышқалықта арқандаулы тұрған орнынан таппай қалдық. Шылбырын үзіп, өскен мекеніне құстай ұшып жеткен екен. Біз қайта барып алып қайттық. Әйтсе де, аздаған уақыт ішінде осы жағдай екі-үш мәрте қайталанды. Тағы бірде шылбырды шірене тартқан он жасар ініме ырық берместен құйғыта шапты, біз де артынан тұра ұмтылдық. Шіркін жануардың сондағы бейнесі есімде әлі күнге кино-лентадай сол қалпы сақталған. Желдей есіп, жал-құйрығы желкілдеп көз ұшында кетіп барады. Тау бөктеріне жақындаған тұста бойына ерекше күш дарығандай дүр сілкінді. Қарап тұрып сүйсінесің. Бейне бір өз жерінің шүйгін шалғынын сағынғандай, ауасын аңсағандай. Жол бойы көк шалғынды быртылдата үзіп, бауырын желге төсей еркелеп барады. Осы шабыспен үйіріне жеткенде шұрқырасып, бір жасап қалды.
Міне, осы эпизод есіме түскен сайын жүрегіме бір жылы сәуле құйылады.
Біз, қазақ, ежелден жылқыны жақын тартып, «жылқы мінезді қазақпыз» деуіміздің бір себебі жылқы төлінің бойындағы осынау тектілік қасиетінен болар.
P.S. Дәл осы қасқа айғыр сияқты талай қазақ аласапыран жылдары жат елді, жат жерді мекендеуге мәжбүр болды. Олардың ішінде кеткен жақсыларымыз бен жайсаңдарымыз қаншама. Бір ерекшелігі – өзге елде жүрсе де, тілі мен дінін, ділін ұмытпай, қазақы қалыптарын қаймағы бұзылмаған күйде сақтай білді. Жүректері, ниеттері, тілектері елмен бірге болып, «шіркін, тәуелсіздіктің таңы атып, еркіндіктің күні күліп, елімізге оралар сәт туса» деп арман қылды. Тіледі, жылады, армандай күтті. Сол көптің тілегін Тәңір қабыл етіп, Қазақ елінің тәуелсіздігі жайлы ақжолтай хабар жер-жердегі күллі исі қазақ баласының кеудесіне қуаныш құйғанда, қаракөз қандастарымыздың алғашқы көші сап түзеп, отанымызға келіп кірді. Сай-саланы бойлай аққан ұсақ өзендердің үлкен теңізге келіп тоқайласқанындай жан-жақтан ағылып келіп жатты. Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған бізге қарағанда, бір уыс топырағын тұмар қылып таққан бауырларымыз артығырақ білетіні ақиқат.
Елін аңсап, сағынып, жат елді, бөтен жерді мекендеуге мәжбүр болып жүрген миллиондаған қандастарымыз үйірімен шұрқырасып табысқан Қасқа айғырдай атамекенімен, ата жұртымен тезірек қауышсын, қазақтың көші тоқырамасын деп тілейік.
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: ат, жылқы, айғыр, шығарма, жануар, эссе