Шардара барсаң, шайырмын деме

 Шардара барсаң, шайырмын деме

Шардара барсаң шайырмын деме
Шардара барса шайырмын демес кімде-кім
Қ. Иса

Менің жұдырықтай жүрегімнен жарты әлемдей орын алған, түйе жейтін жапырағы да, түйе аунайтын шаңдақ топырағы да жаныңа шипа, дертіңе дауа болатын қасиетті туған жерім – тарихкөз тарландар тараған Шардара. Шардарамыз – өнер мен мәдениеттің қайнаған қазаны. Жер-анасы алдындағы қасиетті парызын терең білімі, қилы өнерімен өтеп жүрген жалынды ұл – қыздардың ішінде өлкеміздің дана болмысты, ақиық ақындар тобының қай кезеңде де мәртебесі биік. Әрбіріміздің көңіл көкжиегімізде туған жеріміздің алып тұлғалары дегенде, ә дегеннен-ақ бір кітап боларлық ақын-жазушы есімдері елес береді десем де артық емес. Шағыл құм шабыт берген шайырлардың ұлы көші- шығармашыл Шардараның аяулылары Қасқыр Серікбаев, Бауыржан Қарабеков,Жұмабек Мұқанов,Әмірхан Балқыбек,Нұрғали Ыбырайым, Әлібек Шегебай, Қазыбек Иса, Құрманбек Шәметов, Оңалбай Еспанов, Құдайберген Өтеш сынды дарабоз ақындардан бастау алып,Әбдіғаппар Айдаров, Қанат Дауылбаев, Сәбит Лаханов, Ажар Сламова сияқты шоқжұлдыздар шоғырымен жалғасын тапқан. Ой салтанаты биік майталман ақындарымыздың жыр жайлауына сапар шексек, сөз патшасы өлеңді қиыннан қиыстыра өрнектеген шырайлы шумақтарды көреміз. Қашанда қабағы ашық құмды мекеннің мақтан тұтары - Бауыржан Қарабеков: Өмірде шалқыдық па көк теңіз боп, Әйтеуір артымызда өткен із көп.

Шығып ем Шардарадан...шартараптан,

Келемін әлі күнге көктем іздеп,- деп туған өлкесін жырында тіліне тиек ете жүретінін көрсетеді. «Ер – туған жеріне»,-демей ме, ендеше өлеңімен туған аймағының атын шығарған Бауыржан атамыз- нағыз ер. Ал ақындық майданында талай жауынгерді шыңдап шығарған ардагер ақын Қасқыр Серікбаевтың шумақтары өсиетке толылығымен ерекшеленеді.Ақын өлеңінде: Құмар бол жастан білімге,

Кімдігің қызыл тіліңде.

Сәл нәрсеге шалқайып,

Сәл нәрсеге бүлінбе, -дей келіп, тірлігіңде жастарға үлгі болатын жақсы сөз қалдыруды насихат етеді. Жалпы, Қасқыр ақын шығармашылығында Майлықожа үлгісі байқалады. Шағалалы сұлу Сырымызды сөзіне қоспаған Шардаралық шайыр жоқ шығар. Солардың бірегейі, абыз даланың бауырында еркелей ескен Сырдариясын: Сұлу Сыр,

Сабырымды ылғи мен сарқа ойланам,

Секілдісің сертінен жар таймаған.

Ғасырлардан келдің сен, барасың да

Әр таймаған көркіңмен, қартаймаған,-деп шебер суреттеген біртуар тұлғамыз- Жұмабек Мұқанов. Әдебиеттің кең көгінен ерте ағып өткенмен, халқының жүрегінде мәңгі жарқырап тұратын Әмірхан Балқыбек ағамыздың жырлары өр рухтылығымен айрықша. Ақпейіл шумақтарында қаламды қару еткендер турасында:

Нағыз ақын туылмайды оқыста,

Бар олардың өмірде өз орыны.

Жер бетіне келеді олар соғысқа,

Тоғысқан шақ жұлдыздардың шоғыры.

Емдесін деп адам жанын, қоғамды,

Жер бетіне жалғыз не топ, легімен,

Өз еркімен жібереді оларды, -деп ақындықтың маңызы жайлы оқығыш жүрекке терең ой салады. Осы құрметті азаматтарымыздың қатарындағы Нұрғали Ибрайым ағамыз да нұрлы сөздерімен оқырман жүрегінен елеулі орын алған. Ақынның: Қиядан ақ биікке қарашы алып,

Басқа биік қалғандай аласарып.

Асау Нұра алқынып асығады,

Ұшқан қыздай алқасын таға салып,-дейтін көркем тіркестері мен «Ала арша», «Ақадыр» сынды өлеңдеріне көз сала отырып, табиғат ғажайыптарын тамаша теңеулермен жұмыр жырға айналдырудың хас шебері дер едім.Қаламынан туған қуатты жырларымен күллі алаштың көңілінен орын алған Әлібек Шегебай ағамыз болса тармақтарының көп бөлігін ауыл-аймағына арнаған. Ақынның: Сағыныш сырқатына төзім күйреп,

Жетуші ем көңілімді көзім сүйреп.

Бойынан үлкен жолдың бұрылғанда

Бойымды кететін бір сезім билеп,-дейтін шумағы, «Адыраспан»,«Таба нан», «Жеті шелпек», «Көкпар», «Ләңгі», сынды өлеңдеріне үңілгенде қазақылықтық қаймағындай ауылын аңсаған сағыныш лебін кімде болса сезері анық. «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» жыр жинақтарының атауынан жусанды жазықтың жұпарын жұтқан шайыр екендігі аңғарылатын Қазыбек Иса да ажарлы ауылына келгендегі сері сезімін: Суы қазір кетесе де тым уланып,

Сырдың бойы көрінді сұлуланып,

Қызылқұмым саялы таудан гөрі,

Төгеді екен жаныңа жылуды анық,-деп тамаша ұйқастармен жеткізеді. Туған жер төл баласын қашанда құшағына тартып тұрады-ау шіркін. Жайсаң мінезімен ортасын думан етіп жүретін Әбдіғаппар Айдаров ағамыз да өңіріміздің қарымды қаламгері: Ұйқасы келіскен:Қалықтаған қанатын құс талдырған,

Киік жортып, дуадақ ұшқан қырдан.

Шалқыған шағалалы теңізі бар,

Шардараның несі кем Стамбулдан?!,-дейтін өлеңді ақынның төлқұжат өлеңі десек те болады. Өлеңдерін оқи отырып, қандай тақырып болмасын ой- сезімін теңізбен ұштастыра отырып жазатын Әбдіғаппар ағамызға- теңізді сүюші деп баға берер едім. Қыз қолынан шыққан кестедей көркем жырларды дүниеге әкелген марғасқа ақын Қанат Дауылбаев өлеңдері- қазақтың қамын жеген ұлтжандылық бейнесімен асқақ. Қаламгердің:

Ада болған ар-намыс санаңда әдеп,

Сұмдықтарға шыдамас қарауға бет.

Түлкі сынды бұлаңдап кейбіреу жүр,

Арыстанның орынын алам ба деп, -дейтін шумақтардан тұратын «Жаңа қазақ», «Домбырамен сырласу» сынды өлеңдері заман шындығын ақтарған өр өлеңдер.Өскен өңірімізде жас ұрпақты өнерге бағыттауда абыройлы істер атқарып жүрген ақынымыз- Сәбит Лаханов. Ақын өлеңдері ішінде:

Ана деп білем егерде қимасым болса бір адам,

Мінәжәт етіп мен енді Жаратқанымнан сұранам.

Талша мойнымды қылша иіп, тізерлеп тұрып тілеймін,

Жалған дүниені жарық қып, Аналар жүрсін дін аман!,-дейтін шумақтарын құрметтеймін. Себебі өлкеміздің мақтанышына айналған барша тау тұлғаларымызды дүниеге әкеліп, Шардара шаңырағына сыйға тартқан Алладан кейінгі құдірет асыл аналар. Анаға арналған жыр жырлардың сұлтаны. Өр ақын, ер ақындардың ішінде жауқазындай жайқалған ақын қыздардың орны ерек. Жаны нәзік Ажар Сапарғалиқызының өлеңдері де туған жерге деген сыршыл сезімге толы.Ақынның:

Кеудеңді абыз сабырмен жатқан сыр бүгіп,

Тауыса алмаған таланттар қанша жыр қылып.

Шардарам менің, елуді бүгін еңсеріп,

Жарқын күндерге сеніммен жүзің тұр күліп,-дейтін шумағындағы тамаша теңеулер арқылы шырайлы Шардарамыздың әсемдігі аңғарыла түскендей.

Шардаралық шайырлардың шығармаларының тақырыбы сан алуан. Мен мұнда бір-бір шумақтармен ғана шектеліп отырмын. Шындығында, бұл кісілердің әрбірі жеке әлем, жеке зерттеуді талап етеді.Қарымды қаламгеріміз Қазыбек Иса: « Шардара барса шайырымын демес кімде-кім», - деген екен сұңғыла ойлы сөздерінің бірінде.Меңіреу даланың сері самалынан кәусар үн, құдіретті өлең-жыр өрбіткен алтын құмның дарынды дарабоздары осы төрт ауыз сөздің бұлтартпас айғағы емес пе? Тың сонар, соны соқпақта өшпестей із салып кеткен, кемеңгерлері баршылық құтты мекен Шардарамыздың тарихтай үлкен үйдің жанға жайлы кең бөлмесін қымсынбай иемденуіне толық негіз бар. Ел дегенде езілген, үлгі өнегенің алтын дәнін себумен күн кешіп, кешіп те келе жатқан туған жеріміздің қырандай қанатты ақын тұлғалары барда өлкеміз тарлан тарихымызда алтын әріптермен қашалып сақталарына кәміл сенемін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру