Адамзат құқығы мен бостандығы – ең қымбат құндылық!

 Адамзат құқығы мен бостандығы – ең қымбат құндылық!

Әр заманның өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім өз құқына таласу, құқына тартысу болады.
Әлихан Бөкейхан

Тіршілік нышаны айқын, парасат кемелдігіне қол жеткізген, құндақталған сәби болмысынан бастап еркіндік жазуы маңдайына таңбаланған адамзат баласының телегей теңіз көңілін шайқап, тарихи таңбасына дақ түсірер; бар арман-мұратын мансұқ етіп, өмірлік мақсат-міндетіне күл шашатын кезеңдер тарихи-баян, яғни, қышқа қашалып, тасқа таңбаланған өткенімізде аз болмапты. Зобалаң мен зорлықта жүріп, бұлыңғыр мен буалдыр кезеңдерді өткеріппіз. Тұтас қарға тамырлы қазақ емес, бар әлем. Бір балаң емес, бар қоғам басыбайлылықтың қамытын киіпті. Айғақтаушы – тарих, арылтушы – ата заң есебінде... Абай атам айтқандай, келер заманың – көк тұман, шұғыла-жарығың көмескі. Адам тағдырының шерін бар әлем жырлап жатқанда, біздің дала ерекше күңіреніпті... олай болмасқа себеп те жоқ екен. Себебі, орын алған кез келген тарихи трагедияның ұстыны – адам тағдыры, тұлға құқығы және жеке бас еркінің бұзылмайтын бостандығы түсінігінде жүрген. Келіспеушілік пен келеңсіздіктер де осы тараптарда тарих таразысында әділетсіз әрі аяусыз өлшеніпті...

Хош, осы тәмсілімізге орай, құндылықтың бірнеше түрі бар екен делік. Менің пайымдауымша, оның ең биігі – адам еркіндігі, ой-сана ашықтығында болса керек. Өйткені, «Адамзат» аты – ұлылықта жатыр, анығы ол – тірліктің сарқылмайтын қуаты, дүние салқар көшінің мәңгілік жиһангері. Желмаясың тұрманы – теңдіктен, кәзинелі асылы – бостандық пен еркіндіктен көмкерілетін рухани қазына, өшпейтін шырағдан. Оны ұлы дала перзенттері қаншама өткелектен аман алып өтіп, келешек ұрпақ сертіне батыл табыстады. Заман келбетінің ендігі «жоғалған ұрпақтары» алдындағы аяқтан тік тұрып берген мызғымас уәдесін алды. Өктемдік өрнектеген өлке данышпандары мен даланың кеніш көңілді заңгер сайыпқырандары – бостандығы аяққа тапталған, тарихтан белгілі «Өрмек» саясатына ұрынып, берекесі кеткен, жеке бас құқығы құмға сіңіп жоғалған дәуір перзенттеріне арнап ең алғаш күллі түркі дүниесіне ортақ «Жарғы» далалық заңдар жинағын ойлап шығарды. Зерделеп қарасақ, жинақ түркі халықтарының бостандығын, өзара ымыраластықта күн кешіп, аласапыран замандардан сүрінбей өтуін бақандай 7 ғасыр қамтамасыз еткен екен: «Түріктердің ата заңдары бойынша, бүлік шығару, кісі өлтіру, біреудің әйелін зорлау, тұсалған аттың тұсамыс шідерін бұзып, ат ұрлау – өлім жасасымен жазаланған». Осылайша, бабадан мирас, өткеннен енші жарғы: қамсау дүние көшінің, қыран текті түріктің қасиет бостандығын, жалпылама – дала перзенттерінің болмыс-бітімін, ождан-иманының муафиқ-сақтаушысы ретіндегі өз қызметін қалтқысыз атқарған. Ер жүректі, қайсар рухты бабаларымыз – перзенті киіз туырлықты шаңырақта дүние есігін ашқанда айрықша қуанып, бесікке бөлеген, көз қуаныш, қөңіл сүйенішін қос қолымен көкке көтеріп: «Тәңірі алқап, бар дүние сені төбесіне тұтсын, халқыңа сүйеніш, еліңе тіреу бол. Сен – ныспың мен халқыңның бостандығының сақшысысың. Ғұмырың ұзақ, болашағың бағдарлы болғай!» - деп жолашар жырын айтқан. Осының өзі-ақ, қазіргі қоғамдағы қажетті шартты атаулардың біріне айналған «адами капиталдың» бұрнада аса жоғарғы мән-мағынаға ие болғандығының, құнар-нәрін сақтап, тұлға мерейін өсіргендігінің айғағы деп топшылауыз орынды екен... Сол шұғылалы іздің, түріктің тағлымды танымының жарқыншақтары бүгінгі бізді де айналып өтпепті. Адам түсінінің қазақ санасындағы құрметті атауға ие, сыйлы марапат, пендешіліктен ада тіршілік иесі екендігі, оған көрсетілер қошеметтің қашан да жоғары болары айтпаса да түсінікті. Осыған орай, жақында мен – Мэн-Цзы ғұламаның «Адамның адам болуға деген ұмтылушылығы – бұл ең үздік адамдық қасиеттерді: қайырымдылықты, достық пейілді, адамға деген сый құрметті, жанашырлықты іске асыруға деген ұмтылыс» деген пікірін оқыдым. Талассыз, орынды айтылған сөз. Бірақ менің ғұлама бабаларым Мэн-Цзының данышпандық пәлсапасын нешеме ғасырлар бұрын келешек ұрпағына: «Ең басты қағида ретінде мынаны ұмытпа – адамның ұлылығы ешқашан оның байлығымен бағаланбаған. Бағаланатын нәрселері –оның отан алдындағы адамгершілігі, батылдығы мен еңбегі» деп аманат етіп кетіпті. Жай дақпырт емес, дәлелді өлшем, көрегенді саясат көзімен. Сол «адам тағдыры, адам мәселесі» ұғымдары қазіргі күллі әлем мемлекеттерінің баса назар аударатын, қатаң сақтауға талпыныс жасауға ден қойған басты қағидаларының біріне айналып отыр емес пе?

Көшпенділерден бізге жеткен тарихи әдебиеттерде адам баласының мығым ескеріп, ғұмырлық бағдаршамы етуге тиісті адами алты қағидасы жіті көрсетіледі. Олар: ата-анаңды құрметтеу; кісіні қажетсіз өлтірмеу (жаугершілік замандағы қағида); жолыңнан адаспау; ұрлық жасамау, өтірік сөйлемеу; қызғаныш танытпау; Міне, осы қағиданы қатаң ұстанған мемлекетте ғана адам құқығының ақ байрағы салтанат құрмақ. Әрине, тарих екшелеген ол замандағы адам құқығы аяққа аз тапталмады. Қазір біз кітаптардан ғана оқып жүрген: бай-бағланның әлеуеті төменді басынып, тоғышарлықпен талайсыз үкім айтуы – соның басты айғақтары екен. Бірақ ол дәуірде де адам құқығының тапталуына шектеу болмады емес, болыпты. Тек қажетті шеңберде ғана. Оның өзінде – кейбір мекендерде, кейбір хандықтарда салтанат құрған. Саяси әрі моральдік көзқарасы мығым біздің көшпенді бабаларымыз адам құқығының тарихи декларациясын алғашқы болып қабылдады. Орта Азияда ғана емес, бар әлемде. Оған өз кезеңінің құдіретті қолбасшысы, дарабоз батыр, сұңғыла сайыпқыран түсінгігіндегі Шыңғыс хан қалыптастырған «Жаса» далалық заңдар жинағы басты дәлел еді. «Жаса» далалық заңдар жинағы Біріккен Ұлттар ұйымы көтерген адам құқығы мәселесін неше ғасыр бұрын арқалады. Жарғы – құрамының басым бөлігін түрік тайпалары құраған, тегі түрік Шыңғыс хан империясының сенім кілтіне, ұлысты татулыққа ұйыстырар негізгі ұйытқысына айналды. «Жасада» адам құқығы туралы мынандай жолдар кездеседі: «Өтірік сөйлеу, ұрлық жасауға, зинақорлыққа жол беруге тыйым сала отырып, айналаңдағылаларға құрметпен қарауға, олардың құқықтарын құрдым етпеуге, өз еріктерімен берілген қалалар мен қағандықтарға рақымшылық етіп, барлық алым-салықтан босатуға, шіркеулері мен құлшылық орындарын қадір тұтып, тұрғындарына теңқұқылы әрі олардың ділі, дініне құрметпен қарауды міндеттеймін /Жаса. 1206-ж. Шыңғыс хан/. Рас, жарғының шартты құрылысының айырмашылығы қазіргіден шамалы ғана. Тәрізі, сол кезеңдердің өзінде тұлға құқығы, адам абырой-беделінің биік мансап, тұғырлы мінбермен теңестірілгені көңіл қуантады. Ал Еуропа?.. Еуропаны ол кезде феодалдық дәуірің үкімі қысып тұрған. Адамзат құқығының сақталуын қамтамасыз ететін жарғы оларға кейіннен, бергі ілкіде ғана жетіпті...

Қат-қабат құбылыстардың найзағайдай жарқ етіп, іңір көкжиекті нұрға бөлейтін құндылықтары болады. Сол секілді адам болмысының құм ішінде жайқалған қызғалдақтай бүр жарып, өлкесіне әсем өрнек, әдемі шырай беруінің басты факторларының бірі – құқық пен бостандықта жатыр. Бостандықта болмыс та бар, сүрлеусіз сипат та жетерлік. Сан алмағайыпта бостандық үшін күрестер мен күңкілдер жер-әлемді талмай шайқады. Бодандықтан күңіренген адамзат баласы бостандыққа ұмтылды. Бостандықтың «Утопия аралынан» ескен самалды иіскеп, рахатқа батып көргісі келді. Ал оны сәтінде қазаққа ұсынып, ұлт руханиятының алғашқы ақжолтайына айналған, ғұмырында үсті кеніш, асты бейіш Алаш елінің абыз-сұңғыласы болған ақын, аудармашы, заңгер, қайраткер, елімнің бұралаң бағына біткен перзент – Абай Құнанбаев еді. Хәкімнің 74 баптан тұратын «Қарамола ережесі» қазақ санасына сілкініс сыйлап, адам құқығы мен бостандығынның зобалаңдағы шырағын жақты. Еркіндік пен теңдікті көздеген ереженің қуатты тамыры «Есім хан салған Ескі жол мен Қасым хан қалаған Қасқа жолдан» нәр алып, ат ауыстырып мінген, кебіс ауыстырып киген зұлматта далалықтардың қорғанына айналды. Қағаз күйінде емес, шындығында дала ізбасарларының құқықтары мен бостандықтарын арқау еткен заң күшінде. Мәселен, 32-бап... Абай: «Егерде біреу әке-шешесін ренжітсе, әке-шешесінің ықтияры бойынша қазақ ғұрпына қарай жаза берілсін, егер молданы яки құрметті кісілерді ренжітсе, ат-шапанынан бір ат бастатқан тоғызға шейін айып береді. Тағы біреу біреуді қол жұмсап, ренжітсе, бір тоғыздан үш тоғызға дейін айып береді, егер айып алушы кесілген айыпты алмаймын десе, бір айға абақтыға отырғызылады,- дейді. Әкімшілік яки азаматтық құқықтың қазақ қоғамына лайықталған бұрнағы әділетті формасы. Байқасақ, бұл жай ғана заң емес екен, Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткен тарихи жеңісі, заң мен алаш қоғамы алдындағы перзенттік жауапкершілігі, егемендік еңсемізді тіктеген шақта қабылдаған қастерлі ата заңымыздың «ата өсиеті» есебіндегі ерекше нобайы болыпты. Шүкір, адамдық сұлу келбетін берік сақтаған халқым осы Абай ата өсиетімен талай тағдырлы өткелектен өтті. Ендігі бостандық алуға, толыққанды еркіндіктен барақат табуға деген ұмтылыстың артында – ұлы күрестер мен ауыр да азапты оқиғалар содан соң мәңгілік жарық күн күтіп тұрған. Шалағай одақтың де-юре заңының салмағы түскен қазақ зиялылары оны Мұхтар ата Мағауиннің «Сары қазағымен» қатаң түйіндепті. Желтоқсанда көтерілген жастар ұлт тағдыры мен бостандықты ту етті. Сол күні кешке ұлпа қар жауады. Қар ғана емес, нұр. Қазақ еркіндігінің нұры, адами бостандығының шұғыласы. Осылайша, 1993 жылы, кейіні тоқсан бесте қабылдаған ата-заңымыздың мәтінінде барша өткеніміз қайта сөйледі, өшкеніміз жанды. Кең далада тұлға болмысын бойына сіңіріп, ырғақты жүйіткіген ата-бабаларымыз болашақ ұрпағының ең басты құндылықтары: құқығы мен бостандығына қайтадан қол жеткізгендігіне салауат айтты. Жастарымыздың ата заң жүзінде болашағы ашылды, мүмкіндіктері молайды. Мұның бәрі, білгенге, егемендіктің арқасында жүзесе асқан, күрескерлік арман-мақсатпен жеткен ықпалы күшті шаралар еді: 1-бап. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Конститутцияның бірінші бабы... Жарық дүние есігін ашқан алаш перзенттерін қанаттандырған, сеніміне сәуле құйып, санасын ашқан, биік мақсат пен халық игілігі жолында берік мұраттарға жетелеген жолдар. Иә, бесік жырымен қатар айтылатын қастерлі түсінік, қазақы пейіл... Есімде, кішкене кезімде жазушы Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайы» шығармасын оқығанымда ерік-жігері таусылған, бостандық пен еркіндікті аңсаған, ақ нәсілділерден қырғынына ұшырап, қатары сиреген амазонка тайпаларының – адами құқықтарын қайта алуына сеп болуды өзімнің болашағымнан іздегем. Ең басты құндылықтардың сұрасыны мен шешілу жауабы – журналистік қызметте деп ұғып, айтарман болуға сол кезде бекініппін. Бала кезден әжемнің ертегі айтқандағы: «Балам, бостандығына бұғау түспеген текті халықтың ұрпағысың, алашым дейтін азамат болып ер жет, еліңнің перзенті бол!» – деп үнемі айтатын өсиеті бойыма дарыды. Өсе келе саяси жаңалықтардан күрд халқының кешкен күнін, башқұрт бауырларымыз бен қарақалпақ ағайындарымыздың аужарын танығанымда ауыр күрсіндім. Бағамдасам, ең басты құндылық біздің қолда екен. Ешкімнің суырпақ-сүйреуінсіз өзіміз қол жеткіздік, мерейі мен мәртебесі де өзімізге қоныпты. Бірақ бұл ойдым қыраттың шимақ даңғылында қаншама ұлтқа деген борыш пен ұрпаққа деген ұлағаттың жатқандығы бір сәт те болса, бозбала аманатымды ұмыттырған емес, ұмыттырмайды да. Өйткені, ең алғаш конститутциямен танысып, еркін тыныстағанымда оның: Әркім өзінің жеке басының бостандығына құқы бар деген тармағын және «мемлекет үшін де мен үшін де ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары, бостандықтары» деген тұтас сөйлемді қойындәптеріме жазып алғам. Серпіліс үшін, де-факто заңның құрметі үшін...


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру