Тәуелсіздік – нұрлы тағдыр, елдігім

 Тәуелсіздік –  нұрлы тағдыр, елдігім

Аманжол Гүлнұр
11-сынып оқушысы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы
Т. Рысқұлов атындағы орта мектеп
Жетекшісі: Мәмбетиярова Роза Арыстанбайқызы

Халқымның сан ғасырлық ғұмыры да,
Уақыттың жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым, қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына.
Кең ашып берекеңе есігіңді,
Түзетіп, тербете біл бесігіңді.
Сан ғасыр бұршақ салып мойыныңа
Құдайдан күтіп едің осы күнді.
Несіпбек Айтұлы
Еліміз егемендігін алып, еңсемізді көтеріп, Тәуелсіздік тойын тойлап келе жатқанымызға да 25 жыл болыпты. Осы 25 жыл ішінде біз толағай табыстарға жеттік, қазақ елін әлем таныды: Қазақстан бүкіләлемдік деңгейдегі дамыған елдердің қатарында көрініп келеді. Біз тәуелсіздік тұғырын бекіте түстік, жарқын болашаққа сеніммен қарайтын заманға қадам бастық. Осындай жарқын заманға жету бізге оңай болған жоқ.Зарықтырып жеткен Тәуелсіздік жолының соншама шырғалаң, сондай бұралаң әрі соншама ұзақ болғанын жұрт жақсы біледі. Елдің басына не келіп, не кетпеді дейсің! Опық жесек, қорлық көрсек, аңқаулығымыздан, жікшілдігімізден көрген елміз. Оның айқын мысалын VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштерінен оқимыз:
«Ей, түрктің бектері, халқы! Сендер таққа кіріптарсыңдар, алауызсыңдар. Әкелі-баланың ымырасыздығынан, ағалы-інілінің дауласқандығынан, бекті- халқының жауласқандығынан, дұшпаныңның сөзіне алданғандығыңнан, қағаныңнан, қағандығыңнан, елдігіңнен, төріңнен айырылдың. Жер-жерге босып сандалдың. Біресе ілгері шаптың, біресе кері шаптың, сонда не таптың? Бек ұлдарың құл болды, пәк қыздарың күң болды. Түрк бектері, халқы өкін!» Сай-сүйегіңді сырқырататын осы сөздерді бабаларымыз мәңгі өшпестей етіп жүрегінің қанымен, көзінің жасымен осылай тасқа қашап жазып кеткен. Ел тағдыры, ер тағдыры сынға түсіп тұрған шақта мұны ұмытуға болмайды. Ұлтарақтай жер үшін ұлы бабаларымыздың қаны төгілді. Қаншама арыстарымыз тар қапаста көз жұмып, құны сұраусыз кетті. Жігеріміз құм болып, жұртымыз құл болды.
Жалпы, әлемде кіндік қаны тамған туған жеріне, ат жалын тартып өскен еліне шексіз ынтық бір ел бар болса, ол, әрине, қазақ елі. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ елі өзінің туған жерінен қоныс аударып үдере көшуге мәжбүр болған кездері көп болған. Көшкен халықтар мен көшпеген адамдардың көрмеген қорлығы жоқ. Тек тәуелсіздік алған кезден бері қарай қайтадан ел болып еңсемізді тіктеп, жұрт айта беретіндей, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Сөйтіп азаттықтың ақ таңы атып, сан ұрпақ сан мыңдаған жылдар аңсаған, бірақ, жете алмаған арманға жеттік. Сондықтан да бұрынсоңды өмір сүрген ұрпақтардың ішіндегі ең бақыттысы біз деп айтсақ болады.
Басымыздан бақ тайған, қан жылаған зар заманымыз моңғол, жоңғар шапқыншылығынан бергі бес ғасыр, Ресейге бодан болған үш ғасыр, әсіресе, соңғы үш ғасырда, империя құрамындағы 70 жылда қазақ жаппай репрессияға түсті, ар-ожданы тапталды. Қазақтың «Елім-ай» деп қасірет шеккені, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім» деп қабырғасы сөгілгені, Бұқар жыраудың күңіренгені, Махамбеттің: «Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қоллды салғаны» деп кек қайрағаны, Мұрат ақынның «Әдіра қалғыр Үш Қиян» деп күйзелетіні осы тұс еді.
Қазақ халқының басына дәурен XXI ғасырда қайта оралды. Түсімізге кірмеген тарихи бақытқа ие болдық, сан мың ұрпақ жете алмаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бас-аяғы 15 жылда заман, қоғам өзгерді, адам өзгерді, ой-сана өзгерді; мемлекеттігіміз қалыптасты, экономикамыз нығайды, демократия орнықты, бізді әлем таныды. Ендігі ұрпаққа Қазақстанда тұру да, туу да бақыт. Қазаққа бақыт қайта қонғанда, тарих бізге тағы да үміт артып отырған кезде, әлі де жетіліп үлгермеген «адам құқығы», «ашық қоғам», «сөз бостандығы», «демократия» дейтін ұрандарды алаулатып, жалаулатып, біртұтас халқымыздың ынтымағын жоғалтып алмауды мықтап ойланғанымыз жөн. Бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды, жарылқаса қазақты қазақ қана жарылқайды. Біз енді тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, оны баянды ету үшін өмір сүруіміз керек, Ел қамы, халық тағдырына қатысты істерде пейішке де, тозаққа бірге кіруге тиіспіз. Ұлы Дала алдындағы жауапкершілік біздібүгін осыған шақырып отыр. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры бізден қажет етіп отыр.
Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Қазақ елінің қадір-қасиеті төрткүл дүниеге танылып келеді. Сол сүттей ұйыған бірліктің арқасында бас-аяғы жиырма бес жылдың ішінде еліміз ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарды жасап үлгерді. Сол баға жетпес жауһарларымызды қазір қағазға түсіріп, том-том кітап етіп шығару үстінде. Тәуелсіздік таңы атқалы аз ғана уакыт ішінде Қазақстанда адам айтса нанғысыз таңғажайып шаруалар істелді, небір биік асулардан астық. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен қолға алынып, аса қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан, дүниені таң қалдырған талай өзгерістер мен жетістіктерді бүкіл әлем мойындайды. Әрине, бұл күнде Қазақстан әлем халықтарының назарында. Бейбіт күн көздерінен бұлбұл боп ұшқан талай елдердегі келеңсіз қырғи қабақты теледидардан көріп-біліп отырғанда, баянды бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, байыпты саясаттың эпицентрі іспетті туған елімізді тіл- көзден сақтай гөр деп қысқа күнде қырық мәрте тәуба айтамыз. Байсалды саясат жүргізіп, халқымызды ашық аспан астында маңдай терін күніге бес сыпырып, адал еңбекпен шұғылданып, бақытты өмірге өріс беріп отырған Елбасының даралығына сүйсінесің!
Бабаларымыздың: «Бақыт қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген сөзі бүгінге қалдырған өсиет үлгісіндей. Бізге бүгінгі күнде ең керегі – сол бабалар өсиет етіп кеткен ынтымақ пен бірлік. Ынтымақ кеткен жерден байлық кетеді, бірлік кеткен жерден береке кетеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе қосқанымыз жөн болады. Қазаққа осы ғана жарасады.
Ендеше ынтымақты ту етіп қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің тағдыры нұрлы болғай!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру