Жасай бер, Қазақстаным!

 Жасай бер, Қазақстаным!

Тасбулатова Аруна
9-сынып «№8 мектеп жанындағы интернатымен» КММ»
Ақмола облысы Атбасар қаласы

Біз елімізбен мақтанамыз. Мыңдаған жылдық тарихы бар қазақ елі еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Бұл еркіндік оңайлықпен келген жоқ. Біз тәуелсіздік алып, өсіп, өнудеміз.Еліміз тәуелсіздік алып, ел болып есін жинап, жоғын жоқтап, барын базарлаған, асылын ардақтаған Ұлы елге айналды. Бізге әрқашан үлгі болып келген Еуропа елдеріндегі атыс-шабыс, төңкерістерге қарап еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық: осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі деп білеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы кезінен бастап бүгінгі шаңырағы биіктеген, әлем таныған мезгілге дейінгі басымыздан өткерілген сан алуан оқиғаларға куә болып, қаншама құнды деректерге қанығасыз. Абылай хан дүниеден озар алдында Бұқар жыраумен қоштасып жатты: «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ,бұл екі.
Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арман бойымда кетті» деген екен. Абылайдың осы үш арманының ар жағында үлкен философиялық ой, даналық тұжырым бар. Бұл оның қазақтың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік Ел» етем дегенін, ел болашағын тереңімен ойлағанын пайымдатады. Осы Абылай арманы Елбасы Н.Назарбаевтың бастауымен Қазақстан егемендік алғаннан бері соңғы 25 жылдан астам аз уақыттың ішінде орындалып келе жатқанының куәсіміз. Кезінде түркі жұрты қағандары «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып» Мәңгілік Елдің іргесін қалап кетсе, дәл осыны жаңа дәуірде, Елбасымыз Н.Назарбаев ХХІ ғасырдағы «Мәңгілік Ел» идеясы тұрғысында, іс жүзінде тарихи сабақтастықта жалғастырып отырғанын атап өтсек артық кетпейміз. Оған Елбасының кешегі Жолдауындағы « Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары- Қазақстан -2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым» деген сөзі айшықты айғақ. Бұл –ел өміріндегі ерекше бір белес.
Өйткені ол барша қазақстандықтардың өміріне,болашағына қатысты мәнді құжат. Ертеінің бағытын, жүретін жолын, өсу жолын мұратын білген елдердің қандай жеңістергежеткеннен тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда Мәңгілік Ел деген мұратты алға қойып отыр. Елбасының батыл міндеттер белгілеуін айрықша құбылыс деп бағалағанымыз абзал. Елбасы аузынан шыққан Мәңгілік Ел – қалыптасқан әрі қуатты мемлекетіміздің жарқын болашағы, ал қазақ елі атауы – республика халқының біртұтас әрі кешенді арманы мен аңсары, мақсаты мен мүддесі дер едім. «Жүз жылдығын ойлаған – адам тәрбиелейді» дейді халық даналығы. Мәңгілік Ел іргетасын берік ететіндер – озық ойлы, жоғары мәдениетті, отансүйгіш жастар, яғни біздерміз. Жаңашылдықтың жаршысы, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы-жастар. Олардың жан дүниесі жігерге толы, еңбекке ынталы, жақсылыққа құмар. Ең бастысы, қазіргі қазақ жастары-дамыған мемлекеттермен терезесі тең егемен елдің еркін ұландары екендіктерін терең ұғынатын үлкен қозғаушы күш. Сондықтан, жастардың рухани дамуы мен кәсіби даярлығына, шығармашылық мүмкіндігін жүзеге асыру барысында жағдайлар жасалуда. Бұл орайда Ұлт Көшбасшысының тікелей тапсырмалары мен бағдарламаларының басым бағыттарын жас ұрпаққа арнаған. Бұл мемлекет пен ұлт болашағы жастармен тікелей байланысты екендігін айқындайды. Ұлттың кемел келешегіне, бүгінгі жас ұрпаққа міндет етіп қойған ең үлкен жауапкершілік-сананың түзу жолмен қалыптасуы және білімділік. Ал, жан-жақтылық жасампаз елдің жастарына тән. Елбасымыздың сенімін ақтап, болашақтың қалыптасуына бір кісідей атсалысу-жас ұрпақтың абыройлы міндеті. Соған орай Елбасының жастар жөніндегі Жолдауда айтқан ұсыныстарын толық қолдаймын. Ізденгіш жастардың бастамаларына жол ашып беру идеясы - ғылым мен білімге құштар, өзіндік пікір қалыптасқан жастардың ортасын толықтырады. Білім мен білік сынға түскен ортада көшбасшылыққа деген ұмтылыс қашанда жоғары. Ал, қазіргі заманауи әрбір жас-өзін көрсетуге, ортада өзіндік орнын қалыптастыруға құштар. Себебі заман талабы осылай.
«Мәңгілік Ел» жобасы бағы мен бабы келіскен жастарды ұлтының мүддесі үшін қызмет қылуға шақырады. Қазақ елі әрдайым баласының бетінен қақпай, қолынан жетелеген. Бұл жолы да жастар-сеніммен тапсырылған істі лайықты орындауға тиіс. Бұл күнде, мемлекет пен ұлт болашағы келер ұрпақтың қолында екенін естен шығармастан, келешек ұрпаққа саналы тәрбие беріп, бойына жақсы қасиеттерді сіңіру басты мақсат. «Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болу үшін, біз, сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Елбасы «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа білім мен ғылымды игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндікті жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек» деген қанатты сөзін басшылыққа алып, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуіміз керек. XXI ғасыр Қазақстанның «Алтын ғасырына» айналуына ат салысуымыз қажет деп білемін. Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды. Қорыта айтсақ, Қазақ "Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан" деп тегін айтпаса керек. Елуіңіз не, мінеки, жиырма бес жылда адам сенбестей өзгеріске түстік, еліміз жаңарды, санамыз жаңғырды, әлемді таныдық, әлем бізді таныды. Денсаулық сақтау, білім беру халықтың әл-ауқатын арттыру салаларында да зор табыстарға қол жеткіздік.Сондада оның іске асырылуы үшін көптеген үлес қосып жатырмыз. Қазақстанда көп ұлттың тұруы қуанышты, бірақ әркімнің көңілін таба білу қиын жағдай болуы керек. Бес саусақ бірдей емес қой, сол сияқты әр ұлттың өз өзгешеліктері болады. Оны түсіне білу керек. Әр ұлт адамын құрметтеп, ешқашан деңгейлерін түсірмеу керек.
Әр ұлттың ортақ үйі,
Туып өскен кіндік жері,
Желбіресін туы биік
Қазақстан самға мәңгі, - деп ешқашан аспанымызды қара бұлт жаппасын. Өзара ұлтаралық достастық жойылмасын, туы желбіреп, Қазақстан жаңара берсін, қиынқыстау кезеңді бірге өткеріп, елімізді, жерімізді сақтап қала алдық, келешекте достықты да жоғалтпай, қуанышымызға қуаныш қосыла берсін!
Сүйіп өсем білімді,
Мәңгілік елімді.
Елім үшін әрдайым,
Қадам басам сенімді.
Ата-бабам қолдасын,
Елімде жетім болмасын.
Самғай бер алға жас қазақ,
Қанатың мәңгі талмасын.
Арайлап атсын әр таңың,
Жасай бер, Қазақстаным! -деп өлең шумақтарымен, ойымды қорытындылап аяқтаймын.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру