Аталар ерлігі ұмытылмайды

 Аталар ерлігі ұмытылмайды

Ұлмаханова Қымбат
5-сынып №16, Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектеп
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы
Жетекшісі: Елгонова Гулсим

1941 жыл. 22 маусым. Фашистік Германияның жер шарын қанға бояғысы келген қанқұйлы әскері КСРО-ның шекарасына баса көктеп кірді. Сол күннен бастап аты тарихта қанмен жазылған үлкен соғыс басталды. Гитлердің соғыс жоспары «Барбаросса» деп аталды. Ол КСРО-ны қысқа мерзім ішінде жаулап алуға ұмтылды және әскерлері де мұздай қаруланған еді. Бүкіл Еуропаға қанды шеңгелін мықтап салды. Жалғанды жалпағынан басқан, өздеріндегі күшті еш нәрсеге теңгермеген, жауыздықтың шегіне жеткен фашистер талай қаланның маңын молаға толтырды, талай елді босытып, халықты аяусыз езгіледі. Талай мемлекетті балшықтай жаншып, шалшықтай шашып жіберді. Сол кезде алдарындағы басты мақсат – Совет Одағының уыздай ұйыған тыныштығын бұзып, қызын күң, ұлын күң ету болды. Бүкіл Совет Одағының халқы соғысқа жұмылған жұдырықтай қарсы тұра алды. Әрине, сол кездегі жеңістің өзі батыр аталарымыз бен апаларымыздың өмірімен өлшеніп тұрды. Бұл соғысқа не үшін, кім үшін баратынын анық аңғарған совет жауынгерлері өлімге қасқайып қарсы тұра білді. Оның ішінде, қазақ халқының да үлесі ерекше болды.
«Он оқтың тоғызы Қазақстанның үлесіне тиді» деген сөздің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Кәмлеттік жасқа толған қазақтың ұлдары мен қыздары өз еріктерімен соғысқа аттанып жатты. 1931-1932 жылдары 3 миллион қазақ қолдан істелген ашаршылықтан қырылса да, соғысқа 1 миллион 200 мың әскер қоса алды. Соғыс жылдары бірыңғай қазақ ұлтынан құрылған дивизия, полктер жасақталды.
Олар фашистермен ерлікпен шайқасты. КСРО бойынша 11600 адам ерекше ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Оның 497-сі қазақстандық болды. Әрине, төрелігін тура айтпай бұрмалаудың салдарынын көптеген қазақ ата-апаларымыз бұл атақтан қағыс қалды. Басқасын былай қойғанда ерлігін тек кеңес әскері ғана емес фашистердің өзі мойындаған Бауыржан атамыз да көзі тірісінде әділ бағасын алмай кетті. Мен сол кездегі батырларды екіге бөліп қарар едім. Бірі – қолына қару алып, өліммен бетпе-бет келген батырлар. Бірі – сол батырлардың жанына өмір нұрын енгізген, қазақтың дархан даласының батырлығын бойына сеуіп, рухани күш – қуат берген батырлар дер едім. Бұл батырлар – фашистердің қанға суарған, күлге айналдырған жеріне қазақтың қырмызы қызғалдағын еккен бұлбұл апамыз Күлаш Байсейтова, «Ленинградтық өрендерім» деп атой салған Жамбыл Жабаев аталарымыз.
ҰОС-ның жалыны күйдірмеген қазақ отбасы болмады. Бір үйдің арқа сүйер әкесі, енді бір үйдің бауыр еті баласы мен қызы соғысқа кетіп жатты. Менің атам Ұлмаханов Оразгелді де сол кезде соғысқа өз еркімен аттанды. Соғыстан аман-есен оралған. Кейіннен басынан өткендерін балаларына яғни менің әкеме, әкем біздерге айтып отырады. Атам 1942 жылы Сталинград түбіндегі болған шайқасқа қатысыпты. Алты сарбаз бір пулеметпен алдыңғы шепте, окопта жатып жауды өткізбей ұстап тұрыпты. Командирлері 200 метр жерден жаудың бір әскері де өтпесін деп бұйырған екен. Жаудың қарақұртша қаптаған әскерлері өлгендеріне де қарамай, оқ жаудыра отырып, алға ұмтыла береді. Бір кезде пулемет істен шығып, көмек шақыруға жүгірген сарбаз оққа ұшады. Атамдар жауға оқты мылтықпен атқылап жатқан кездерінде, жанына келіп жарылған гранатаның жарықшағы көзін ағызып түсіреді де, өзі есінен танып құлайды. Бір кезде есін жиса, екі румын әскері қолтықтап тұрғызып қойып он шақты метрге шегініп,артынан атқалы тұр екен. Аяғынан тұра алмай тұрған атам бір сәтте туған елімен қоштасып та үлгеріпті. Теңселіп барып құлап бара жатқанда атылған жау оғы атамның иық сүйегіне келіп тиеді. Жанына келіп теуіп, тірі екенін көрген соң, бір окопта болған басынан жараланған орыс жігітінің және қолына оқ тиіп қансыраған қазақ жігітінің қасына әкеліп тастапты. Сол кезде неміс офицері орыс жігітке келіп «русь» деп басына пистолетпен ұрып, одан сайын жарақаттайды. Жанындағы румынға қарап немісше бір нәрселерді айтады. Румын оны орысша аударып, атамдарды біраз неміс әскерін қырғаны үшін ертең қорлықпен өлтіретінін айтады. Сол күні таң ата Совет әскері Сталинград түбіндегі үлкен шабуылға шығып, неміс-румын әскерін талқандайды. Атам мен жанындағы серіктері өлімнен аман қалады. Атама өлді деп қара қағаз да келген екен. Бәрі жылап-сықтап қырқын, жүзін өткізеді. Ташкенттегі госпиталда 8 ай жатып, бір көзінен айрылып, бір иығындағы ойығымен атам үйіне оралады. Бұл күнде сол атадан 12 бала, немере, шөберелер бар. Әжемнің әкесі Бегіш ата да сол жылдары Москвадан Германияға дейін он бес шабуылға қатысып, бір жерінен де жарақат алмай , көптеген қалаларды азат етуге қатысып, ерлік көрсеткен. Тек соңғы шабул кезінде снарядтың жарықшағы бес саусағын етігімен қоса жұлып әкетеді. Ет қызуымен оған қарамай, жаудың шебіне жетіп, сол ұрыста жеңіске өз үлесін қосады.
Екі атамның да орден, медальдары қазірге дейін сақтаулы. Артында қалған ұрпақтарына қазақ халқының қандай ауыр жолдан аман өтіп, мәңгілік ел болуға лайық екенін айтып тұрғандай. Шынында, аталарымның артынан қалған жәдігерлері бізді ерлік істерге бастап тұрғандай, көрген кезде үнемі ерекше сезімде боламын. Кең байтақ елімнің жас ұландарының қамсыз ұйқысы үшін соғысқан аталар ерлігі ешқашан да ұмытылмақ емес. Жыл өткен сайын жаңғырып, ерлік істерге бастап тұрары хақ.
Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргідей қаншама елдің бірлігі бұзылған уақытта тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер шынымен де бақыттымыз. Ұланғайыр кең даламда мәңгілік тыныштық орнасын. Бұл, әрине, барлық адам баласының арман-тілегі. Бейбітшілік жасасын, бірлік жасасын!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру