Қазақстан: кеше, бүгін, ертең

 Қазақстан: кеше, бүгін, ертең

Базарбай Майра
11 сынып, «Жаңатірлік» жалпы орта мектебі
Қазығұрт ауданы

Тамырын ертедегі сақ, алыстағы ғұн, берідегі көк түрік, кешегі қазақ хандығынан алатын ұлы елім-еңсесін тіктеп,қанатын кеңге жайды. Еуразияның кең-байтақ төсінде өзінің тарихи аумағын, мәдениеті мен тілін, дінін қалыптастырған қазақтың күні кеше ғана пайда болмағаны белгілі.Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін ешқандай жауға бастырмаған, ұлын құл, қызын күң еткізбеуге ержүректігін, жауына қатал, досына адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, қол күшімен қатар ой күшіне сеніп, найзаның ұшына үкі таққан ұлдары мен қыздарының ерліктері бізге аманат.Ат құлағында ойнаған, жауын терең ақыл-парасатымен жеңген-Тұмар , Зарина падишалардың жұдырықтай жүрегіндегі ерліктері ,парсы патшасы Кирден қаймықпай,қыз да болса тайталасып, елін, жерін қорғауға үлкен септігін тигізгенін бәріміз білеміз және үлгі тұтамыз.
Кезінде елді отарлауға барынша күш салған Ресей үкіметінің бұл кезекті жоспарының күл-талқанын шығарған Кенесары бабамыздың ерен ерлігі неге тұрады десеңізші! Сондай қанды шайқастардың бірінде бабамыздың басы жау қолында кете барды емес пе?!
Сан ғасырлық тарихымызды мақтан тұтар, бүгінгіміз бен кешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал ұлы тұлғалар аз болмаған.Қазақтың ұлт болып ұйысуына, ұлан-ғайыр ата -қонысымыздың қалыптасуына, тағы емес, билеп отырған халқының бағын ойлаған хандар Абылай ,Тәуке,Жәңгір сияқты ел билеушілерінің арқасында қазақ халқы бүгінде «Қазақстан Республикасына» айналды.
Ұшқан құстың қанаты талатұғын, жүгірген аңның тұяғы талатұғын осынау ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын ата -бабамыз ақ найзаның ұшымен қорғап келген.Қабанбай,Бөгенбай ,Наурызбай сынды батырларымыз жоғарлардан даламызды арашалап, тарихқа есімдерін алтын әріптермен жазып қалдырды.
Азаттық -қазақтың ежелгі арманы еді.Түлкі бұлғаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді.Ат үстінде өткен ғасырлар көп болды.
Бүгінгі күнде бізге қажет жігерліктің, батырлықтың, біліктіліктің, отансүйгіштіктің мысалдары өткен тарихи оқиғаларда жатыр.Ел басына күн туғанда даналығымен, парасат-пайымының кеңдігімен, ел мұңын, халық
сырын, тарих үнін түсіне білген, халықтың басын қосқан , халық мүддесі жолында тапқырлығын таныта білген билеріміз Қаз дауысты Қазыбек би,Төле би,Әйтеке билердің арқасында еліміз іргелі елге айналды.
Сондай елдің мәдени дамуына тарих сахнасына Абай,Шоқан, Ыбырай аталарымыз қылыштан гөрі қаламының қуаттылығын көрсетіп, «Қазақ»деген халықты қараңғылықтың терең құдығынан алып шықты.
Алғашқы болып қазақ балаларына арнап мектеп ашып , «Қазақ хрестоматиясы» атты кітап жазып шығарған Ыбырай Алтынсарин, алғашқы рет жазу әдебиетінің негізін салған Абай Құнанбайұлы, тұңғыш рет халықтан шыққан, қазақ жерінің географиялық аумағын зерттеген Уәлиханұлы Шоқанның өнегелі істері-біз үшін мол мұра.
Одан бергісі Ахмет, Әлихан , Міржақып, Мағжан сынды алаштың алпауыттары елді бір тудың астында ел болып, мемлекет құруға шақырғанын, «Қайтсек ел боламыз?»-деп ойын сан жаққа, қиялын қырық жаққа жүгіткенін білмеуіміз-ұят нарсе!
Тізе берсек, тарих тізгінін тарту мүмкін емес.1989 жылдағы «Желтоқсанның ызғары» атанған көтерілістегі қазақ балаларының ұлтжандылығын айтпай кету мүмкін бе? «Қазақ елін-қазақ азаматы басқарсын!»-деп алаңға шыққан ұл-қыздарымыздың ел билеушілерінен көрген қорлықтары мен азаптары-біздің бүгінгідей бейбіт күн кешуімізге алып келді емес пе ?!
Бүгінгі ұлттық сана-сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін есте сақтағанымыз жөн.Осы асыл азаматтарымыздың үзілген жас, қыршын өмірлерімен Қазақстан бүгінде тәуелсіз ел! Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау-әрбір қазақтың, Қазақстанды өз отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты.
Кез келген елдің тәуелсіздігін паш ететін, әрі мемлекеттігіміздің өткені мен бүгінгі арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі-туы, әнұраны, елтаңбасы және ата заңы мен валютасы болуы тиіс.
Ата заңымыз-ұлттық заңнамамыздың ұлттық өзегі.Ол сонау Есім ханның «Ескі жолымен» еңселеніп, Қасым ханның «Қасқа жолымен» қуаттанып, Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» жалғасқан, бүгінде Нұр-атамыздың «Нұрлы жолымен» нұрлануда.Ата заңымыз-қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай еліміздің айбынын асырып, атағын әлемге жаятын бірден-бір қазынамыз.
Халқымыз «Береке басы бірлікте»деп тегін айтпаса керек.Уақыт сынынан сүрінбей өткен еліміздің қол жеткізген жетістіктері өте көп.Бұл-елімізде тұратын барлық халықтардың бірігіп, бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып, жарасымды өмір сүруінің арқасында.Қазіргі уақытта Қазақстанда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар ынтымақта өмір сүруде.
Аллаға мың да бір шүкірлік, бүгінде талай-талай толайым табыстарға қол жеткіздік, тәуелсіздігіміздің басты нышанына айналған Астанамыз-махаббатымызға, рәміздеріміз-айбарымызға, Ата заңымыз-мақтанышымызға айналды.
Даламыз-дәнге, өрісіміз-малға, үй-ішіміз-жанға толған, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүргеніме өте қуаныштымын! Тәуелсіздігіміздің мерейі үстем, келер ұрпақтың жүзі жарқын, тілі мен мәдениеті құлашын кең жайып, еліміз ұлт болып өркендей берсін!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру