Болашақ ұрпақтың келешегі үшін білім беру саласында екі елдің бірігуі: қазақстан және мажарстан (венгрия)


Қазақ және мажар халқын білім беру, мәдениет саласында біріктіруге, ана тілін және өзге тілдерді білуге бағытталған мақала.

Шетел филологиясы, гуманитарлық ғылымдар магистрі,

ағылшын тілі мұғалімі Лекерова Меруерт Мухтаровна,

Павлодар облысының білім беру басқармасы,

Екібастұз қаласы, білім беру бөлімі

«№ 25 қазақ қыздар гимназиясы» КММ

Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы

 

БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҮШІН БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА ЕКІ ЕЛДІҢ БІРІГУІ: ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ МАЖАРСТАН (ВЕНГРИЯ).   

 

Мені бала кезімнен бастап «біз қайдан келдік, неліктен және неге біздің айналамызда көптеген қызықты оқиғалар болып жатыр?», деген сұрақтар көп мазалайтын. Менің кішкентай бөлмемде қабырғада әдемі кілем ілулі тұрды, мен оның өрнектеріне жиі қарап, оның әшекейлі оюларының әр миллиметріне таңғалып қызығатынмын. Сондықтан мен сурет салуға деген құштарлықты дамыта бастадым. Сондай-ақ өмірім музыкасыз өтпеді. Төр бөлмеден теледидарда балериналардың қатысуымен опера қойылып, оркестр музыкасы ойнады. Өнерге деген құлшынысым одан әрі арта түсті. Әртүрлі той думандарда қазақтың халық әндерін жиі орындайтын әкем мені мамандандырылған музыка мектебіне жіберді ... Сонымен, содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Мен музыкант немесе суретші болған жоқпын. Бірақ бір білетінім - мен халыққа қызмет етемін. Менің міндетім - сол өнердің жібін байлап, білім жинап, олардан әдемі оюлы қазақ кілемін тоқу... Бүгін мен ағылшын тілінің мұғалімімін. Ал біздің елде сапалы білім берудің өткір проблемасы бар. Біріншіден, мен сіздердің назарларыңызды ана тілімізді қалай білетіндігімізге және оған деген көзқарасымызға аударғым келеді! Мектепте оқып жүрген кезімде өз тілім үшін ұялмадым және осы күнге дейін қазақ тілінде мінсіз сөйлеймін, өйткені қазақ бөлімінде оқыдым. Менің Мажарстанға (Венгрияға) қызығушылық танытқаныма бір жылдан асты. Жарты жыл ішінде мажар (венгр) ірі ғалымы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, қыпшақтанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки туралы білдім. Оның сонау алыстағы кеңес заманында қазақ тілінде аудио таспасына жазылған, оның қазақ халқын, қазақ тілінде сөйлеуге, тамырларың, әсіресе тілдерің жоғалтпауға шақырған дауысын естігенде жүрегім әлі де қысылады!

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев ол туралы былай деп жазды: «Екі халық арасында тек тарихи туыстық қатынастардың бар болғандығын дәлелдеп қана қоймай, сонымен қатар қарым-қатынастардың жақсаруына, екі халықтың бірлігі мен ортақ мәдениеттің гүлденуіне жағдай жасаған  мұндай титандық жұмыстың үлгісі ретінде, қазақ халқы оны мақтанышпен есте сақтап құрметтейтін болады» [1.2-абзац]. Қоңыр көзі тірісінде әйелі Оңғайша Мақсұмқызына: «Егер мен өлсем, мені қазақ жеріне, ата-бабаларымның жеріне жерлеңдер. Мәңгілік мекенім сол жерде болсын. Бұл менің соңғы өтінішім ». [1.18-абзац]. Қоңырдың өсиеті бойынша оны Алматы қаласында Кеңсай зиратына 1992 жылы 3 қыркүйекте жерледі. Қоңыр әкесінің өсиетін орындады және Қоңырдың диктафонға жазылған таспасынан былай делінеді: «Әкемнің өсиеті, аманат сөзі арқылы: «Сен балам, Орта Азияда қалған қазақ-қыпшақ туғандарымызды тапсаң, өте бақытты боламыз. Халқымызды қайтадан байланыстырсаң, өте риза боламыз», деген. Сөйтіп, бұл аманат сөзге құлақ салып, жайлап балалық кезімнен бастап, бұл байланысты іздеуге бастадым ... Жалпы мажар тілінде түрік тілдерменен ұқсас немесе бірдей тіліміз табы аз емес, 1500 сөз бар. Әбден бірдей немесе ұқсас. Қазаққа ұқсамаса, шувашқа немесе башқұртқа ұқсас, немесе алтайлықтарға. Сөйтіп бұлардың саны 1500 сөз. Бірақ қазаққа әбден тап-таза ұқсас сөздердің де саны 100-ге жуық болады. Мажарстанда турист болып кеткен қазақтар бір минутта байқайды: арпа мажарша да - арпа, алма деген алма ... және т.б. сөздер бар ... Оның ішінде біздің қыпшақтардың мажарша сөйлессек те, біздің тіліміз таза мажарлардың әдеби тілі емес, диалектологиялық ерекшелігі бар. Қазіргі мажарша сөздігінде ... 2000-ға жуық ортақ сөздер бар. ... Мына қазақстандық қазақтарға бір айтайын дегенім, бірнеше рет айтылды, біз қыпшақ тілден айырылдық. Бұл адам баласының ең үлкен зияны болып есептеледі. Халық, ұлт – өз ана тілінен айырылса, ол өліммен бірдей.  ... Мысалы, Алматыда, ... жастар қазақша білсе де, сөйлескісі келмейді. Немесе қазақша сөйлескенде, жартылай орысшалап кете береді. Қазақша сөйлемнің ішінде орыс сөздің 5-6 сөзі немесе 8-і де орысша. Енді ең бірінші, қазір тілге рұқсат берілді. Енді тазалану керек. Тіл жағынан. Тіл – бәрінің негізі ғой. Егер бір елдің, бір халықтың таза тілі болмаса, онда ой-пікірлері де таза бола алмайды. Өз айтайын деген пікірлерін, жалғыз қазақ тілменен жеткізуге болады. Сондықтан, менің бір тілегім, қазақтар ана тілін таза сақтасын, өркендетсін, ары қарай байытсын. Бала-шағаларына енді ұялмай тап-таза тілді үйретсе, онда кейінгі ұрпақтар бақытты болады. Қандай қазақтың баласы қайда жүрсе де, әрдайым Қазақстанды ойлап жүрсін. Егер мүмкіндігі болса, өзі үлгере алмаса да, баласы, не болмаса немересі осы Қазақстанға біржолата көшіп келсін» [2.].

Сур. 1 [3.]

 Сур. 2. Қоңыр әйелімен [4.]

Рис. 3  Қоңыр қазақтың дәстүрін сақтай отырып, киіз үй тікті [5.]

Ол түркітану саласында 16 мыңға жуық қолжазбалар қалдырды. Және ол қазақтар – қыпшақ-мажарлардың туыстары деп сенді.

Мажар тарихшыларының айтуы бойынша, мың жылдан астам уақыт бұрын біздің елдерден Алмуштың ұлы Арпат Хан басқарған жеті сақ тайпасы Шығыс Еуропаға, дәлірек айтсақ, қазіргі Венгрияға қоныс аударды, бірақ олар оны өздігінше Мажарстан деп атайды [6.]. Мажарларға венгр деген атау ұнамайды. Олар өздерін мажарлармыз деп санайды. Венгрия ағылшын тілінен аударғанда «Hungary», яғни «hun» – ғұн деген мағынаны білдіреді. Демек, олардың ата-бабалары ғұндар, сондай-ақ олардың патшасы Аттила болған. Қыпшақ-мажарлардың астанасы - 200 мыңға жуық қыпшақтар тұратын Карцаг қаласы. Бұл сөзді естігенде ешнәрсе еске түспей ме? Әрине, «қарсақ» түркі-қазақ сөзі және түлкі деп аударылады. Ең қызығы, 2006 жылы мажар ғалымы, антрополог, тұрантанушы Андраш Жолт Биро қазақ-мажар экспедициясы кезінде, Шығыс Еуропадан келген мажарлармен қазақтардың арсындағы генетикалық қан байланыстың Y хромосомасын талдау арқылы зерттеу мақсатында, Арғын-Мадияр руынан тараған Қостанай облысының Торғай аумағындағы тұрғындардан генетикалық материал жинай отырып, олардың мажарлармен ұқсастықтын дәлелдеді. Нәтиже күткеннен асып түсті, ұқсастық 70%-дан астам болып расталды. Керемет! Солай емес пе?

Сур. 4. Андраш Биро - антрополог [7.]

Сур. 5 [8.]

Сур. 6 [9.]

Біздің мектептерде тек ағылшын тілі пәнінен ғана емес, сонымен қатар қазақ тілі, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы, дене шынықтыру мен музыка пәнінде осы екі ұлы адамды оқытуға қосса екен деймін. Өйткені бұл пәндердің барлығы бір-бірімен өзара байланысты. Қазақстандық мектеп оқушыларын Мажарстанмен таныстыру арқылы шет тілдерін үйренуге деген сүйіспеншілік, әртүрлі елдердің мәдениеттеріне деген құрмет, олар туралы көбірек білуге ​​және шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге деген ұмтылыс артады. Осылайша, Мажарстандағы жастар мен мектеп оқушылары, олардың еліне қызығушылығымыз арқылы біздің елге деген қызығушылық танытатыны сөзсіз. Бұл керемет бірігу болар еді. Дипломатиялық тұрғыдан қарасақ, біз қазірдің өзінде де жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Мажарстан Қазақстанға біздің жастармыздың Мажарстанға оқуға түсіуне 250 грант бөлді. Бұл қазірдің өзінде республикамыздың әрбір жас азаматына өз арманына ұмтылуға зор мүмкіндік береді!  

Сонымен, неге тарих, дене шынықтыру, музыка, ағылшын және қазақ тілдері сияқты пәндерді ұсынамын? Себебі тарих арқылы біз көшпелі өмір салтының ұқсастығын табамыз: киіз үй - бұған дәлел; дене шынықтыру – атқа міну спорты, спорттық ойындардың ұқсастығы; музыка - музыкалық аспаптардың ұқсастығы: «trimba» - «шаң қобыз», «koboz» - «қобыз» - атаулардағы ұқсастық, екеуі де шертпелі музыкалық аспаптар, ал тілдер арқылы - ұқсас түркі сөздері оған дәлел: «anyam» - «анам» менің анам, «szakáll» - «сақал» - және т.б.; мажарлар мен қазақтар арасында қолжазба абсолютті түрде ұқсастық табады – олар рундар; дін жағына келсек, екі халық та Тәңірге сиынған. Көшпелілердің ұлы мәдениеті мен дәстүрлері көп жағдайда ұқсас, әсіресе қонақжайлылығымен, өз халқына деген мақтанышымен, намысшылдығымен, шежіре ағашының ата-бабаларының тарихын білуімен, аспаздықта - қой мен жылқы етін көп мөлшерде әзірлеуімен, сондықтан екі елге де бұл тартымды ынтымақтастық болар еді. Осылайша, Қазақстан жастары Мажарстанның тарихын, мәдениетін және өзіндік ерекшелігін зерттей алатын еді, және олар басқа елдің білім салаларын оқу арқылы өздерінің тарихын, тілін, мәдениетін білуге құмар болар еді. Нәтижесінде, жалпы алғанда, экономикалық, саяси және дипломатиялық салаларда даму және отаншылдық  күшейе түседі. Болашақта екі елде оқып, жұмыс істейтін мұғалімдер тәжірибе алмасқаны да қарастырылса керек. Әрине, мажар студенттерін біздің елде оқыту мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне түркітану саласындағы мажар зерттеушісі Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқиды, ол біздің тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді және дәстүрлерімізді зерттейді. Ал біз неге солай тырысып жасамаймыз? Осындай бай тарихы мен мәдениеті бар Қазақстан мен Мажарстан сияқты екі алып мемлекет болашақ ұрпақтың игілігі үшін жұмыс істеуге міндетті деп ойлаймын. Мажарстан мен Қазақстан барлық түркі елдері жиналатын Құрылтайды бірге ұйымдастыратыны белгілі. Спорттық ойындар, жарыстар, ежелгі күрестер, атқа міну спорты, көкпар, садақ ату және т.б шаралар жүргізіледі. Музыкалық фестивальдар өткізіледі: әсіресе көне музыкалық аспаптарда ойнау. Біздің елдеріміз, біздің еліміз тәуелсіз мемлекет құрылғаннан бері ынтымақтастықта. Бұның өзі айтарлықтай қуантады.

Қорытындылай келе, тарихымен, мәдениетімен, тілдерімен бай бір-біріне өте ұқсас Мажарстан мен Қазақстанның болашақта экономика, саясат, дипломатия, білім беру және туристтік бизнес сияқты салаларда бір-бірімен қоян-қолтық бірге дамығанын және туыстық байланыстарын жоғалтпағанын қалаймын.

 

 

Бұл дипломдық, курстық немесе ғылыми жұмысты өзіңіз жазуға көмек ретінде ғана пайдаланыңыз!!!



Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру