Абай Құнанбаев аудармалары

 Абай Құнанбаев аудармалары

Орыс әдебиетінің классигі М.Ю.Лермонтов мұрасының қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Бұл әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғындағы ұлы Абай аудармаларымен құнды.

Абайдың аудармаларына жалпы шолу жасасақ, ол үнемі таңдап, талғап аударған. Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой — философия, не үздік көркем өлеңдер болып келеді. Сондықтан ұлы ақындардың өлеңдеріндегі идеялық-мазмұндық ұқсастықтар мен көркемдік бояу нақыштары жүрекке жағымды келеді. «Абай Лермонтов өлеңдерін аса бір ұқыптылықпен әрі ерекше сүйіспеншілікпен аударды. Әсіресе «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Желкен» сияқты Лермонтов шығармаларының ең үздігін алып аударған. Ал бұлардың бәрі орыс классиктерінің ішінде шеберлік жағынан теңдесі жоқ туындылар болып отыр» деген екен Абай аудармалары туралы кезінде Мұхтар Әуезов. Лермонтов әуені Абай шығармашылығында жарасымды үндестік тапқан.

Абай неліктен Лермонтовқа соншама ден қойды екен? Зерттеушілер бұл мәселеге мән бермей келеді.

Абай Лермонтов өлеңдерін аудару барысында әлеуметтік-эстетикалық танымы мен шығармашылық нысанын білдіретін ұғымдардың аттарын аударуда ықшамдау принципін ұстанады. Түпнұсқаның негізгі мазмұнын, мағыналық өзегін сақтауда, сөйтіп автордың ойын жинақтап жеткізуде бұл принцип оңтайлы және едәуір тиімді көркемдік қызмет атқарады. Мұндай сипатты аудармада түпнұсқа мәтіндегі тікелей аударуға болмайтын ұғымдарды сөзбе-сөз немесе сипаттай аудару аударманың мазмұны мен мағынасы арасындағы келісім мен жарасымға көлеңкесін түсіруі ғажап емес. Түпнұсқада үлкен мағыналық жүк көтеріп тұрған мұндай тілдік құралдардың сөзбе-сөз аудармасы аударма мәтіні жүйесіндегі «бөтен сөзбен былғануына» алып келеді. Осы тұрғыдан келгенде, аудармада ықшамдау, жинақтау принципін қолдану да бір жағынан тиімді және мұның өзі айтарлықтай шығармашылық нәтижеге алып келетінін Абай аудармаларынан байқауымызға болады.

Абай аудармаларындағы мазмұны дәлме-дәл аударылған «Менің сырым, жігіттер, емес оңай» («Я не хочу чтобы свет узнал») деген өлеңінің көлемдері екі тілде де 16 жолдан. Бұлай аудару үлкен шеберлікті танытады. Айта берсе, Абай аудармалары шетінен асқан талант иесі екенін дәлелдейді.

«Көңілім менің қараңғы, бол-бол ақыл» шығармасы да осындай әсерлі өлеңдерінің бірі. Бұл — Байронның «Моя душа темна» атты туындысын еркін аударған Лермонтов нұсқасы. Орысша нұсқасы ақынның көзі тірісінде «Отечественные записки» журналында басылып, кейін өзінің жинақтарында басылған.

Абай осы өлеңнің алғашқы сегіз жолын ғана аударған. 1933 жылға дейінгі жинақтарда «бол,бол ақын» «бұлбұл ақын» болып басылып келген екен [2,261]. Алғашқы басылымдарда «Еврей күйі» деп берілсе, кейінгі басылымдардың барлығында Лермонтовтан деп қана беріліп жүр.

Мәтіндерді салыстыратын болсақ.

Түпнұсқада:

Душа моя мрачна! Скорей, певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твой, промчавчейся по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очках застывших капля слез —
Они растают и прольются.

Аудармада:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерсе?!

Аударманың сәттілігін айтпаса да түсінікті. Лермонтовтың ойы, көңіл-күйі аудармада анық, дәл түпнұсқадағыдай. Абай «арфа» сөзін «домбырамен», «звуки рая» тіркесін «бейіштің үні» деп қазақ оқырманының тіліне сай етіп өте жатық аударыпты. «Пускай персты твой, промчавчейся по ней» — «Ішек бойлап он саусақ жорғаласа» деген тармақтың да баламасын ұйқасқа қарай да, мағынаға қарай да тауып қолданған.

Абай аудармаларына ғалымдар қай кезде де оң пікірлерін беріп келеді. Мысалы, Қ.Бекқожин бұл туралы былай дейді: «Эти и подобные им Абаевские переводы воспроизводят художественные особенности Лермонтовских творений, сохраняют по возможности точно их содержание. «Кинжал», «Пленник», «Дары Терека», «Дума», «В альбом», «Больное сердце бьется тихо» — это те переводы, в которых мы можем особенно сильно почуствовать силу таланта Абая, тонкость его художественного восприятия, истинно поэтическую ценность переведенных им произведений». Қ.Бекқожин осындай ойдан кейін, Лермонтовты аудару арқылы Абай қазақ поэзиясында жаңа классикалық үлгіні дамытқанын айтады.

Абайдың ақындық толғамдарын саралап қарасақ, идеялық мазмұн мен лирикалық тебіреніс тарапынан үш-төрт сарынға жіктелер еді. Меніңше, бірінші бағытта — халықтың тағдырын, заманның бет-бейнесі өзекті орын алса, екінші тарапта — халықтың мінез-құлқын түзету үшін ақыл айту, яғни дидактикалық сарын және салт сипатындағы тоғышарлықты мінеу, сатира әуені жатады. Содан кейін осы бағыттағы өнеге, өсиет жырлары мен шындықтан жаңғырық таппағандықтан — өз замандастарынан, өз ортасынан түңілу, торығу, қасірет шегу саздары өзінше бір арна болып толқиды. Сахара бозбаласының лирикасы — бір сала. Ал Абай поэзиясының тебіренісі басым әуендер — өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу. Жалғыздық жапа шегу сарындарының Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы таң қалдырады.

Алдымен, Лермонтовтың осы сарынына беріле үн қосуын айтпастан бұрын Абай өзге де келелі шығармаларын аудармауының себебі не екен? деген сұрақ туындайды. Лермонтов шығармашылығындағы басты сарын — бас бостандығы болса, Абай аудармаларында мұндай ереуілді әуендер кездеспейді. Тек, «Жартастан қыз құлапты терең суға» дегені болмаса. Абай заманында, тіпті қазақ қоғамында, әйел мәселесі болмаса, жеке бастың бостандығы айырықша орын аларлық күйде болған жоқ. Құлдық, крепостнойлық секілді сұмдықтарды Абай көрмесе керек. Сондықтан мұндай сарын Абайды тебірентпесе керек. Абайға керегі, жүрегіне жақыны, жалғыздық, халық қамы:

Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып,
Жұртым деуге арлымын
Өзге жұрттан ұялып…

деп «Отанымды сүйемін мен өзгеше» немесе «Қош, Россия сорынан арылмаған» деген Лермонтов сарынымен сабақтас күңіренеді.

Мысалы, «Қараңғы түнде тау қалып» өлеңіндегі Абай дәл бере білген тұстардан үзінді келтірсек:

Выхожу один я на дорогу:
Сквозь туман кремнистый путь блестит
Ночь тиха. Пустыня внемлет богу
И звезда со звездою говорит —

дегенді Абай былай аударған:

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,
Тасты жол жарқырайды бұға амалсыз
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз.

Абай өзінің аудармасында ақынның ойын, жан-сезімінің сәулесін, құбылысын еркін түсініп жеткізіп бере алған. Мұнда «пустыня» сөзін «елсіз жер» деп сәтті қолданған.

Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі — дәл аударма, екіншісі — ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлең буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі — тоникалық не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі — силлобикалық өлең құрылысына жатады.

Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 20 жол. Өмірге ой көзімен қарай білудің, терең сезімталдық, сыршылдықтың үлгісі боларлықтай лирикалық туынды. Ақын жарық түнде жалғыз жолға шыққанын айта отырып, аспан мен жердің, жоғарыда жылт-жылт етіп көрінген жұлдыздардың ғажайып әдемілігін тамашалап, ғарыштық кеңістікті бар жанымен сезінгендей болады. Сондықтан оның өз көңіл-күйін қозғайтын әр сөзі ерекше салмақты, мәнді болып шыққан. Өлеңдегі мұңды сарын да, тыныштық, азаттық іздеу де адамды жадырататындай әсер береді. Осы өлеңнің идеялық өзегі, тірегі болған өмірге құштарлық:

«Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін…» —
деген сөздерден әсіресе айқын танылады.

Абайдың өлеңі Лермонтов нұсқасына жолма-жол сәйкес келіп отырады, мағынасы жағынан әбден жақын және көркемдігі де өте жоғары. Лермонтовта:

В небесах торжественно и чудно!
Спит земля в сиянье голубом…
Что же мне больно и так трудно?
Жду ль чего? Жалею ли очем?
Уж не жду от жизни ничего я,
И не жаль прошлого не чуть;
Я ищу свободы и покоя!
Я б хотел забыться и заснуть», —

деп келсе, Абай бұл екі шумақты былай тәржімалаған:

«Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын.
Менің не мұнша қапа, қысылғаным?
Үміт пе, өкініш пе ойлағаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азаттық пен тыныштық көксегенім,
Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін…»
Тек соңғы шумақ қана еркін аударылған.
«Чтоб всю ночь, весь день мой слух лелея,
Про любовь мне сладкий голос пел.
Надо мной чтоб, вечно зеленея,

Темный дуб склонялся и шумел» — деп, Лермонтов махаббат жыры мен ағаш сыбдырын аңсаса, Абай тамылжыған табиғаттың демімен, жылылықпен, достықпен өніп өскеннің мадақталуын армандайды:

«Су сылдырлап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса ол шайқақтап…»

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғашқы рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 1-ші шумақтың 2-ші жолы «Тасты жол жарқырайды буға амалсыз» делінсе, кейінгі басылымдарда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол «Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз» деп алынған. 1945, 1954 жылғы жинақтарда 2-ші шумақтың 3-4-ші жолдары «Менің де мұнша қапа, қысылғаным, Үміт пе, өкініш пе ойлағаным», 4-ші шумақтың 2-ші жолы «Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бір дегенім» болса, кейінгі басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинақ негізінде «Менің не мұнша қапа қысылғаным», «Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?» «Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бер дегенім» болып қабылданған. Өлеңге композитор І. Жақанов ән шығарған.

Сондықтан Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұқсастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады:

Қазақшасы:

«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ…»

Орысшасы:

Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы;
Подожди немного —
Отдохнешь и ты

Осы өлеңнің, әсіресе, соңғы төрт жолын алсақ, орысшасына дәлме-дәл. Әрине, алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Лермонтов поэзиясының құдіретті күші де, өр мінезі, ызғарлы ызасы, от лепті күрсіну де аудармада дәл берілген.

Абай аудармаларының жоғарыдағыдай үздік болуының, меніңше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, көркемдік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.

Түгелдей алғанда өте еркін аударылғандықтан Абайдың бұл өлеңі өзінің төл шығармасы саналып келген. Өйткені, бұл түгелдей алғанда нәзира дәстүрімен жарыса жазылған өлең деген баға берілген.

Жалпы Абай аудармаларындағы ерекшелік үнемі толығып, дамып, бүтіндей байланысып отырады. Екі халықтың екі ұлы тұлғасының поэзиясындағы үндестік, жалғастық — олардың асқан талант иелері екендігін танытады.

Қорыта айтқанда, Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына берік ден қойған, орыстың дана ақынын өзіне ұстаз тұтқан Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Сондықтан, ұлы ақындар арасындағы шығармашылық байланыс пен поэзиялық үндестікті аударма нұсқалар арқылы тану бүгінде ең маңызды зерттеу мәселелердің бірі болмақ.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру