Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы

 Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы

Ақын, аса көрнекті композитор, кезінде алдына жан салмаған әнші Үкілі Ыбырай… Оның «Үкілі Ыбырай» атануының себебін «Өзім жайлы» атты өлеңінде бабамыз өзі айтып кетіпті:

«Аралап талай елдің дәмін таттым,
Сұлудың асқақ әнмен бабын таптым.
Қалаған Сәмекеден қара қалпақ,

Қос буын шекесіне үкі тақтым», – десе қара қалпақтағы қос буын үні дом­бырадағы қос буын үнімен достасып, бірге үндесе желбірегендей көз тартып «Үкілі Ыбырай» атанды.

Біржан сал, Ақан сері секілді өз заманының еркесі болып, әндетіп дабылдатып өтсе де ақынның өмірінің соңғы кезеңі ХХ ғасырдың отызыншы жылдары әкелген зұлматтың құрсауында өтті. Голощекиншіл «ұр да жық» белсенділердің «асыра сілтеген» әрекеттері елді ашаршылыққа ұшыратты. Ұжымдастырудың зардабынан байғұс қазақтың жайлауында жаны, қыстауында қаны шықты. 1929–1932 жылдарғы қырғын аштықты көзі көрген ақтангер ақын ел мұңын ашық айтып, сұқ көзге түсті. Ащы тілі шымбайларына тиген ауылдағы шенділер соңына шырақ алып түсті. 1933 жылы Қазақстанды басқаруға Л. И. Мирзоян келіп, жағдайды түзей бастағанша, 1932 жылы Үкілі Ыбырай «халық жауы» атанып, атылып кетті.

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты № 5 ауылында 1860 жылы дүниеге келді. Кеңес үкіметі кезінде бұл ауыл «Өскен» деп аталды. Бұл күнде «Үкілі Ыбырай» ауылы атанарына сенімім мол. Жалғызтаудың бауырын жайлаған Жақсылық қарауылынан шыққан ақынның ата тегі Деріпсал Сәбденнен тарайды. Сәбден — Абылай ханның әрі досы, әрі даңқты батыры болған әйгілі кісі. Деріпсалдың Сандыбай, Маңдай, Әбіле атты үш ұлынан үлкен әулет тарады. Маңдайдан — Қосшығұл, Асайын, Үсейін; Сандыбайдан — Бөпіш (Мейіз), Шалғымбай, Ыбырай; Әбіледен — Ілияс, Кенжеғали, Молдағали туған. Асайыннан тараған Смағұл, Мырзағұл болса, әйгілі ақын, үздік әнші Мұса Асайынов (1929–1976) Мырзағұлұлы менің шешемнің апасы Бағи апамыздан туды, Смағұл қарт — ауылымыздың ақсақалы, ұста, соғыстан үш ұлы оралмай, тоқсаннан асып қайтыс болды. Шалғымбайдан тараған Сүлейменнің балаларын, Дәуіттің өзін көріп өстім. Жалпы алғанда Деріпсалдың ұрпағы батыр тұлғалы, ірі денелі келеді. Бауырым Мұса да қапсағай бойшаң, қыран мұрын, қалың шашты, кең маңдайдың астынан өткір, үлкен көздері күлімдеп тұратын жігіт еді. Ол ән салғанда ерекше күш бітіп кеткендей, әу дегенде тыңдаған жанды селк еткізетін, маржандары сылдырап, аспалы шам қозғалатын, Ыбырайға тартып туған асыл тұяқ деп ел еркелетті, өзі де еркелетуге лайық еді.

Үкілі Ыбырайды сипаттағанда Сәкен Сейфуллин:
«Әні бар „Гәкку“ деген аңқылдаған,
Аққудай айдын көлде саңқылдаған.
„Кідігай“, „Қалдырған“ мен „Маңмаңкерді“,
Ырғалтса керней даусы қарқындаған», – деп Шаляпинге теңесе, бұл Ыбыкеңнің жетпіске тақап қалған шағы, әлгі Мұсадай кезінде кездессе не дер еді?!

Біржан сал жас Ыбырайды алғаш рет тыңдағанда Ақан серіге қарап: «Ақанжан-ай, ертіп келген шәкіртіңе қанықтым, шын бақытты жан екенсің: қазақта жылқының перісі Құлагер саған бұйырса, ақынның перісі осы інің болар. Қазақ әнінде өзім жеке дара тұрмын, өзгелерге Ыбырай жеткізбес», – деген сөзін халық ақыны, әкемнің ағасы Молдақмет Тырбиұлынан естіп едім. Кейін осыған ұқсас сөзді әйгілі әдебиет зерттеуші Е. Смайыловтан да оқыдым. Бұл ағамыз: «Ыбырай — шын мәніндегі ұлы өнерпаз», – деп жазып кетті.

Сол дарабоз дүлдүл Кеңес үкіметі келіп, әсіресе, кәмпеске мен ұжымдастыру науқандары ел тұрмысын күйзелткенде өткір тілін шындық жолында аямады. Ақыры 1932 жылғы қарашаның 4-і күні қамауға алынды. Асылы жерлестерінің тілі де батқан шығар, сол кездегі ақынды көрсеткен, НКВД-ге қолшоқпар болған өзінің жақын туыстары Шаймұқанды да, Ақыпты да бала кезімде көрдім. Үкілі Ыбырай «халық жауы» атанып ұсталып кеткеннен соң ауылдағы Есеп атайды жұртқа құбыжықтай көрсетті. Оның үлкен қызы Тұрғын апайды соғыс жылдары «трудармияға» әкетті, шығармалары отқа түскен аласапыран заман туды. Бірақ алмас кездік қап түбінде жатпады, туған елі өз жүрегінде сақтады. Ол атылып кетсе де мінезі үлгі, қайсарлығы аңыз, ән-жыры ұмытылмады. Кейбір әндерін халық әні деп, кейбір әндерін әлдекімдікі деп сақтаса да тәуелсіз Қазақстан дүлдүл ұлына құшағын кеңдеу ашты. Бұл күндері Ыбекеңнің әндері өзіне қайтарылып келеді. «Гәккуге» тиіскендердің де бетін қайтардық, ал «Аңшының әніне» әлі күнге кей жігіттер Дәнеш Рақышевтің әні деген лақап таратып жүрсе, ол қателік. Асыл әнші Дәнеш тірі кезінде ондай озбырлыққа бармады ғой. Әйгілі классик жазушымыз, академик Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиеті» газетінде бұл мәселенің басын ашып, ашық айтқан. Ол әңгіме жайын бұрын да жазғанбыз. Ақынның өлеңдері мен толғау айтыстарын «Гәкку» атты бір кітап етіп (Астана, «Фолиант», 2005) шығардым, бірақ, бұл әлі толық дүние емес, іздей түсу қажет. Ал, әндеріне дегенде ақиқатты орнату керек. Мысалға, «Сырғақтының» Ыбырайдыкі екенін бала күннен білуші едім, Б. Ерзакович те солай дәлелдепті.

Үкілі Ыбырайдың композиторлық, әншілік мол мұрасы жайлы жазылған еңбектер баршылық, мен жыр жинағын шығарғаннан кейін ақындық ерекшеліктерін сөз етпекке бой ұрдым. Қазақстанның халық ақыны, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті Молдахмет Тырбиұлының айтуынша, ол алдына жан салмаған әншілігімен қатар, қай сайысқа салсаң да дес бермейтін білімдар, тапқыр, ағынды айтыс ақыны. Оған қоса қаламгерлігі де мол, араб, парсы тілінде оқи білген, өте зерек болған көрінеді. Ыбекең хат танығаннан кейін қолына түскен кітапты жаттап аларлық өнер көрсетіпті. «Мұңлық-Зарлық», «Қыз Жібек», «Жүсіп пен Зылиха», «Тотының тарауы», «Сейфул Мәлік», «Мың бір түн» іспеттес лира-эпостық, батырлық һәм ғашықтық жырлары мен қисса-дастандарды жатқа өз әуенімен айта білген. Әсіресе, «Ер Тарғын” мен „Мың бір түнді” әнге қосып жатқа айтуға жалықпапты. Кейде қара сырнаймен, кейде үкілі домбырасымен қоса шырқап, поэзияның желісіне қарай ән мақамының өрісін жатық үйлестіре білгені үлкен өнер. Ұзақ дастанды әндеткенде, кейде қолындағы домбырасын жерге қоя салып, тақпақтатып кетіп, отырған жерінен ілгері-кейін жылжып қызғылықты қимылдармен жалықтырмас даланың дара әртісінше тыңдаған жанды жіпсіз байлағандай баурапты. Бойға қонған жан-жақты өнердің арқасында ауыз әдебиетінен әбден сусындап, жазба әдебиетіне иек артып, өз ақындық өрісін кеңейте білгені біз үшін сонау алыстан айдай анық көрініп тұр.

Үкілі Ыбырайдың өзіне үлгі болған Арыстан, Орынбай, Шал ақын, Сегіз сері, Тезекбай, Шөже, Нұркей, Біржан сал, Ақан сері, Мұстафа сияқты саңлақтардың әндерін, айтыстарын ел арасына тарата білгендігі бір төбе. Қолына домбыра алғанда мынау Орынбайдың, мынау Біржанның, мынау Ақанның домбыраны қолдарына алғандағы өз ырғағы, өз құлақ күйі деп, әрқайсысының өз әуезімен, әуенімен, өздері сүйген сарынымен орындауға жетіктігін шебер көрсете біліпті. Молдекеңнің өзі де ұстазынан көргенін бұлжытпай қайталап елге таратып кеткені Есіл мен Көкше өңіріне аян.

Ыбекең тек қана ауыз әдебиетінің өкілі емес, ол өзінің ең жақын һәм жанашыр пір тұтқан ұстазы Ақан сері секілді суырып салма төкпе де, ойланып жазар жазба да ақын. Ыбырайдың ақындық талантынан, әншілік дарынынын да бөле жаруға болмайды. Ол алдындағы ұстаздары Біржан сал, Ақан серіге еліктеп алғашқы өлеңдерін де әнімен қоса шалқытты. Уыз туындылары ғашықтық сарында, әзіл-күлкі ауқымында дәстүрлі лириканы байытқаны анық. Қазақтың ежелгі салты бозбалалықтың қызығын күйттеу Ыбырайға да бастау берді. Шөбектің Мұқанының Мәлике атты сұлу қызын, бір жиында Ақан серінің ойынды басқару салты мен нұсқауы бойынша, алқа топта бірінші болып қасына өлеңмен шақырыпты.

“Бозбалаға бұл бір сын жеке-жеке,
Әркімнің қасындағы сәулесі ерке.
Бұйрығы ханзаданың екеу емес,

Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике», – деген өлеңі сонда туыпты. «Ханзада» деп отырғаны Ақан сері ғой, ол кісіні ағайын ел іші әуелі «ақ жігіт» деп атап, артынан «Ақан аға» деуге көшті. Ал, бұл Мәликеге байланысты шумақтың жарық көруіне ол кезде жігіт ағасы болып қалған Ақан серінің жастардың ойынын бастап беріп, бірінші кезекті сенімді шәкірті Ыбырайға сілтеуінде жатыр. Жас Ыбырай: «Көсем қиында, шешен жиында» дегендей, көш бастап, өзі міндетін атқарыпты. Ол нағыз ішкі сенім мен қанына туа біткен жүректіліктің белгісі. Міне, сол сәтте шыдай алмай буыны босап, күміс шолпысын әсем үнмен сылдырлата, сызыла басып, сиқырлы сылқым Мәлике сұлу ашық ажарын жайната түсіп, жас ақын Ыбырайдың қасына отыра кетіпті. Сол ғажайып жастық шақ деген асыл дәурен озған сайын өлеңі де маңызданып, жанға жайлы, көңілге жылы тиер дәрежеге жете бастайды.

«Ән салып сері болып талаптандым,
Ақылын тыңдау қайда барлық жанның.
Он үш жаста ән салып ел алдында,

Жолына түспей кеттім дүние-малдың», – деп өзінің ана сүтімен ере келген ақындық, әншілік өнеріне белді бекем буғанын ұғымға жеңіл, жинақы тілмен осылайша қиыстырыпты. Әкесі Сандыбайға тартып ұста болмады, немере ағасы Әбілге еліктеп саясатқа кіріспесе де, ақындықтың сұрша құсы жебеп өнер жолына сиқыр күшпен еліктетті.

Өмір өрісіндегі жаңа белесіндей ақынның «Жиырма бес» атты өлеңі жарқ етті. Міне, ақындық жолында ауызға іліктірген бастамасы осы еді.

«Қызды ауылдың сыртынан,
Қылаң еткен жиырма бес.
Қызды көрсем қиқайып,
Құлай кеткен жиырма бес.
Суға келген жеңгейге,
Ұнай қалған жиырма бес.
Жеңге халің қалай деп,
Сұрай қалған жиырма бес.
Бесіктегі баладан,
Алғыс алған жиырма бес.
Төрде жатқан кемпірден,

Қарғыс алған жиырма бес…» – деп төгілте жөнелсе, ақындық қуаты да жасына қарай жаңарып, жауқазын гүлдей құлпыра түсіп, көз тарта бастағанын айқындайды. Бұл кезде суреттеу тәсілі, бейнелеу әдісі келесі бір биік белеске көтеріле бастады.

Үкілі Ыбырайды жақсы білетін классик жазушымыз Сәбит Мұқанов: «Қарақат көзді» деген өлең 50–60 ауыздай бар. Бәрін де: «Қарақат көзді», – деп бастайды. Бұл өлең осы күнгі махаббатшылардың өлеңдерін маңайына отырғызбайды, – деп жазған екен. Одан артық не айтпақпыз.

Не десек те, поэзияның бұл кесек үлгісінде Үкілі Ыбырайдың ақындық ерекшелігін тауда өскен әсем шынардай, алыстан айқын танытқандай тамашалық бар. Ақын сөзін өз әнімен шырқасақ қазақтың керемет әні, ал романс сазына салсақ өз көркемдігін, сезімталдығын, толқымалығын аша түсетіні сөзсіз. Жалғыз өлең ұзақ поэмадан кем емес, шағын роман, даланың романсы секілді. Бұл өлеңді тамаша поэма дәрежесіне жеткізу білу де үлкен шеберлік. Мұхтар Әуезовтің «аз көлеммен көп мағына беретін шеберлігін» академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, Ыбырайдың да ақын тілімен аз сөйлеп, көп ой қозғай білгіштігі көп өлеңдерінде соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Шеберлік деген ұғымның шырқау шебі де осы шығар.

Композиторлығын баса айтып дағдыланғандықтан Ыбекеңнің ақындық мұрасына зерттеушілер көп мән бермей келді. Ол кемшілікті де болашақта түзету қажет. Әрі ақын, әрі композитор, әрі үздік орындаушылық бір өзіне қонғандықтан логика жүйесіне салсақ: өлең сөзі бірінші, содан кейін ән, ең соңында орындау тұрады. «Бес ғасыр жырлайды» (Алматы, 1984, «Жазушы») атты белгілі жинаққа Үкілі Ыбырайдың кірмеуі мені қатты қынжылтты. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды», деген сөз көкейімнен кетпей қойды. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайды бөле жаруға болмайды. Бәрі де ең әуелі ана сүтімен ере келген ақындыққа бөленді, содан кейін әнге құндақталды, одан әрі орындап берудің құдіретті күші бітті. Үкілі Ыбырайды да қазақтың үлкен ақыны деп танып, қатардан қалдырмаған ләзім.

Үкілі Ыбырай Абылай ханның батыры атанған Сәбден дауылпаздан тарап, немере ағасы Әбіле Шыңғыс Уәлиұлының хатшысы болып, өзі атақты ақын, әнші ретінде дүниенің қызығын көріп, көрешектің есесін қайтарғандай ән-жырын іркілмей төгілтіп өтсе де, оның тағдырының тәбдел бермес қиындығы да зор болды. Әсіресе, жасы ұлғайған кезде жазған өлеңдерінде сол баяғы ерке екпінмен өмір шындығын бояусыз, бүркемесіз шертеді. «Сұм дүние сумаңдаған сен бір қақпас, үйінде сені қуған үш күн жатпас», – деп тегіннен-тегін айтпаған ғой. Біреулер үйінде үш күн жатпай, қара бастың қамын ойлап шылқып жүр, біреулер бұрынғыдан жүдей түсті, әне, сондайды байқағыштығы тебіреністің ашық түрі болып ет-жүрегін жарып шығады. Ақынның әлеуметтік сарындағы өлеңдері толағай толғаулар іспеттес аз сөзбен шексіз ұғым береді.

Бұл фәлсафалы толғаныс қай заманда болсын өз құндылығын жоймайтын ойлы көкіректен туған жан сыры. Ыбекеңнің ақыл-ойға толы терең психологиялық толғаныста туған өлеңдері да баршылық.

«Шаш алмас өтпес пышақ қайрағанға,
Томар су суат бермес жайлағанға.
Талықсып қорғасындай денең балқыр,

Таңертең қара торғай сайрағанда», – деп теңізде жүзіп бара жатқан нән кемедей асықпай, саспай кемеліне келе тебіренер жерлері сүйсіндірмей қоймайды.

Одан кейін:
«Қызығың дүние өткен күн,
Кейінгі қуып жеткен күн.
Байланбаған асаудай,

Сырт айналып тепкен күн», – деп өмірінің шуағы өтіп, шөлейтті келеңсіз кезеңдері тебірендіре бастағанын үлкен күрсініспен айта білуі нағыз шеберлік.

«Жолдас болсаң жақсымен,
Терең ойлы, ақылы кең.
Кішіпейіл сыр шашпас

Мінез, білім келсе тең», – деп, өмірдегі үзеңгілес, сырлас, сыйлас болар жолдасың қандай болуын жырласа, мінезге білім сайлығы қажеттілігін әдемі келтірген. Бұл мың түрлі сарында ерте де, кеш те айтыла беретін тақырыптың ол кездегі поэзиямызға қосылған ойлы үлесі деп түсінерлік туынды.

Ыбекеңнің ақындығын сөз еткенде: «Сүйгенім кете барды соңыма еріп», «Қалдырған», «Көкейкесті», «Көкшетау» секілді туған елге ынтық мархабатты, шапағатты өлеңдерін ұмытпаймыз.

Менің өзімнің бала кездегі блокнотымда да Молдахмет Тырбиұлынан жазып алғаным сақталыпты. Белгілі айтыскер, ақын, тамаша жазушы Жұмабай Есекеев өзінің «Айыртау арыстары» атты деректі әңгімелер жинағында «Аңшының әніне» бір әңгімесін түгел арнапты. Көрші ауылдың баласы екенін білдіріп мұқият зерттеп, әсем әннің қашан қалай шыққанына дейін әдемілеп жазыпты. Бұл әнді туған жиені ақын Тайжан Ұлытауға, оның шәкірті әйгілі Нартай ақын Сыр бойына, Жарылғапберді мен Әсет, Естайлар семейлетіп Алтайға, Қара Ертістен асырып Қытайдағы бауырларға жеткізгендері айдан анық. Жаттап алып айтып жүрген Дәнеш Рақышевке де, елдегі Қайрат Байбосынов пен Жарман Рахимовке, Тұрсынбай Кәкімовке айтар алғысымыз шексіз.

Ыбекеңнің әндерінің ішінде әлемге кең тарағаны «Гәкку». Ол әнді де Қытайда естігенін аққу ақынымыз Марфуға Айтқожадан біліп едім. Белгілі мәмілегер Сайлау Батыршаұлы «Гәккуді» жуырда Парижде естігенін бізге үлкен құлшыныспен жеткізсе, неміс тілінің мұғалімі Мағрифа Сейітбатталова Ганноверде шырқалған «Гәкку» атты мақаласын «Астана ақшамында» жариялапты. Біздің елден барған Генрих деген жігіттің отбасымен қосылып «Гәккуді» шырқағандарын келтіріпті. Кезінде «Гәккуді» Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында шырқап, қазақтың ұлы әнші қызы Күләш апамыз да «Гәккуге» талмас қанат бітіріп, шартарапқа таратып кетті емес пе?! «Гәкку» дегенде Үкілі Ыбырайдың өз аузынан естіп үйреніп алып, бұлжытпай айтып асқақтатқан Иса Байзақов ағамызға алғыс айтуды ешқашан ұмытпақ емеспіз. «Гәкку», «Сырғақты», «Қараторғай», «Қалдырған», «Қарақат көзді сым саусақ», «Көкше», «Аңшының әні», «Па, шіркін!», «Алтыбасар», «Толқын», «Апай көк» сияқты әндері Үкілі Ыбырай бабамыздың атын мәңгілікке жеткізуіне еш күмән жоқ.

Ақынның поэзиялық ерекшеліктері туған жері, өмір сүрген қоғамдағы ортасы, соған байланысты әлеуметтік һәм саяси құбылыстарды өз жүрегінен өткізіп, өзінше тебіреніп көңіл күйін, жүрек сезімін, ақыл-ой толғаныстарын ақ қағазға түсіре білуінде жатыр. Ерекшелік деген әркімнің өз болмысы, өз мінез-құлқының айнадағы бейнесіндей көрініс қой. Өмірде қаншама адам бар, соншама мінез-құлық бар, стиль – деп аталатын айқындауыш түрі бар. Сол стильде ақынның да ерекшеліктері әр теңіздің өз тасқынындай толқын ұрып жағалауға жетіп жатады.

Ағымдағы жылда 150 жасқа толып отырған ақтангер ақынның қайда жатқаны да белгісіз. Үкілі Ыбырайдың әйгілі атын мәңгілікке жеткізер белгілер де әлі жоқ. Бұл күнде ақынның туған ауылы Солтүстік Қазақстан облысында болғандықтан, ашық айтарым: Ыбырай да алысқа ұзамай «үштіктің» шешімі шыққан күні Қызылжарда атылды. Өзге сөздің бәрі де «ГПУ»-дің көзбояушылық тәсілдері деп білемін. Солтүстік Қазақстан даналар мен дараларға бай өлке, ұлыларды ұлағаттауға жалықпас өлкеде Үкілі Ыбырайға да лайық назар аударылар деп сенеміз.

Автор: Кәкімбек Салықов, 2005 жыл, Үкілі Ыбырайға арнаған Гәкку кітабынан үзінді


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру