Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854)

 Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854)

Бөлтірік Әлменұлы (1771–1854) — Жамбыл облысы Шу районы Шоқпар ауылында дүниеге келіп, Жерленген жері: Жамбыл облысы Талас ауданы Жидек ауылында жерленген. Бөлтірік ұлы жүздің ысты елінен шыққан. Ысты елінің Ойықтыдан, Қызылқұрт, Зорбай, Орбай, Сәтек тараған. Зорбайдан Байгелді одан Қосай, одан Малай-Сүйіндік-Өтеген-Сабдалы-Әлмен-Бөлтірік тараған.

Бөлтіріктің шешесі жағынан туыстық қатынасы бар, ол- Бөлтірік шешен.

Қазақ тарихындағы әрі би-шешен, әрі жауынгер-батыр, палуан ретінде танымал болған көрнекті қайреткер.

Бөлтіріктің жастайынан өмірден өткенге дейінгі аралықта адамдардың тағдырларына қатысты саналуан мәселелердің барлығына да даналықпен, әділдікпен шешімді бағалаулар жасағанын көреміз.

Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері жастардың да, ересектердің де жақсылық пен жамандық қасиеттерін салыстыра бағалауға бағдарлайды. Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастарының күрделі қайшылықтары, қақтығыстары өмірлік шындық құбылыстарымен, қасиеттерімен нақты дәлелдене, дәйектеле түсіндіріледі. Аз сөзге астарлы, мегзеулі ой-мағыналарын сыйғыза білу – шешендердің шығармашылық өнерінің басты ерекшелігі. Адамдардың рухани жан әлемі сұлулығының қоршаған ортасына, кейінгі ұрпаққа тағылым болатын ұлағаты шешендер сөздерімен тұжырымдалған. Яғни, би-шешендер ғасырлар бойы ұрпақтарды сөйлеу мәдениетін игеруге қалыптастырды. Бұл орайда, Бөлтірік «Нақыл сөз туралы» топтамасындағы мынадай оқиғалы сөздер тақырыптарын айтамыз:

«Сөздің көркі мақал-ды», «Сөз қадірін білмесе», «Басқа пәле тілден», «Бәле қайда деме – аяқ астында», «Әкең қапа болады», «Сөз мәнісі», «Тұз сөздің де дәмін кіргізеді», т. б.

Бөлтіріктің осы топтағы оқиғалы сөздерінде халықтың барлық орталарындағы (отбасы, ауыл-аймақ, жалпы халық) сөз өнерінің құдіретті қызметінің адамгершілік-эстетикалық, әлеуметтік ықпалды маңызы саралана бағаланған. Мысалы, «Сөз қадірін білмесе» атты әңгімеде Бөлтіріктің салыстыру-шендестіру тәсілімен берілген бағалауларын көреміз:

Бай болмаған бай болса,
Жайламаған саз қоймас.
Би болмаған би болса,
Басын шалмаған сөз қоймас.
Сөз қадірін білмесе,
Байдан байлық көшеді.
Сөз қадірін білмесе,
Биден билік көшеді.

«Әкең қапа болады» атты әңгімеде «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп шынында да ауызы қисық, бірақ жұрттың арасында ретсіз әрнәрсені айта берген байдың баласын бағалағаны үшін жиынның шырқы бұзылғанына қапа болған Бөлтіріктің айтқан сөйлеу мәдениетін ұғындыру ұлағатының барлық күнде де мәнін жоймайтыны анық:

«Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады».

Бөлтірік сөздерінің біразы адамдарды жолдастыққа, достық қарым-қатынастарға тәрбиелеу болып келеді. Әкенің баласын тәрбиелеуі – ата-бабалардың жолы. «Саңылауы жоқпен сабақтас болма» атты әңгімеде шешеннің ұлының сотқар, бұзық балалармен бірге жүргені, әкесінің ескертулеріне құлақ аспағаны, ақыры солардың тазы ұрлаған оқиғасына байланысты жазаланып, айып тартқандардың бірі болғанына байланысты айтқан Бөлтіріктің насихат сөзі де тағылымды:

Саңылауы жоқпен
Сабақтас болма.
Байлауы жоқпен
Санаттас болма.
Тілегі жаманмен
Қапаға түспе.
Тегі жаманмен
Ортаға түспе.

Адамдардың өзара жолдастығы, достығы нағыз сын сағаттарында, қиын-қыстау кездерінде танылады. Адамдардың арасында жолдастық, достық қарым-қатынастарын тек ғана дәулеті шалқыған, қызмет дәрежесі бар кезіндегі пендешілік есепке ғана құрып жүретіндер де кездесетіні мәлім. Ал, шын жолдастық, достық тек ғана қиыншылықтарды бірге көтеріскен мәрт мінезді қасиеттермен ғана көрінуі тиіс емес пе? «Жолбарыс терісін жамылған батыр» аталатын халық әңгімесінде бірге келе жатқан адамдардың жолбарыспен бетпе-бет кездесіп қалғанда аңмен алысып жатқан Бөлтірікті тастап қашып кеткендіктеріне байланысты бағалау жасалған. Жолбарыспен жалғыз өзі алысып, өлтіріп, «Иығына салып алған жолбарыс терісінің бір пұшпағы жерге сүйретіліп» келе жатқан Бөлтірікке қашып кеткен жолдастары қайта оралып келгендегі диалогтардан, шешеннің қорытынды бағалауларынан жолдастықтың шынайлығы мен жалғандығына баға берілген. Бөлтірік шешеннің поэтикалық мағынасы, мегзеулі ойлары терең сөздері арқылы адамгершілік қасиет сапасының шынайылығы дәлелденген:

«Тірі болсам да, өлі жолбарыс құрлы болмадым. Өлі болса да бұл жолбарыс тірі Бөлтіріктен гөрі жолды екен»;
«Мен екі сойылдым, жолбарыс бір сойылды… – Мынау қасымда тұрған қоянжүректер мені жалғыз тастап қашып кетіп, бір сойылдым. Олардан соң батыр жүректі жолбарыс болат тырнағымен, алмас азуымен тағы сойды. Ал, жолбарыс болса, ол бір-ақ сойылды».
«– Жолбарыста қырық жігіттің айбаты бар, бір жігіттің қайраты бар. Жүрегін тоқтата алған жігітке бір жолбарыс не қайрат қылушы еді» – деп жауап беріпті. Осы оқиғадан кейін ел ішінде Бөлтіріктің «Жолбарыс жүректі батыр», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» деген аты шығыпты".
Жақсы адамдардың достығы арқылы адамзаттың өсіп-өркендеп келе жатқаны белгілі. Сондықтан, Бөлтірік шешеннің жолдастық, достық туралы сөздері азаматтық-отаншылдық тұғырнамамыз берік халық екенімізді дәлелдейді.

Бөлтірік шешен сөздеріндегі тәлім-тәрбиелік мағыналы ойлар жақсылық пен жамандық ұғымдарын танып-білу ұлағатын саралауға арналған. Мысалы, «Жаның жеті жаманнан аман болсын», «Өнерің мен өнегең азбасын», «Жеті жетіні білгенді адам дейді», «Жеті жақсы», «Жеті жетім», «Балаға ақыл», «Бес жаман», «Ақыл», т. б. нақыл сөздері жас ұрпақтың адамгершілік ұлағатымен қалыптасып өсуіне халық даналығы бойынша бағдар береді. Шешен қазақ ұғымындағы киелі жеті санына негізделген қасиеттер, дәстүрлер тағылымын толғайды.

Қазақ ұл-қыздарының жеті жетіні (жеті ата, жеті ру, жеті жарғы, жеті құбыла, жеті жақсы, жеті жаман, жеті жетім), соларды саралағанда жеті жақсыны (ақыл, талап, білім, мал, кісілік, кәсіп, сөз), жеті жаманды (күншілдік, кекшілдік, астамшылық, сараңдық, қараулық, бәлеқорлық, ынсапсыздық), жеті жетімді (жауын жаумаған жер, басшысы жоқ ел, елінен ажыраған ер, аққу-қазы жоқ көл, тыңдаушысыз сөз, киілмей тозған тон, қатарлары жоқ шал) – білудің ұлттық-отаншылдық дүниетаным үшін маңыздылығын байқатады.

Бөлтіріктің «Балаға ақыл» атты насихат-нақыл, бата-тілек бағдарымен айтылған сөздері де дидактикалық-философиялық байыпты сипатымен ерекшеленеді.

Шешендік насихат-нақыл сөздерінде қазақтың ата-бабалардан жеткен адамгершілік қасиеттер ұлағатын жас ұрпақтың жадына, санасына сіңіру ұсынылған. Қолдағы бар дүниені орынсыз шашпауды, ашкөз дүниеқоңыз болмауды, меншікті жердің, судың («Сулы жер – нулы жер, нулы жер – рулы ел») иесі болуды, жігіттік пен қарттықтың үйлесімін білуді, ойдың да, сөздің де, істің де таза, ақ болуын сақтауды уағыздайды.

Бөлтірік Әлменұлы сөздерінің барлығында да тәрбиелік мән бар. Адамгершілік қасиеттерді бағалау тұрғысында саналуан оқиғалар (жер дауы, жесір дауы, ұрлық, барымта, т. б.), ағайынның, дос-жолдастардың қарым-қатынастары, т. б. мәселелерге байланысты туындаған сөздері халықтың жадында жатталған. Әсіресе, оның билермен болған сөз сайыстарындағы билік шешімдері сөз өнерінің құқықтық заңдылықтары сақтау құралы болғандығын дәлелдейді. Суреткер жазушымыз Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты кітабында «Билер айтысын» әдебиет тарихындағы «Айтыс өлеңдері» саласы аясында қарастырған еді. М. Әуезов «Билер айтысын» «ішкі мағынасына ғана қарап» жіктеп, оларды билік айтыстары атауымен жүйелейді: "бірінші – дау мен билікті қоса айтып, ру жігінің бетімен сөйлейтіндер болады. Мысалы, Бұқар жыраудың Керейге айтқан тақпағы; "Екінші, екі бидің әділ билікке таласып айтқан талас сөздері. Мысалы, Ақтайлақ, Солтабай билігі; "Үшінші, арбасып, ырғасып, жұмбақпен, тұспалмен айтысатын талас билік, мысалы, Қараменде мен Кеңгірбай билігі; «Төртінші, дау мен билік тұсында, не жамандап, не мақтау айтатын сөздер. Мысалы, Сабырбайдың Солтабай төреге айтқан өлеңі».

Бөлтірік шешеннің де әлеуметтік-қоғамдық қайраткер тұғырына көтерілген қызметі осындай «Билік сөз» үлгілері арқылы танылған: «Аға бордан, іні зордан» (жесір дауы), «Халқым үшін тудым» (жер дауы), үш нұсқалы «Алтын Емел дауына дауа» (жер дауы), «Сыпатай батырдың құты» (жомарттық-мәрттік), «Тентек төртеу болғанда» (тентектікке баға), «Аздым деп ұрлыққа барма» (озбырлыққа үкім), «Құдайдың өзі оңғарар» (жомарттық), «Даудың түбін қыз бекітеді» (қырғыз-қазақ достығы), «Арыстан қартайса тышқан аулайды» (ірі мінез-мәрттік), «Еріккен хан өстіп оттай ма екен» (халықтың қуатын таныту), т. б.

Бөлтірік Әлменұлының шешендік сөздері – мыңжылдықтар белестерінен өткен, қазіргі кезде жаңа әлемдегі Қазақ мемлекеті атымен әлемдеп ең озық елдермен иық теңестірген халқымыздың ұрпақтарын тәрбиелейтін рухани құралдарымыздың бірі. Қазақтың тәлім-тәрбиелік негізі бай, терең мағыналы осындай мұралары әлемдік педагогикалық көзқарастар жүйесін де байыта түсетіні ақиқат. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлттық-отаншылдық бағдарлы сөздерінің де Бөлтірік баба сынды даналарымызды ұлықтау арқылы өз бағытымыздан адаспайтынымызды дәлелдей түседі: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ. … Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан – теңіз даласы бар, аруақ қолдаған бабасы бар ел екенімізді мақтан етейік!».

Бөлтірік шешеннің тарихи тұлғасы дастандарда да (К. Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» (1969), Б. Бигелиевтің «Балкаш» (1970) кітаптарындағы дастандарда бейнеленген. 2007 жылы Балқаш ауданының, Бақанас ауылы орталығында ескерткішінің қойылуы да қазақ халқы бабалары ұлылығын ұрпақтары ұлықтауының көрнекті көрсеткіші.

Қорыта айтқанда, қазақ тарихындағы көрнекті би-шешен, батыр Бөлтірік Әлменұлының сөз өнері шығармашылығы мен қайраткерлігі тұтасқан қызметінің өнегесі біздің ұлттық және жалпыадамзаттық мұраттарды игерген озық өркениеттік болмысымызды анықтай түседі. Қазақ өркениетінің осындай гуманистік тағылымы ұрпақтарды адамгершілік ұлағатымен мәңгілік болашақта да тәрбиелей береді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру