Темперамент туралы жалпы теориялары

Темперамент туралы жалпы теориялары

Темперамент туралы жалпы теориялары.
Белгілі бір адамға тән және өмір әсерлеріне жауап реакциялардың динамикасы, тонусы мен бірқалыптылығында көрініс беретін мінез-кұлықтың табиғи ерекшеліктерін - темперамент деп ұғынуымыз керек.
Мінез-құлық тек әлеуметтік жағдайларда ғана емес жеке адамның табиғи құрылымына да тәуелді. Адамның биологиялық жағын көрсететін қасиеттің бірі болып табылатын темперамент жас балалардың ойыны үстінде, түрлі қарым-қатынас жағдайында анығырақ және ертерек байқалады.
Темперамент — жүйке жұйесінің тума қасиеттерінен, туындайтын адамның жеке өзгешеліктерінің бірі. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсенділігінен жақсы байқалады. Темперамент — организмнің физиологиялық өзгешеліктерімен, әсіресе, жоғары жүйке қызметінің тума қасиеттерімен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да (мәселен, біреулер шапшаң қозғалады, тез қимылдайды, енді біреулер жай қимылдап, асықпай істейді), психиканың күші мен тереңдігінен де (мәселен, біреу өжет, алғыр болса, екінші біреу керісінше, сылбыр, жігерсіз болады), адамның көңіл-күйінің ерекшеліктерінен де (салмақты, тұрақты, жеңіл, тұрақсыз т. б.) эмоция сезімдерінен де (біреу сабырлы, екінші біреу күйгелек т. б.) жақсы байқалып отырады.
Темперамент тұлғаның барлық психикалық көріністеріне реңк беріп отырады, ол эмоция мен ойлауға, еріктік қимыл-қозғалысқа, сөздің сарыны мен ырғағына әсер етеді. Бірақ темпераментке жеке адамның моральдық тәрбиесі, әлеуметтік бағдары, әуестенуі, қызығуы тәуелді еместігін естен шығармаған абзал.
Темперамент туралы ілім ерте замандарда пайда болған. Гиппократ, кейіннен Гален сияқты дәрігерлер адамдардың мінез-құлықтарының дара көріністерін бақылау арқылы солардың өз ерекшеліктерін сипаттап жазуды, түсіндіруді ойластырады. Темперамент туралы ілімнің негізін салған ежелгі грек дәрігері Гиппократ болды.
Ежелгі Грецияның белгілі ғалымы, дәрігер Гиппократтың (б. э. д, 460—356) еңбектерінде бұл жөнінде біраз пікірлер айтылған. Гиппократтың ойынша, әр түрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесінде төрт түрлі сүйық заттарға байланысты болмақ. Олар: денені жылытып тұратын — қан, салқындататын — шырын (слизь), құрғататын — бауырдағы сары өт және оған дымқылдық беретін қара өт (талақ). Осы төрт түрлі сұйықтың, араласуының пропорциясын грекше "красис" деп атаған. Ал латын тілінде бұл терминді темпераментум деп атап кеткен.
Гиппократтың пікірінше, адамның тэнінде төрт түрлі сұйықтық болады: қан, шырын, сары және қара өт, олар дұрыс араласса - адамның дені сау, дұрыс араласпаса - сырқат болады. Ағзадағы сұйықтардың біреуінің басым болуы адамнын темпераментін анықтайды. Сұйықтардың аттарына орайлас қойылған темперамент атаулары күні бүгінге дейін сақталып келеді. Мәселен, холериктік темперамент - сһоlе(өт), сангвинигтік темперамент -sаnguis (қан), флегмативтік темперамент - рһ1еgmа (шырын), меланхоликтік темперамент - melanos сһоlе (қара өт) деген сөздерден алынған. Гиппократ темпераменттер белгілі мөлшерде адамның тұрмысына, ауа райы жағдайларына тәуелді болады деп санады. Мәселен, отырып жұмыс істейтіндердің денесінде флегма жинақталса, үнемі қимыл қозғалыстағыларда - өт көбейеді, темперамент те осыған сәйкес анықталады. Гиппократ типтерді дұрыс сипаттағанымен, оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіре алмады.
Рим дәрігері Гален (129—199) темпераменттің санын он үшке жеткізді. Гален организмде жылылық неғұрлым басым болса, адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса, темпераменті баяулайтынын айтты. Бүл секілді түсініктердің прогрессивтік маңызы зор. Өйткені адамның тәнін зерттеу, тәжірибеге көңіл аудара бастау — сол кезде кең жайылған, жан тәнге байланыссыз нәрсе дейтін теріс пікірге берілген үлкен соққы еді.
Орта ғасырдағы ғалымдар темпераментті организмдегі химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырысты. Кейіннен темперамент организмнің түрліше физиологиялық өзгешеліктеріне, атап айтқанда, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне т. б. байланысты деген пікірлер де тарады. Неміс философы И. Кант (1724—1804) өзінің "Антропология" деген еңбегінде темпераменттің төрт түрі туралы толық психологиялық сипаттама берді. Бірақ ол темперамент пен мінез ұғымдарын бір-біріне балама ретінде (бұлай деп ұғыну қате) қарастырды.
2.2. Темпераменттің типтері, олардың психологиялық сипаттамалары.
И.П.Павлов темперамент пен жүйке қызметінің типтерін бір-біріне балама құбылыс деп түсінді. Кейінгі зерттеулер жүйке қызметінің типтері темперамент типтерімен ылғи сәйкес келіп отырмайтындығын көрсетті. Шындығында да, темпераментке тек жүйке жүйесінің қасиеттері ғана емес, сондай-ақ жеке адамның соматикалық (дене) құрылымдары да әсер ететіндігі белгілі. Жүйке қызметінің типін темпераменттің нышаны ретінде ұғынған дүрыс. Мәселен бір зерттеуде, біркелкі ортада, жүйке жүйесінің әлсіз типіне жататын жануарлар мінез-құлқының енжар-қорғаныстық түрі, ал күшті, жүйке үрдістері тең емес организмдерде прогрессивті мінез-құлық байқалған.
Бұрын кейбір психологтар темперамент табиғатын адамның эмоциялық саласына байланысты түсіндіретін. Шындығында, темперамент тек эмоциялық жағдайлардан ғана байқалмайды, ол ақыл-ой және ерік үрдістерінен де көрініп жатады. Адам темпераментті туралы сөз болғанда жекеленген психикалық үрдістердің динамикасы жайлы айтылмайды, мұнда жеке адамның тұтас мінез-құлқы бар синдромы (жүйесі) жөнінде сөз болады.
Сөйтіп темперамент - адамның жүйке қызметінің қасиеттерінен керінетін, мінез-құлқының импульсивті-динамикалық көрінісінің жалпылама сипаттамасы болып табылады.
Темпераменттің төрт типінің сипаттамасы
Холерик темпераменті. Бұл типтің өкілі аса қозғыштығымен, соған орай мінез-құлқының үшқалақтығымен көзге түседі. Холерик қарым-қатыста - күйгелек, бір беткей, шабуылға жаны құмар, іс-әрекетте - пысық. Холериктер жұмысты үзіп-үзіп істегенді ұнатады. Олар айналысқан ісіне жан-тәнімен беріледі. Осы жолда кездескен қиындықтың бәрін жеңуге даяр тұрады, кедергілерді жеңіп, мақсатына жетеді. Қайрат-жігері мұқалы, өз мүмкіндігіне сенімі кетсе, еңсесі түсіп, еш нәрсеге мойны жар бермей қояды. Осылайша, тек көңілі ауғанда істеушілік, оның жүйке қызметінің бір қалыпты тепе-тең еместігінен болады. Бұл жөнінде И.П. Павлов былай дейді: "Байсалдылығы жоқ қажырлы адам кез келген іске барлық күш жігерімен кіріседі де содан соң тез шаршап қалады, кейіннен зауқы аумай қояды..."
Сангвиник темпераменті. Бұл темпераменттің өкілін И.П.Павлов қызу қанды, іскер адам деп санайды. Бірақ ол ылғи қызықты іспен айналысқанда ғана осындай күйде болады. Мұндай іс жоқ кезде ол жабырқаңқы, сылбыр жүреді.
Сангвиникке қимыл қозғалыста - белсенділік, өмір жағдайының өзгеруіне жеңіл бейімдеушілік тән. Ол адамдармен тез тіл тауып, шүйіркелесе кетеді, жұртты жатырқамайды. ¥жым ішінде сангвиник көңілді ақ-жарқын, іске бар ықыласымен кірісетін, әуесқой адам. Осылайша жалындап тұрғанымен іске зауқы болмаса, яғни күнделікті күйбеңі, төзімділікпен ерінбей-жалықпай істеуді қажет ететін жұмыс тап болғанда суынып қалады.
Сангвиникте эмоция тез пайда болып, тез өзгереді. Бұл - оның көңіл күйінің қолайсыз түрінен тез арылып, өзін қызықтырған іске кіріскен кезде ақ жарқын, жаны жайсаң жағдайға түсе алатындығының белгісі. Мида жаңадан жасалатын уақытша байланыстардың тез өзгеріп, қайтадан өңделуі оның ақыл-ойының оңтайлылығын байқатады. Сангвиник ойға жүйрік, өткір тілді, жаңаны тез қабылдағыш, зейінді келеді. Әр түрлі, көп қырлы жұмысты нәтижелі атқарады. Бір қалыптылықты және шапшаңдықты тілейтін жұмыстар бұған өте қолайлы.
Флегматик темпераменті. И.П. Павловтың сипаттауынша, бұл барлық уақытта да байсалды, ұстамды бір қалыпты, табанды және төзімді, еңбекқор адам. Жүйке үрдістерінің тепе-теңдігі мен баяулығы флегматикке қандай жағдай да болмасын бір қалыпты тыныштықта болуға мүмкіндік береді.
Қозу үрдісін бәсендететін күшті тежелу оның ырықсыз қимыл-қозғалыстары болып, ұсақ-түйекке алаңдатпай жүйелі жұмыс істеуге, бір қалыпты өмір сүруге жағдай жасайды, флегматик ұзаққа созылатын, бірақ күшті сарқып алмайтындай жұмысты жақсы атқара алады (шыдамды, зейінді, орнықты). "Мінез-құлықтың қалыпты жүйесі, өмір ағысының біркелкілігі менің жұмысым мен демалуымның және қозу, тежелу үрдістерінің бір қалыптылығынан екендігі түсінікті нәрсе".
Флегматик - салмақты адам, ол күшін босқа сарп етпейді, бастаған істі аяғына жеткізеді. Ол бөспелікті сүймейді. Жұртпен қарым-қатынасы да бір сарынды жүріп жатады.
Баяулық пен селқостық - флегматиктің осал жағы. Оған ырғалып-жырғалуға, жиналып, қамдануға біраз уақыт қажет. Селқостық оның стереотиптерінің оралымсыздығынан мінез-құлқының оңтайлы еместігінен, жаңа жағдайға тез үйлесе қоймайтындығынан жақсы байқалады. Дегенмен, бұл қасиет мінездің тұрақтылығын керсетеді, істі аспай-саспай тыңғылықты аяқтауға мүмкіндік береді. Флегматиктер ұзақ уақыт жұмыс істеуге сабырлық пен әрекет етуге төзімді болады.
Меланхолик темпераменті - бұл типтің өкілдері аса сезімтал соның салдарынан жаны тез жараланғыш келеді. Меланхоликтер түйық, қиын жағдайлардан жол тауып шығуға олақ, адамдардан оқшау жүргенді ұнатады. Ол қауіпті жағдайлардан қорқады.
Қозу және тежелу үрдістерінің әлсіздігі бұлардың бір-бірімен тең келмеуі (тежелуі басым болады), кез келген күшті әсер меланхоликтің қимыл қозғалысын баяулатып, онда шектен тыс тежелу туғызады, Меланхоликті әлсіз тітіркендіргіштер де мазалайды, одан да зор әсер алады, сондықтан да ол ұсақ-түйектің бәріне де қатты мұңаяды немесе қатты қуанады. Психологтар мұны меланхоликтердің күшті сезіне білу қабілетінен деп есептейді.
Үйреншікті жақсы, тату ұжым арасында меланхоликтер өзін жақсы ұстайды, жұртпен қарым-қатысқа түсіп, алған ісін нәтижелі орындай алады, кедергілерді жеңіп, табандылық көрсетеді.
Темпераменттің негізгі төрт типінің өкілдері бір қалыпты жағдайдың өзінде өздерін түрліше ұстайды екен. Бірде темпераменттері әр түрлі төрт дос театрға кешігіп барады. Мұндай жағдайда олардан қандай мінез байқалған?
Холерик билет жыртушымен айтысып партердегі өз орнына барып отыруға әрекеттенеді. Ол театрдағы сағат ілгері кеткен, жұртқа кесел келтірмей орныма барып отыра қоямын деп салғыласьш, билет тексерушіні итермелей бастайды. Сангвиник партерге жібермейтініне көз жеткен соң жоғарғы қабатқа көтерілудің қиынға соқпайтынын сезіп, баспалдаққа қарап жүгіріп кетеді.
Флегматик залға жібермейтінін көріп: "Алғашқы көрініс онша қызық болмайды. Буфетке бара тұрайын" деп антракт болуын күтеді.
Меланхолинк: "Менің әркез жолым болмайды. Өмірімде бір рет театрға келген едім, ол да сәтсіз болды" дейді де үйіне тартып отырады.
Осылайша темперамент адамның белсенділік сипатынан (жұмыс істеу қабілеттілігі, әлеуметтік қарым-қатынастағы тіл табыса алу мүмкіндігі), мінез-құлықтың түрлі қалпынан үнемі өзгерістегі сыртқы ортаға бейімделе алу жағдайынан көрініп отырады.

2.3. Темперамент жеке тұлға қалпы және темпераменттін бала шақтағы көрінісі.
Адамның мінез-құлқы оның туыстан пайда болған тип өзгешелігіне ғана тәуелді болмай, жүйке қызметінің тікелей өмір барысында қалыптасатын түрімен де байланысты екенін еске ұстау қажет. Кейде тыныш бір қалыпты флегматик холерикше эмоциясы бұрқанып, күйіп-пісіп, әлек болады, ал холериктің кейбір жағдайларда өз күшіне сенбейтін, енжар меланхоликтің қалпына түсіп кететін кездері де болады. Осындай көріністер кейбір психологтарды аралас темперамент те болады деген пікірге алып келеді. Мұндай түсінікті дұрыс деуге болмайды. Аралық темпераменттер болады деген дұрысырақ.
Бір адамның өзінде де әр жағдайда түрлі мінез-құлық көрініп отырады, оны талдауда алғашқы кезде осы адамның типтік өзгешеліктері еске алынады, өйткені, мұндай жағдайларда жүйке жүйесінің түрлі типтерінде көңіл күйі түрліше байқалады. Мәселен, холерикке - көңілдің түсуі, бұрқануы, ал флегматикке - ұстамдылық, меланхоликке - өз күшіне сенімсіздік т.б. тән қасиет.Олай болса осы жағдайлар адамның типтік белгісі болып табылады. Егер адам сыртқы әсерге қалай болса солай қарайтын болса, осы әсердің өзі қандай екенін зерттеу қажет. Мұндайда кездейсоқ реакцияның типтік болып шығуы да ықтимал. Мәселен, флегматиктің ашуы мен эмоциялық күйіп-пісуі ұзақ уақыт ішінде сан рет қайталанған әсерден кейін туса, холерикте осындай жағдай бірден пайда болады.
Өмірден алынған мына екі мысалды келтірейік. Холерик басқа адамның кез келген ескертпесіне, әсіресе оның намысына тиетін сөзге ылғи ашу-ыза, кейіс білдіреді. Флегматик мұндайды бір рет айтылған ескерту деп қана ұғады, егер ол бірнеше күн бойы қайталанатын болса ғана одан ашуланған кейіп байқалады.
Холерик қуатын шапшаң жұмсаумен көзге түссе, флегматик оны бөгеп, жинақтап, қозу тежелуді жеңе бастаған жағдайда ғана жұмсайды.
Адамның жабырқауы мен солқылдақтығы да осы тектес болады. Холериктерде бұл үзақ зорығып жұмыс істеген кездегі қажудан туындаса, меланхоликтерде бұл жайт қарым-қатынас пен өмір жағдайының түбегейлі өзгеріске түскен кезінде немесе қысқа мерзімді күйзеліс үстінде белең береді.
Осы айтылғандарды ескеру және білу - адам темпераменттерінің ерекшеліктерін ажырату үшін қажет. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру