Пунктуация туралы жалпы мағлұмат

Пунктуация туралы жалпы мағлұмат

Пунктуация жазу тілінің дамуымен, әсіресе баспа ісінің дамуымен тығыз байланысты. Бірақ ол жазу тілімен бірге туып, әрдайым онымен қатар жасап келе жатқан категория емес. Тыныс белгісінсіз де жазу болған. Жазудың пикторграфиялық және идеографиялық түрлерінде жеке сөйлемге, жеке сөздерге сараланбай жүрген тізбекті жазу дәуірлерінде ешқандай тыныс белгісінің де және оған мұқтаждықтың да болмағандығы мәлім.
Тыныс белгісі – жазу тілінің жазу мәдениетінің, әсіресе баспа ісінің, дами түскен кейінгі дәуірінің жемісі. Баспаның өркендеуі, оның халық арасына тарап, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің көтерілуін, жазудың жалпыға бірдей ортақ заңдарға, ережелерге негізделіп, бір жүйеге келуін талап етеді. Жазылған пікір оқуға оңай, түсінуге жеңіл болуы үшін, түрлі ықшамды ұсақ бөлшектерге бөлу, әр бөлшектің бір-бірімен мағыналық қатынастарын көрсету қажеттіктері туады. Сол қажеттіліктен келіп, тыныс белгілері пайда болады.
Жазу мәдениеті дамуының қазіргі сатысында тілдерде тыныс белгілерінің түрі де, атқаратын қызметтері де әр алуан. Бірақ солардың бәрі бір мезгілдің ішінде, бірден пайда бола қалған емес. Жалпы жазу тілі сияқты, тыныс белгілері де, оларға байланысты заң, ережелер де бірте-бірте дамып, жетіліп отырған. Алғашқыда тыныс белгілері жазылған пікірді әр түрлі мәнді бөлшектерге бөліп тұру функциясында ғана қолданылған. Сонымен бірге, олар түр-тұрпаты жағынан да, қызметі жағынан да қазіргі тыныс белгілерінен өзгеше болған.
Орыс тілі пунктуациясын зерттеген ғалымдар орыс тілінің қолжазба түрінде сақталған ертеректегі жазу нұсқаларында сөйлеудің әрбір мағыналы бөлшектерінен кейін, көбінесе жеке сөздерден кейін, нүкте немесе бірнеше нүктеден құралған ромбик, қос нүкте тәріздес түрлі белгілердің қойылғандықтарын және олардың өздері де белгілі бір заңға, ережеге негізделмей, еркін қолданылатындықтарын айтады. Дәл осы тәріздес жағдай түркі тілдерінің көне замандардан қалған жазу ескерткіштерінде де кездеседі.
Біздің жыл санауымыздың V- VІІ ғасырлары шамасында жазылып сақталған Орхон-Енисей жазулары деп аталатын ескерткіштердің кейбіреулерінде әр сөзден кейін қос нүкте тәрізді белгі қойылса, кейбіреулерінен кейін төрт нүктеден құралған ромбик тәрізді белгі қойылып отырған. Ал араб әрпімен жазылып сақталған ертеректегі қиссаларда, дастандарда өлең жолдары арасына қойылған, тіліміздегі қазіргі графикалық белгілердің бірде-біріне ұқсамайтын түрлі белгілер кездеседі. Бұл жағдайлар тыныс белгілерінің бастапқы функциясы сөйлеуді тек әр түрлі мәнді бөлшектерге бөлу ғана болғандығын, бөлуші белгілердің түр-тұрпат жағынан қазіргі белгілерден өзгеше болғандығын байқатады.
Қазіргі заманда тілдерде кездесетін тыныс белгілеріне тән тағы бір қасиет – олардың интернационалдығы.
Тыныс белгілері түр-тұрпаты жағынан да, мағыналары мен функциялары жағынан да тілдердің басым көпшілігінде біркелкі болып келеді.
Қазақ тілінің пунктуациясы кенжелеп туып, кеш дамыды. Октябрь революциясына дейін белгілі бір жүйеге келтірілген, көпшілікке танылған пунктуациялық заң, ережелер болған жоқ. Ол уақыт үшін пунктуациялық ережелердің болмауының өзі де табиғи нәрсе еді. Өйткені тыныс белгісі баспасөз үшін керек. Ал пукнтуацияның тууына, оның дамуына ең бірінші қажеттілік болып табылатын баспасөз Қазақстанда тек совет дәуірінде ғана етек алып дами алды. Респуликамызда баспасөздің дамуы, оның бүкіл халық илігіне айналып, оқушылар санының артуы жазу мәдениетінің, сауаттылықтың шешуші бір саласы болып табылатын пунктуация мәселесін ғылыми негізде қалыптастырып реттеу міндетін қойды.
Қазақ тілінің қазіргі графикасында, баспасөз тәжірибесінде ғылыми негізде қалыптасып орныққан, тұрақты жүйеге келтірілген әрқайсысының қолданылатын орындары, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары айқындалған тыныс белгілері бар. Құрамы, атқаратын қызметтері мен білдіретін мағыналары жағынан қаза тілі графикасындағы тыныс белгілерінің басқа тілдерде қолданылатын тыныс белгілерінен ешқандай өзгешелігі жоқ. Яғни тыныс белгілеріне тән интернационалдық қасиет қазақ тілі графикасында да берік сақталған.
Қазақ тілінің пунктуациялық жүйесі мен негіздері орыс тілінің пунктуациялық үлгілерін басшылыққа алу арқылы қалыптасты. Бас түркі тілдері де негізінде орыс тілінің пунктуациялық ережелерін басшылыққа алады. Орыс пунктуациясының жалпы теориялық жағынан танылуы ертеден басталды.
Жазуларында ешбір тыныс белгісінің қолданбайтын халық та бар дей келіп, Л.Н.Харитонов оған қытай, араб, монғол тілдерін жатқызған.
Жазуда тыныс белгілерінің алғашқы элементтері болмаса, қалыптасқан таңбалар жүйесі де, оларды қолдану заңдары да болмаған еді.
Түркі тілдерінің бұрынғы ерекшеліктерінде тыныс белгісі таңбасының алғашқы элементтері кездеседі. Ол кездегі бар белгілер көбінесе тыныс белгісі қызметінен гөрі бір сөзді екініші сөзден айыру қызметін атқарған.
Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспасөзіміздің бірі «Дала уалаяты» газетінің (1888-1902) тұңғыш шыға бастаған жылдарындағы нөмірлерінде де тыныс белгілерінің ешқайсысы қойылмайды. Кейде ұзақ күрделі ой немесе бір күрделі пікір біткенін білдіру үшін, екінші ой жаңа жолдан басталып жазылды. Бірақ ол абзацтар сөйлемдерді бір-бірінен ажыратуға себін аз тигізді. Тыныс белгілері қолданылмағандықтан, бас әріп болмағандықтан кейбір жазылған жолдарды ұғу, түсіну өте қиындық келтірді.
Бертін келе, 1894 жылдан бастап, газет кейбір сөйлемдердің жігін ажыратуға әредік сызықша (-), әр түрлі жұлдызшалар (*) сияқты шартты таңбаларды қолданады. Ондай жұлдызшалар сөйлемнің біткенін, дауыс үзілісін білдіретін тыныстық белгілер болғанға ұқсайды. Пікірміз дәлелді болу үшін, газеттен үзінді келтірейік:
«Байан ауылдық қазақ орыслары қазақлардың үстінан көб арыз бирады бізлерді қазақлар қағыб соғыб күн көрсатбайды диб – бұлармин сөйласіб китсак қазақлар ұры қазақлар залым қазақлар атұрдағыштар диб айта бастайды* бұған қарағанда қазақ мин қазақ орыслар бірүн бірі күндиб жау боб жатыр диб ойлауға болады оларда рас айтсақ мұндай нарсе болмаса керек* біз қазақлар қазақ орысларды жик көрмайміз жаңғызақ біздир өтірук жаладан ақтануға үмит итіб ойлаймыз ақ іс барча іслардан жоғары болса керек ғой диб* арамызда жаман айыбсыз адам жоқ диб таңбаймыз».
Жалпы әрбір тыныс белгісінің өзінің қолданылу, пайда болу тарихы бар. Мысалы: «Дүниежүзінде тұңғыш рет үтір белгісі (кіші тыныс белгісі) кітап бетінде XV ғасыр мен XVI ғасырдың арасында пайда болды. Оны алғаш рет кітапқа енгізген венецияның атақты баспаханашысы Альт Мануций еді. Бұл уақытқа дейін кітаптарды тек қана екі тыныс белгісі – нүкте мен қос нүкте ғана қойылады екен. Кітап соңына мазмұн жазуды да алғаш енгізген Мануций еді. Ол сонымен бірге кітаптың ірі әріппен терілген алғашқы бетін кітап дүкенінің маңдайшасына іліп қояды екен. Бұл дүние жүзіндегі алғашқы кітап жарнамасы еді». Ал тырнақшаның өзінің шыққан уақыты бар.
Профессор С.Е.Маловтың айтуынша, түріктердің Енисей жазуында қос нүкте – нүкте және тыныс белгісі есебінде жұмсалған.
Арғы кездерді былай қойғанның өзінде беріректе жазылған түркі тілдеріндегі арабша басылып шыққан кейбір кітаптардың өзінен бірде-бір тыныс белгісін кездестіре алмаймыз. Мәселен: 1915 жылы өзбек тілінде шыққан «Adab-us-Salixin», «Fatima Zuhra», 1984 жылы шағатайша басылған «Mir cali eir Nanai», 1911 жылы шыққан «Bahram dulandam», 1916 жылы шыққан «Sufi Allaiar-Subatul Fadiem» атты кітаптардан, сондай-ақ Н.Н.Пантусовтың 1880 жылы ұйғыр тілінде шыққан «Kitab Furat dar malik ein» атты кітабынан, т.б. еңбектерден бірде-бір тыныс белгісі табылмайды. М.Терентьевтің айтуынша, тыныс белгілері XIX ғасыр кезінде парсы тілінде де болмаған. Қазақтың араб әліппесіне негізделген жазу кезіндегі кейбір кітаптарда да ешбір тыныс белгісі қойылмай жазылады. XIX ғасырда шыққан түркі тілдері грамматикаларында тыныс белгілерінің элементі пайда бола бастағанын аңғаруға болады. Мәселен, профессор А.Қазембектің 1839 жылы шыққан «Түрік-татар тілі грамматикасының» 35-бетінде бір жұлдызша, 34 және 46 - беттетінде екі жерде сызықша қойылған. Ал 1869 жылы шыққан «Алтай тілі грамматикасында» тыныс белгілерінің бірсыпырасы кездеседі және олар бірсыдырғы орынды қойылған. Жоғарыда айтқанымыздай, М.Терентьев парсы тілінде тыныс белгілерінің болмауын сынағынымен, өзі жазған грамматикада орынды пайдаланбаған.
Академик В.В.Радловтың 1870 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюрских наречий» деген еңбегінде тыныс белгілерінің бірсыпыра түрі кездеседі. Бірақ олар жүйелі түрде қалыптаспаған. Бұл еңбекте тыныс белгілері төмендегіше берілген (cөйлемдермен олардың тыныс белгілері кітаптың түпнұсқасынан өзгертілмей алынып отыр). Бала айтады «Мен қайдан тудым?» дейді. Шешесі әкесін айтпайды, «сол балама айтсам әкесін іздеп кетер» деп айтпайды.
В.В.Радлов текстерінде тыныс белгілері ішінен жақша мен көп нүкте ғана кездеспейді. Лютштің 1883 жылы басылып шыққан «Киргизская хрестоматиясында» тыныс белгілері былайшы қойылған: Сонда інісі ағасына: «Мен мұны түсімде көрдім, соның үшін білемін, жауап беріпті. Орынбай: екі шешен қосылса аттай желер, көп жаңғалақ шешеннің сөзін бөлер».
П.М.Мелиоранскийдің 1897 жылы шыққан «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген кітабында мысалдарға қойылған тыныс белгілері мынадай түрде болып келеді: Қысқа бақай, тар мықын, кебеже қарын, кең құрсақ... тарланым; Битке өкпелеп тоныңды отқа салма; Жігіт айтты: атын байлайтқғын болмасын.
В.Катаринский 1897 жылы шыққан «Грамматика киргизского языка» деген еңбегінде мынадай сөйлемдер келтіреді: «Орысша сөйлей білсек, бәрін де айтар едім. Бір жол бар – жақын, жақын болса да алыс. Әуелі ойла, сонын соң істерсің. Бұл мысалдардан П.М.Мелиоранский мен В.Катаринскийдің қазақ тілі грамматикаларында да тыныс белгілерінің бірсыпыра түрлерінің кездесетіндігі көреміз. Дегенмен, мұнда да пунктуациялық жүйе сақталынбайды.
1915 жылы шыққан «Жазу қағидалары» деген кітапшада тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың әрқайсысына берілген ережелерге мысалдар келтірілген. Леп белгісі «дауыс ишараты» деп, сызықша мен жақша және көп нүкте «ишарат» деп, тырнақша «екі ишарат» деп аталады.
Бұл келтірілген мысалдардан XIX ғасырда және XX ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастағанын аңғартады, екіншіден, қазақ тілі пунктуациясы жүйелі, ғылыми негізде Ұлы Қазан социалистік революыиясынан кейін ғана орыс тілі пунктуациясы үлгісін басшылыққа ала отырып, қалыптаса бастады деген пікірімізді толық дәлелдей алады.
Орыс алфавитіне көшкен кезде, кейбір қазақ тілі мамандарының «Жазуда тыныс белгілерін дұрыс қоя білу керек, осы уақытқа дейін жұрттың бәріне бірдей заң болатындай тыныс белгілерінің ережелері жоқ, қазір қазақ халқы орыс алфавитіне көшір отырғанда, жазуда үлкен маңызы бар тыныс белгілерін дұрыс қоя білу мәселесін де осы бастын қолға алу керек» деген сияқты баспасөз бетіндегі пікірлері де қазақ тілі пунктуациясына назар аударып, оны жазудың көмекші құралы ретінде тануға түрткі болғандығы сөзсіз.
Қазақ тіліне ғана емес, басқа түркі тілдерінің жазуларындағы тыныс белгілерінің қолданылуына да орыс тілі тыныс белгілері игілікті әсер етті.
Түркі тілдері Қазан революциясынан кейін де біраз уақыт тыныс белгілерін ешбір ережесіз қолданды. Тіпті қазіргі уақыттың өзінде кейбір тыныс белгілері орыс текстерінде де солай қойылып жүр. Мысалы, бұрын жалпылауыш сөздерден соң қос нүкте қойылушы еді. Кейінгі уақытта жалпылауыш сөздерден соң сызықша қойылып келеді. Қазақ жазуындағы бірыңғай мүше алдындағы қос нүкте орнына қойылып жүрген сызықша орыс пунктуациясының әсерінен екендігі айқын. Демек, қазіргі қазақ тілінде тыныс белгілері бірыңғай мүше алдынан осылай екі түрлі болып келсін деген ережелерді кездестіре алмаймыз.
Біз сөйлем ортасында айтылған автор сөзінің екі жағынан үтір мен сызықшаны былайша қабаттастырып қоятынбыз: Өзімізді таныстыруға рұқсат етіңіз, - деді жігіт баяу ғана майда қоңыр дауыспен, - осы араның аңшысымын, атым - Владимир... («ҚӘ»). Бұл жөнінде «Сөйлем ортасында айтылған автор сөзінің екі жағынан үтір және сызықша қойылады» деген ереже болса да, қазір газет-журналдарымыз төл сөздің ішінде келген автор сөзінің екі жағынан тек үтір қойып жазып жүр.
Орысша текстерде қойылған интонациялық сызықша қазақша аудармасында да қойылады. Мысалы: қазақшасын алсақ, былай болып келеді: Бейбітшілік үшін сыйлық – бейбітшілік үшін берілген сыйлық емес дейтін адамдарды мен түсінбеймін («СК»). Орысшасы: Я не понимаю людей, которые говорят, что пермия за мир – это не премия за мир («Каз. Правда»). Міне, осы сияқты көптеген салыстырма мысалдар М.Әуезовтің: «Орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің көбі қазақша тексте де қолданылады», – деген пікірін растайды. Сонымен, жазу мәдениеті қалыптасқан тілдегі пунктуцияны зерттемеуге, пунктуациялық дағдыларды жетілдіріп, сараламауға болмайды.
Қазақ тіл білімінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын баяндағанда, тыныс белгілері жөнінде жазылған азды-көпті еңбектерді негізгі үш салаға бөліп қарауға тура келеді: тыныс белгілері туралы жазылған жеке мақалалар; тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда баяндалуы; тыныс белгілеріне арналған жеке кітапшалар және олардың жетістік жақтары мен кемшіліктері. Бұларға қысқаша тоқталайық
Хронологиялық жағынан алғанда, қазақ тілінің тыныс белгілері жөнінде жазылған алғашқы еңбектердің бірі – Ш.Сарыбаевтың сөйлемде үтірдің жазылатын орындары туралы шағын мақаласы. Автор бұл мақаласында оқушылар тыныс белгілерін дұрыс қоя білмейді, оның себебі қазақ тіліндегі интонациялық қалыптың бір ізбен өріс алып кете алмағандығынан деп көрсетеді. Автордың тыныс белгілерін қоя білуде интонацияның рөлін бағалауы, әрине дұрыс. Дегенмен, автор мұнда тыныс белгілерін тек интонацияға ғана байланыстырып қарап, мәселені бір жақты шешеді, интонация пунктуациялық негіздердің бір түрі ғана екені ескерілмейді.
Ш.Сарыбаевтың «Тыныс таңбалары деген мақаласында қаратпа сөздердің сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы ажыратылатыны жөнінде дұрыс ереже беріледі.
Тыныс белгілері жөнінде С.Жиенбаевтың шағын көлемді екі мақаласы бар. Оның екеуі де «Тыныс белгілері» деп аталады. Автор бірінші мақаласында жалпы тыныс белгілерінің маңызына тоқтала келіп, үтірдің қойылатын орындары туралы ережелер береді. Автордың сөзімен айтқанда, олар мыналар: «араларында демеу жоқ біртектес мүшелердің үтірмен ажыратылатындығы; тектес мүшелер арасында «я», «немесе» сияқты демеулер тұрса да, үтір қою керектігі, ал тектес мүшелер арасында «мен», «және», «тағы да» т.б. осы тәріздес жалғау демеулердің бірі қолданылса, олардан соң үтірдің қойылмайтындығы; салалас құрмалас сөйлемдер құрамына енген жай сөйлемдерді бір-бірінен үтір арқылы ажырату керектігі; қаратпа, қыстырма, оңышаланған мүшелерді сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы бөлу қажеттігі» т.б. С.Жиенбаев «Тыныс белгілері» деп аталатын екінші мақаласында бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, төл сөз бен бөгде сөз, бірыңғай мүшелерден соң немесе бұрын қолданылатын жалпылауыш сөздің тыныс белгілерінің кейбір мәселелеріне тоқталады.
Х.Басымов «Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік» деген мақаласында көп нүкте, нүкте, сұрау, леп белгілерінің қойылатын орындары жөнінде біраз түсініктер береді.
М.Балақаевтың «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс пайдалану» деген мақаласында тыныс белгілерін дұрыс қоюдың негізгі грамматикалық құрылыс және дауыс ырғағы делінеді. Алайда, автор бұл дұрыс пірікірін тереңдетіп, нақты дәлелдемеген. Мақалада сұрау мен леп белгілерінің қойылатын екі жағдайы ғана сөз етіледі.
Қазақ тілі пунктуациясы жөнінде мақала жазған авторлардың бірі - Ә.Хасенов. Тілші-ғалым өз еңбектерінде қазақ тілі пунктуациясының қалыптасуында бірнеше ғасырлық тарихы бар, замандар бойы сұрыпталып, қалыптасу дәуірін басынан кешірген орыс тілі пунктуациясының орасан зор роль атқарғанын дұрыс көрсетеді. Еңбекте сөйлемнің оңашаланған мүшелері, қыстырма сөздермен сөйлемдер және бұл категорияларды бір-бірінен ажырата білу, оларға қолданылатын тыныс белгілері жөнінде бірсыдырғы дұрыс айтылады.
Сонымен, қазақ тілі пунктуациясын қалыптастырып, бір ізге түсіру және оның ережелерін саралап, жақсарту мәселесінде мектеп оқушыларына арналып жазылған қазақ тілі грамматикаларының да маңызы зор болды. Бұл оқулықтарды тыныс белгілерінің жалпы теориялық мәселелері, тыныс белгілерін айқындаудағы принциптер мен критерийлер, тыныс белгілерінің қарым-қатынастары және әрбір тыныс белгілерінің мағыналары толық ашылып, олардың қолданылатын жерлері түгел айтылмады.
Тыныс белгілерінің зерттелу тарихын сөз еткенде, тағы бір көңіл бөлетін нәрсе – осы тақырыпқа арналып жазылған төмендегі жеке кітапшалар: С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері», А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтың «Тыныс белгілері», Р.Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» Ф.Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері», Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы».
Қазақ пунктуациясының тарихы бойынша жазба текстердегі алғашқы тыныс белгілері – дауыс үзілістері. Дауыс үзілісінің өзі текстегі мағынаға қарай әр түрлі айтылады., яғни сөйлемдегі сөздердің арасында кідіріс түрліше болады. Ол кідіріс әрбір сөзден, сөз тіркесінен не сөйлемдерден кейін бірде аз, бірде көп тоқтауды қажет етеді. Бірақ олардың бәрі тыныс белгісі арқылы белгілене бермейді.
Кейбір жазушылар да пунктуациялық сауаттылыққа айрықша көңіл бөлген. А.П.Чехов «Леп белгісі», «Ойшы» деген әңгімелерінде пунктуациялық сауаттылықтың мәдени өмірде көп пайдасы бар екенін тамаша көрсеткен. А.П.Чеховтың «Ефим Фомич Перекладин» деген кейіпкері 40 жыл бойына жазуды көп жазып жүріп, леп белгісін бірде-бір рет қоймаған екен, екінші бір Меринов деген кейіпкері әрбір сөзден кейін үтір қойып жазады.
Сөйтіп, қазіргі қазақ тілі тыныс белгілерінің зерттелу тарихына көз жібергенде, біріншіден, тыныс белгілерінің көптеген мәселелерін зерттеп, өздерінің үлестерін қосқан қазақ ғалымдары аз емес, бірақ дегенмен де пунктуациялық теория және практикалық мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешу аса зор еңбекті қажет етеді.
Пунктуация жүйесіндегі белгілерді мағынаға қарай дұрыс қолданудың маңызы зор, себебі бір тыныс белгісінің беретін бірнеше мағынасы болады. М.Н.Петерсон: «один знак может иметь несколько употреблений и, наоборот, одно и то же явление может обозначаться различнями знаками» – деп, өте дұрыс айтқан. Тыныс белгілерін дұрыс қолдану үшін, мүмкіндігі болғанша, олардың әрқайсысының қызметін даралап, оларға берілетін ережелерді бірыңғайластыру керек. Тыныс белгілерінің ережелерін бірыңғайластырумен бірге әрбір тыныс белгісінің бір ғана атпен аталуын да бір ізге түсірген жөн. Мысалы, нүктені біреу «ноқат» десе, біреулер «ұлы тыныс» дейді.; үтірді «қайырма», «кері үтір» десе, нүктелі үтірді «үтірлі ноқат», «үтірлі нүкте», «нүктелі үтір» дейді; қос нүктені «екі нүкте», «екі нүкте», «екі ноқат», «қабат белгі», «қос нүкте» деп, төрт түрлі айтады т.б.
Біздіңше, тыныс белгілерінің қалыптасқан мынадай терминдерін қолданған жөн: нүкте, көп нүкте, қос нүкте, үтір, нүктелі үтір, сызықша, тырнақша, сұрау белгісі, леп белгісі және жаңа жол (немесе абзац).
Тыныс белгілерінің дұрыс қойылмауы да кездеседі. Мысалы, кейде дефис пен сызықша бір көлемде қойылады. Бұдан мағынаға онша нұқсан келмейді. Бірақ дефистің морфологиялық белгі екендігін айыру керек. Тыныс белгісіне кірмейтін морфологиялық дефис сызықшаның жарты сызығындай ғана көлемде қойылуға тиіс. Осы тәрізді, тырнақшаның алғашқы сыңарын тырнақшаға алынатын сөздің я сөйлемнің бірінші сөзінің төменгі жағынан ашудың орнына, оны сөздің жоғырғы жағынан ашып, екінші сыңарын тырнақшаға алынған сөздің я сөйлемнің соңғы сөзінің нүкте қойылатын жерінен төменірек қоюшылық бар. Мысалы: «Мүмкіндік», «реальность» дегенді мен де білемін дегенде тырнақшаның бірінші сыңары жоғары қойылмай, «мүмкіндік» сөзінің төменгі жағынан, ал екінші сыңары сөздің жоғарғы жағынан қойылады.
Жазба түрде берілген ойды қағазға айқын түсіру үшін, ойымызды екінші біреуге жазба түрде дұрыс айтып беру үшін, әрбір дыбыстарды, әрбір тыныс белгілерін орын-орнына қоя білуіміз керек. Орфография мен пунктуацияны білмейінше, сауатты жазу мүмкін емес.
Бұл туралы К.Белинкский мен М.Уваров: «...только наличие единой орфографии и пунктуации в языке дает возможность читателю понимать пишущего» – деп, өте дұрыс айтқан.
Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғыну да жеңіл. Тыныс белгісін дұрыс қою арқылы жазушы өз ойын, сезімін жазба түрде дәл жеткізеді және айтпақ ойын екінші адамдардың сондай дәрежеде дұрыс түсінуіне жәрдемші болады.
Пунктуацияны дұрыс қоя білудің бір критерийі – интонация болып табылады. Мұнсыз ешбір мағына айқындығы болмайды. Пунктуация жазу тіліміздің құралы болса, интонация – ауызекі тіліміздің құралы. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Сөйлеген сөзіміз екінші біреулерге түсінікті, құлаққа жағымды болу үшін, сөздерді мәнеріне келтіріп айта біліп, тыныс белгісі дұрыс қойылған текстерді айқын етіп оқи алатындай болуымыз керек, өйткені бір сөйлемді әр түрлі интонациямен оқу салдарынан сол сөйлемнен әр түрлі мағына туады, яғни адамның шындыққа, әр түрлі оқиғалар мен құбылыстарға қалай қарайтындығы сөйлеу интонациясынан аңғарылады. Қысқасы, сөйлеу интонациясы жазуда пунктуация арқылы беріледі.
Әрбір тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасын айқындаушы көрсеткіш. Сондықтан бір тыныс белгісінің орнына екінші тыныс белгісін қоя салсақ, бір сөйлемнен әлденеше мағына ұғынылатынын түсіну керек. Тіпті кейбір оңашаланған айқындауыш мүшесі бар сөйлемдегі сөйлемдегі айқындауышты үтірмен бөліп жазсақ, оны қарсылықты жалғаулықсыз салалас деп қалуға болады. Мысалы: Халықтың қалап ұсынған кандидаттары – әр түрлі мамандықтың адамдары – ірі ғалымдар мен өндіріс жаңашылдары, жазушылар мен жұмысшылар, тоқымашылар мен академиктер.
Демек, әрбір тыныс белгісі – әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп дұрыс түсіндіруші шартты белгі, олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады.
Тіліміздегі тыныс белгілері сан жағынан онша көп болмағандарымен, мағыналары, қолданылатын орындары жағынан алуан түрлі болып келеді.
Енді солардың әрқайсысның түрлері мен мағыналарына, атқаратын қызметтеріне тоқталайық. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру