Әдебиет | ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ
(1909-1998)
Әбділда Тәжібаев – осы заманғы қазақ поэзиясының аса көрнекті шебері, ірі драматург және белгілі әдебиет зерттеушісі. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына ала өлең жазудан бастаған ол қазақ сөз өнерінің озық дәстүрлерімен дүниежүзілік әдебиеттің үздік жетістіктерінен үйрене отырып, 30-жылдардың орта шенінде-ақ айтулы ақын, республикада әдебиет ісін ұйымдастырушы қайраткерге айналды. Ә.Тәжібаев – поэзияда лирика мен поэма жанрын қатар алып жүрген ақын. Оның қаламынан туған 30-дан астам поэма мен өте көп сандағы өлеңдері сыршылдық, ойшылдығымен, шыншылдық, оттылығымен ерекшеленеді. Ә.Тәжібаев поэзиясын басқа бірде-бір ақынның туындыларымен шатастыру мүмкін емес. Оның поэзиясы – тың ізденістің, жоғары мәдениеттің, кәнігі шебердің поэзиясы.
1909 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Атақты ақын Нартай келіп, Әбділданың анасы Айманкүлмен айтысқа түскен. "Сыр елі-жыр елі" атанған Сырда туып-өскен Әбділдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек.
Әбділда Тәжібаев "Күй атасы","Ақын", "Портреттер" аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Әдебиетті зерттеумен де айналысты. Балалар тақырыбына да қалам тартты.
Ә.Тәжібаев атақты драматург те. Драмалық шығармалар жазуды 30-жылдардың соңына ала бастап, әдебиеттің бұл күрделі жанрында айтулы туындылар берді. Әдебиеттану саласында да жемісті еңбек етіп, Ә.Тәжібаев талантты ғалым екенін танытты. Оның, әсіресе, поэзия мен драматургия саласындағы зерттеулері терең ғылымилығымен, талдауларының нәзіктігімен тәнті етеді.
Ә.Тәжібаев ұзақ шығармашылық ғұмырында тынымсыз ізденіп, үздіксіз еңбектеніп, тұтас бір дәуір шындығын жан-жақты, жоғары көркемдікпен бейнелеген өте мол мұра қалдырды.
Өмірбаяны. Әбділда Тәжібаев 1909 жылы Ақмешітте (казіргі Қызылорда қаласында) дүниеге келеді. Әкесі Тәжібай 1915 жылы қайтыс болады да, шешесі Айманкүл күнкөріс жағдайына байланысты алты жасар Әбділданы қала сыртындағы Қараөзек деген жерде тұратын төркініне алып кетеді. Содан болашақ ақын он үш жасына дейін шешесі Айманкүл мен нағашы атасы Далдабайдың тәрбиесінде өседі. Жас Әбділданың өлеңге, әдебиетке деген құштарлығын оятқан да өз анасы мен нағашы атасы болады. Айманкүл араб, парсы тілдерін жақсы білетін сауатты, көзі ашық, көңілі сара кісі екен, Әбділдаға өзі хат танытып, әдебиет үлгілерін оқытып үйретеді. Кейін белгілі халық ақыны болып, өлеңдер жинағы да жарық көрген Айманкүл, ол кезде әкесі Далдабай қарттың өтінішімен ауыл адамдарына Шығыстың қиссалары мен қазақтың неше алуан жыр-дастандарын оқып беріп отырған. Соларды қыбыр етпей, құмарта, үнсіз тыңдаушыларының бірі – Әбділда болған. Кейінірек үйлеріне келген қонақтары мен ауыл адамдарына, кішігірім жиын-топта әлгі қисса, дастандарды атасының айтуымен Әбділда оқып беретін болған. Оның үстіне бұл ауылға, әсіресе осы нағашы атасының үйіне Сыр елінің атақты ақын-жыршылары жиі келіп тұрған. Бір жолы Әбділда ауылдарына келген атақты ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен Айманкүлдің ұзақ айтысын тыңдап, шешесінің айтқыштық, ақындығына қуанып, тапқыр сөздерін есінде ұстап қалған. Анасы жастай дүниеден қайтқан күйеуін байырғы қазақ салтымен жыл бойы жоқтағаны, шешесінің өзі шығарған ұзақ жоқтау поэмасын дауыстап жатқа айтқанын төсекте жатып тыңдап, мұңды-шерлі әуеніне іштей үн қосатын болған.
Жаңа бір түсіп, шам сөнді,
Ашыла түсіп, гүл солды, –
деген, ол кезде мағынасын өзі жете түсінбеген жолдарын да есінде сақтап қалған.
Ал ақылды, мейірбан нағашы атасы 1919 жылдың қысында сүзектен қайтыс болғанша Әбділданы қасынан тастамай, қайда барса да бірге алып жүрген. Әбділда атасына көмектесіп, ау жайысып, тарысын суғарысқан. Той-томалаққа да бірге барып, атасының жанында төрде отырып, үлкендерден қазақтың ескілікті қызық әңгімелеріне қаныққан. Неше түрлі аңыз, ертегілерді көп білетін атасы да тыңдауға құмар жиеніне айтып беруден жалықпайды екен. Ақын кейін өзінің "Еске алу" деген шағын поэмасында отбасының жетім-жесірлік қайғылы тағдырын, беті-жүзін түстеп тани алмай да қалған әкесі туралы жүректе шер боп қалған аңсары жайында:
Есімде жоқ шын суреті,
Әкем менің қандай кісі.
Тек елестей бұлдырайды
Әлдекімнің көлеңкесі, –
десе, өмірге де, еңбекке де, өнерге де бейімдеп тәрбиелеген аяулы нағашы атасы туралы "Сыр жырлары" топтамасында жер ортасы жасқа келген ақын:
Кейде түске кіреді,
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін,
Нағашы атам таяғын.
Жүгіремін жағалап,
Сырдың жайпақ жағасын.
Кәрі көзбен сығалап,
Қарар маған нағашым.
Бірде қуып жүремін
Шіркей мен шыбынын.
Айдап бірде жүремін
Нағашымның шығырын...
Босайды екен көңілің
Туған жерге келгенде:
Көрініп тұр жып-жылы
Көп тырнаған шеңгел де.
Кейде түске кіреді
Дәл өңімдей баяғым.
Тай қып мініп жүремін
Нағашы атама таяғын, –
деп еске алады. Ол таңғажайып шығыс поэзиясынан да, туған халқының бай да көркем ауыз әдебиеті мұраларынан да таусылмас әсер, ләззат алып өседі. Жалпы, тумысынан дарынды, зерек те сергек Әбділданың ауылда алған әсері бай да құнарлы болған. Оны ақын шығармашылығынан байқау қиын емес.
Жоғарыда аталған поэмасының кейіпкері қаладағы оқу орнына аттанғаны туралы:
Қар да құйды жапалақтап,
Тоқтамастан бастым алға.
Тұңғыш ізім бақыт қуған
Тұңғыш жауған түсті қарға, –
дейді. Бұл Әбділданың өзі туралы айтылған сөз еді. ПІынында да, ол 1922 жылы Қызылорда қаласында жаңадан ашылған жетім балаларға арналған интернатқа қабылданып, сауаттылығының арқасында бірден интернат жанындағы бастауыш мектептің 3-сыныбынан бастап оқып кетеді. Әбділданың алғашқы өлеңдері осы интернаттың қабырға газетінде жарияланады. Одан кейін Шымкенттегі жеті жылдық мектепте, 1929-1932 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогика институтында оқиды, 1953-1956 жылдары Мәскеудегі жоғары әдебиет курсын бітіреді Еңбек жолын "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде алдымен пошта тасушы (1926), содан кейін корректор болып істеген (1927-1928) ол небары 4-5 жылда "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газеті редакторының орынбасары (1932-1934) дәрежесіне дейін көтеріледі. Әбділданың "Жұмысшының гудогі" өлеңі 1926 жылы "Жұмысшы" газетінде басылады. Бұл – оның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Әрі қарай өлеңдері "Жұмысшы" және "Еңбекші қазақ" газеттерінде шығып тұрады. Жиырма бес жастағы Әбділда 1934 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының хатшылығына, ал 1939 жылы оның төрағалығына сайланады.
30-жылдары ақын көп оқу, тынымсыз іздену үстінде өндіре де жазады, шығармаларының көркемдік сапасы жағынан да айтарлықтай биікке көтеріледі. "Жаңа ұрпақ" (1935), "Лирикалар" (1936) деп аталған жинақтары бірінен соң бірі жарық көреді. Белгілі "Оркестр", "Абыл", "Толағай" сынды романтикалық поэмалары мен М.Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" деп аталатын тұңғыш пьесасы да сол жылдардың жемісі. Қазақ әдебиетінің сол кездегі маңдай алды таланттарының біріне айналған Әбділданы дарын сырын танығыш көреген М.Әуезов: "Қазақ поэзиясына әсерлі, сапалы көркем бір ағым кіргізіп келе жатқан ақын" деп (1939) бағалайды.
Ә.Тәжібаев 1945-1948 жылдары Қазақ ҚСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының Жамбыл бөлімін басқарады. "Қазақ әдебиеіті" газетінің бас редакторы болады. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болын сайланады. Филология ғылымының докторы Ә.Тәжібаев жазушылығына қоса біраз жылдар М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, өмірінің соңғы жылдарын бірыңғай шығармашылыққа арнайды. Қарт ақын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстарымыздың ақталғанын көріп, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылғанын сезініп, 1998 жылы 90-ға қараған шағында дүние салды.
“ – ӘБДІЛДА! – ДЕДІМ АЙҚАЙЛАП, ӘБДІЛДА! – ДЕДІ ЖАҢҒЫРЫҚ...”
Шымкент жақта жеті жылдықты біті¬ріп, туған топырағы – астана Ақмешітке қайта оралған кезінен-ақ Әбділда бала жұрт назарына ілікті. Өйткені, ол Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Дұрыстың Сейілі сынды Сыр сүлейлері жырларын жатқа айтатын. “Төрт дәруіш”, “Қамыр заман хикаясы” сияқты зәру кітаптар Әбділданың қолынан түспейтін. Өлең болып таң атырып, өлең болып күн батыратын балаң бозбаланың өз қата¬рынан оза шауып, дарабоз дарынды ағала¬рының жанынан ертерек табылуына жүрегін жылытқан сол жырлар мен қисса-хикаялардың әсері көбірек тисе керек.
“Еңбекші қазақтың” корректоры Әбділда да алдыңғы толқын ағаларынан қалыспайтын. Кешегі “Елім-айлап” еңсе түсірген жұртының жайлауын жайнатып, қыстауын көркейтуге келгенде алдына жан салмайтын оның маңдайынан сипаушылар көп болды. Бір ағасы “Ал, кеттік!” десе, бұл жүгіре жөнелетін. Ұлы Ленин, ұлы Октябрь деп көзін ашқан ол ұстаздары сияқты жүрер жолының түбі тұйыққа тірелетінін білген жоқ, әрине. Сол тұйық жолда бұл талай соғылған. Бұл да талайды соққан. Сол Әбділда соққы¬сына ұшырағандардың бірі Мағжан еді. Оған түрткі болған Мағжанның “Еңбекші қазақта” жарық көрген “Тоқсанның то¬бы” атты өлеңі еді. “Бұл оның советтік қазақ халқына ағынан жарыла шынын айтқаны, өз кінәсін мойындағаны еді. Бірақ біз оған сенбедік. Сол кездегі он сегіздегі бала, мен, “Еңбекші қазақ” газе-тінің редакторы Ғаббас Тоғжановтың тапсыруы бойынша “Тоқсанның жырын тоқсанның өз ұлы жырлайды” деген өлең¬мен жауап жаздым. “Еңбекші қазақ” га¬зетінде ол да басылып шықты. Бұл ме¬нің де, мені тәрбиелеп сөйлеткен ағаларым¬ның да тарих алдындағы кешірілмейтін күнәсі еді” деп жазды кейін Әбділда.
Әбділда және былай деп жазды: “Біз бүгін ертеңгі күнімізге қарап, жарық бола¬шағымызды көрсек, кешегі күнімізге қа¬рап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауыр¬лықтарын да көреміз. Культ дәуірі¬нен басталған қанды қырғын, шегінен асқан заңсыздық қазақ халқы мен оның интеллигенциясын қоса қиратқан сұмдық соққы еді. Біз бүгін әділдік орнаған за¬ман¬да өшкеніміз қайта жанып, өлгендері¬міз қайта тірілген қуанышты күндерді басымыздан кешіре бастадық. Солардың бірі поэзиямызға алтын қазынасын кө¬теріп қайта оралған Мағжан Жұмабаев және оның ескірмес, өлмес жырлары”.
Тағы бірде былай деп те жазыпты: “Өзі жиырманың ішіне жаңа кірген жас Мағжан махаббаттың бұлбұлындай сай¬рады. Орыс поэзиясының ең дүлдүл ақындарымен, сонау Блоктың өзімен үндесе білген ол:
“Сұлу әйел идеал,
Сұлу әйел бір қиял!” – дегенді қазақ ақындарының ішінде бірінші боп айтты. Сөйтіп, ол біздің поэзиямызда махаббат тақырыбын тіпті биік шарықтатып, ас¬пандатып әкетті”.
Осындайда Мұхтар Әуезовтің осыдан тура 80 жыл бұрын жасаған көріпкелдігі еріксіз еске түседі: “Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп біле¬мін” деп жазған-ды ол. Күмәнді, сенімсіз сөздерді қойдай тоғытатынымызды қай¬дан білген десеңізші! Білген. Білетіні: үкі¬мет пен партияның социалистік реализм дейтін әдеби асарында жағымды кейіп¬керге жағымсыз кейіпкердің аузын ұрғыз¬баған, “Партия – жыр-әнім, партия - ұраным!” деп зікір салмаған кім бар еді? Күмәнді, сенімсіз сөздерге кейін өзі де барған Мұхаңның. Абайды Абай ету үшін заманның ыңғайына есіп, ақылман әкесі Құнанбайды “құрбандыққа” шалған. Бірақ ол бәрі бір қуғыннан көзін ашқан жоқ. Дұрысы: көз аштырғанымыз жоқ. “Абай советтік заманның ақыны емес”, “Абай – қара халықты қанаған байдың баласы”, “Абай – ұлтшыл, діншіл, құдайшыл ақын” десіп, жоғары жаққа арыз домалатқандардан қазір ешкім қал¬маған да шығар.
Домалақ арыздармен Әбділданы да домалатып жататынбыз. Сондай доңғалақ¬сыз домалақ арыздардың бірі “Москва. Кремль. КПСС Орталық комитетіне” деп жол тартар еді. Аты жоқ затсыз қазақтың Әбділдаға орталықтан ор қазбақ болған орысшасын ана тілімізге жолма-жол, сөз¬бе-сөз аударар болсақ, былай боп шығар еді: “Жамбыл деген дүниеде ақын жоқ. Ол – блеф, оны ойлап шығарып жүрген айлакер Әбділда Тәжібаев. Біз Әбділда Тәжібаевты әшкерелей отырып, оған қатал жаза берілуін сұраймыз”.
Арада көп уақыт өтпей әлгі Мәскеуге домалап барған домалақ арыз Алматыға домалап кері қайтар еді. “Жамбылды қол¬дан жасаған” Әбділда өзіміздің Орталық комитет бюросына шақырылар еді. Жал¬ғыз шақырылмайды, Мұхтар Әуезов, Сә¬бит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұс¬та¬фин бастаған біраз мықтылармен қоса шақырылады. Арсыздың арызы оқылады.
– Бұл арыз Москвадан оралып келді, — деп ресми сөзді екінші хатшы Журин бастайды. – Көтеріп отырған мәселені өздеріңіз біліп отырсыздар, өте шатақ, өте ойландырарлық мәселе. Орталық партия комитеті өз пікірін айтпастан бұрын сіз¬дермен кеңесуді дұрыс көрді. Бәріңіз де мә¬дениеттің, әдебиеттің білгір адамы¬сыздар және Жамбылды да жақсы біле¬сіздер. Сондықтан сіздердің сөздеріңізді тыңдағымыз келді. Енді кезектесіп өзде¬ріңіз айтыңыздар.
Екінші хатшы сөйдеді екен деп ел¬пілдеп, екпіндей қоятын ешкім көрінер емес. Бірі ырғатылып, бірі қозғалақтап, Әб¬ділдаға қарасады. “Бізді қайтесің, Жам¬былдың басы-қасында болған өзің айт¬сайшы!” дейтіндей. Әбділда болса, “Сөй¬лемейтін, үндемейтін болсаңдар неге кел¬діңдер?” дегендей жан-жағына барлап қарайды. Сол ұзақтау үнсіздікті “Жарай¬ды, мен сөйлейін” деп орнынан тұра берген Сәбит аға бұзып үлгірер еді.
– Мен бұл арызды кім жазғанын біле¬мін, – деп Сәбең бюро мәжілісін басқа¬рып отырған Журинге қарайды.
– Иә, иә... – деп Журин бұған қарайды. Отырғандар “Е, бұл кім болды екен?” – деп бір-біріне қарасады. Бәрі де қызыққа кенелуге асық.
– Ол маған оқып берген соң, осы арызды Мәскеуге жіберейін бе, жібер-мейін бе деп ақыл сұрады. Мен өз еркің білсін дедім ол жолдасқа. Жібер деп кесіп айтуға Жамбылды қимадым, жіберме деуге арыз иесінің көңіліне қарадым, – деп Сәбең тоқ етерін айтқан.
Бюроға шақырылғандар “Міне, қызық қа鬬да жатыр” дегендей аздап күлісіп алған.
– Сіздер бекер күлесіздер, – деп Сәбең күлгендерге қарап қабағын шыты-натқан. – Жамбыл бар. Жамбыл белгілі Жетісу жырауларының бірі, оны өтірік деу барып тұрған ақылсыздық. Сонымен қатар ойланыңыздаршы, халықтың қай ақыны партия мектебін бітіріп шығыпты, Жамбыл да солардың бірі емес пе? Ол қалай партияны, көсемдерді жырлайтын саяси жыршыға айнала қалады? Мені әңгіменің бұл жағы да қатты толған¬дыр¬ды. Арыз жазған жас ақынның көңіліне қарадым деген себебім осы. Ал мен жүз пайыз Жамбыл жағындамын. “Алтын тәтем” дейтінмін, айта берем солай “Ал¬тын тәтем” деп...
Ағынан жарыла ашық-шашық сөй¬леген Сәбеңнен кейін Журин тағы кім сөйлейді дегендей болған, бірақ суыры¬лып ешкім шыға қоймаған. Мұхтар сол мығым отырған қалпында қалды. Күлмек түгіл жымиған да жоқ Сәбит сөзіне. “Бұл не масқара?!” дегендей демін ішіне тарта жан-жағына қаранған. Өйтетіні: ұлы жы¬рау тоқсанға келгенде “Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкем, сен әрі әкеңнің әкесіндей, әрі шөберенің құр¬дасындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұр¬ғысындайсың. Ғасырларды көктей өткен даналық тірлік осы да” деп құттықтау жолдаған Әуезов қой бұл! Сол сөзі сөз. Аспан аударылып, жер төңкерілсе де ол сөзін қайтып алмақ емес. Соны айтамын деп және әуре болғысы жоқ. “Оңбайтын бала өнбейтін дауды даулайды”. Білетіні осы. Тағы бір білетіні: “Іштен шыққан жау жаман.”
Жырау Жамбылдың үкімет шешімімен әдеби хатшысы болған Ғали да қара түнек. Кімді жазғырарын білмей даң. Жамбылға жала жапқан жас ақынды ма, әлде жас ақынның көңіліне қараған сақалды Сәбит ағасын ба? Түсініп болар емес. Жамбыл:
– Шөлге шыққан бұтадай
Бойың қысқа мыртиған.
Қара шолақ бұқадай,
Суға тойып тыңқиған, – деп әзіл¬деуші еді өзін. Бұл да есе жібергісі келмей:
– Атаныпсың ежелден
Екейдегі қиқар шал, – дейтін. Кейін Жамбыл атасы о дүниелік болғанда:
– Ортада көрінбейсің бүгін өзің,
Сөйлеп тұр, бірақ сенің сырлы сөзің, – деп елден бұрын өлеңдеткені есінде. Бұл ғана ма екен, басқалары да сөйткен. Е, Жамбылды жырына жалау етпеген кім бар?!..
Үнсіздікті Әбділда бұзды.
– Ұлы жырау, ұлы ақын Жамбылдың хат танитын көзіне, жазатын қолына ай¬налғаным рас. Бұл тек революциядан кейін ғана қолымыз жеткен табысымыз, сауатсыз кәрі мен сауатты жас буынның жарастығы еді. Мұндай ұрпақтар гармо¬ниясы бізде бұрын болған емес. Рево¬люция мені оқытып Жамбылға берді, ал Жамбыл маған жаздырып отырып, өзінің көл-көсір жырын революцияға арнады. Осы да блеф бола ма?.. – деп дауылдата, жауындата сөйлеген Тәжібаев тым ашулы еді, Журин:
– Түсінікті. Сабыр етіңіз. Болды. Рахмет, – деп жаймашуақ бола қалды.
Бюроға шақырылғандар осылай тарас¬қан. Сәбит ағасымен сыртқа иін тіресе шыққан Әбділда “Ағасы-ау, бәрі өзіңізден екен ғой!” дегісі келген. Дей алмады. Дей алмайтыны: мұндай-мұндайлар Сәбеңе жараса береді. Сен сөйтіп едің деп мұны¬мен жаға жыртысқан әзірге ешкім жоқ. Оның үстіне өзін қанатының астына алып, қатарға қосқан осы Сәбит ағасы. Сонау отыз бірдің қысында жиырманың үстіне жаңа шыққан жас ақынды бас ақын¬дай көріп, “Әбділда!” деп хат жазға¬нын қалай ұмытады. “Сен Қызылордада екенсің ғой, мен Семей жағында шығар деп жүргем” деп басталатын ол хат. “Ғабитпен менің полемикамды оқыған шығарсың. Ғабит жолдас орынсыз жерге әулиелік жасады. Мені қаралағанымен қоймай, Қызылжардың секциясын менің жігім ғып көрсетті. Былтыр шет жағасын көрген сықылды ең, партияның көркем әдебиеттегі ұранын орындауға талпынып істеген істі баяғы сасық жікке жыққысы келгеніне мен өзім қатты ренжідім. Сен маған бұл туралы көмектестік пікіріңді жазуға тиістісің” деген сөздермен жалғас¬қан хат аяғын Сәбең былай аяқтапты: “Саған тапсыратын нәрсе: егер Қызылор¬дада азын-аулақ күн болсаң, сонда ҚазААП бөлімшесін оформить етіңдер. Сөй¬тіп, мүшелерінің тізімін жасап, пра⬬ление құрып, өлкелік басқармаға бекітуге жіберіңдер”.
Әбділда үшін қарапайым Сәбеңнің, бауырмал Сәбеңнің, кең етек, кең жайлау Сәбеңнің, сені кем көрмей, тең көретін Сәбеңнің жөні бөлек. “Ал, кел!”, “Ал, же!” дейтің Сәбең: “Аузыңды аш, асатып жіберейін!” деуді де ұмытпас еді. Әрине, бұған Мұхтар да аға, Ғабит те аға, бірақ, бірде тату болса, бірде қату бола қалатын ағалары арасында жүріп бәріне бірдей болу Әбділда үшін қиынның қиыны-ақ еді.
– Біз ортамызға Әуезов келген соң айырылыса бастадық, – дер еді Сәбең Әбділдаға. – Сен маған тура әуезовшілге айналғандай көріндің. Оған шық жуыт¬пасқа тырыстың. Мен сені сол қылықта¬рың үшін жауапты орындарда айқайлап тұрып сынадым. Тәжібаев Әуезовтің рупорына айналды дедім. Осындай қызу үстінде жарықтық “Абай” атты романға да тілім тиіп кетті...
Әбділда ағаларын алаламайды, оған бәрі бірдей, бәрі де ұлы, бәрі де дана. Шыны да солай ғой. Әбділда әуезовшіл болса, Әуезов те әбділдашыл, інісінің жаз¬ғандарын жадынан шығармайды. Жылт еткені болса жүрегін жайып: “Е, міне, осылай болса керек!” деп құшағына алады. “Біз де қазақпыз” атты драма¬сын үйіне кеп оқып бер¬геннен соң да солай ет¬кен. Жұбайы Валентина Николаевнаға дауыстап: “Валя, саған да құйдым, кел, үшеуміз ішейік. Мы¬на Әбділда өте қы¬зық, өте күшті шығарма бітіріпті, сол үшін ала-йық!” деуі де содан-ды.
Көрінгенге көтере көп¬шік қоюдан аулақ Әуе¬зовтің сол бір дастар¬хан басында айтқан сөзі Алматыдан әрі асып, Мәс¬кеуге де жетіп еді. Көп ұзамай Александр Хазин аудармасындағы “Біз де қазақпыз” бүкіл¬одақтық талқыға түсті. Атақ¬ты драматург Ни¬колай Погодин, ақын-драматург Илья Сель¬вин-ский, үлкен жазушы Леонид Соболев бастаған қабырғалы қаламгерлер тезінен түп-түзу күйінде өту оңай емес-ті.
– “Қазақ” – талантты, ақындық шы¬ғарма. Маған мұның тек астарлы ишараты ұнамайды. Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім? – деп Погодин Әбділдаға қараған.
– Халық өзгелерге қол созып, олар¬мен қатар жасауға ұмтылады, – деп Әбділда орнынан көтерілген.
– Дұрыс айтасыз. Өте дұрыс, – деген Погодин.
– Мұндай тұста... – деп сәл кідірген Әбділда әрі қарай ағылған. – Бір елді бурадай билеп, өз үйірінен шығарғысы келмейтін, өзіне ғана бас иіп, өзіне ғана табынуды тілеушілерге, соған зорлықпен көндірушілерге, мифке айналған жалған иелерге халықтың саналы ері қарсы шы¬ғады. Барлық күш-қайратын ой қараңғы¬лығына, жан дімкәстігіне, өмірге еркіндік бермейтін шатқалаңдарға қарсы жұмсай¬ды. Ол қараңғылыққа от лақтырады, кө¬мескі көңілдерге, көлеңке түкпірлерге жа¬рық береді, жұртқа арызын шағады. Сөй¬тіп, жалғыз басын өлімге байлап, барлық билеушілерге қарсы қан майданға түседі...
Ұзақ та екпінді сөзін “Қазаққа қазақ¬тың көзімен қарай алғандар ғана әлгі Николай Федорович айтқан “астарлы иша¬ратты” дұрыс түсіне алады” деп аяқ-таған Әбділда отырғандарға көктен түскен тәңірідей көрініп еді.
– Мен ақындық драмадан өзімнің сыңарымды көріп отырмын, – деп Сель¬винский Әбділда сөзінен кейін су сепкендей болғандарды оятып үлгірген.
Сельвинскийдің керемет мақтауын одан сайын күшейте түскен Леонид Соболев:
– Мұны халық туралы халықтық аңыз деп санауымыз керек, – деп өз шешімін бір-ақ кесіп айтқан.
Ол Әбділда Тәжібай баласының басы¬нан кешкен ең бақытты күндерінің бірі еді. Бірақ, Қазақстан Жазушылар одағын аттап өтіп, КСРО Жазушылар одағынан бір-ақ шыққан Әбділданың демін басқы¬сы келгендер де табылып жатты.
– Аманбысың, Әбділда, сені әуреле¬мей-ақ телефонмен айта берейін, – деп Жазушылар одағын басқарып отырған Сәбең шаң берер еді бір күні. – Сенің “Біз де қазақпызыңды” одақта әлі оқыған жоқпыз ғой. Соны оқуымыз, талқылауы¬мыз керек, жолдас. Сенің бұл пьесаңның үстінен түскен сигнал бар. Мінеки, арыз қолымда тұр. Сені Сталин басшылығына қарсы, ұлтшылдық шығарма жазған жазу¬шы депті. Ертең сағат 10-ға президиум шақырдым, сонда талқылаймыз.
Айтқанындай, талқылау басталады ертеңіне.
– Бұл, жолдастар, күнәсі жұқалауға келетін символизм ғана емес, бұл көсе¬міміз Сталинді, бүкіл Сталин ғасырын кірлеген, қастандық жасаған шығарма! – деп алғашқы сөзді алған драматург Мұса¬тай Ақынжанов сәл ентік баса бере:
– Әй, Әбділда, саған осылай жазу неге керек болды? – деп өзімсінген болар еді.
– Керек болғаны да, – дейді Әбділда кекесінге салып.
– Сен, Тәжібаев, дұрыстап жауап бер, мынауың жауап емес, қылжақ қой, – дейді Сәбең бір тұстан.
– Әбділда-ау, кәдімгі өзімізше қазақ¬ша жазуға болмады ма? – деп Ғабиден жұмсартқан болады.
– Астары қалыңдау, бояуы баттасың¬қырап кеткен жерлері көзге ұрып тұр. Сол бояуларды қайта жазу керек болар. Ал, “қастандық” деген сөздің әлгінде бекер айтылғанын айтпай кетуге және болмас, – деген Ғабит сөзі қойылып отырған мәселенің соншалықты мәнді еместігін аңғартқандай еді, Сәбит болмай:
– Мен бұған есіңді жи, адамдарға сын көзімен қарайтын бол, көрінгеннің рупо¬рына айналма деп ескерткенмін. Бірақ, бұл достық кеңеске құлақ аспады. Ақыры осыған соқты, күйрей құлататын зиянды шығарма жазды. Тағы да қайталаймын мына жиналыс үстінде “Әбділда, есіңді жи, партиялық міндетіңді ұмытпа” дей¬мін. Ал мына нәрсеңді барынша теріс, біздің ұлы саясатымызға қайшы келетін, Сталин жолына қарсы жазылған шығарма деп қаулы аламыз. Бұл жиналыста Ақын¬жанов жолдас өте дұрысын айтты, оған рахмет айтуымыз керек, — деп мына бас қосудың түпкі мақсаты осы дегенге кел¬тір¬ген. Әңгіме әуенін ә дегеннен түсіне қойған Әуезов Ақынжанов сөзі бітер-бітпестен лекциям бар еді деп шығып кеткен-ді, Сәбиттің соңғы сөзін естіген Ғабиден “Онда неге отырмыз?!” деп есік жаққа беттер еді. “Е, солай де!” деп қолын бір-ақ сілтеген Ғабит те солай, кетіп барады. Біреу біреумен сөйлеспейді. Бәрі де бір елі ауызға екі елі қақпақ қой¬ып үлгірген. “Тәжібаев ұлы саясатымызға қарсы, Сталин жолына қарсы”. Қарсы емес десең, сен де қарсы болғаның. Қуат-тағаның, құптағаның. Ендеше, үндеме. Үндеген үйдей бәлеге қалады.
Сол үйдей бәлеге қалды Әбділда! “Үн¬деме дейсің, үндеме дейсің сен неге, үнде¬мес болсаң берілген маған тіл неге?!” дейтін Әбділданың үні өшкенмен бірдей-ді. Жазушылардың бастауыш партия жиналысында үш рет, аудандық партия комитетінде екі рет, қалалық комитетте тағы бір рет талқыға түскен Тәжібаевтың қалай талып түспегеніне таң қалғандар көп болған ол күндерде.
– Не болды, қозым, өрт сөндіргендей боп келдің ғой? – дейтін шешесі Ай-манкүл.
– Жай шаршағандікі ғой, – дейтін бұл.
Шаршайды, әрине. Шаршайтыны: әлгі талқылауды тілге тиек етпейтін газет қалмаған. Аудандық, облыстық, республи¬ка¬лық... “Правда” да мұның пәрше-пәр¬ш嬬сін шығарған. Ақыры Тәжібаевтың аты аталған “Драмалық театрлардың репер¬¬туар¬лары туралы” атты Сталин қол қой¬ған Орталық комитет қаулысымен тынған.
– Қалай тірі қалғансыз?! – дейтінмін Әбекеңе.
– Тірі қалдырды ғой, – деп күлетін ол. Бір ғажабы, ешкімді кінәламайды. Кінәламайтыны: шығасыға иесі басшы. Неге соны жаза қойып едім деп және өкінбейді. “Өзің қалай болсаң, өмірің де солай болады” дейтін. Елім деп еміренген Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарды мысалға келті¬ретін. Елім деп өлімге бас тіккен оларды күдігі көп кеңес үкіметі неге жақсы көр¬меді деп айта аласың ба? Айта алмайсың. Соны айтады. “Халық неге қамауда, оны қоршаудан шығармай, жарық дүниені іздеуге мұрша бермей ұстап отырған Бура кім сенің мына пьесаңдағы” дегенді маған Погодин неге айтты деп мені де ойға шақырады. “Бура әсіресе көктемде бар күшіне енеді. Аузынан будақ-будақ көбік шашады. Жақын барсаң шайнап тас-тайды. Билік те тап сол емес пе?” деп жә¬не сауаттандырады мені. Сол пьеса үшін жерден алып, жерге салған ағаларын да, аға еместерді де ақтап сөйлеуді де ұмыт¬пайтын. “Партия уставы – партия нұс¬қауы. Солардың орнында өзім де сөйтер ме едім, кім білген” дейтін. Мен болсам, “Иә, сіз сөйтер едіңіз! Шайнап тастайтын, жайпап тастайтын нағыз бураның өзі болар едіңіз” деп қағытатынмын. Кең¬кілдеп күлетін. Күліп отырып:
Айдауына түскенім жоқ желдің мен,
Не болса да өз бетіммен көрдім мен.
Қалғаным жоқ іргесінде есіктің,
Нақ алдына шықпасам да төрдің мен, – деп өлеңдететін.
Әбділданың оны-мұныға мұқалмайты¬ны оның мықтылығы еді. Бұл оның тө¬зім¬ділігі емес, тереңдігі болатын. Әр адам өзінше бір-бір әлем. Оның өз заңы, өз ере¬жесі бар. Оны өзі шығарып, өзі бекі¬теді. Өзгертуге хақың жоқ. Мұның да өзгертуге жатпайтын өз заңы бар. Кейде өзгенің заңын өз заңымен үйлестіре алмай қор болар еді.
Адамменен адамның арасы алшақ,
Біреу дұрыс туғандай, біреу жаңсақ.
Соның бәрін өлшеуге ойым жетпей,
Отырамын сөз таппай кейде шаршап, – дейтіні сондықтан-ды.
Кейде бастары бір қазанға сыймайтын ағалары да шаршататын. “Сен Әуезовтің рупорына айналдың” дегенді Сәбит аға¬сынан естісе, “Әділдік, ақтық бәріміздің де мұратымыз. Әділдік үшін қажырлы қайсарлық керек. Осындай берік қасиет сенен табылды ғой деуші едім, онымыз бе¬кер болып шықты. Сәл салмақ түсіп еді, Сәбит туралы сайрап шыға келдің” дегенді Мұхтар ағасынан естиді. Осын¬дайдың бәрін көтеру үшін күш керек. Ақыл керек, сана керек. Сол ақыл мен са¬на ағаларының бір сәттік өкпе-наздарын өзіне деген марапатқа балатып жататын. Әдебиеттің бар-жоғын дұрыс салмақтай білмейтін біреу болсам сол сөздер маған айтылар ма еді деп өзін-өзі жұбататын.
Әбділда әдебиетіміздегі алыптар шоғы¬рының ең соңғысы еді, өмірден де ең соңғысы боп өтті. Қатары сиреген жан¬ның панасыз қалған жетім қозыдан аумай¬тынын мен сонда көрдім. Бірақ, сыр бермейтін. Әйтсе де өлең-жырларымен ғана сырласудан, өлең-жырларымен қана мұңдасудан басқа ештеңе қалмағаны көрініп тұратын. Онысы жазған-сыз¬ғандарынан да байқалып қалушы еді:
Алыстап кетті
Күндерім алтын арайлы,
Жастығым өтті
Көтерген отты жалауды.
Батар күндерге
Қиылып қимай қараймын,
Келер күндерден
Ұялмай өтсем жарайды.
Өткен күндерінің жылы шуағына рахат¬тана шомылатын ол кейде кәрі Әб¬ділда алдында жас Әбділданы, жалын Әб¬діл¬даны сөйлетуге асығар еді. “Дауыстап айт, дұрыстап айт!” деп дегбірінен адас¬¬тырар еді. Сол сәт кәрі Әбділда көнетоз күпісін иығынан тастай бере жалаңтөс жас Әбділдаға айналып шыға келгенін байқамай да қалар еді. “Әбділда!.. Әбділда!.. деп жер-дүниені жаңғыртар еді. Өз дауысы өзіне “Әй, Әбділда!.. Әй, Әб¬ділда!.. Әй, Әбділда!.. деп жаңғыра, жарды ұра қайта жетер еді. Бірі Мұхаң, бірі Сәбең, бірі Ғабең боп естілер еді ол дау¬ыстар. Мүмкін, “Әй, Әбділда, сен “жү¬дәні” жүдә көп айтады екенсің” деп күле сөйлейтін Ілияс ағасы болар. Мүмкін, Бейімбет... Мүмкін, Асқар... “Қазір де менің алдымнан көлеңкең көлбеп өтеді, “Әбділда!” деген дауысың ап-анық маған жетеді. Адасып қалған құландай жоғалт¬қан жолдың жалғасын, отырмын сенсіз жүре алмай, қайдасың, аға, қайдасың?” деуші еді Асқар ағасын сағынғанда. Сол болар. Жо-жоқ, “Әй, Әбділда!.. Корректор Әбділда!.. Мына газеттегі қатені неге көр¬мейсің?!” дейтін арбакеш ағасы, әзілкеш ағасы Қалмахан шығар... “Әй, Әбділда, енді қартайғанда әдебиет институты неңді алған?” деп қимай қоштасқан Қасым бол¬са ше? “Өзге емес, өзім айтам өз жай¬ымды” дейтін қайран Қасым ғой! Бұған да “өзге емес, өзің айтқың өз жайыңды” деп тұрған жоқ па екен?! “Түсіндім, Қа¬сым!” дегендей, Әбділда өз жайын өзінен аумайтын өз өлеңіне айтқызар еді:
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Жанымның атты жалыны,
Дауысым жатты жарды ұрып.
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Кеудемде тұрды от лаулап,
Жер менен көкті жандырып.
– Әбділда! – дедім айқайлап,
– Әбділда! – деді жаңғырық.
Кеудемде бір күй салды ойнақ,
Жақсылық жанға салды ұрық.
“Халқым барда мен бармын қашанда да” деп от асап, жыр қашаған Әбділда ақынның осылай “мен!” деуге, “менмін!” деуге моральдық құқы бар-ды. Ондай құқ¬ты бір жағынан жырсүйер халқы берсе, екінші жағынан сол қазақ дейтін халық¬тың мандатына айналған ұлы ұстаз ағала¬ры берді. “Өзі болған қыз төркінін таны¬майдының” керін келтіруден аулақ ол да ардақты ағаларының бағасын біле білді:
Қандай жақсы қамқоршың болса ақылды,
Мезгілінде біледі ол тіл қатуды.
Терісіңді теріс деп тура айтады,
Арзандатпай тағы да қымбатыңды.
Қорқытпайды үркітер өтірікпен,
Айтады ойын өзіңмен отырып кең.
Жақсы ұстаздың қасында ойың еркін,
Серпіп сені қақпайды көкіректен,
Сөйлемейді ол желдетіп, құйындатып,
Оңайларды көрсетпес қиындатып.
Келер күннің естисің кеңесін де,
Ақыл-ойың бөлінбей миың қатып... – деп жырлауы да сондықтан.
Ұстаздықтан өзі де жалыққан емес Әбділданың. Өзінен кейінгілерді демеп, қолдап отыратын. Іні-қарындастарының жақсы жырларымен жүрек жылытатын. “Маған Сағидің “Қазақ әдебиетінде” басылған:
Мен әйтеуір жеткенше бар өмірім
Бәрін, бәрін жинаймын әдемінің.
Жақсылықтың бәрінен үміттімін,
Жақсылардың бәрінен дәмелімін, – деген шумағы ұнады. Ақын өлең айтпа¬ған, сыр айтқан, онысы менің де сырым сияқты” деуі қандай керемет! Артында қал¬ған жазбаларынан: “Қадыр жырдың үн¬дестігін, сөз сылаңдығын, ырғақ сұлулы¬ғын ұстана білетін ақын. Соның бәрінде біз тамаша ақынды еліге қоштап, өзіңнен де, еліңнен де айналайын деп отырамыз.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай.
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай деген Қадырға қол соғамыз” деген жолдарды да оқыр едік. “Тұманбай махаббат өлеңін өзгеміз¬ден көбірек жазған ақын. Оларының аса күштілерін де, әлсіздерін де жақсы біле¬міз. Сол Тұманбай бір күні:
Сенің туған күніңде
Көңіл отын маздаттым.
Жалындаймын деп жүріп
Жанып кете жаздаппын.
Саған арнап көп өлең
Жазғанменен толғанып,
Саған бірақ татитын
Бір өлең де жазбаппын, – деп ағытты. Тұманбайдың бұл өлеңі Күлтайға арналса да, мен оған бұдан да гөрі кеңірек мағына бердім” деген жолдар да Әбділдаға тиесілі. Қыз ақындар ішінен Фаризаны айрықша атайтын ақын оның:
Аймалап құшқан қылықтарың үшін,
Дүниені ұмытқаным үшін
Өкініш қарыған жалын-мұңым үшін,
Жалт етіп өткен сағым-күнім,
Мен сені ұмыта алман! – деген өлең жолдарын алға тарта отырып: “Бұл менің құлағыма жағатын қатты дауыстардың бірі” деуі де сөз танитын Әбділданы одан сайын келбеттендіре түсері сөзсіз. Мұқа¬ғали, Төлеген жырларын да ол осылай бағалаған. Өзінен кейінгі ақындарды аялы алақанына салған оның кейде кәріне мі¬не: “Ай, мынау ақын емес! Жоқ, мынау өлең емес!” деп ашу шақыратын кездері де болмай қалмайтын. Мақтауға ие бол¬ған¬дардың өздері де Әбекеңнің сонда¬йынан сақтанатын.
Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың,
Мен қалай,
Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.
Сөйлесең,
Бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып басып,
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып.
Бой түзеп,
Босқа кетпей сауықпенен,
Боз қырау босағасын тауыпты өлең.
Жаман жыр жазғанымда
Ақ таяғың –
Арқамда ойнай ма деп қауіптенем, – дегенді Мұқағали сондай сәттердің бірінде жазса керек.....

Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!
Қарап көріңіз 👇
kz | Рефераттар
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру
Ілмектер: реферат ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ туралы реферат казакша на казахском акпарат малимет, реферат ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ на казахском языке скачать бесплатно информация, рефераттар жинағы Адебиет жоспарымен, казакша реферат жоспар, ӘБДІЛДА ТӘЖІБАЕВ