Биология | ЖИТС-тің жұғу көздері және жұғу жолдары

 Биология | ЖИТС-тің жұғу көздері және жұғу жолдары

ЖИТС-тің жұғу көздері және жұғу жолдары

ДДҰ мәліметі бойынша АИВ жұқтырғандардың саны 2000 жылдан кейін 40—50 миллионға жетуі ықтимал. ЖИТС-пен ең көп науқастанушылар АҚШ-та, Батыс Еуропа елдерінде (әсіресе Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия), Орталық Африкада, Гаитиде тіркелген. Вирус ТМД мемлекеттерінде, Жапония, Шығыс Араб елдерінде кездесе бастады.
Әдетте ЖИТС-пен қала тұрғындары жиірек ауырады. Оған жөнсіз жыныстық қатынас, шектен тыс сексуальдық еркіндік, жезөкшелік, гомосексуализм т. б. жайлар себеп болады. Көпшілік жағдайда ЖИТС-тен сексуальдық белсенділігі басылмаған жастағы ерлер мен әйелдер зардап шегеді. Бала туу мүмкіндігі бар әйелдердің арасында ЖИТС тарала бастауына байланысты балалардың да осы ауруға шалдығуы жиілей түсті. Осыдан 3—4 жыл бұрын АИВ жұқтырғандардың 70—75%-ы еркектер болса, бүгінде есірткі қолдануылардың саны күрт көбейіп, олар көпшілік жағдайда ортақ шприц инелерін пайдаланатын болғандықтан, бұл науқасқа шалдыққан ерлер мен әйелдердің саны теңесті (50%-дан). Мұндай жағдай балаларға ЖИТС жұқтыру қаупін күшейтіп отыр.
Инфекция көзі. Вирус жұққан адам — вирус тасымалдаушылар, ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан әсіресе вирус тасымалдаушылар өте қауіпті. Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Көз жасында, жұлын сұйығында, сілекейде өте аз мөлшерде болуы мүмкін.
Жұғу жолдары. Медицинада дәлелденуі бойынша, ЖИТС-тің қазіргі кезде негізгі жұғу жолдары мынадай:
— жыныстық қатынас;
— вирустың бірден қанға түсуі (әртүрлі инъекциялар жасаған кезде т. б. жағдайларда);
—анасынан нәрестеге жүғу арқылы.
Жыныстық жол негізгі жұғу жолы болып табылады. ЖИТС адамдарға 80% жағдайында осы жолмен, яғни гетеросексуальдық (еркек-әйел) және гомо-сексуальдық (еркек-еркек) жыныстық қатынас кезінде жұғады. Ең қауіптісі — гомосексуальдық анальдық қатынас, өйткені партнерлердің жыныс мүшелерінің терісі, шырышты қабатының жарақаттануы жиі болады. АҚШ-та ЖИТС-пен науқастанғандардың 70%-ына ауру осындай жолмен жұққан. Жұқтыру каупі активті және пассивті гомосексуалистерде бірдей дәрежеде болады. Қатерлі топқа жезөкшелер де жатады. Партнерлердің жиі ауысуы да ЖИТС жұқтыру мүмкіндігін күшейтеді. ЖИТС-пен науқастанушылық бел алған елдерден келген азаматтармен жыныстық қатынаста болу әсіресе қауіпті. Жыныстық инфекциясы бар немесе бұрын ауырғандармен кездесу, етеккір кезінде жыныстық қатынаста болу, садистік әдеті бар партнермен жақындасу ЖИТС жұқтыру каупін күшейте түседі.
ЖИТС-тің вирустың қанға бірден түсуі арқылы жұғуы қазіргі кезде ерекше аландаушылық туғызып отыр. Себебі тамырға наркотиктер енгізгенде ортақ инелі шприцті пайдаланатын нашақорлардың саны көбейіп келеді. Әрине, қолданатын инелерін олар тиісті өңдеуден өткізбейді. Егерде ЖИТС-пен науқастанған немесе вирус тасымалдаушы нашақорлар қауымына қосылса, вирус оның инедегі қанының қалдығымен сау адамның ағзасына түседі. Вирус аурулардың 20%-ына осындай жолмен жұғады.
Вирус адамға қан немесе қан құрамынан тұратын препараттар құйғанда да жұғуы мүмкін. Кейбір аурумен науқастанғанда, операция жасағанда, әйел босанғанда донор қанын құюға тура келеді. Егер донор ЖИТС-ке тексерілмеген болса, вирус жұқтыру қаупі өте жоғары. ЖИТС жұғу мүмкіндігі бар қатерлі топқа гемофилиямен ауырғандар да жатады. Өйткені қан ұюы өте нашар болғандықтан, қан кетуін тоқтату үшін оларға жиі-жиі қан құйып отырады. АҚШ-та, Еуропада гемофилиямен ауырғандардың 40—63%-на АИВ қан құю арқылы жұққаны анықталған. Бірақ 1985 жылдан бері жоғары дамыған елдерде, 1987 жылдан бастап ТМД елдерінде донор қанына қатаң бақылау жүргізіле бастады. Мұндай тәртіп ЖИТС, В гепатит және басқа жұқпалы аурулардынң таралуына жол бермейді. Соған қарамастан Қазақстанда АИВ-тың 20%-ы емдеу-профилактикалық мекемелерде жұқтырылғаны тіркелген (ДДҰ мәліметі бойынша мұндай көрсеткіш 0,5%-ға тең). Экономикасы нашар дамыған елдерде ЖИТС-тің қан арқылы жұғу қаупі әлі де сақталып отыр.
ЖИТС вирусының үшінші жұғу жолы — анасынан нәрестеге жұғуы. Ауырған немесе АИВ жүққан әйелдерден туған балалардың 4/5-не вирус осындай жолмен жұққаны белгілі болды. Егер де анасы нашақор немесе жезөкше болса нәрестеге вирус жұғу қаупі бірнеше есе артады. Вирус нәрестеге қалыпты босану кезінде, баланы операция жасап алғанда және жүктілік кезінде жұғуы мүмкін. ЖИТС-тің нәрестеге науқас анасының емшек сүті арқылы жұғу оқиғалары да белгілі.
ЖИТС-ке байланысты мәселелер баспасөз беттерінде тұрақты түрде көтеріліп отырғанына қарамастан, 6ұл проблемаға зор көңіл бөлу қажет.
АИВ инфекциясымен күресуде ДДҰ «Әдепсіздік нәтижесіңде өзіңді өлімге апарма!» деген ұранға сүйенеді.
Егерде сілекейден, көз жасы сұйығынан вирус табылса, оның жұғу мүмкіндігі қандай деген сауалға келсек, мұндай жолмен жұғу бүгінгі күнге дейін еш жерде кездескен емес.
Вирус қанмен жұғатын болғандықтан емделу қауіпті емес пе? Бұл сұраққа да теріс жауап беруге болады. Өйткені осы уақытқа дейін мұндай жолмен ЖИТС жұғу оқиғасы болған емес.
АИВ-тің шаңмен, ауалы-тамшылы, фекальды-оральды (ауыз қуысы арқылы) жолмен жұқпайтыны толық анықталған. Яғни адамдар сүйіскенде, сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде, қол алысқанда, ортақ дәретхананы, ваннаны, душты, бассейнді пайдаланғанда, сондай-ақ тағамдар мен ыдыстар арқылы ЖИТС вирусы жұқпайды. Сырт киімдерді алмастырып кигенде, тіпті бір төсекте жатып ұйықтаған кезде де ЖИТС вирусының жұғу қаупі жоқ.
Қан сорғыш және басқа жәндіктер (маса, бит, кене, бүрге, шыбын, тарақан, қандала т. б.) арқылы жұғу жолдары да анықталмаған.
Мысық, кой, жылқы, маймылдарда қоздырғышы АИВ-ке ұқсас иммундық тапшылық болатынына қарамастан, үй және жабайы жануарлардан ЖИТС жұғу жайлары кездеспеген.
ЖИТС жұғудан қалай сақтанады?
Әртүрлі инфекциялардан сақтанудың ең тиімді тәсілі — вакцина егу. Алайда вакцина дайындау бағытында тыңғылықты зерттеулер жүргізіліп жатса да, ондай профилактикалық препарат алу әзірше қолдан келмей отыр.
ЖИТС-пен науқастанудан сақтанудың маңызды шаралары мыналар:
— әлеуметтік, халықаралық, мемлекеттік шаралар;
— жеке басты қорғауға бағытталған шаралар.
Профилактиканың басты міндеті — ЖИТС тасымалдаушыларды анықтап, жұғу арнасын сенімді түрде жауып тастау. Осы мақсатта көптеген елдерде мынадай шаралар жүргізіліп жатыр: халықтың (тұрғындардың) кейбір топтарын сөзсіз және жоспарлы түрде лабораториялық тексеруден өткізу; донорлык, қанды, сперманы, органдарды тексеру; гемофилиямен ауыратындарды, нашақорларды, гомосексуалистерді, жезөкшелерді тексеру; ауырғандарды арнайы ауруханаға жатқызу және емдеу; сенім телефондарын ұйымдастыру; ЖИТС-пен ауырғандарға консультация және көмек беретін комиссия жұмысын ұйымдастыру; диагностикалық орталықтар, кабинеттер ашу т. б.
Тұрғындар арасында ЖИТС жөнінде санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізудің ерекше маңызы бар. Әркім аурудың қалай тарайтынын, одан қалай сақтану қажет екенін жетік білуі тиіс.
Англияда осы бағытта жүргізілетін жұмыстарға мемлекет жылына 20 млн фунт стерлинг қаржы жұмсайды.
Жалпы халықты, әсіресе балалар мен жастарды өнегелілікке, дұрыс жыныстық қатынас жасауға тәрбиелеу мәселесін жолға қоймайынша, ЖИТС-пен күресу мүмкін емес.
Жеке бас профилактикасы қарапайым әрі денсаулық үшін ұтымды. Оларға мыналар жатады:
— салауатты, әдепті өмір сүру;
— кездейсоқ жыныстық қатынастан және гомосексуалист, жезөкшелермен жақындасудан сақ болу (жыныстық партнер көп болған сайын ЖИТС жұқтыру қаупі арта түседі. Г. В. Сколубовичтің (1989) айтуы бойынша, «Жыныстық тәртіпсіздік, нашақорлық және жезөкшелік — ЖИТС вирусын жұқтыру кепілі»);
— стерильденбеген немесе кездейсоқ біреудің шприцін, қайшысын, сақал алғышын және басқа да құрал-жабдықтарын пайдаланбау;
— әсіресе терісі, шырышты қабаттары зақымданған жағдайда бөтен біреудің қанымен, бөлінділерімен жанасудан абай болу;
— презервативті дұрыс пайдалану (ол ЖИТС-тен қорғайды);
— қан құйғанда немесе донор қанынан дайындалған препараттар қабылданғанда олардың АИВ-ке тексерілгеніне көз жеткізу (ол үшін қолданылған қанның сериялык нөмерін жазып алыңыз);
— маникюр, педикюр жасайтын құралдардың стерильдігіне көңіл аудару;
— ЖИТС вирусын жұқтырып алдым-ау деген күмәнді жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну.
Кез-келген азамат АИВ-инфекциясының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін Алматыда, Астанада, еліміздің басқа да ірі қалалары мен облыс орталықтарында ашылған лабораторияларға барып тексерілуіне болады.
Қазақстанда ЖИТС-пен күресу жұмыстарын ұйымдастыру.
ЖИТС — көп жағдайда өлімге соқтыратын аса қатерлі вирустық дерт. Қазақстанда осы қауіпті ауруға қарсы күрес жүргізу мақсатымен мамандандырылған жаңа қызмет жүйесі құрылды. Оның құрамына республикалық, облыстық, қалалық ЖИТС-ке қарсы күресу және аурудың алдын алу орталықтары, диагностикалық лабораториялар мен анонимдік кабинеттер кіреді. Осындай қызмет жүйесінің күнделікті жұмысын Республикалық ЖИТС-тен сақтандыру комитеті басқарады. Бұл комитеттің ең басты мақсаты — ЖИТС вирусын жұқтырған адамды табу, оны тексеру және емдеуді жоспарлы түрде ұйымдастыру. Жоғарыда аталған ЖИТС орталықтары ұйымдастырушы, тәсілдеуші және емдеуші мекемелер ретінде жұмыс атқарады. Қазіргі кезде республикамызда ЖИТС-тен қорғану жөнінде жұмыс жүргізетін 20 орталық және 80 лаборатория бар.
Олардың жұмыс бағыттары мынадай:
1. Вирус жұғу мүмкіндігі бар «қатерлі топтарға» (группы риска) жататын адамдарды тексеріп, вирус жұққан адамдарды дер кезінде тауып отыру;
2. Ауру ошағын анықтап, дәрігерлік бақылауға алып, вирустың әрмен қарай тарауына, яғни басқа адамдарға жұғуына мүмкіндік бермеу жұмыстарын ұйымдастыру.
Қазақстан Республикасында 5 жылдың ішінде (1987—1991) 4 млн 870 мың адам арнайы тексеруден өтті. Екіқабат әйелдерді тексеру және өз атын жарияламай тексерілу жұмыстары кең түрде жүргізілуде. Әрбір облыс орталығыңда осындай тексеру жүргізетін арнайы кабинет жабдықталған және одан 6ұл індет туралы жан-жақты ақыл-кеңес алуға болады.
«ЖИТС (СПИД) ауруының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының заңында (1994) ЖИТС ауруымен күресу күрделі, кешенді мәселе деп танылған. Оны шешуге Денсаулық министрлігімен қатар басқа да министрліктер (Қаржы, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі, Сыртқы істер т. б.) қатысады, олардың жұмысын ҚР Министрлер Кабинеті жанынан құрылған Үйлестіру кеңесі басқарады.
Қазақстан Республикасында тұратын не ұзақ мерзімге жұмыс атқаруға келген әрбір шет ел азаматы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығын сақтау туралы» заңына сәйкес ЖИТС вирусының жұққан-жұқпағандығын анықтау үшін медициналық куәлендіруден (тексерістен) өтуі тиіс.
ЖИТС-пен ауырған не вирусын тасымалдаушы шет ел азаматтары Республика аумағынан шығарылып жіберіледі, ал еліміздің азаматтары емделуге, кешендік тексерістерден өтуге міндетті. Оларды қызметтен, жұмыстан, бизнестен, заңға қайшы келмейтін іс-әрекеттің қай түрінен болмасын шеттетуге болмайды. Тек медицина, фармацевтика, тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлері (мысалы, шаштаразшы т. б.) жұмысын ауыстыруы қажет. Олар үшін ЖИТС-пен ауыру, вирус тасымалдаушы болу — кәсіби ауру болып табылады, сондықтан біраз жеңілдіктер жасау жайы қарастырылған. Мәселен, бір мерзімдік ақша төлеу тәрізді. Оның үстіне ЖИТС-пен сырқаттанушылармен, вирус тасымалдаушылармен тікелей жұмыс істейтін медицина және ғылыми қызметкерлер жұмыстының зияндылығы үшін қосымша, ақылы 24 күндік демалыс және негізгі жалақысының 60%-на дейін үстем ақы алуға құқылы.
ЖИТС вирусын тасымалдаушылар қан (басқа да органдар мен тканьдер) беретін донор бола алмайды. Әдейі және біле тұра басқа азаматтарға ЖИТС вирусын жұқтырушы, клиникалық, лабораториялық тексерілуден қашқақтаушы, өз жұмысын салақ атқару нәтижесінде ЖИТС вирусымен сау адамдардың зарарлануына себепкер болушы, нақты кісінің ЖИТС-пен ауыратындығын не оның вирусын тасымалдаушы екендігін рұқсатсыз жариялаушы азаматтар мен мамандар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Қорыта айтқанда, әдепті өмір сүріп, отбасы бірлігі берік болса, арақ-шарап ішіп, наша тартудан, кездейсоқ жыныстық жақындасудан аулақ болса, әрбір адам өзін-өзі ЖИТС-тен қорғай алады.
Есіңізде болсын: Сіздің денсаулығыңыз өзіңіздің қолыңызда!







Қолданылған әдебиеттер


1. Котова А. Л., Құдайбергенұлы Қ., Дерябина Л. В. СПИД – ғасыр індеті/ Алматы: Ғалым, 2000
2. Өмешұлы Ә. Салауатты өмір – ден саулық кепілі. Алматы: Білім – 1999
3. Оразақов Е. Денсаулық туралы кеңес. Алматы - 1981


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру