Ғабит Мүсірепов – сөз зергері

 Ғабит Мүсірепов – сөз зергері

Үндестік деген екі дауыстың бірдейлігі емес, ең кем екі түрлі дауыстың қиысуы емес пе? Сөз көркемдігі осы мінездес. Бір сөз бір сөзге жарығын да түсіріп тұрады, көлеңкесін де түсіріп тұрады.
Ғ. Мүсірепов

Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов – ұлттық сөз өнері тарихындағы зор тұлға. Оның әйгілі әңгіме, пъеса, романдары ел өмірінің ең бір елеулі кезеңдерін – дала азаматының рухани өзгерісін, қилы – қилы қия белін бейнелейді. Көр үнді, көп дауысты мұрасын зерделесеңіз, үлкен қаламгерді ерліктің жыршысы деп бағалар едіңіз. Көз алдыңыздан ылғи бір көтеріңкі рухты – ерлігі де, елдігі де берік жайсаң жандар тасқыны өтіп жатады. Ғабең – таза сезімді, азаматтықты жырлап өткен ақын жанды қалам иесі.

Ғабең – ақиқат ғұмыр кешкен, қиын – қыстау сәтте азаматтық ер тұлғасынан айнымай, алыс – жақынды болжап, адалдықтан ауытқымай өткен абзал жазушы. Артына қалдырған мұрасы туған әдебиеттің биік мәдениетіне, философиялық тереңдігіне, байтақ өрісіне, рухани маңызына айқын айғақ.

Мүсірепов – ана тіліміздің ел таныған шебері. Оның зері мен өрнегі, мүдіріссіз жазу мәнері тіліміздің сұлулығы мен икемдігін бай мүмкіншілігін паш етіп, шексіз ләззатқа бөлейді.

Халықтың рухани байлығы – шын мәніндегі көркем әдебиетті жасайтын тек қана табиғи ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алып дарындар болатын. Туған елінің ХХ ғасырдағы көркем әдебиетін саф алтындай талай – талай шығармаларымен байытып, абыройын биіктеткен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар тобының қатарында тұрған – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов те бар.

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы 22 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында, Жаңа жол ауылында кедей шаруа әулетінде туған. Әуелі ауылында ескіше оқып, сонан соң, 14 жасында Серғали деген жұмыскер нағашысының көмегімен, Обаған деген жердегі екі кластық орыс мектебіне оқуға түседі. Осы мектепте ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің белгілі өкілі, әрі ақын, әрі көрнекті педагог Бекет Өтетілеуов орыс тілінен және орыс әдебиетінен сабақ беретін еді. Болашақ жазушы сол адамнан сабақ алады. Ғабит әдебиетке бала кезінен құштар болады, халықтың сан ғасырлар бойы сақталған асыл қазынасы – ауыз әдебиетін көкейге ұялата береді. Үлкендерден естіген қиял тербетер ғажайып ертегілерді, қызық оқиғалы қисса шығармаларды жадына тоқып, өзі басқаларға әңгімелеп беруді дағды етеді. «Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады» деп жазады жазушы «Автобиографиялық әңгімесінде».
Бекет Өтетілеуов әдебиетке құмар талантты шәкіртті екі кластық орыс мектебін бітіргеннен кейін, оның Пресногорьковтағы жоғарғы бастауыш училищеге түсуіне көмектеседі. Училищеде Ғабит ұстазының кеңес беруімен А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.В.Гогольдің, М.Горькийдің, Джек Лондонның шығармаларын зор зейін салып құмартып оқиды. Әдебиетке құштарлығы арта түседі. Ғабит училищені бітірген соң, 1923 - 1926 жылдары Орынбор қаласындағы жазушы факультетінде оқиды. «Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады» деп еске алады жазушы өмірбаяндық әңгімесінде. «Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым, кейін ол «Тулаған толқында» деген повестке айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды... Ол бір болған оқиғаның төңірегінен туған әңгіме еді». Жазушының бұл тұңғыш көркем туындысы 1928 жылы жарияланды. Ғабит Мүсірепов 30 жылдарда Қазақстан өлкелік партия комитетінде, ҚазССР оқу халық комиссариатында, республикалық баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. Ол қазақ баспасөзін өркендетуде елеулі еңбек сіңірді. 1938-1955 жылдар арасында бірыңғай әдебиетпен айналысты. 1956-1966 жылдары «Ара – Шмель» атты сатиралық журналдың бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшы қызметін атқарып, 1966 жылдан кейін қайтадан бірыңғай жазушылық өнермен шұғылданды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін, ССРО және республика жазушылар одақтары басқармаларының секретары болды. Ол Жапония, Египет, Алжир, Италия сияқты көптеген елдерді аралап, туған елінің сөз өнерін насихаттауда мол еңбек сіңірді. Ғабит Мүсірепов – ел құрметіне бөленген әйгілі академик – жазушы ғана емес, ол көрнекті қоғам қайраткері. Жазушыға қазақ әдебиетін дамытудағы зор еңбегімен үлкен қоғамдық қызметі үшін 1874 жылы Социалистік еңбек ері атағы берілді.

Абзал аға азынаған аязда төтеп берер қайрат көрсеткен айтулы азамат еді. Ел басына күн туып, етігімен су кешіп – елінің жартысын жайратып салған 1932 жылдың қилы – заманында бес азаматтың атынан қылышынан қан тамған ақберен азамат болатын. Қаламдас аға – досы Биағаңа жала жабылғанда тағы да басын қатерге тігіп, айғайлай ара түскен. «Биағаң халық жауы болса, мен де жаумын!» - деп адам таңқаларлық қайсарлық көрсеткен Ғабит болатын.

Оқырманның ағыл – тегіл эстетикалық сезімге бөлеп тастайтын үлкенді – кішілі көркем туындыларымен қазақ әдебиетінің дамуына ірі үлес қосқан Ғабит Мүсірепов – классик жазушы. Өйткені, оның суреткерлік өрен шеберлігінен кезінде де, кейінде де, келешекте де талай қаламгерлердің үйреніп тағылым алар шығармаларының қыр – сыры аса мол. Оның шығармаларының бүгінгі оқырманның да, болашақ ұрпақтардың да ажырамас рухани серігі, қымбат мұрасы болып қала беретіні ақиқат. Өйткені, оның әрбір туындысының биік өнермен, үздік шеберлікпен жасалған асыл дүниелер екенін барша қауым әлдеқашан бір ауыздан мойындаған болатын.

Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетінің үлкенді – кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Сайып айтқанда, Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетінің барлық жанрларын дамытуға көп еңбек сіңірген көркем сөздің майталман шебері, ірі суреткер. Оның шығармалары сан рет көптеген халықтардың тілдеріне аударылды. Ғабит Мүсірепов – бүкіл дүние жүзіне кең танылған сөз зергері.

Ғабит Мүсіреповтің қаламынан шыққан әрбір өміршең еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Ол – туған Отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті.
Ғабит Мүсірепов – халықтың шын мәніндегі сүйікті жазушысы.

20-жылдардың аяқ кезі мен 30-жылдардың бастапқы тұсында бүкіл елдегі секілді Қазақстанда да үлкен – үлкен экономикалық және мәдени өзгерістер, жаңарулар, өрлеулер мен өзгерістер сол кезіндегі көркем әдебиет пен өнерден де көрініс тапты. Сондықтан әдебиетіміздің жеке қайраткерлерінің творчестволық өсу жолын жақсы түсіну үшін әдебиетті жедел өркендетуге септескен факторларды да білуіміз керек.

Жер жүзінде тұңғыш рет үстем таптың қанаушылығын жойып, еңбекшілердің өкіметін орнатқан Ұлы Октябрь революциясы адамзаттың тарихындағы ұлы бетбұрыс еді. Бұрын тарихта болып көрмеген жаңа салт – сананың, жаңа мәдениеттің жолы салынды. Бағыты, алға қойған нысанасы жағынан мүлде тың әдебиеттің басты қаһарманы еңбек адамы, күрескер адам болып жасалғанын айтуымыз керек. Әдебиеттегі осындай жаңа образының бейнеленуі бұрын естіп – көрмеген ұлы жаңалық еді. Сонымен қатар жаңа әдебиетте өмір шындығы даму, өсу, өзгеріс үстінде суреттеледі.

Әдебиеттің алғашқы үздік нұсқалары орыс әдебиетінде жасалғаны мәлім. Ең алдымен классикалық орыс әдебиетінің - бай дәстүрі, ұзақ тарихы, мәдениеті жоғары әдебиет екенін білеміз. Адам баласының көркемдік дамуына мықтап үлес қосқан суреткерлер ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс әдебиеті де мол еді.

Оларда орыс өмірінің неше алуан қырлары мен сырлары жан – жақты, толық ашылған болатын. Орыс классиктерінің шығармаларынан көркемдігі кемел, идеясы анық көптеген айтулы туындыларды табамыз.

20-жылдардың әдебиетін сөз еткенде алдымен М.Горькийдің, В.Маяковскийдің, Д.Фурмановтың, А.Фадеевтің, Ф.Гладковтың, М.Шолоховтың т.б. шығармаларын атау керек.

Бұлардың туындыларында Россияның жұмысшы қозғалысының, азамат соғысының, алғашқы жылдардағы әр алуан оқиғалардың шыншыл мол картинасы берілген. Бұл шығармалар кезінде көптеген қаламгерлерге, соның ішінде болашақ жазушы Ғабит Мүсіреповке де ықпалын жасады.

Ғабит Мүсірепов қазақ қаламгерінің сапына әдебиетіміздің осы алғашқы қалыптасу дәуірінде, 20 - жылдардың аяқ кезінде келіп қосылған.

20 - жылдарда қазақ әдебиетінің жедел дамуына септігін тигізген көптеген саяси - әлеуметтік жағдайлардың бірі – халықтың сауаттылығының артуы, баспасөз орындарының күрт көбеюі. Ондаған газет – журналдар қазақ халқы арасында жаңа идеялардың неғұрлым тезірек тарауына айта қалғандай септігін тигізді.

Осы жылдардың аяқ кезінде қазақ байларының ауылдағы ықпалын бәсеңдетіп, ақырында оларды тап жауы ретінде жоятын көп шаралар іске асырылды. Мәселен, байлардың егіндік, шабындық жерлерін бөліске салу, ірі байлардың мал – мүлкін конфискелеу, онан соң еңбекшілерді коллективтік шаруашылыққа тарту шаралары бүкіл халқымыздың да, әдебиет қайраткерлерінің де белсенділігін арттыра түсті. Тап тартысының қызған шағында идеологиялық құралдардың өткірлене түсуі де айрықша қажет еді. Қазақтың үлкен суреткерлерінің бірі - Ғабит Мүсіреповтің творчестволық сапары да міне, осындай халықтың аса бір түйінді, өзекті жолайрық кезінде басталған.

Қазақ еліне танымал болған үлкен прозаик, тамаша драматург, публицист, аудармашы, мемлекет қайраткері Ғ.Мүсіреповтің творчестволық жолы өте қызғылықты да, ғибратты да. Оның алғашқы шығармаларынан бастап, ең кейінгі романдарына дейінгі аралықта бірте – бірте шеберлігі шыңдалып отырған. Жазушы шығармаларының мән – мақсатын, дұрыс та терең түсіну үшін оның өмірбаянының кейбір деректерін еске салып өткен жөн.

Әдебиетке әрбір суреткер өзіне ғана тән тағдырымен келеді. Мектептік, өмірлік білімінің әсері де, әдеби дәстүрдің үлгі - өнегесі де, өмірді танып білудің шама – шарқы да жазушының творчестволық ерекшілігіне ықпал етпей қоймайды. Ғ.Мүсірепов - әдебиет әлеміне бірталай өмір тәжірибесінен өтіп, көп нәрсені өзінше екшеп, түсініп, әдебиет өзінің өмірлік өнері екендігін терең сезініп келген кісі. Алғашқы «Тулаған толқында» атты ұзақ әңгімесін 1927 жылы жазғанымен, Ғабит Мүсіреповтің әдеби іштей дайындығы одан ілгеріде басталған секілді. Жазушының өзінің айтуынша, әдебиетке деген құштарлығын Орынбор рабфагын бітірген кезде қатты сезінген. Сонда да болса болашақ жазушы бірден қаламгерлік жолға түспейді. Әлі де болса байқап көрейінші дегендей өмірден де, кітаптан да көп қазынаны ойға түйе береді. Оның жазушылық жолына ден қоюы Омбыдағы ауылшаруашылық институтында оқып жүрген кезінен басталғанын білеміз. «Есеп үстінде отырып, тәжірибе станциясында ауыспалы егін салып жүріп те ой алаңынан құтыла алмай қойдым. Өзгелер ауылшаруашылық үйірмелеріне кеткенде, мен әдебиет үйірмесіне жазылдым. Жеті студент ортадан жалдап, өзін Белинскийдің шәкіртімін деп жүрген қартаң бір педагогтан қыс бойы оқыдық» дейді жазушы «Автобиографиялық әңгімесінде». Ғабит Мүсіреповтің өзі оқып жүрген ауыл шаруашылық пәндерімен айналыспай, әдебиетке шұғыл ойысуының өзі де оның өмірлік аңсары неде болғандығын аңғартса керек.

Ғабит Мүсіреповтің шығармалары қазақ халқының өмірін, тарихта елеулі орны болған оқиғаларын мол қамиды. Бұл салада оның назарын көбірек тартқан бірнеше қадау – қадау тақырыптарды көрсеткен жөн.

Ғабит Мүсірепов – орыс әдебиетінің үлгі - өнегесін бойына мейлінше мол дарытқан мәдениетті жазушыларымыздың бірі. Ол орысша мектепті алғашқы оқыған кезінен бастап, орыс әдебиетінің, орыс тілінің қазынасына қол артады.

Сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтің қазақ халқының керемет бай ауыз әдебиетінің сиқырлы сұлулығы мен қымбат қазынасы оның көркемдік тұшынысы мен талғамын өсіргенін айтпай кетуге болмайды.

Ең алғашқы шығармаларынан бастап Ғабит Мүсірепов творчествосына тән кейбір сипаттарды айқын байқауға болады. Соның бірі – жазушының көркем дүниеліктерін бірден баспаға ұсынбай көп қарап, көп жөндеуден өткеннен кейін ғана, әбден пісіп болған соң ғана жариялау дағдысы. Бұл – шын мәніндегі жауаптылықты сезінетін талғампаз суреткерлерге лайықты мінез. Екіншіден, шығарманың мазмұнын ғана екшемей, оның мейлінше көркем кестеленіп, бай, жаттық тілмен берілуіне ден қоюы да атап көрсетерлік ұнамды қасиеті. Жазушының алғашқы он шақты жыл ішінде жазған көптеген әңгіме, очерк, повестерінің өзінен де осы ерекшеліктерді аңғарамыз. Осындай творчестволық ізденудің үстінде жазушының суреткерлік тәжірибесі бірте – бірте толыса, кемелдене түскен.

М.Горький: «Мен кімді жазсам да, мейлі дәуірдің ұлы адамын жазсам да, міндетті түрде оның ерекше, тіпті бір қарағанда таң қаларлық әдет – дағдысын табуға тиістімін. Соны сығалап көру арқылы мен оқушыны іштей жымиюға мәжбүр етемін» деген екен. Осы шығармашылық принцип Ғабит Мүсіреповте де бар. Ол да сыртына күлкі шығып тұрмаған болмыс – құбылыстардың езу тартқызарлық белгілерін іздеп тауып, көрсетіп жіберіп, оған оқушыны күлдіре қоюға өте бейім болған. / Қожакеев Т. Сатира қаруы. 13 бет/.

Ақтөбе қаласы, Пригород орта мектебінің
9 «А» класс оқушысы Жамбулатова Камила


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру