Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жастарға» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, дидактикалық материал. 13-сабақ.
http://vkolibrary.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=391&Itemid=778&lang=ru
Құрметті оқырман! Биыл, яғни 2018 жылы «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясының тарихында бірінші рет жалпыхалықтық оқуға бір емес үш бірдей кемеңгер жазушыларымыздың шығармалалары таңдалды. Олар Немат Келімбетов «Үміт үзгім келмейді», Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя», Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары.
Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары Шәкәрім 1858 жылы Шыңғыстауда дүниеге келді. Болашақ ұлы ақын Абайдың жеті ағайынды болғаны белгілі. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – сол жетеудің үлкені еді. Парасатты, мейірбан, кең пейіл ағаны Абай айрықша сыйлаған көрінеді. Құдайберді Шәкәрімнің алты жасында қайтыс болды. Бұдан соңғы жерде жетімдік, жоқшылық көрмесе де, әке бауырынан айрылған, қаршадайынан-ақ ерекше зеректігін аңғартқан Шәкәрімді Абай өз қамқорлығына алады. Арнайы оқу орындарын бітірмесе де, Абайдың басшылығымен және өз бетінше іздену нәтижесінде Шәкәрім сол заманғы қазақ арасындағы – қазақ қана емес, бүкіл Түркістан өлкесіндегі ең ғұлама адамдардың бірі болып шығады. Түрік, араб, парсы тілдерімен қатар орыс тілін де жетік біледі, классикалық шығыс поэзиясын, орыс және Европа әдебиетінің озық үлгілерін терең түсіне оқумен шектелмей, философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді қадағалап отырады. Құнанбай әулетінің дәстүрі бойынша ел ішінде де билік құрып көреді, бұл кезде өнер жолына біржола бет қойған, дұшпаны көбейіп, тынысы тарылған Абайға сүйеніш болады. Алайда, көп ұзамай-ақ болыстықтың бар «қызығын» басқа інілерге қалдырып, өзінің шын мұраты – сөз патшалығын жаулауға біржола бет қояды. Ол орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзілік озат мәдениетін игеруге шақырды. Өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоунның «Том ағайдың балағаны» романын, Толстойдың «Үш сауал», т.б. әңгімелерін, А.С. Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Ш. Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді. Абайдың әдеби мектебінен тәлім алған Шәкәрім Құдайбердіұлы ұстазының қазақ халқын әлемдік мәдениет үлгілерімен таныстыру бағытындағы қызметін жемісті жалғастырды. Шәкәрімнің осы тұрғыдағы еңбегін үш салаға бөліп қарауға болады. Оның бірі ақынның әлем әдебиетінің озық ойлы өкілдерін өз өлеңдерінде насихаттап отыруы десек, екіншісі оның Л. Толстой сияқты заңғар қаламгермен тікелей хат алысып, шығармашылық байланыста жүруі. Ал, үшінші сала – Шәкәрімнің өзге елдер әдебиетінің үлгілі шығармаларын қазақшаға аударуы. Құдайбердіұлы өз өлеңдеріне арнап ән жазған компoзитор да. Оның сезімді жүрегінен жиырмаға тарта әсем әуезді әндер туды. Әсіресе оның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» атты әндері нәзік сыршылдығымен, сезімге байлығымен, компoзициялық тұтастығымен есте қалады. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген шәкірт Шәкәрім өзінің көлемді де көркем шығармашылық мұрасын дүниеге әкелу барысыңда қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихындағы, тіпті бүкіл ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы өзіндік орны бар көрнекті ақын, тамаша жазушы, білікті аудармашы, ойшыл философ, білімдар тарихшы, сыршыл сазгер дәрежесіне көтерілді. Ақын кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Шәкәрім 1931 жылы қайғылы қазаға ұшырады. Бірақ... өзі өлсе де аты өшкен жоқ. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»... |
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру