Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жастарға» өлеңі. Қазақ әдебиеті, 8 сынып, қосымша материал. 14-сабақ.
http://library.karazhal.gov.kz/read/?category=letterKkz&record=0/0/1
Ресми ақталуы
1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның “Жазушы” және “Жалын” баспасынан өлеңдер, ал “Өнер” баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді.
Бүгінде осындағы екі бірдей жоғары оқу орнында – Семей педагогика институты мен Шәкәрім атындағы Семей университетінде шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықтардың күшімен “Шәкәрім” және “Шәкәрім әлемі” атты екі бірдей журнал жарық көруде.
Семей педагогика институтындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығында қазірде Шәкәрімнің тұлғалық экциклопедиясы дайындалуда. Мұның сыртында аталмыш орталықта Шәкәрім мұрасы туралы бүгінгі күнге дейін бес томдық еңбек дайын тұр.
Шығармашылығы
«Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидакалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп («Анық асық әулие», «Шын сырым»), адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді («Жастарға»), 1905 жылы Шәкерім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды (1911). Бұл тұста ақынның діншілдігі танылады. Ол дін бұзушыларды қатты сынға алады. Шәкерім өз шығармасында Аллаһ Тағаланың кітабы Құран сөздерін және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін адал сөзіне қатысты қолданысқа мол алған:
«...және аятта: «Ей, мұсылмандар, пайдаланыңыз берген адал ырзығымнан», - деген», «Хадис: «Адал уәдесін бұзбаған иманның белгісі», - деген, «...адам өзін-өзі танымақ деген, жаратқан иесінің құны екенін һәм ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып адал, пайдалы істі қылуға тырыспақ».
Сонымен қатар, Шәкерім шығармасында әділ, адал адам бейнесіне ерекше орын берілген: «Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін», «Адамның адал ұлы болам десең, алдымен өзіңнің нәпсіңді жең», «Көп төбетке жетелі қайдан күшін, Құтқара алмай адалды пысады ішің», «Адаспайсың ақылды арлыға ерсең, Жолай көрме жылмайы сопы көрсең, Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың, Алданбайсың артынан ере берсең»; «Бір мезгіл: «Ой, тәңір-ай Адал жардың жолында өлгеннің арманы не?» - дегенде, тіпті, ер болып кетеді», «Адалға орын емес қазақ іші, Татты ғой соры арылмас таза кісі, Өзін асырар қазақтың өнері жоқ, Бірін-бірі талайлы бар жұмысы», «Адалдың әділ жолына, Ақырын басып жет, халық»;Адал адамның адалдығының басы адал еңбек деу Шәкәрім шығармаларындағы адал іс-хәрекет, таза еңбек адамы мағынасындағы қолданыстары:
«Арсыз, арам айланы тастасалық, Адал іске талаппен бастасалық», «Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп, жаны үшін адамшылық ар сақтайды», «Талаптан адал істі істемекпіз, Тапсырдық бір Аллаһқа біз демекпіз», «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар, Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», «Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл косылса, Әлемнің таласын», «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, - Бұл төртеуін кім кылса, шын адам сол»;
Шәкәрім адал, халал мағынасында сөздерді тура және ауыспалы мағынада да қолданады:
«Адам мен еті адал хайуандардың бәрінің де сарқыты адал», «Халалға ойламайды шыдайын деп», немесе, «Мойныңа менің қаным халал болсын, Болма енді Қалқаманның қанына ортақ».
Ол орыс, Батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өз халқын дүние жүзілік озат мәдениетін игеруге тақырлы. Өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоунның «Том ағайдың балағаны» романын, Толстойдың «Үш сауал», т.б. әңгімелерін, А.С. Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі - Мәжнүн» дастанын назира үлгісімен жырлады. Шәкерім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болды. Бұл орайла ол XX ғасыр басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Ақын кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.
Көтеріліске шыққан халық пен жергілікті билік өкілдерін татуластыруға, қантөгісті болдырмауға тырысқан ол жазалаушылар атқан оққа ұшып, денесі айдаладағы құдыққа тасталды. «Халық жауы» ретінде айыпталып, шығармаларын оқуға тиым салды. 1988 жылы ақын есімі толық ақталды.
Шығармалары
Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирик. өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 ж. «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 ж. Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Енлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 ж. «Жалын» баспасынан жарық көрді.
Әндері
Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 - 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көреді. Бірақ, екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының1000 әні» жинағына «Тілек - бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбербин - Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, - деп жазған.
Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақын-жазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман - Мамыр» балетіне, «Еңлік - Кебек» пьесасына, «Еңлік - Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян.
Орындаушылар
Шәкәрім әндерін өз бабында, иін қандырып айтатындар - Әбдіғали Алдажаров, Зікағил Абайұлы, Рақымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Зұлғарыш Әзімбаев, Жебрайыл Тұрағұлов, Әлмағамбет деген өнерпаз адамдар болды.
Шәкәрімнің әндерін өзінен үйренгендердің ішінен басқалардан шоқтығы биік, көпке танымал болған әнші Қабыш Керімқұлов болса керек. Ол ақынның оншақты әнін музыкатанушы Асқан Серікбаеваға айтып береді. Ал ол өз тарапынан осы әндерді қағазға түсіреді. Шәкәрімнің «Жиырма үш жасымда», «Жылым - қой, жұлдызым - шілде», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі», «Сен ғылымға болсаң ынтық», «Көңіл», «Байғазы» сынды әндері ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның фольклорлық зертханасының қорында сақталып келген бұл әндер сол Қабыш айтқан, Асқан нотаға түсірген дүниелер екенінде дау жоқ. Ал қазір Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы, жанашыр іздеушісі әрі орындаушысы - әнші Келденбай Өлмесеков. Ол ел ішінде ұмыт болып бара жатқан ақынның біраз әндерін жинастырып, жарыққа шығарды, қазақ радиосының Алтын қорына жазғызды.
Шәкәрім және Абай
Құдайбердіұлы өмір сүріп, еңбек еткен тарихи кезеңде қазақ әдебиетінде Абай іргетасын қалаған реалистік дәстүр қалыптасып кележатқанды. Шәкәрім осынау өнегелі үрдісті алғашқы жалғастырушылардың бірі болды. Абай мен Шәкәрім арасында тамырластық аса терең. Өз заманының келелі мәселелерін, қоғамдық шындықты қозғауда екі ақын да ерекше қуат танытқан. Абай тәрізді Шәкәрімнің де ақын ретінде ұсақ-түйек міндерді сынаудан бастап, өз кeзінің күрделі әлеуметтік мәселелерін көтеруге дейінгі аралықтағы терең ойлары, парасатты тұжырымдары сайрап жатыр. Шәкәрім айналасындағы құбылыстарды сырттай ғана жырлаушы болған жоқ, ол бар нәрсенің қай-қайсысына да мән бере қарады, жақсылығына қуанды, кемшілігіне күйзелді. Ақындық болмысын да осы ыңғайда қалыптастырды. Ақынның азаматтық үні осы тараптан естіледі. Оның Абай үлгісіндегі реализмі алдымен азаматтық лирикасынан көрінді. Өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы ретінде ол халқының басындағы нақты жағдайды көре білді. Осы бағыттағы барлық ой пайымдарын лирикасына нәр қылып құйды. Ақын лирикасының басты объектісі - адам. «Ескіден қалған сөз теріп», «Сәнқойлар», «Қалжыңшыл қылжақпас», «Еріншек», «Құмарлық», «Бір салмойын сал келер» сияқты өлеңдерінде ақын замандастарының бойындағы ірілі-уақты кемшіліктер сыналады.
Шәкәрім надандықтың негізін осылардан көреді. Бұл өлендерінің қай-қайсысында да оның реализміне тән шыншылдық пен сыншылдық бар. Қандай кемшілікті болсын, ақын типтендіре суреттеуге күш салады. Сол себепті оның кейбір өлеңдерінде сыналатын кейіпкерлер өзімізбен бүгін де қатар жүрген жандар секілдіқабылданады. Өз халқының мүддесін көздеген ақын оның бойындағы жағымсыз қасиеттерді жұртқа жария етуші ғана емес, солардың үкімін айтушы да бола білді. Әшкерелей отырып, өз үкімін айтады, айналасына ой тастай сөйлейді. «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақ пен сөз сөйлемек», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу» сияқты бірқа- тар өлеңдерінде Шәкәрім айналасына сын көзбен қарай отырып, заманының шынайы суретінжасайды. Халық тағдыры - Құдайбердіұлы жырындағы арналы тақырып. Бұл тұста да ол Абаймен сабақтас, үндес. Абай тәрізді Шәкәрім де өзінің насихат өлеңдері мен жеке өнегесі арқылы жұртшылық санасындағы кейбір кері қасиеттердің тамырын шірітіп, халықтық ар-намысты оятуға күш салады
Ақын және халық
Ақын әрдайым халықтан қол үзбейді. Оның әшкерелейтіні де халық басындағы кемшілік, мақтан тұтары да халықтық қазына. Әр кезеңде жазылған «Бай мен қонақ», «Партия адамы», «Ей, көп халық, көп халық», «Өкінішті өмір», «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ», «Қош!», «Қош, жұртым» тәрізді өлеңдерінде ұлтының басындағы халді шыншылдықпен бейнелеп береді. Ақыл мысалдары нанымды. Оларда сол көзеңнің тарихи дамуына тән ерекшеліктер белгі береді. «Қош, жұртым» атты өлеңінде кәрілік кезеңіне аяқ басқан лирикалық кейіпкер - ақынның өзі халқының өткен өміріне көз жібереді, бүгініне үңіледі. Бүгінде патша тақтан құлаған, қазақ даласына айрықша бір сәуленің нүры шашыла бастағандай. Асарын асап, жасарын жасаған ақын қуана тұрып өзіне «ендігі мақсатың не?» деген сауал қояды да, соған жауап іздейді. Өлеңде оптимизм бар. Ақын мұнда жақсылықты көп көргенін, патшаның тақтан құлағанын айтады. Халқының болашақта тәуелсіз өмір сүретініне үміттенеді. Алайда ақында алаңдаушылық та бар. Ендігі жерде халқының бойындағы күндестік, мақтаншақтық сияқты қасиеттердің жойылуы қажет екенін алғатартады. Әкінішке орай, бұл қасиеттер әлі де болса аяққа тұсау болып отырғанына күйзеледі. Қандай әлеуметтік кеселді болсын ол уақыт ағымынан туған, міндетті түрде түзетуге болатын кемшілік деп біледі. Өзінің осы бағыттағы өлеңдерінде ақын сол көзеңдегі қоғамдық психологияны дәлме-дәл бере біледі. Халық ойына қозғау салу бағытындағы ақынның арқалайтын жүгін де салмақтай отырады.
Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік ең алдымен ақынның жанарына шалынса керек. «Бай мен қонақ» өлеңінде қазақ тұрмысынан алынған шағын сюжет баяндалады. Бай үйіне келген қонақ пен үй иесі арасындағы диалог сол дәуірдегі қазақ аулының психологиясын, этикасы мен эстетикасын, тұрмыстық ерекшеліктерін, рухани түсінігінің деңгейін сипаттап береді. Мұнда да Абай жырлаған тоғышар кейіпкерлер бар. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық» адам баласын қалай аздыратынын ұлы Абай қандай шебер айтып кеткен болса, Шәкәрімнің мұндағы кейіпкерлері де алдында асы бар, істер ісі жоқ, тойғанына мәз, бірін-бірі кемсітуге құмар мүгедек жандар. Шәкәрім айналасында болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларға әрдайым сергек қарады. Ақынның азаматтық сергек үні әсіресе 1917 жылғы төңкeрістер көзінде айқын естілді. Патша тақтан құлатылған сәтте «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» деп қуана өлең жазды. Бір қарағанда ұран іспетті көрінетін бұл өлеңдерде жалаң қуаныш, лепірген сезім ғана емес, ақынның лирикасына тән терең философиялық ой бар. Ә дегеннен-ақ, ақын мына болып отырған жаңалықтан өзінше ой түйеді. Қуана тұрып, ол халқының бұдан былайғы өміріне ой жібереді. Ендігі заман еңбек адамынікі болу керектігін айтады.
Ағартушылық лирикасы
Құдайбердіұлы реализмінің айқын керінген ендігі бір тұсы - оның ағартушылық тақырыптағы лирикасы. Ақынның бұл бағыттағы еңбегі 1879 ж. жазылған «Жастарға» атты өлеңінен басталған. Ағартушылық идея Шәкәрім лирикасының алтын діңгегі болып табылады. Оның Абаймен үндестігін танытатын бір сала да осы. Өзінің «Насихат», «Сынатар сың өзінді», «Үш-ақ түрлі өмір бар», «Сен ғылымға...», «Ғылымсыз адам айуан», «Жасымнан жетік білдім түрік ілін» сияқты көптеген өлеңдерінде Құдайбердіұлы Абайдың ағартушылық идеяларын одан әрі жалғастырады. Бұқараны оятуға ұмтылады, ғылымға жетелейді. Еңбек етуге, мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырады. Құдайбердіұлы үшін байлықтың ең үлкені - ғылым. Өзінің «Үш-ақ түрлі өмір бар» атты өлеңінде ол адам өміріне «ортаншы өмір» деген ұғымды қолданады. Бұл – адамның жастық шақ пен кәріліктің арасындағы белсенді өмірі. Шәкерімнің айтуынша, міне, осы жылдары уақытыңды босқа еткізбей, ғылымға үңілсең, одан өзіңе керек қазынаны тауыпала білсең- өмірлік мұратыңа жеткенің. Бас-аяғы үш шумақтан тұратын өлеңнің идеясы - адам баласын, Абай айтқандай, «ержеткен соң тұспеді уысыма» деп өткініште қалдырмау.
Шәкәрім және әлем әдебиеті
Абайдың әдеби мектебінентәлім алған Құдайбердіұлы ұстазының қазақ халқын әлемдік мәдениет үлгілерімен таныстыру бағытындағы қызметін жемісті жалғастырды. Шәкәрімнің осы тұрғыдағы еңбегін үш салаға беліп қарауға болады. Оның :бірі ақынның әлем әдебиетінің озық ойлы өкілдерін өз өлеңдерінде насихаттап отыруы десек, :екіншісі оның Н. Толстой сияқты заңғар қаламгермен тікелей хат алысып, шығармашылық байланыста жүруі. Ал :үшінші сала - Шәкәрімнің өзге елдер әдебиетінің үлгілі шығармаларын қазақшаға аударуы. Шәкәрім Шығыстың Қожа Хафиз, Физули, Науаи секілді жарық жұлдыздарын, А. С. Пушкин мен Л. Н. Толстойды қастерледі. Әйгілі «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының Физули жырлаған нұсқасын қазақша жырлап берді. Хафиздің бірқатар өлеңдерін, А.С. Пушкиннің «Дубровский», «Боран» атты шығармаларын, Л. Н. Толстойдың алты әңгімесін, американ жазушысы Гарриэт Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» атты романын аударды.
Лирикасы
Құдайбердіұлының лирикалық қаҺарманыда Абай кейіпкерлеріне ұқсас. Оның басынан қуаныш пен күйініш те, үміт пен күдік те өтеді. Кей сәттерде мұңға беріледі. Бірақ, бұл қүрғақ пессимизм емес. Абай өлеңдеріндегі сияқты Шәкәрімде де «жүрек», «тіл», «сөз» ұғымдары мол ұшырасады. Лирикалық қаһарманының көңіл-күйін, ахуалын бейнелеу мақсатындаақын«жаралы жүрек», «улы жүрек», «жылы жүрек», «ет жүрек», «долы тіл», «ащы тіл», «тәтті тіл», «улы сөз» деген сияқты ұғымдарды образдылықпен пайдаланады. Көп ретте ақынның лирикалық қаһарманы «таза жүрек» іздеу жолында «ет жүрегін» қолына алып, «сүм жүректермен»айқасады. Заман деңгейінен аса алмай пұшайман болған көздерінде «дертті жүрекке» айналады. Шығармашылық жолы- ның өне бойында адамгершілік мәселесін, ардың тазалығын, имандылықты бірінші орынға қойып отырады. «Арың сатпа, терің сат, адалды ізде», -дейді ақын. Бұл мәселелерге ол өз елінің перзенті тұрғысынан қарады. Ойға батты, толғанды.
Абайға жүгініп отырады. Өзінің алғашқы шығармаларының бірі - «Жастарға» атты өлеңіңде ақын өзіне де, өзгеге де Абайды бағыт сілтеуші, жолбасшы ретінде ұсынды. Әлеңде жас ақынның сезімталдығы мен керегендігі танылды. Сол кезде небары отыздан жаңа асқан Абайдың кемеңгерлігін, даналығын, парасатын бағалай білудің өзі Шәкәрімнің осы қасиеттерін дәлелдей түседі. 21 жасында жазылған «Жастық туралы» өлеңінде Абайға тән өлең өрнегі, сезім суреттері мол. Өлеңнің ұйқасы да, өлшемі де өзгеше. Абайдың «Сегіз аяғымен» тамырлас. Өлеңде қыз сұлулығымен қоса жастықтың алаулаған жүрек бұлқынысын, ыстық сөзім, ар-инабат мәселөлерін ақын әсерлі зерлейді.
Поэмалары
Құдайбердіұлы,- поэма жанрында да жемісті еңбек еткен қаламгер. Ол 19 ғасырдың 2-жартысында Абайдан бастау алатын реалистік үлгідегі оқиғалы дастан дәстүрінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның қаламынан қазақтың ертеректегі өмірінен алынып жазылған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» атты поэмалар туындады. Жаңа тұрпатты қазақ поэмаларының алғашқылары Абайдың «Eскендірі» мен «Масғұты» десек, одан кейінгі Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Көкбайдың, Шәкәрімнің дастандары Ұлы Абайдың ақындық ықпалымен, шығармашылық тәлім-тәрбиесімен жазылған туындылар еді. Абай ең алдымен өзінің айналасындағы Шәкәрім тәрізді жастарды жаңа үлгідегі поэмалық өрісін кеңейту ісіне жұмылдырды. Тіпті кейбіреуіне өз жанынан тақырып беріп, жазғандарын талқыға салып, сынынан еткізіп отырды. Соның нәтижесінде Шәкәрімнің лирикалық поэзияда меңгерген көркемдік шеберлігі мен жетістіктері оның поэмаларының табиғатынан да айқын керініп жатады.
Оның дастандарына шыншылдық, суреткерлік, терең психологизм, әлеуметтік астарлылық, философиялық ой-тұжырым кендігі тән болып келеді. Ақынның «Еңлік-Кебек» дастаны тікелей Абайдың тапсыруымен жазылған. Ұлы ұстаз Еңлік пен Кебек арасындағы оқиғаны өлеңмен жырлап шығуды Шәкәрім мен Мағауия ақынға қатар тапсырады. Соның нәтижесінде ғашықтық туралы екі дастан өмірге келеді. Кeзінде Абай екі дастанды салыстырып, әрқайсысына лайықты баға берген. Құдайбердіұлы көркем проза саласында да елеулі мұра қалдырды. «Әділ-Мәрия» атты роман (1925) жазды. Онда ғасыр басында қазақ аулында еткен оқиға баяндалады. Әділ мен Мәрия атты ғашық жастардың өмірі арқау болады. Абай бастаған реалистік әдебиетке тек шыншылдық, суреткерлік қасиет бұл шығарманың бойына мол сіңірілген. Абай өлеңдерінде бейнeлеңетін табиғаттың әсем көркі, ауыл мен дала- ның күнделікті қам-қарекеті романда керкем өрнекпен зерленген.
Прозалық шығармалары
Шәкәрім Құдайбердіұлының прозалық шығармаларында осы тәрізді айқын бояу, айшықты суреттермен қатар, терең философия, халық даналығы, тарих тағлымы қоса еріліп жатады. Құдайбердіұлының философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуына себепкер болған «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбектері көзінде жеке-жеке басылып шықты. Олардың жазылуына да Шәкәрімнің Ұлы ұстазы Абайдың ықпалы аз болмаған. Шәкәрімнің бозбала шағында оның білімділігін сөзген Абай оған қазақтың шежіресін жинауды тапсырады.
Абайдың осы тапсырмасын жүзеге асыру жолында Шәкәрім ел ішіндегі түрлі әңгіме - аңыздарды жинаумен қатар, Батыс пен Шығыстың әйгілі ғалымдары Әбілғазының, Жүсіп Баласағұнның, Радловтың, Березиннің, Аристовтың, Левшиннің, басқада қытай, араб, парсы зерттеушілерінің еңбектерімен танысады. Оларда айтылатын тұрлі топшылаулар мен тұжырымдарды сараптай отырып, шежіре еңбек жазып шығады. Құдайбердіұлы өз өлеңдеріне арнап ән жазған компoзитор да. Оның сөзімді жүрегінен жиырмаға тарта әсем әуөзді әндер туды. Әсіресе оның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жастық туралы», «Анадан алғаш туғанымда» атты әндері нәзік сыршылдығымен, сөзімге байлығымен, компoзициялық тұтастығымен есте қалады. Абайдың тікелей тәрбиесін көрген шәкірт Шәкәрім өзінің көлемді де көркем шығармашылық мұрасын дүниеге әкелу барысыңда қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихындағы, тіпті бүкіл ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы өзіндік орны бар көрнекті ақын, тамаша жазушы, білікті аудармашы, ойшыл философ, білімдар тарихшы, сыршыл сазгер дәрежесіне көтерілді.
Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы
Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) — Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Жеті жасында әкесінен жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының төрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның таланты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бүл қазақтан белек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, ез бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді. Олардың кейбіреулері адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал, біреулер оку-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деді. Біреулері бай, кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады деді. Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек дегендер де болған. Шәкәрімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды.
Шәкәрім 1905-1906 жылдары хажыға сапар жасап оралады. Бұл сапарды ол көптен ойлап жүрген мақсаттарының бірі – Стамбул кітапханалардағы асыл мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан-сала құбылыс-көріністерге, дінге көзқарасында кейбір қайшылықтар, жеке үстірттіктер, түсінбеушіліктер кездескенмен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, өмір қуаныш-рахатынан аулақ болуды уағыздаған тақуа, бәрін жоққа шығаратын нигилист, торығатын спектик, көзқараста идеалист, өмір бағытынта реакционер болған емес. Оның көптеген шығармаларының мазмұны айқындағандай, дүниеге көзқарасында Шәкәрім көбіне рационализмге, денизмге бейім. Бұл философиялық бағыт бойынша дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындаушылық, оның дәлелі – табиғатың, жаратылыстың келісті жарасымдылығы, жүйелі тынысы мен үнемі қозғалысы: өмірде ақиқат, шындық, білім-ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асады да дүние ісіне құдай араласпайды, адамның болмысты танып білу мен адам өзін-өзі жетілдіру мүмкіншіліктерінде шек жоқ. Қазақтың ағартушы – демократтары да көбіне осы дүниетанымды, көзқарастарды жақтағаны белгілі. Шәкәрім де солардың ізінде болды. Шәкәрім-пәлсапалық өлең-поэмаларымен елге танымал болды. Ол өленді өнер деп танып, оған биік талап, талғаммен қараған. «Арман», «Жастарға», «Қазақ айнасы», және т.б өлеңдерінде, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-кебек», «Нартай лақ пен Айсулу» поэмаларында, «Бәйшешек бақшасы», «Өзімшілдік» сынды прозалық туындыларында адамның өмірімен, еңбегі, тағдыры, талап, тілектері терең танылады. Шәкәрім – қазақ әдебиетінің класигі, ұлы гуманист, кеменгер, ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі. Ол Абай дәуірінен бастау алатын ХХ ғасырдың басында кең арнаға түсіп, дамыған демократиялық идеяларды, халықтың азаттығын ту ғып ұстап, ғылым мен техника жетістіктерін игеріп еркін дамуын ансаған қоғамдық қозғалыстың аса көрнекті өкілдерінің бірі. Шәкәрімнің гуманистік, адамгершілік идеяларын-адал еңбекті, әділеттілікті, мейірімділікті жақтауы, зорлық-зомбылықты, қиянатшылдықты әшкерелеуі прогресшіл, жаңашыл қоғамдық күштердің озат ой-санасының жарқын көрінісі болғаны және халықтың түпкі түбегейлі арман-мүделерін терең түсінуден туғаны анық.
Шәкәрімнің дүниетанымы, қоғамдық ой-пікірлері, философиялық, эстетиялық көз қарастары Х1Х ғасырдың екінші жартысында негізінен қалыптасты. ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетпен мәдениет қайраткерлері ішінде Шәкәрім ойшыл, ақын-жазушы ретінде жұртшылыққа кеңінен танылған, Абай заманына өзгелерден бір табан жақын тұрған, екі ғасыр арасын жалғастырушы ірі тұлға болды. Шәкәрімнің қайталанбас өзіндік ақындық тұлғасын танытатын сипат-қасиеттер лирикасына тән нақыл насихатшылдық, фәлсапашылдық, поэмаларындағы дастаншылдық дәстүр, шығыс ақындарының көркемдік үлгі өрнектерін қызықтауы, орыс әдебиетінің сюжеттеріне бой ұруда, шежірешілдегі-бәрі де өз заманың тілек–талаптарына сәйкес қалыптасқан. Шәкәрімнің ақындық әлемі бай, көп қырлы, тақырыбы, жанрлық түрлері жағынан да сан алуан. Ақынның «Еңлік-кебек», «Қалкаман-Мамыр» сияқты дастандарынан халық өмірін терең білетін, сан ғасырлық халық поэзиясының, сөз өнерінің бай дәстүрлерін, бейнелеу тәсілдерін еркін игергенін айқын аңғарсақ, фәлсапалық лирикасына өте күрделі философиялық ойларды әсерлі жеткізудегі ақындық шеберлігін, жаңашылдығын сезініп тәнті боламыз. Шәкәрімнің өлендеріне шығарған әндерінен, үздік композиторлық дарынынан да анық танылады. Бұл жағынаналғанда Шәкәрім қазақ әдебиетінде ғана емес, дүниежүзі әдебиетінде өте сирек құбылыс дей аламыз. «Жастарға» атты 1879 жылы жазылған өлеңінде:
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
Ал, енді олай болса, кімді алалық,
Қазақта қай жақсы бар, көз саларлық.
Шын іздесек – табармыз шыны ғылым!
Жалыналық Абайға, жүр, баралық.
Шәкәрім жастардың өмірлік мақсаты тұралы айта отырып, өзінің өнерпаздық бағытында айқындайды «Қазақта қай жақсы бар сөз саларлық?» деген сауал қойып, кім болса да үлгі аларлық «білімді, данышпан», шынайы ғылым Абай дейді. Өлеңнің негізгі идеясы-жастарды Абайдың жолымен жүруге шақыру. Абайдың арман-мұратын білім, ғылым үйренуді, адал еңбек етуді, адамгершілікті, әділдікті ту етіп көтеру, надандыққа, ала ауыздыққ қарап күресу.
Шәкәрім өзіне Абайдың шыншыл сөздері қатты әсер еткенін тебірене атады. Абайдың салған ізімен жүру бірден-бір дұрыс деген шешімге келеді.
Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көніл күйі, ішкі сезім әсерлері, махабббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сары күшті.Шәкәрімнің ойшылдығының, ақылдығына тән фәлсапашылдығының сыры неде десек, бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жыраулармен қатар арғы-бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және батыс ақындарының шығармаларының өте жақсы білген. Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану салаларындағы түрік тілдегі, орыс тілдегі, араб тіліндегі ғылым еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан-жақты, энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты дана адам болған. Шәкәрім қазақ поэмасында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты. Ойшыл ақын адамның ақыл парасатына айрықша зор мән береді.Ол адамның сезу, сезіну, дүние болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, жерленгіштік қабілеті мен не нәрсенің болсың ішкі сырын, көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердін арасын ажыратып,болмыстын, дүниетану мен моральдың негізі ақыл деп санайды. Ақыл, парасатты, ақыл қандай да нәрсені, құбылысты дүрыс түсініп бағалауға, ақ-қараны айыра білуге мүмкіндік береді, сондықтан «ақылмен сыналмаған іс бұлдырлау» деп түсіндейді.
«Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр» деген өленінде Шәкәрім сол нұрды, ақылдың керемет күш-қуатын адам жақсы іске ғана емес, сонымен қатар күн көріс үшін, пайда үшін зұлындық пен айла жасауға да жұмсап түр дейді. Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім бар жерде ғана таза ақыл болады яғни адал ниетпен ақылға билетіп, ешкімге қиянат қылмай істелген іс адамды мұратқа жеткізеді деген ой-түйеді.
Дүниетанымның,ғылымның да негізгі тірегі–ақыл-ой, ойлау қабілетінің қуаттылығы, ой-тұжырымдарының логикалық қисындылығы деп санайды. Бар ғылымның түп атасы-таза ақыл мен ойлау. Шәкәрім ойлау, ойлану деген ұғымға үлкен мән береді, оны өмір- болмыстын, дүниенің ғажап сырларына терең бойлау, не нәрсені болсын ақылмен сынап, ұғып-түсіну мағынасында алып қарайды. Шәкәрімнің дүниенің, жаратылыстың қозғаушы күші, адам өмірінің, тіршіліктін мәні мен сыры, жан мен тән секілді мәселерді ғылыми ұғым-түсініктермен ұштастыра толғайтын философиялық өлендерді өз алдына бір тақыырыптық арна болып қлыптасты. Акынның діншілдігі, жаратушы Аллаға сенімі оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік- біртұтастықты танытады.Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса –Тәнірі сол» дейді. Тәніріні іздеу, жаратқан Аллаға сену-ақиқатты іздеу, адалдыққа ақылмен жету деп түсінеді. Ақынның ойшылдығың оның дүние-болмыстың терең сырларын тауып-білуге құмарлығын, мысалы, дүние қалай жаралған деген мәселеге айрықша көніл қойып, тиянақты жауап іздеп, сол арқылы «ен түпкі жаратушы-мінсіз Ие» деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз.
«Тау бойындағы ой» деген өлеңінде дөнгеленген жердің күнді айналып жүретіні көзбен көру арқылы емес, ойлау, топшылау арқылы анықталған дегені айтады:
Шыққаным Шыңғыстағы бір биік тау,
Жақсы екен тауға шығып тағдыр сынау!
Қайырлы түн болсын деп үнсіз айтып,
Күн кеткен соң, түн келді қараңғылау!
«Ей, жастар, қалай дейсің бұл дұние ?» деген басқа да өлеңінде Шәкәрім дүниеде таңғаларлық нәрсе өте көп, алайда бәрінде де заңдылық , қисын бар деген пікір айта келіп, «себебі толымдының ісі толық» дейді. Яғни, бұдан дүниенің кереметтігі шексіз болса, жаратушының кұдіреті де шексіз деген мағына туады:
Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?
Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?
Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,
Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?
Шәкәрімнің философиялық өлендері ой терендегі, пікір соңылығымен танымдық және моральдық адамгершілік мәселелерін ұштастыра білумен оқымысты ақынның өнерпаздық тұлғасыңа сай интеллектуалдық сипат алған. Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да Шәкәрім ақыл-ой талабын, ақыл- парасаттылықты қаңдай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп қояды. Ол әр адамның ісіне өзі сын көзімен қарап, биік талап қоя білуі, қиыншылыққа төзіп, табандылық, қажырлылық танытуы қажет екенін баса айтады. Өмірдің өкініші аз болмайтынын айта отырып, ақыл- парасаттылық,ой тазалығы адамның уайым-қайғыға бой алдырмай, саналы қылық қылуына басшы болады деп пайымдайды ақын. «Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл»,- дей отырып, әр адам өз қабілетін дұрыс бағалай біліп, өзінің қолынан келетін істі атқаруға ұмтылуы қажет екенін, өмірдегі нақтылы жағдайды, мүмкіндікті айқын түсіне біліп, соған орай әрекет қылғанда ғана адам сәтсіздікке ұшырамайтынын мейлінше дәлелді етіп көрсетеді.Адам өзіне сыншы болып, өмірге саналы көзбен қарауға үйренсе, әр нәрсенің себеп- салдарын анық танып, біле алады, сонда ол өз ісінің сәтсіздігін өзгеден көрмей, нақтылы жағдайды дүрыс бағалап, содан өзіне сабақ алады деген үлкен ғибараттылық мәні бар түйінді ой қорытады. Қазақ қоғамындағы, жағдайды, әлеуметтік ортаны, әр түрлі топты өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін жан-жақты барлап, терең түсінген шығармаларында шынайы бейнелеп берген Шәкәрім халықты ескілік шырмауынан шығарып, өркениетке бастайтын бірден-бір өнімді сара жол өнер-білімге қол жеткізу, ғылым үйренуді керемет уағыздап, ғұлама ғалымдарды, ойшылдарды қастерлейді.
Ақын елді өнер-білім мен ғылымға жұмылдыруға кедергі болып отырған араздық, берекесіз талас-тартысты, керенаулықты сынға алады. Өнеріңді, ғылымды елге жай,«пайдалансын өзгелер», «сусағанның сусыны бол», өнер, білім, ғылымның жетістіктерін ел игілігіне жүмсауды талап етеді.
Өнер – білім, ғылым үйрену мәселесін ойшыл ақын халықтың мүддесімен, биік адамгершілік, әділеттілік, махаббат, адал еңбек ете білу, талаптылық, жігерлілік секілді қасиеттерді үлгі тұтады. Бұл қасиеттер мейірімділік, имандылық арқылы толысып, жетілетінін атап айтады.
Адамдық борышың
Халқыңа еңбек қыл,
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл, - деген сөздері Шәкәрімнің жоғарыда келтірген пікірлерімен тікелей жалғас, солардың қорытынды-түйіні деуге лайық.
Ұзақ жылдар барлық қүш-қайратын жұмсап, білім іздеген, ғылымды түсіріп, кейінгіге мұра етіп қалдыруды мақсат тұтады. Жасы ұлғайған шақта өнімсіз талас-тартыстан бойын аластатып, қалған өмірін оңаша, еркін творчестволық еңбекке арнағанды пайдалырақ көреді. Алайда, ақын идеологиялық қүрес-тартыстарға араласпай, қанша шеттесе де, тоталитаризмнің зардабын тартып, зансыздықтың құрбаны болды. Шәкәрімнің асқан ақындық шеберлігі оның өлең өрнегін түрлендіру өнегесінен айқын байқалады. Абай «Сегіз аяқ» атты өлеңінде қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өрнегі Шәкәрімнің назарынан тыс қалған жоқ. «Жастық туралы» өлеңінде Шәкәрім бұл өлең өрнегін жеңіл, ойнақы ырғақпен айтуға лайықты келтірген. Өлең сөздің қадыр-қасиетін, қоғам өміріндегі маңызын терең түсінген Шәкәрім ақындардың алдына қойылатын міндет қаншалықты зор екенін тебірене айтады. «Ескі ақындық» атты өлеңінде Шәкәрім бұрынғы жырау, жыршылардың, суырып салма ақындардың шеберлігін, өнерпаздық өнегесін аса жоғары бағалайды. Шәкәрімнің адамгершілік идеялары, арман-мұраттары алуан түрлі адамдардың тағдырын бейнелейтін сюжетті дастандардынан мейлінше толық танылады. Қазақ өмірінен алынған нақтылы оқиғалар негізінде нағыз реалистік сипаттағы «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» секілді поэма жазуы-ақынның ұлттық әдебиетімізге қосқан үлкен үлесі екені даусыз. Осы поэмаларда баяндалып тұрған оқиғалар бір-екі ғасыр бұрын болса да, ақынның заманындағы қазақ өмірінде әлі де кеңінен орын алған типтік жай- жағдайлар болатын. Еңдеше, ақыңның «Еңлік-Кебек» поэмасы хақыңда бүл «ертегі емес, ертеде болған іс» деп атап көрсетуінің үлкен мәні бар. Шәкәрімнің суреткерлік шеберлігі сан-қилы кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін, көңіл-күйін, әсерлі бейнелеумен қатар, сол арқылы халықтың салт-санасын, әдет- ғұрпын, түрлі топ өкілдерінің психологиясын терен ашып көрсетуінен айқын аңғарылады. «Еңлік-Кебек», әсіресе, «Нартайлақ пен Айсулу» дастанынан бұларға қоса ақыннын елдің ертедегі тарихынан мол мағлұматы бар шежірешілдігін де байқаймыз.
«Еңлік-Кебек» - қазақ елінің қоғамдық өмірін, салт-санасын, әдет- ғұрпын, әр топтың өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін нақтылы сурет бейнелер арқылы шынайы, шебер баяндаған нағыз реалистік туынды. Ақын ескі әдет-ғұрыпты берік ұстаған ру намысын қорғаушылардың сүйіскен екі жастың адал махаббаттық сезімін аяққа басып, оларды аяусыз жазаға қиған қаталдығын толғана баяндай отырып, сол замандағы қоғамдық өмірдің шиеленіскен қайшылығын ашып көрсеткен. Поэма тұңғыш рет 1912 жылы Семейде «Жәрдем» баспасында жарияланады. Шәкәрім поэмаға қысқаша кіріспе жазды. Қазақ даласында тайпалар мен ру басшыларының қақтығыстарының қоғамға, әсіресе, жастарға зияны туралы Шәкәрім көп толғанғанда, сол қоғамдық кеселді, сұмдықты болдырмау жолын іздеген,тарих тағылымы арқылы ондай озбырлықтың қайталанбауын ел есіне салуды ойлады. Сөйтіп, ол адам тағдыры, адал махаббат жолындағы күрес, билеуші таптың әділетсіз әрекетіне наразылық, бірін-бірі ұнатқан жастардың қайғылы өмірі туралы «Еңлік-Кебек» поэмасын жазды. Ескілік, рушылдық, әділетсіздік жайлаған замаңның құрбаны болған екі жастын қайғылы тағдырын баяндайтын «Еңлік-Кебек» поэмасы бұрын да бірнеше рет жарияланған болатын. Алғашқы ңұсқасы «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз » деген атпен «Дала уалаяты» газетінің 1892 жылғы 31-39 сандарында, 1900 ж. «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен қайта басылады.
Кейбір адам, жер-су аттары ғана өзгеріске ұшырағаны болмаса, поэманың бүрынғы мазмұны, сюжеттік желісі сақталған.
Өмір шындығына өзінше айландыру мақсатында тыңнан табылған пішін, шындық арқауында шиеленісе шиыршық атқан табиғи тартыс, осыларды көркем жинақтаудан туған ер идея, өршіл пафос, мінездері мінсіз жасалған дара, мүсіндері тастан қашалған кесек кейіпкерлер Нысан, Абыз, Еңлік, Кебек, Есен, Еспембет, Жапал, т.б. осылардың әрқайсысының кеудесінде ұшқын атып, жалын шашып тұрған шекспирлік құштарлық пен өшпенділік, бәрін қаусырып жатқан кемел парасат пен кенен философия, осылардың өзін саф таза өнер биігіне көтеріп тұрған кенеулі ой мен келісті тіл.
Шәкәрім шығыс, орыс классиктерінің шығармаларын қазақша тәржімалауға көп қөңіл бөлді. Бұл тұста аударма деген сөзді кейбір шығармаларыңда шартты мағынада қолдануға болатынын айтуға тиіспіз. Мысалы, «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны бүгінгі қалыптасқан мағынада аударма емес, Шығыс әдебиеттерінде кеңінен тараған нәзира дәстүрлі негізінде белгілі сюжетті өзінше баяндаған шығарма. Нәресте кезінен бір-біріне өліп-өшіп ғашық болған Ләйлә мен Мәжнүннің махаббаты барған сайын күшейе түсіп, екі қыршын жастың мезгілсіз өмірмен қоштасқанын баяндап шыққаннан соң поэманың соңында өз көңіл күйін Мәжнүннің тағдырмен салыстыра бейнелеуі де назар аударарлық.
Шәкәрімнің қарасөз түріндегі шығармаларына келсек, ол қазақ әдебиетінде реалистік психологиялық прозаны қалыптастырып, дамытуға аянбай күш жұмсағанын атап айтуымыз қажет. Мұны «Әділ-Мария» атты автор өзі «қайғылы роман»деп сипаттаған шығармасынан, сондағы сан түрлі адамдардың іс-әрекеттерін, көңіл қүйін, мінезін бейнелеуінен, сондай-ақ табиғатты, мысалы, Шыңғыстауды кеіптеу тәсілмен жан бітіргендей етіп суреттеуінен анық байқаймыз.
Шәкәрім Абайдың ақындық дәстүрлерін қоғамдық өмірдің ең маңызды мәселелерін қозғау жағынан, әсіресе, өнер-білімді, ғылымды уағыздау, надандықты, топастықты, әділетсіздік пен зұлымдықты әшкерлеу, шығыс, орыс әдебиетінінің таңдаулы нұсқаларын насихаттау жағынан ілгері дамытты. Сонымен қатар ол ақындығы, прозашылдығы, ойшылдығы-философиясы, дінге көзқарасы, суреткерлігі, көркемдік ойлау жүйесі, стилі, тіл бейнелілігі, өлен өрнектерін өзгеше түрлендіруі-қай жағынан алсақ та, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі бірден-бір жаңашыл ірі тұлға болды.
Шәкәрімнің атын атауға тыйым салынып, шығармалары көп жылдар бойы жабулы жатқаны, ақын туралы сол кезде айтылса, тек оғаш, кате пікірлер ғана айтылып келгені белгілі. Сонда да Шәкәрімнің өлен-жырларын, дастандардын жаттап, жадында сақтап, айтып жүрген адамдар аз болған жоқ. Ал, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылық мұралары, өлендері мен дастандары, көркем прозасы бірнеше зерттеу еңбектерде, диссертацияларда әр қырынан танылып, баяндалып, бағаланып келеді. Қазіргі кезде бүгінге жазылған, жарияланған мақалдар мен зерттеулерді негізге ала отырып, ұлы ойшыл-ақынның мұрасын алдағы уақытта жан-жақты талдап, терендеп тексерудің зәрулігі талассыз. Қай ғылым саласы болсын, ізденіс, зерделеуге ынта- ықылас қүшейген сайын, мағлумат-деректер жинақталып, ой-пікірлер, түйін-тұжырымдар қорланып, ұғым-түсініктер, пайымдаулар терендей түскен сайын жана проблемалар туындайтыны, шешімін табуды тілейтін мәселелер көбейе түсетіні зандылық. Ұлы ақынның туғанына 150 жыл толуына 4-5-ақ жылдай уақыт қалғанын еске алсақ, шәкәрімтану саласының дәл осы тұста тың зерттеулер арқылы жаңа бір белеске көтерілуі қоғамдық сұраныска жауап болары күмәнсіз. Осы тұрғыдан қарасақ, алдағы зерттеулердің бағыт-бағдары қандай болмақ, қай мәселелерге көбірек назар аудару орынды және мәселені қай қырынан тексеру ұтымды дегенді ойласу қажет. Шәкәрімнің шығармалары тарихи-әдеби процеспен, қазақ қоғамындағы рухани өзгерістермен, ізденістермен, ұлттық ой-сананың өркендеуімен неғұрлым тығыз байланыста қарастырылса, оның ақындық, ойшылдық тұлғасы соғұрлым ірілене түспек. Шәкәрім шығармаларының халықтық, ұлттық сипаты да, танымдық, көркемдік мәні де мейлінше айқын ашылмақ. Шәкәрімнің дүниетанымы, ойшылдығы, діни көзқарастары көбіне-көп әр еңбекте әр қырынан қарастырылатыны байқалады. Әдебиеттанушылар мен тарихшылар, философтар мен дінтану, педагогика секілді ғылым салаларының мамандары бірігіп, авторлар тобы құралып, бірлесе зерттесе, ақын, ойшыл, гуманист Шәкәрімнің тұлғасын толық сипаттайтын біртұтас концепция — көзқарас жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік туар еді.
Ал, Шәкәрімнің ақындық әлемін зерттегенде поэтика, әдебиет теориясы тұрғысынан қарастыру да маңызды болары талассыз. Бұл жағы әлі де жетімсіз. Сондай-ақ Шәкәрім шығармаларын эстетика, этика категориялары тұрғысынан пайымдау да ұтымды болмақ. Айталық, Шәкәрім творчествосы эстетиқалық идеал деген тақырыпты арнайы зерттеу арқылы ақын тұлғасын жаңа бір қырынан кеңінен ашып көрсетуге мүмкіндік берер еді, Сондай-ақ, Шәкәрім шығармаларының тағылымдық, тәрбиелік мәнін зерделеу педагогика мамандарының үлесінде.
Ал Шәкәрім мұрасын насихаттау жағынан келсек, шығармаларын орыс тіліне және басқа шет тілдерге аудару маңызды іс екені талассыз.Шәкәрімнің толымды көркем бейнесін сомдап жасауда ақындар мен жазушылар, өнер қайраткерлері атқаратын істер де жетіп артылады.
Шәкәрім дүниеден өтті. Зұлымнын, сұмның қолынан асыл қаза тапты. Өмір бойы ақ пен қара, әділдік пен зұлымдықтың құрбаны Шәкәрім болды. Бірақ ол әлеуметтік, бостандық жолындағы әдебиет эстафетасын жаңа ұрпақтарға берді. Біз енді Абай мен Сұлтанмахмұт, Сәкен аралығындағы ақ таңдақ орынға зор тұлғасымен Шәкәрімді отырғызамыз. Дүниенің барлық көріністерін, адам өміріндегі мың алуан құбылыстарды бүкіл болмысымен, барлық сезімімен қабылдай білген ақынның түйсігінде шек жоқ. Ол жердің сырын, желдің үнін, құстың әнін, адамның арман қиялымен, мұнымен бірдей түсінді.
Қанша тіршілік-тірлігіміз күйреп, қанша сән-салтанатымыз қирап, алыптарымыз қияанатқа ұшыраса да, соның бәріне шыдаппыз. Көзіміздің жасымен, жанымыздың дертімен болашаққа бағып, әділдік күтіппіз. Сол күткен әділдік жетті, ақиқаты - ортамызға қайта оралған Шәкәрім ақын. Шәкәрім шығармаларын бүгінгі күннің биігінен қарап талдап, бағалау, сөйтіп оларды өз тәуелсіздігін қолына алған еліміздің игілігіне аса беруіне үлес қосу - әрбір зерттеушіге, өнер иесіне де ортақ міндет.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру