Күз келді №1 сабақ. Қазақ тілі (орыс сыныбы), 3 сынып, дидактикалық материал.
Сабақтың тақырыбы: Күз келді
Сабақтың мақсаты:
1.3 Тыңдаған аудио/бейнематериалдың мазмұнын түсіну
3.1.3.1 тыңдаған материалдың (ұзақтығы 1,5-2 мин) мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беру және сюжеттің даму желісі бойынша иллюстрациялар орналастыру/кесте толтыру/ мазмұндау
2.2 Берілген тақырып бойынша сөйлеу
3.2.2.1 берілген тірек сөздер негізінде сөйлеу (3-4 сөйлем)
5.1 Грамматикалық нормаларды сақтау (лингвистикалық терминдерді қолданбау)
3.5.1.2 өз бетінше шағын мәтіннен көптік/ тәуелдік/септік/жіктік жалғаулы сөздерді ауызша/жазбаша тілде қолдану
Сабаққа қажетті құралдар: сөйлеу қабырғалары (суретті сөздік, ірі әріптермен жазылған тірек сөздер), кеспе қағаздар, аудиомәтін,ақ парақтар, фломастер
Сабақты жоспарлау кезінде әр сыныптың ерекшеліктерін басшылыққа алуды ұмытпаңыз. Аймақтың ерекшелігіне қарай (тілдік ортаға қарай), сыныптың деңгейіне қарай тапсырмаларды күрделендіруге немесе жеңілдетуге болады. Сыныптағы оқушылардың қажеттіліктерін (аудиал, визуал, кинестетик) ескере отырып, саралау тапсырмаларын беру керек. Әр оқушының қай деңгейде тұрғанын нақты анықтап алған соң, оның ілгерілеуі үшін не істеу керектігін білген өте маңызды. Қолдауды қажет ететін оқушыларды үнемі қадағалауда ұстап, қолдау көрсетіп отырыңыз. Ал қабылдау деңгейлері жоғары оқушылардың бір орында қалып қоймай, дамуына жағдай жасаңыз.
Сабаққа қажет ресурстарды алдын-ала дайындап, қажетіне қарай бейімдеңіз. Оқушылардың қызығушылықтарын, жас ерекшеліктерін ескеріңіз. Ең басты міндет- мақсатқа жету.
Ертеңгілік шеңбер. «Менің есімім».
Әркім кезекпен өз атын атап, есімінің бас әрпінен басталатын сөз айтады. Мысалы: Сандуғаш сникерс, Әсел әлем, Марат-мықты, Қанат-қайсар, Женя- жеңімпаз
Бұл тәсіл жаңадан келген балаларың есімдерін есте сақтауға, жалпы оқушылардың есте сақтау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ сөздік қорларын молайтады, қызықты сөздер айту арқылы сыныпта жағымды ахуал қалыптасады.
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты. Жаңа тарауды бастайтындықтан, суреттер көрсету арқылы тараудың мазмұнына болжау жасатыңыз. Өйткені болжату арқылы баланың сыни ойлау дағдысын да дамыта аласыз. Сабақтың тақырыбымен, мақсаттарымен міндетті түрде таныстыру қажет. Сабақтың мақсаттарын оқушыға түсінікті тілмен айтыңыз. Оқушы осы сабақта нені білу керектігін білу керек. Сабақ барысында қажетіне қарай сабақ мақсаттарын оқушылардың естеріне түсіріп отырыңыз.
Жаңа сөздерді меңгерту.Жаңа сөздерді меңгерту- сабақтың ең маңызды кезеңі. Сөздерді меңгертуде сөздің аудармасын айтпай, суреттерді, мағыналас сөздерді, қарсы мәндес сөздерді, қимыл,ым-шараны қолданыңыз. Сөздердің мағынасын түсінгеннен кейін оқушылардың өздеріне сөз тіркестерін, сөйлемдер құруларына мүмкіндік беріңіз. Оқушылардың ойлануына уақыт беріп, жауап беруге деген талпыныстарын үнемі қолдап отырыңыз. «Жоқ, дұрыс емес!» деген сөздер айтудан аулақ болыңыз. Баланың ынтасын жоғалтып алмау керектігін үнемі есте сақтаңыз. Сондай-ақ жаңа сөздерді оқушы сабақтың барлық кезеңдерінде қолдануына мән беріп отырыңыз. «Сөйлеу қабырғалары» бірнеше сабақ бойы оқушыларға көмек болу үшін, үлкен ақ парақтарға жазып іліп қойыңыз. Сөздерді меңгергеннен кейін алдағы сабақтарда да сол сөздерді қолданыстарына енгізгендері маңызды.
Тыңдалым. Мәтінді алдын-ала аудиожазбаға жазып алыңыз, ондай жағдай болмаған жағдайда, өзіңіз оқып беріңіз. Негізінде аудиожазбадан тыңдап үйренгендері дұрыс.Тыңдалымның алдында мәтінде оқушыларға таныс емес сөздер болған жағдайда(1-2 сөз), міндетті түрде түсінік беру керек. Одан кейін тыңдалымға дайындау үшін тақырыпқа сай 1-2 сұрақ қойып, ой шақырған дұрыс. Бұл оқушылардың тілін дамытуға және ойларын жинақтауға ықпал етеді. «Қадамдық тыңдалым» тәсілін қолданғаныңыз тиімді. Ол үшін оқушыларға мәтінді тыңдаудан бұрын сұрақтар беріңіз. Содан кейін оқушылар сұрақтарға жауап беру мақсатында мұқият тыңдайды. Мәтінді 2 рет оқып беріңіз. Одан кейін сұрақтарға әркім өзбетінше жауап береді. Бір сөзбен жауап берсе болады, ең бастысы, тыңдалым мәтінін түсінгендіктерін тексеру әрі уақытты үнемдейсіз. Сұрақтарды тақтадан көрсетіп қойыңыз немесе қағазға шығарып беріңіз(әр партаға біреуден). Тапсырманы орындап болғаннан кейін, тақтадан дұрыс жауапты көрсетіңіз. Әркім өз жұмысын тексеріп, тақтада көрсетілген критерий бойынша бағалайды. Барлық оқушыдан сұрау қажет емес, 2-3 оқушыдан сұрасаңыз жеткілікті. (Жұмыстарын жинап алып, сабақтың соңынан тексеріңіз). Бұдан кейін тыңдалым мәтіні бойынша суреттердің ретін анықтап, сол бойынша жұпта отырған оқушылар бір-біріне 3-5 сөйлем көлемінде әңгімелейді. Жұпқа бөлгенде, қабілеттері әртүрлі оқушыларды бірге отырғызыңыз. Қабылдау деңгейі жоғары оқушы жұбына қолдау көрсеткенін қадағалаңыз. Бір-біріне айтып жатқан уақытта, осы сабақта өзіңіз көздеген бір-екі жұптың қастарына барып тыңдаңыз. Өз дәптеріңізге қай оқушының неден қиналып отырғанын тіркеп отырыңыз. Бұл келесі сабақты жоспарлағанда өзіңізге қажет. Сол оқушылардың ілгерілеуіне ықпал ететін тапсырма дайындаңыз. Соңында бір-бірін «Өте жақсы», «Жақсы», «Талпын» сияқты комментарий айту арқылы арқылы бағалайды.
Жазылым. Оқулықтағы мәтіннің мазмұнымен әркім өзі оқып танысқаннан кейін оқушыларды 2 топқа бөліп, 3 сөйлемнен бөліп беріңіз. Сұраулы сөйлемнің жасалу жолдарын еске түсіріп кетуге болады.
«Сен маған, мен саған» әдісі бойынша әр топ өздеріне берілген сөйлемдерге сұрақтар құрастырады. Сосын топтар сұрақтарымен ауысып, бір-бірінің сұрақтарына жауап береді.Бұл тапсырмаға оқушыларға кері байланыс бергізуге болады. Сергіту сәтін жүргізгеннен кейін, кесте бойынша грамматикаға қысқаша түсінік беріңіз. Жекеше түрде тәуелденген, көпше түрде тәуелденген сөздерді салыстырып көрсетіңіз. Тек жалғау, жұрнақ деген грамматикалық терминдерді қолданудың қажеті жоқ. «Қосымша» сөзін қолдануға болады. «Сынып» сөзіне «-тас» қосымшасын жалғағанда, сөздің мағынасының өзгергендігін, жаңа сөз пайда болғандығын түсіндіру. Ал «-ым» қосымшасының меншілікті көрсетіп тұрғандығын айту.Бұдан кейін үлгі бойынша айтып жаттығуларына мүмкіндік беру үшін, ҚМЖ-да ұсынылған ойынды ойнатыңыз.
Айтылым. Тақтаға сөйлем үлгісін жазып қойыңыз. Менің сыныптасым Қанат күз мезгілін жақсы көреді, себебі күзде жемістер піседі. Жұпта отырған оқушылар бір-біріне үлгі бойынша бір сөйлем айтады. Бір-екі жұптың жауабын тыңдауға болады.
Сабақты бекіту кезеңінде оқушылар үш топқа бөлініп, «Сабақ басталды» тақырыбында шағын мәтін құрастырып шығулары керек. «Ой бұлты» әдісін қолдану.Топқа ақ парақ беріледі. Топ мүшелері бірлесіп, берілген тақырып бойынша сөздер мен сөз орамдарын қағазға түсіреді. Сол сөздер негізінде 5 сөйлемнен тұратын құрап айтады. Бір-бірін дескриптор бойынша бағалайды.
Сабақ соңында үй тапсырмасының қалай орындалатынына қысқаша түсінік беріп, сабаққа рефлексия жасатуға уақыт беріңіз.
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру