Сайын Мұратбеков «Жусан иісі» хикаяты 1-сабақ (6 сынып, III тоқсан )

 Сайын Мұратбеков «Жусан иісі» хикаяты 1-сабақ (6 сынып, III тоқсан )

Пән: Қазақ әдебиеті
Ұзақ мерзімді жоспар бөлімі: Мен балаң жарық күнде сәуле қуған...
Сабақтың тақырыбы: Сайын Мұратбеков «Жусан иісі» хикаяты 1-сабақ
Сабақ мақсаты: Т /Ж1.Әдеби шығарманың жанрын, фабуласын, сюжетін анықтау.
Сабақ барысы:
Қызығушылықты ояту кезеңі
Оқушыларға үзінді таратылады немесе тақтадан көрсетіледі.
Оқитын әңгіме не жайында болуы мүмкін? деген сұрақ қоя отырып, әңгіме қандай болуы мүмкін, оқиға не туралы болуы мүмкін деп болжата отырып, оқушылар сынып бөлмесінің ортасында шеңбер болып отырады. Әрқайсы әңгіменің өз версиясын айтады. Мұғалім әңгімені жеке оқуға уақыт береді. Белгілі бір бөлікке дейін оқып болғаннан кейін өздері болжаған мазмұнмен салыстырады.
1-топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Соғыс жылдары туралы не білесің?
• Балалардың ойынын қазіргі балалар ойынымен салыстыр
Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал дегеннен, тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек.
...Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап, бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бұл атысып ойнады дегенді қадай шағарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» – деп ұрсып-ұрсып қуып тастайды. Бірақ олыр кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз.
Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып, шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз. Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» – Садық кілт тоқтай қап:
– Әй, анау кім-ей? – деген.
2-топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Аянның портретін тауып, автор қолданған тіркестерді талда
• Сен жазушы болсаң Аянды басқаша қалай сипаттар едің?
Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп, екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді кимелеп, қоршалай тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ
екенін біліп болмайды, баттасқан шаң-топырақ. Шетімізден ит талағандай алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей?» – деп бірімізді біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты, шолақ танауын тыржитып қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл
шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық.
– Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай, – деп қағытып өтті Есікбай. Біз күлкіміз келмесе де оның сөзіне қошамет білдіріп сықылықтай күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап теріс айналып кетті.
– Ә... Мен білдім, – деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі баланың алдын орай өтіп: – Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой, ә? Қоңыр сиырларың бар ғой, ә? – деді.
– Иә, – деді томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп. – Қоңыр сиырымыз бар.
– Атың кім?
– Аян.
Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»... – деп күбірлесе қайталап қойдық.
– Жүр, жолдас боламыз, – деді Садық оның аппақ білегінен қап-қара қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да қызараңдап тұрып,
ақырындап білегін босатты.
3- топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Кейіпкерлер арасындағы диалогты тап
• Диалог не себепті қызықты жазылған?
– Сендер жақ ыстық екен. Суға түспей қалай шыдайсыңдар? – деді. – Түсеміз. Анау арада тоспа бар. Жүр, түсейік. Суы во!.. – деп Садық ауылдың жоғарғы жағындағы шұңқыр-тоспаны жерге сыйғызбай мақтай жөнелді.
Аян бізге қосылып солай қарай жүрді. Ауылға жаңа баланың келуі біз үшін нағыз мереке болатын. Әрқайсымыз оның көзіне түсіп қалуға тырысушы едік, сондықтан бірімізден-біріміз артық көрінбек боп, әй кеп мақтанатынбыз.
– Мен судың астында алпысқа дейін санап жата аламын, – деп бөсті Садық.
– Менің де мынадай ақ көйлегім бар. Үлкен сандықта жатыр, апам кигізбейді, – деді көп үндемейтін Қосым тырнауық та. Қосым төбелескенде ылғи баж етіп кеп бетті тырнайтын, сондықтан оны тырнауық дейтінбіз, өзінен көп балалар қорқатын. Оған тек Есікбай
ғана тік келуші еді. Қазір де ол:
– Ой, кетші ары, тырнауық мысық. Сенің үйіңде алтын барын да білеміз, – деп ентелеп келе жатқан Қосымды көкірегінен итеріп жіберді.
Есікбай – сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын, жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып жіберетін.
Қазір де ол Аянның алдында қыр көрсеткісі кеп:
- Тырнағының қайсы – ей, мысық? – деп, Қосымды аяғынан шалып қалды. Қосым жалп етіп ұшып түсті де, терісі сыдырылған тізесін ұстаған күйі, көзі жасаурап қайта тұрды. Біраз жүргеннен кейін Есікбай оның басынан түйе тоқай ала бастады. Жылап жіберген Қосым тырнамақ боп ызақорлана ұмтылған, Есікбай оны ұзын қолымен тұмсықтата салып
жіберді. Қосымның мұрнынан қан дірдектеп, бақырып үйіне кетті. Сол күні біз суға түсіп, күнге қақталып, кешке дейін тоспа басында ойнадық. Аян бұрыннан таныс адамдай етене боп кетті.Ол өте ақ көңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын жайдары жүзі, не десең де тез көне кететін жұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп әкетті. Ең жақсы қасиеті – ешкіммен төбелсіп, сөзге келмейтіндігі еді. Бірекі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп ие көрген өзіне. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді. Өзінің жауап қайыра алмағанына налығандай боп:
– Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем ұрсады ғой, – деп қойды ол.
Алыс-жұлыс ойын үстінде күрескенімізде ол біразымызды жығып кетті. Тек Есікбайдан ғана жығылды
4- топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Неліктен барлық бала хат жазуға құмар болды?
• Аян ағасына хатта не жазуы мүмкін? Аянның атынан көкесіне хат жаз.
Күзде оқу басталып, жеті менен он жастың аралығындағы өңшең бірөңкей балалар бірінші класқа бардық. Бізді Иманжанов деген шашы аппақ қудай, қолы-басы тоңған адамша дірілдей қалшылдап, көзі қып-қызыл боп жасаурап отыратын қарт кісі оқытты. Бұл кісі – денсаулығының нашарлауы себепті қаладан көшіп келген мұғалім екен. Бізге күн сайын
үйінен әкелген қағазды бір-бір парақтан үлестіріп беріп, әріптерді үйрете
бастады.
Аян екеуміз бір партаға отырғанбыз. Бірінші күннен-ақ ол зеректігімен көзге түсті. Мұғалімнің тақтаға жазған әріптерін айна-қатесіз қағазға түсіріп, тез жаттап алып жүрді. Тіпті келе-келе күніне бір-екі әріптен ғана өткенімізге көңілі толмай:
– Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат жазар едім, – деп күңкілдейтін.
Әрине, майдандағы әке-ағамызға хат жазу бәріміздің де көкейіміздегі асыл арманымыз еді. Сонымызды сезгендей Иманжанов та бізге тезірек хат танытуға бар күшін салып бақты. Сөйтіп, бас-аяғы бірер айдың ішінде әріптерді тегіс жаттап, бірлі-жарым сөздерді құрап, жаза алатындай халге жеттік. Ал Аян болса кәдімгідей: «Аса жаннан артық көретін аға...» деп бастап, хат жазатын болды. Ендігі оның қуанышында шек жоқ еді. Күнде
сабақтан кейін үйіне келісімен төр алдына етбетінен түсіп, сиялы қарындашты тілімен жалап қойып, бет-аузын сия-сия ғып ағасына хатты үсті-үстіне жазатын да жататын. Күніне екі-үш хаттан жазады. Кейде әжесінің айтқанын жазса, кейде өз бетінше жаза беретін.
Біз, басқа балалар әлі де сөйлем құрап жаза алмайтынбыз, сондықтан Аянға кеп:
– Хат жазуды үйретші, – деп жата жабысатынбыз. Аян білденбейтін. Жымың-жымың етіп күлетін де:
– Мә, мына менің хатымды көшіріп жаз, тек менің ағамның орнына өз ағаңның атын жаз, – деп қоятын.
5- топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Табиғатты суреттейтін жерді тауып оқы, қайғыдан хабар бере ме?
• Қайғылы хабарды Аян қалай қабылдады? Аянның сол кездегі ішік дүниесін сипаттап жаз
Бұл кезде қыс түсіп қар жауған. Біз болсақ сырғанақтың қызығына кіріскенбіз.
Біздің ауыл Ешкіөлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді. Ұзыннан-ұзақ бір көше боп жоғарыдан төмен қарай созылып жататын. Қыста осы жалғыз көшенің басынан-аяғына дейін балалар жуылдаса топырлай жүріп қарды таптап, сырғанақ жасайтынбыз. Қар қалың түскенімен таулы жердің күні өте жайма-шуақ, жылы болады. Тапталған қар
күні бойы жентектеліп еріп, кешке қарай көк мұз боп қатып қалатын. Дәл сол кезде үй-үйден шанасы барлары шанасын сүйретіп, конькиі барлары аяғына конькиін байлап, бала атаулы тегіс көшеге шығатын. Қас пен көздің арасында ұзын көше бастан-аяқ қыбырлаған балаға толып кетуші еді. У-шу боп, біреулері төмен қарай оқша зулап шанасының табанынан от жарқылдап бара жатқанда, енді бір шұбалған топ шаналарын сүйретіп жоғарыға өрлеп бара жататын...
Бүгін де сырғанақтағы ойынның сондай бір қызған шағы еді. Күннің көзі қанталағандай боп ерекше қызарып ұясына қонуға таянған. Сірескен ақ қардың бетінде бір сәтке жұқалаң қызғылт кілегей тұрды. Күні бойы Ешкіөлместің күнгейінде жайылған мал ешкім қайырмаса да бір ізбен шұбырып ауылға қайтқан. Кенет бүкіл ауылды шулыға шыққан ащы дауыстар селт еткізді. Төбе құйқаны шымырлатып жоқтау айтқан дауыстар.
Аянның үйінен шығып жатыр. Мұндайда балалар еліккіш келеді ғой. Сырғанақты тастай бере дәл бірдеңеден құр қалатындай бәріміз бірдей дүрліге дүркіресіп, Аянның үйіне қарай лап қойдық. Артымыз жетпей жатып, алдымыз не боп қалғанын естіп те үлгердік. «Аянның әжесі өліп қапты», – деген сыбырды алқына тұрып сүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз жеткіздік.
Жарғақ сары тон киген Аян, күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға жаутаңдап, өңі боп-боз есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші-қолаң әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан боп жатқанмен ол көзіне жас алмапты. Біз өзара сөйлескеніміз болмаса, оған үн қатқамыз жоқ. Аян да бізді үнсіз қарсы алды. Сүйреткен шанамызға, конькиімізге көз салды. Тоңғаннан ба, танауын жиі-жиі тартып, дір-дір етеді.
6- топ тапсырмасы
• Берілген үзіндіні оқы.
• Үзіндігі ат қой.
• Аян әжесінің өліміне қайғырды ма?
• Неліктен сол күні ертегі айтуды бастады?
• Аянның ертегін жалғастыр.
Күн ұясына еніп бара жатыр. Аян болса сол мелшиген күйде жалтақ-жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес. Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі өлгенге неге жыламайды-ей?» – деп қоямыз. Аян естісе де, естімеген
адамша міз бақпайды. Тек әлдебір уақытта, бас жоқ, аяқ жоқ:
– Ертегі тыңдайсыңдар ма деді? – деді. Онан соң біздің жауабымызды
күтпестен өзі бастап үйдің бұрышын айналды. – Жүріңдер, үйдің сыртына
отырайық.
Біз оның соңынан ердік. Үйдің сырт жағына кеп шаналарымызды қаз қатар тіздік те, өзіміз жайғаса отырып, енді не дер екен, дегендей Аянның аузына қарадық. Ол со тұнжыраған қалпында бәріміздің жүзімізді бір сүзіп өтті де:
– Күлкілісін айтайын ба? – деді.
Біз үн-түнсіз бас изестік. Аян тонының омырауына тұмсығын тығып сәл күрсініп қойды да, ойға шомған күйде сыбырлағандай дауыспен:
– Ертеде бір жетім бала бопты... – деп ертегісін бастады.
Сол күні оның ертегісі түннің жарымында бір-ақ аяқталды. Әуелде түнжыраған күймен жабырқау басталса да, келе-келе ертегінің күлкілі оқиғасы көбейіп, Аян да бауырын жазып, бәріміз көңілді күлкіге батып қарық боп қалды. Тіпті Аянның әжесінің өлгенін де ұмытып кетіппіз.
Оқушылар шығарма үзіндісі бойынша берілген тапсырмалармен топ ішінде жұмыс істейді. Топта талдап, тапсырманы орындап болғаннан кейін оқушылар сағат бойымен келесі топтың үзіндісімен ауысып, тапсырмаларын орындайды. Осылайша бір сабақта шығарма мазмұнын толық меңгеруге болады.
Оқиғаның басталуы
Оқиғаның байланысы
Оқиғаның дамуы
Оқиғаның шарықтау шегі
Оқиғаның шешімі
Бұл кестені толтыру арқылы сабақты қорытыланады.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру