Фариза Оңғарсынова (Жылдан жылға сиреуде достарым да)

 Фариза Оңғарсынова (Жылдан жылға сиреуде достарым да)

Жылдан жылға сиреуде достарым да,
жаным жиі көмілер тоспа мұңға.
Жалғыз едім, барамын жартыланып,
бір өшеді, бір жанып от жанымда.
Шыңдай болып көрінер шоқша құм да,
көлбеңдеген баяғы жоқ сағым да.
Жастық арын қалғандай беті қайтып,
дайын еді бұрында төс қағуға.
Жүйрік арман, тайпалған жорға мұрат
түсетіндей күні ертең қолға бір-ақ,
ақиқатты дәлелдеп өңеш керіп,
жанұшырар қалғанша орға құлап.
Жоқ бәрі де, тапжылтпай сана-қақпан,
теңіздейсің тартылып бара жатқан.
Уақытың ба, жасың ба - біле алмайсың -
барған сайын өзіңді даралатқан.
Асып-тасар сәттерің, күндерің кем,
алыстайды жандар да бірге жүрген.
Өткеніңді саралап, ойға сүңгіп,
жанға дауа іздейсің түндеріңнен.
Албырт арман суалып, ол да семер,
адам жанның азабын сонда шегер.
Тұңғиыққа балдыр-мұң батырады,
алаңдатар бір мақсат болмаса егер.

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру