Күләш Ахметова (Азан)

 Күләш Ахметова (Азан)

Шам қаласы. Ояндым таң алдында.
Таң алдында бөленді санам нұрға.
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып таңда?
Алагеуім кез еді , елең-алаң,
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нүрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе,
Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге.
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.

Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры - терең. Сырты - саз. Сұсы - мықты,
Құдіретін құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті,
Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы - ғұмырлық ғұлама заң.
Сүрелері аяттың жан баурады.
Рухымда, тәнімде таң лаулады.
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!

Қарап көріңіз 👇


Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру